Жубаназар Асанов, фил. ғ. д. Қазақстан. Ақтөбе қаласы.

 

ТІЛЕУ АЙТҰЛЫ

 

Советтік саясат қанша көлеңкелегенмен, өшіріп тастамақ, жоқ қылып жібермек болғанмен ел-жұртының жүрек түкпірінде мәңгіге сақталған асыл текті ардақтылар болады. ХVII ғасырда өмір сүрген, 1681-1684 жылдары астанамыз Түркістанды қорғаған, Сайрам соғысының қаһарманы, Ақтөбе өңірінің перзенті Тілеу Айтұлы осындай адам еді.

Тілеудің арғы атасы – Едіге. Тарихи деректерде «Дешті Қыпшақ әміршісі», «Татария императоры», «Алтын Орда билеушісі», ал халық санасында «Ел қамын жеген ер Едіге» атанған ұлы баба. Түркілерде «Едіге» дейтін көркемдік қуаты өте күшті таңғажайып халық эпосы бар. Ноғай, татар, қарақалпақ, башқұрт, өзбек, түрікмен халықтарында сақталған. Эпосты Шоқан Уәлиханов, П.М.Мелиоранский, В.М.Жирмунский зерттеген. 1905 жылы профессор П.М.Мелиоранский Санкт-Петербургтен жеке кітап етіп бастырып шығарған[ 1].

Тілеудің бергі атасы – Ноғай Ордасының билеушісі Мұса. Мұса мен Жаңбыршы бір туған. XV ғасырда Алтын Орда ыдырап, 7 хандыққа бөлінгенде Мұса мен Жаңбыршы – Ноғай Ордасын билеген. Мұсадан Сидақ /Сейдахмет/, Орақ, Мамай, Алшағыр туған. Сидақтан Мәку/Қалу/, одан Бөлек, одан Айт пен Бұжыр, Айттан Тілеу мен Қабақ туған. Сарышолақ шайыр шығарған атақты «Тілеу-Қабақ» әніндегі есімдері аталып отырғандар осы кісілер. Жаңбыршының ұлы Телағыс та ел билеп, «Телағыс» дейтін эпостық жырға өзек болған. Ал әйгілі «Орақ-Мамай» эпосы баршаға мәлім. Тілеу мен Қабақтың бергі ұрпақтары – Қалдыбай хан, Әзберген хан, 1000 жылдығын болжаған Мөңке әулие, Сары Шоңай, Қаражігіт, Мырзағұл билер мен Сарышолақ шайыр, Бақтыбай, Көтібар, Есет, Қарағұл, Ерназар, Бекет батырлар. Мұса әулеті Бұжырдан – ХХ ғасырда қазақ мәдениеті мен ғылымының бір бұрышын (төрт бұрышты десек) тіреген Жұбановтар тараған.

Тілеудің бай болғаны, бағылан болғаны өз алдына, ел билеген атақты би, ойшыл дана еді. Өз заманының озық саясаткері еді. Сол заманның әйгілі жырауының: «Үш  Ана Күлтөбеде жиналғанда, Сөз тапқан атам Тілеу ойланбай-ақ», – деп шалқитыны содан.

ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен, өмірі ат үстінде, арпалыспен, өксікпен өткен Сарышолақшайырдың(1858-1929ж.):

                   Атамыз Қара Тілеу – бидің соңы,

                   Сұлфәзі Қосым қожа – пірдің соңы.

                   Сөзімнің жоқ қатасы,

                   Қабыл болған батасы,

                   Күлтөбеде сөз алған,

                   Тілеу – елдің атасы, – дейтіні де осыдан.

