Класикалық эпосты классикалық драмаға
айналдырудың шебері
Обаева Гүлнара Садуақасқызы
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе
өңірлік мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті
кафедрасының аға оқытушысы, г.ғ.м.
Суреткер таланты
оның әдебиетте салған соны соқпағымен анықталады. Қайталамайтын
және қайталанбайтын туынды мәңгілік болмақ.
Әдебиеттің табиғатының өзі қайталауды
қаламайды. Жазушы өзгенің шындық туралы ойына
қанағаттанбай тұрып-ақ , өзі таныған
ақиқат өмірдің бейнесін жасайды. Бұл бейне неғұрлым
шынайы болған сайын, соғұрлым тереңге бойлайды.
Осылайша, оның әдебиеттің терең тамырын дөп баса
отырып, халықтығының көзі ашыла түспек. Суреткер
шығармашылығының халықтығы туралы
сұрақ оның фольклормен байланысын талдамай шешілмейді.
Фольклор – көне дүниенің тамырымен тығыз
байланысқан ортақ шығармашылық. Қазіргі
қаламгерлер баяндаудың тұрмыстық сипатын айқындай
түсу үшін фольклорлық сарындарды жиі қолданады. Фольклор мен әдебиет екеуі де тілдің ұлттық
байлығының негізінде қалыптасып, дамиды, олардың
тақырыптары халқымыздың тарихи және әлеуметтік
өмірімен, тұрмысымен, еңбегімен байланысты. Фольклорда да,
әдебиетте де,көп жағдайда, бір-біріне ұқсас поэтикалық және
прозаикалық жанрлар туып, поэтикалық өнердің небір
түрлері қалыптасып, одан сайын дамып жатады. Сондықтан да
фольклор мен әдебиеттің шығармашылық байланысы,
олардың үнемі болып тұратын идеялық-көркемдік
әсер-ықпалы өте заңды құбылыс.
Міне, жазушы
Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығындағы
фольклорлық дәстүрлерді зерделегенде, алдымен, оның
шығармашылық лабораториясындағы тақырыптық
ерекшелікті баса айтар едік. Оның сөз өнеріне
қызығушылығының ерте басталғанын жоғарыда
атап кеттік. Бұл туралы ғалым Н.Ғабдуллин де былай деп
баяндайды: «Ғабит әдебиетке бала кезінен іңкәр болады.,
халықтың сан ғасырлар бойы сақталған асыл
қазынасы – ауыз әдебиетін еліге тыңдап, көкейге
ұялата береді. Егделерден естіген, қиял тербетер ғажайып
ертегілерді, қызық оқиғалы қисса-жырларды жадына
тоқып, жұртқа қызыға әңгімелеп беруді
дағды етеді» [1.5]. Түптеп
келгенде, Ғ.Мүсірепов шығармаларындағы фольклоризмнің
қанықтығы үшін негізгі алғышарттар
өзінен-өзі осылайша жасалды.
Алғашқы әңгімесінен бастап қаламы
шыңдала түскен жазушының шын таланты драматургия
саласындағы еңбектерінен анық танылды. Мүсіреповке
шейін қазақ драматургиясының алғашқы пердесін
ашқан Мұхтар Әуезов болатын. 1917 жылы жазылған
«Еңлік-Кебек» пьесасы алғаш сол жылдың мамыр айында Ойқұдық жайлауында Абайдың
аяулы жары Әйгерімнің сегіз қанат үйінде
қойылған. Оған дейін қазақ әдебиетінде
драматургия жанрының түндігі ашылмаған еді. Өзі
дүние жүзілік драматургияны жетік білген талантты жас ел
аузындағы әңгімені тұңғыш рет пьесаға
айналдырады. Болашақ ұлы жазушы өзіндік сарабдал санасымен,
тың түйсігімен болса да қазақ драматургиясының
алтын құндағы халық әдебиеті екенін өте
жақсы сезінген. Осылайша, ел аузында осыған дейін кең
таралған аңыздар мен дастандарға сүйене отырып,
фольклордың драмаға қажетті барлық қасиеттерін
шебер пайдаланады. Фольклордың белгілі жанрларындағы, яғни
шешендік сөз, терме-толғау, салт өлеңдері,
мақал-мәтелдер т.б. үлгілеріндегі тамаша ой мен сөз
құдіретінің мол байлығын қалай пайдалану
керектігін Әуезов осы трагедиясы арқылы көрсеткен болатын. «Ұлттық
топыраққа драматургиялық дәстүрдің
жоқтығына қарамай, басқа елдер әдебиетінен
үйрене отырып, Әуезов жанр шарттарына толық жауап бере алатын
трагедия жасады. Сюжеттік желінің тартылуы, композициялық
құрылыстың архитектоникасы драма заңдылықтарын
жақсы білгендігін көрсетеді» деген Р.Нұрғалидың
пікірі де біздің ойымызға дәлел [2.29]. Жазушы өзі жаза отырып, өзге
қаламдастарын халықтың аңыз-ертегілерін,
жыр-дастандарын пайдалануға шақырды. Сөйтіп,
қазақ әдебиетіндегі соны соқпақты сала отырып,
нағыз рухани құндылық халық әдебиетінде
жатқанын, бар ескімізді жаңашылдықпен жаңғыртпай
жаңаның сара жол таппайтынын баса айтты. Қай кезде де
фольклор драматургияның қалыптасуына, дамуына да үлкен
маңызға ие . Ол таусылмайтын кен ғана емес, драма
жанрындағы жаңалықтың қайнар көзі де.
