МИФТАХЕТДИН АҚМОЛЛА
Есен-Түгел Әзи
ҚР
бейбітшілік және келісім кеңесінің
аға
ғылыми қызметкері, философия магистрі
Ақмолла
– қазақ, татар, башқұрт ұлтына ортақ шайыр,
ағартушы. Азан шақырып қойған есімі Мифтахитдин. Дұрысы: Мифтахетдин Мұхамедиярұлы
Камаладинов(1831-1895). Молдалығын, адалдығын бағалап
халық «Ақмолла» атандырып кеткен ақын, үлкен ілім,
салиқалы ой егесі. Белгілі оқымысты Шахабуддин
Бағаутдинұлы Маржани бастаған діни-ағартушылық
идеяларды жалғастыра дәріптеген ислам жанашыры. Жасынан
мұсылманша хат танып, өзінің ізденімпаз
пысықтығымен ілімін тереңдету мақсатында ат сабылта
жүріп, Жайық бойын шарлап, Орынбор, Троицк аймағында сауатын
жетілдіріп, осы маңдағы қазақ балаларының басын
қосып, дәріс берген.
Жалпы,
әдебиет тарихында Ақмолла жөнінде талас көп.
Ғалымдардың кейбірі оны «башқұртқа» басыбайлы
байласа, көпшілігі «татарға» тартады. Өз басы
башқұрт жерінде дүниеге келген соң шығармалары да
сол жақтың халқы арасына көп тарағанға
ұқсайды.
Ал,
тереңірек үңілсек ғұмырының біраз
бөлігі қазақ сахарасында өткен.
Өлеңдерінің де көбі қазақ тілінде жазылып,
қазақ арасына кең тараған. Бұл жай туралы
Татардың әйгілі ақыны Ғ. Тоқай: «Оның
өлеңдерінен тек қазақ иісі, көшпелі халық
иісі аңқып тұрады» десе, С. Сейфуллин: «Расында татаршадан
гөрі, қазақша жазғандары көркемірек және
тілі де таза...» деген ой қалдырған.
Ақмолла
ғұмыр жолында тауқыметті көп тартқан.
Әкеден ерте айрылу, өгей әкенің қыспағы,
түрме қапасында жату т. б. осының бәріне
қажымаған ақын тағдыр әрлі де нәрлі
жырларымен халқының көңілінен шығып,
көптеген қызметтер атқарғаны аңғарылады.
Ол
1831 жылы Башқұрт жерінде дүниеге келген. Әкесі Мұхамедияр – Ақмешіттің
қазағы, шешесі Бибігүлсім – башқұрт қызы (Кей деректе татар қызы деп беріледі).
Болашақ
ақынның әкесі Мұхамедияр есейе келе тағдыр
тәлкегімен туған елінен жырақта, Башқұрт
даласында тірлігін жалғастырады. Башқұрт Бибігүлсім
Салиманқызымен (кейбір
мәліметте Сәлімқызы болып жазылады) бас қосып,
түтін түтетеді. Осылайша қазақ Мұхамедияр мен
башқұрт Бибігүлсімнің жұпыны отбасында
ертеңгі ғұлама Мифтахетдин жарық дүние есігін
ашады. «Шешесі – Бибігүлсім Сәлімқызы. Әкесі –
қазақ, бірақ ерте қайтыс болған.
Ақмолла жеті жасынан
өгей әкесі Камалетдиннің қолында
тәрбиеленіп, соның атына жазылады»[1-197].
Одан
да бек ертерек кетіп қалдым.
Үстімде
кірлі көйлек, жыртық
дамбал,
Қайда
молда бар десе, жетіп бардым, – дейді ақын, кейін, өзі туралы
өрген бір өлеңінде.
Жырларында
айтқанындай-ақ білімге, кітапқа құштар бала ауыл
медресесінде оқиды. Алғаш өгей әке Камалетдиннен сауат
ашып, онымен тоқталмай іздене жүріп, Ұлықпан молла
медресесінен, кейін Ментаузтамақ, Аляпиовск, Шәмсидин Зәкір
сопы медреселерінен дәріс алып, одан әрі ілімін Орынбор, Троицк
қалаларындағы білімдар жандардан тереңдете түседі. Осы
аймақта біршама жыл тұрақтап, білімі толысқан
тұста төңірегіндегі қазақ балаларын топтастырып,
ұстаздық етеді.
«...Көбінесе бала оқытып
тұрған жері Троицк каласынан жүз шақырым
алыстағы
қазақтың Қарақыпшақ руы,
қарақыз елінде Қарабалық, Қарасор деген жер
болған[2-11].