1680 жылы қазақтың қасқа-жайсаңдары Салқам Жәңгірдің бел баласы Әз-Тәукені хан сайлағанда Тілеу де қатысқан. Сөз алған. Бұл оқиға хақында әлгі ескі заман жырауы: «Әз-Тәукені – хан сайлап, Сұлфәзіні – пір сайлап» дейді.Тәукенің таққа отырғанына бір жыл толғанда, яғни 1681, тауық жылы қалмақтың даңқты ханы Ғалдан-Башұқты жолындағының бәрін жапырып Шудан, Таластан асып Арысқа жетеді. Қазақтың қалың ортасына кіреді. Сайрам қаласына келіп маңдай тірейді. Бұдан әрі Қазақ Ордасының астанасы іргедегі Түркістанды алуды жоспарлайды. Сөйтіп, бүкіл қазақ халқының тағдырына зор қауіп төнеді[ 2]. Көреген саясаткер, ақалы мен батырлығы тең қолбасы, атадан асып туған Тілеу келе жатқан түнектің ақыры немен тынарын бірден сезеді. Сан мың сарбаз жасақтап, інісі Қалдыбайды, анадан алып боп туған ұлы Жолдыаяқты ертіп, астанамыз Түркістанға аттанады. Түркістанда отырған ханымыз Әз-Тәукенің алдынан өткен соң, Ойрат соғысына келіп кіреді. Күшті, тыңнан қосылған мол қол қазақ жауынгерлерінің рухын көтереді. Сайрам түбіндегі үш жылға созылған текетірес соғыста шебер қолбасы Тілеудің абыройы артып, атақ-даңқы жауына үрей тудырады. Дүрбін-Ойрат Қара Тілеуден көп зәбір шегіп, талай рет маңдайлары тасқа тіреледі. Атағы жер жарған талай батырлары басын осы жерде алдырады. Бірақ қалмақтар көп еді, қарулары сай еді, ақыры бір тең емес жойқын ұрыста Тілеу атамыздың қасиетті қаны ат жалынан асып, қара жерге төгіледі. Суық хабар тиген соң ортада ұрыс салып жүрген Қалдыбай мен Жолдыаяқ қатар ұмтылады. Жан беріп-жан алсықан арпалыста ағайынды қос арыс жау қолындағы Тілеудің сүйегін алып тынады.  Жолдыаяқ жарақаттың әсерінен ұзамай-ақ достары ортасында фәниден бақиға өтеді.

         Бұл 1684 жылдың жазы еді, яғни, Сыбан-Раптан Сайрамды алатын жаз. Асыл текті Тілеу ұлтының болашағы жолында шәйіт болды. Жаумен жағаласып жатқан қалың қарындас кеңесе келе өздерінің дана қолбасысын, оның жаужүрек ұлын Тәуекел баһадүр хан, Салқам Жәңгір жатқан қасиетті Қожа Ахмет Иассауи дүрбесіне жерлеуге шешім шығарады.

         Түркістанды жаудан қорғаймын деп Сайрам соғысында шәйіт болған Тілеу мен Жолдыаяқтың есімі арнайы комиссияның 2000 жылы 17-шілде күнгі шешімімен Қожа Ахмет Иассауи дүрбесіндегі тақтаға алтын әріппен жазылды [ 3,32-б.].

         Сайрам соғысының қаһармандары Тілеу мен Жолдыаяққа арналған күндер Түркістан қаласында 2000 жылы 18-19 тамызда өтті. Мұны Түркістанның 1500 жылдығын тойлау жөніндегі арнаулы комиссия өз жоспарларына енгізді.

Ежелгі астанамыз Түркістанда Сайрам соғысының қаһармандары Тілеу мен Жолдаяқ атындағы, Қалдыбай хан атындағы көшелер бар.

Ақтөбенің осы замандағы ең ұлт жанды азаматы Мейіржан Өндіргенов жылдар бойы күресіп, қаншама тер төгіп, арпалысып жүріп қаланың көрнекі жеріне Тілеу Айтұлының ескерткішін орнатты. Алла разы болғай!

Пайданалынған әдебиеттер:

1.Асанов Ж. Едіге. – Алматы: Орхон, 2008ж.

2.Мағауин М.Қазақ тарихының әліппесі.  – Алматы: Қазақстан,2005ж.

3.Елеусізұлы Қ. Адамның сұңқары. – Алматы: Жазушы, 2001ж.