Фольклорлық дәстүр әрқандай биік
шыңға көтерілген әйгілі классик-драматургтердің
қай-қайсысының да осы дәрежеге жетуіне себепші екендігі
белгілі. Драматургия жанрына халықтық жырлар, эпостық
шығармалардың дәстүрін игеру өте қиын
шаруы. Мұның күрделілігі ауыз әдебиеті жанры тек ауызша
тыңдарманға арналған дүние, оны сахна тіліне аудару
көп тәжірибені қажет етеді. Эпостың
құрылымында драмалық элементтер болғанымен
драмалық шығарма емес. Эпостың драмадан ерекшелігі –
эпостың көлемі кең, уақыт кеңістігі мен
оқиғаны қамтуда кейіпкерлер саны шексіз, сонымен бірге бір
оқиғадан екінші оқиғаға ауысу өте
шапшаң, жедел болады. Драма
сахналық жанр болғандықтан бұл әдістердің
ешқайсысын пайдалана алмайды. Өйткені мұндағы
кеңістік пен уақыт шектеулі.
Драманың осы ерекшеліктері драматургтің
оқиғаға материал таңдап, талдауында үлкен
жауапкершіліктің болуын талап етеді. Осы жауапкершілік жүгін
молынан көтерген М.Әуезов
тәжірибесі әдебиетке
келгеніне аса көп болмаса да, өзіндік даралығын
көрсетіп қалған жазушы Ғабит Мүсіреповке де
үлгі болды. Прозасындағы фольклорлық сарындарға
тоқталмас бұрын, Ғабиттің фольклорға деген ерекше
көзқарасы, сүйіспеншілігінің айқын көрінісі
болып табылатын, халықтың төл туындыларын драмаға
айналдырудан бастаған еңбегіне тоқталмай кетуге болмас. 1925
жылы жарияланған ең алғашқы әңгімесінен
1934 жылы алғашқы «Қыз Жібек» драмасы жазылған
уақыттың ішінде Ғабит жазушы ретінде қалыптасып,
күрделі драматургия жанрының теориялық мәселелерін де
игеріп үлгереді. Оның фольклоризмінің аса құндылығы
оның осы фольклордың төл туындысына иек артуымен одан
әрі асқақтай түспек. Драматург классикалық эпосты классикалық
драмаға айналдырды. Әрине, драмаға аяқ баспастан
бұрын жазушы проза жанрында қаламын ұштап алды. Сол
прозалық шығармаларының өзінен драматургияға
тән шиеленіскен тартыс, қимыл-әрекет,
кейіпкерлердің түрлі
диалогы т.б. белгілердің болуынан оның сол жанрға икемділігі
байқалып та қалды. 1934 жылы халықтық жырдың
негізінде әуелі музыкалы драма деген атпен туып, кейін операның
либреттосына айналған «Қыз Жібек»
пьесасы , одан кейін 1939 жылы нағыз классикалық
драмаға айналған «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу»
трагедиясы жазылды. Ауыз әдебиеті шығармаларының негізінде
туған пьесаларды ол драмалық құрылысы мен жазылу
мәнері тұрғысынан
қарағанда екі жікке ажыратып көрсетеді: «Негізгі
өзегі ауыз әдебиетінде жатқанман, драматургияның биік
талабына сай жаңаша бітім,
өрнек тауып, түпкі төркінге – драмалық
оқиғаны ширата түсетін, дәуір келбетін танытатын соны
әрекеттер қосылып,
жаңа сапада туған
шығармаларды бір топқа жатқызар едік; ал ауыз
әдебиетіндегі үлгіні драматургиялық қалыпқа
ғана түсіріп, түпкі төркінді жөнді өзгеріске ұшыратпай,
оқиғалардың фольклордегі желісін қуалай жазылған
шығармаларды екінші топқа қосар ек» [1.21] дейді де «Қозы Көрпешті» бірінші
топқа, «Қыз Жібекті» екінші топқа жатқызады.