Молдалықпен қоса ағаш
шабу, арба жасау т.б. қолөнер жұмыстарымен айналысқан.
Реті келгенде айта кетейік оның өлімі де осы өзі жасап,
көлік қып жүрген арбасынан болған көрінеді. У. Қалижанов бүй
дейді: «...Ақынның арбасына қызыққан
Нығметолла (Баймұратов) және Дәулетші деген
башқұрттар Ақмолланы өлтіріп кетеді»[2-17].
Намысқой,
өткір тілді шайыр түрменің де ащы дәмін біраз татады.
Есенкелді, Бәтіш атты төрелер ақынның ащы
мысқылына төзбей үстінен «солдаттан қашып жүрген
башқұрт» деген арыз түсіріп, ақыры 1867-1871 жылдары
абақтыға отыруына мәжбүр етеді. Төрелермен
тірестің бір көрінісі былайша баяндалады: Ақмолла
Құсмұрын елінде, Қозыбай бидің
шаңырағында Дандыбай деген бимен кездеседі. Дандыбай шайырды
менсіне қоймай шекесінен қарап: «Е, естек ақын екенсің
ғой», – десе керек. Бұған шорт кеткен ақын, бидің
беліндегі жалпақ белбеуін нұсқап:
Би болмас
белін жалпақ буғанменен,
Тазармас
көңілі харам жуғанменен, – деп төге бастағанда бидің
қасындағы бір сопы мүлгіп отырса керек:
Кей
надан көзін жұмып құр мүлгиді,
Сопылық
табылмас көз жұмғанменен, – деген мысқылмен оны да
түйреп өтеді. Одан әрі нақыл сөзбен өре
келіп былайша толғайды:
Жігітке
қиын сауда – білім деген,
Білімсіздер
ауызға ілінбеген.
Білімсіз
әркім бекер қаңғырады,
Бұзаудай
енесі өліп телінбеген.
Ақмолла
көпті көріп сырғанаған,
Әр
жерде жаман адам қорғалаған.
Әркімнің
алып жейтін бір аңы бар,
Мысық
та тышқан көрсе жорғалаған[3-195]. Көпшілік
ортасында мұндай сөздер есту белді-беделді адамдарға
жеңіл тимесі анық. Әр жерде осылайша есесі кетіп жүрген
Есенкелді, Бәтіш секілді жуандар өшігіп, ақыры жаламенен
қапасқа қаматады. Ақмолла жазықсыз ұсталғанын
жария қылып:
Сарғайдым
терезеден қарай-қарай,
Зарығып
шыдамайды тәтті жан-ай!
Есенгелді,
Бәтішке қарсы келіп,
Ақмолла
қорлық көрді талай-талай, – деп байлардан көрген
қыспағын жырымен төгеді.
Әлмисақтан
бойына арамдық бітпеген ақын түрмеде де ақ жолынан
жаңылмайды. Біраз толғаулар жазып, қапастан
құтылудың қамын қылып, беделді азаматтардан көмек сұрайды. Ойлағаны
іске асып, 1871 жылы Троицкіге келген генерал-губернатор Кржижановскийге
өзіне жала жабылғанын айтып шағымданады.
Құдайбергенов Иманбай деген қазақ кепілдікке екі мың теңге беріп
уақытша босатып алады. Бостандыққа шыққасын
біршама уақыттан соң Қазанға жол тартып,
генерал-полковник – Шыңғысханов Ғұбайдолла
Жәңгірұлына жағдайын айтып өлең-хат
жолдайды. Сұлтан Ғұбайдолла мән-жайға
қанығып, қол
ұшын созады. Сөйтіп жаладан біржола босатылады.
Шығыс
шайырларынан тағылым алып, ислам мәдениетінен терең
сусындаған Ақмолла, Жайық бойын, Орынбор өңірін
шарлап, Қостанай, Қызылжар,
Көкшетау аймағында ұстаздық ілімін жалғастыра
береді.
Оның
әдеби мұраларын татар, башқұртпен қоса
қазақтың да белгілі ғалымдары, білімдар азаматтары
зерделеген. Шығармашылығы XX ғасырдың басынан бастап-ақ зерделі, ойлы
жандардың салиқалы көздеріне ілігеді. Көзі тірісінде-ақ,
1892 жылы Қазан қаласынан
«Дамолла Шиһабетдин хазіреттің мәрсиясы» атты
жинағы шығады. Ақын өмірден озған соң да
мұралары бір-екі рет кітап болып, Қазаннан басылады. Ал, 1935 жылы С. Сейфуллиннің
құрастыруымен қазақша нұсқасы жарық көреді.