Мүсірепов М.Әуезовтан кейін фольклорға
ерекше ден қойып, халықтың алтын қорында, жадында
сақталған жырларды өзінің драмалық
шығармаларына арқау етіп, шебер пайдаланған жазушы ретінде
әдебиет тарихында қалды. Фольклорға сын көзбен
қарап, ескінің бәрін іске алғысыз қылып,
барымызды жоқ қылуға тырысқан солақай саясат
өткен ғасырдың орта тұсында тіпті өршігенге
ұқсайды. Оны жазушының 1959 жылы әдебиет
мәселесіне байланысты жасаған бір баяндамасындағы мына
пікірлерден аңғарамыз: «Сонау отызыншы жылдары ескілікпен екі
арамыз тап қазіргісіндей алшақ емес еді. Ескілік етегін жинап,
тайып тұру былай тұрсын, қайта тамыры терең, азу тісі
балғадай қабырғасы бүтін тұрған
шағында халықтың рухани қазынасынисі жаңаның
бәріне қарсы жұмсай бастаған соң, біз сол асыл
қаруды жұлып алып, сүртіп, тазартып, жаңартып,
халықтың өз қолына ұстатуға
ұмтылдық» деген екен
[3.464]. Осы өзі айтқан мақсат үдесінен
жазушының өзі шыға білді. Өзіне дейінгі
М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясынан бастау алған ,
яғни эпикалық тақырыпты бүгінгі әдебиеттің
жоғары жанрында сөйлету себептерін аңғартады. Халқымыздың сан
ғасырлық ақыл-ой жемісінің дүниесін
халықтың өзіне жаңа заманның
дәстүріне лайықтап ұсынуы мақсатты әрекет
болатын.
Жазушының
фольклорға бет бұруының себебін анықтауда тікелей
фольклорлық туындыны қаламгерлік айналымға
түсіргендігінің куәсі болған осы драмаларын айтпасқа болмайды. Осы орайда
классикалық эпосты классикалық драмаға айналдырудағы
шеберлік сырын айқындау әрқашан да артық емес. Фольклор мұрасы әдебиеттің
мұрасына айналып, жазба әдебиеттің «қазанында қайнаған»
уақытта сол өзі игілігіне
айналып отырған әдебиеттің шарттарын басты теориялық
қазық ететіні белгілі. Ендеше, драма жазба әдебиеттің туындысы десек, жазушы мұнда да түпкі негізден әрі аса алмайды.
Оның бұл жағдайда арқа сүйейтін негізі –фольклорлық
дәстүрлер. Осыған дейінгі
әңгіме-новеллаларындағы ширыққан
оқиғалар, кейіпкерлер даралығы, өткір сөз
қағысулар драмаға әбден сұранып тұрғандай
еді дедік. Қаншама жылдар
фольклор мен ауыз әдебиеті ескілік сарқыншағы деп
таптық тұрғыдан
бағаланып, шетқақпай
көріп келген тұста кемеңгер жазушы сол фольклордың
нағыз классикалық туындыларына жол тартты. «Қозы Көрпеш
– Баян Сұлу», «Қыз Жібек»
сияқты бүкіл халықтың сүйіктісіне айналған
, тіпті әлем әдебиетінде классикалық эпостар қатарынан
саналатын асыл маржандарымызды жазушы
талғаммен таңдап алып, оның эпостық
дәстүрін сақтай отырып, өзгеше стильде жаңаша
түр беріп, халқының өзіне қайтарып бере білді.
Олар жаңа әдебиеттің өшпес қазынасына
қосылып, классикалық драма ретінде мәңгілік екінші
ғұмырын бастады. Кеңестік дәуірде ұлы
қаламгерлеріміздің шығармаларынан фольклорға
қатысты деректер іздеу немесе оның көрінісін баяндау
оңай болған жоқ. Қайта ондай талпыныс жасағандарға
«классикалық шығармадан фольклор үлгісін іздеудің
қажеті қанша?» деген қиқар сұрақ қойылып,
талайлардың маңдайы тасқа соғылып жататын.
Бұның бәрі фольклортану ғылымының әлі де
кенжелеп қалуынан, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің
байланыс бірлігін түсінбеуден туған кемшілік қана емес,
ұлт басына бодандық ноқтасын кигізуден пайда болған келеңсіздік
еді. Яғни, сонау сталинизм заманынан қадау болып қалған
«ауыз әдебиеті феодалдық заманның көшірмесі» деген
түсінік. Осы түсінік елдің ертеңін ойлап, рухани
қазынасын түгендемек болғандардың аяғына
тұсау болды. Алысқа бармай-ақ елуінші жылдардағы
қазақ эпосына жағылған жала, санадағы жара кетпестей таңба болып
қалғаны құпия емес. Дәл сол шақта
халық қазынасының мазмұнын байытып, ұсынуды батыл
айтқан жазушылардың бірі де, бірегейі – Мүсірепов болатын. Ел
арасында ұлттың мақтанышы болған асқақ
шығармаларға дақ түскен шақта Әуезов,
Мүсірепов т.б. қаламгерлер ежелден келе жатқан
батырлық, ғашықтық жырларды драмаға айналдырып,
хас шеберліктің шынайы үлгісін жасады.
Алғашқы
«Қыз Жібек» пьесасын
жазушының үйрену кезіндегі, ауыз әдебиеті
тақырыбынан алып, реалистік шығарма жасау жолындағы
алғашқы қадамы дер едік. Бұл пьеса әуелде
музыкалық драма деген атпен туып, кейін операның либреттосына
айналған туынды. Жазушы жырдың халыққа ең танымал
нұсқасын таңдап алып, ондағы әмеңгерлік
сарынды алып тастап, асыл адамгершілікті асқақтата
дәріптейтін, махаббат бостандығын көтеретін идеясын
тереңдете түскен. Жазушының драматургия жанрына келуіне осы
сияқты қаламгерлік шеберлік мектебінен өтуі себеп болғаны
сөзсіз.
Ал
драматургиямыздың тарихи даму жолында
өзгеше өріс болған туынды - «Қозы Көрпеш –
Баян Сұлу» пьесасы. Дүние
жүзіне даңқы жайылған ғашықтар туралы
бұл эпос туралы көп жазылды. Тіпті эпостың бір данасы пушкиннің үйінен
табылғанын кезінде Г.Потанин жазған. Тіпті орыс жазушыларының
да назарын аударған бұл дастаннан сахналық трагедия жазу
міндетін Ғабит Мүсірепов мойнына алды. «Қозы Көрпеш –
Баян Сұлу» драмасына
эпикалық аңыздауға құрылған жырды арқау
етіп ала отырып, драматург
бұрынғы және қазіргі өмір шындығын нанымды
бейнелей алды. Өткен замандар қойнауынан қазып алып, оны
көркемдік жағынан қорытып,
феодалдық-патриархалдық қазақ қоғамы туралы
күрделі реалистік туындыны дүниеге әкелді. Жазушының
драматургия жанрындағы бет алысы фольклорлық тақырыпты
арқау етуінен басталуының өзі оның кейінгі
шығармашылығындағы орын алған фольклорлық
негіздің нық басталуына куә болады.
Әдебиеттер
1.
Ғабдуллин.Н. Ғабит Мүсірепов –
драматург. – Алматы: Өнер,1982. -192б
2.
Нұрғалиев
Р. Драма өнері. –Алматы: «Санат»,
-2001.
3.
Тәжібаев Ә. Бес томдық шығармалар
жинағы. – Т.4. – Алматы: жазушы, 1981. – 760 бет.