Ақмолланы
қазақ зиялылары дәріптеп қана қоймай біразы
өнеге тұтқан.
Белгілі
әдебиеттің, мәдениеттің көрнекті өкілдері
Сұлтанмахмұт Торайғыров, Тұрмағамбет Ізтілеуов,
Шораяқтың Омары, Нұржан Наушабаев, Омар Шипин, Сәбит
Мұқановтар ұстаз санап, жырларын жатқа білген. Мысалы
оның «төрттағандарын» (рубаяттар)
Тұрмағамбет Ізтілеуовтен кездестіре аламыз.
Ал,
мұсылмандық көзқараспен айтқан нақыл
түріндегі ғибратты сөздері Абыл Тілеуұлы (1777-1864) сынды жампоздармен
қиюласып жатса, кейбір ойы, өлең өрнегі Ақтан
Керейұлы, Әбубәкір Кердерілермен үндес келеді.
Зер
салыңыз: Абыл, Лә
Илләһә Иллалла – иманымыз,
Бір имандай
болмады жиғанымыз.
Күн деген
бір әмірге жолыққасын,
Паякүн енді
біздің болғанымыз.
Ақмолла:
Ең әуелі керек нәрсе – иман деген,
Ақырет істеріне илан деген.
«Құда, кешір!»
дегенмен іс бітпейді,
Үйренбекке «иманшарт» қинал деген.
Алланың
хақ жолынан алшақтамаған ақын шариғаттан біраз
уағыз айта толғайды. Жаны таза азамат уытты жырларымен жұртты
имандылыққа шақырады. Қазаққа тән
мінез-құлықты дөп басады. Көбіне сараң
байлар мен дарақы болыстықты, арамза молдалық пен
ғылымның хақ жолын
баса айтады.
1911-16
жылдары Троицкіде шыққан сатиралық журналдың
«Ақмолла» аталуы да ақынның халық арасына кең
тараған шығармаларының беделінің айғағы
десек те болады.
Ол,
айтысқа да түскен. С. Негимов бүй дейді: «Ұлттық
поэзия тарихында Ақмолланың ақындық мектебі ерекше
құбылыс. Бұл орайда мына бір деректі айту жөн. Бірде
АқмоллаУфа қаласында «Шора» журналының қызметкері,
ғалым Риза Фахретдиновпен кездеседі. Ол Ақмолланы
башқұрт ақыны Мұхамедсәлім Үмітбаевпен
айтыстырады. Ақмолла дала (қазақтар)
атынан, Мұхамедсәлім қала (башқұрт) атынан ой толғайды. Осынау
дәстүрдің негізінде Сұлтанмахмұт Торайғыров
«Қала ақыны мен дала ақынының айтысы» атты атақты
поэмасын жазды»[3-196].
Өнері,
тәлім-тәрбиесі үш елдің ардақтыларына ықпал
еткен Ақмолла ақын 1895 жылы
Башқұрт жерінде, Мияс аудының Сарласан ауылында
өмірден озып, сол жерге жерленген. 1981 жылы туғанына 150 жыл толуы
салтанатпен аталып өтілген. Мәскеуде оның өмірі мен
шығармашылығына арналған шаралар ұйымдастырылған.
Ақын атындағы ауылда мемлекеттік мұражайы жұмыс
істейді. Қазіргі таңда Башқұрт жұрты
Ақмолланы кең дәріптеуде.
Ұлты
қазақ ұланын кешегі ғалымдар бағалағанмен
бүгін бізде ескерусіз қалып барады.
Ақмолла
жайлы небір жақсы пікірлер келтіруге болады. Біз газет бетіне
ықшамдап ұсынуды жөн көрдік.
Бұхарда
бар бұлама,
Ташкентте
бар сұлама,
Бір
сынаған жаманды,
Екінші
рет сынама.
Бас
қоспаған тірлікте,
Сыйласпаған,
ағайын,
Құм
құйылсын көзіңе,
Өлгеннен
соң жылама!, – деп қазақы қалыппен толғап
өткен шайырды біз де насихаттасақ несі айып.
Тентектері
түрмеге тығып жатса да жүрегі «қазақ» деп
соғып өткен ақынды көпке таныстыру мақсатында
қолға қалам алдық.
Әдебиеттер
тізімі:
1. Қазақстан.
Ұлттық энциклопедия
2. Ақмолла.
У. Қалижанов. Алғы сөз. «Жазушы», 1986-350
б
3. (С. Негимов.
Ақмолланың шығармашылық өмірбаяны,
Ақмоллаға арналған халықаралық конференция
материалдары, 2008ж.
4. Ақмолла.
Күндер мен түндер. «Жазушы», 198ж.
94б.