Сейсембай Г.А., аға оқытушы
Меркемел А., Сартай А., «Қазақ тілі мен
әдебиеті» мамандығының
2 курс студенттері
Қостанай
мемлекеттік педагогикалық институты, Қостанай,
Қазақстан
Абай шығармаларындағы имандылық мәселесі
«Абай сыры оңай емес» атты
мақаласындағы Ауданбек Көбесовтің пікірінше Абай
педагогикасындағы басты мақсат – адамды барынша, кәмелетке,
кемелдікке жеткізу, ол кемелділікті адамға лайық түрде
көрсету, іске асыру, пайдалану, қызығын көру,
басқаға шарапатын тигізу, ол дүниеге азық ету.[1, 242
бет] Ғалым Абайдың
шығармашылығына сүйеніп, «адамшылық кәмелет
табудың», адал
дархандыққа жетудің басты құралы етіп, Абай
имандылықты қойғанына баса назар аударады. Абайдың «Шын имандылық – Алланы тану, оны
мейлінше сүю, оған барынша ұқсау, еліктеу жолымен
келеді. [1, 242 бет] Ауданбек Көбесов қазіргі педагогикалық
терминологияға сүйеніп, «Абай тәрбиенің ішінде ең
бірінші орынға таза діни
тәрбиені қояды, қалған тәрбие түрлері
(адамгершілік, ақыл – ой, еңбек, дене т.б.) осы тәрбиеге
тығыз байланысты жүреді, жүзеге асырылады» деген пікірге
келеді. [1, 243 бет] Сонымен
қатар, ғалым «Абай дәріптеген дін – ол гуманизм жолын
ұстаған қасиетті дін, ол «тәркі дүниелікке»
мүлде қарсы» екенін Абайдың
«Ғұмыр – өзі хақиқат. Қай жерде
ғұмыр жоқ, онда кәмелет жоқ. Бірақ
әулиелердің бәрі де бірдей тәркі дүние
(дүниеден безген) емес еді» деген сөзімен дәлелдейді. [1,
243бет]
Ғалым А.Көбесовтің
пікірінше, мұсылман
оқымыстыларын, ұстаздарды ол екі топқа бөледі, олар –
ғалымдар мен хәкімдер. Ғалымдар ежелден келе жатқан,
ұрпақтан ұрпаққа көшіп отыратын
қисынмен табылатын ақыли (ғақлия) шындықтарды
уағыздайды, насихаттайды.
Ауданбек Көбесов Абайдың
«Әрбір ғалым хәкім емес, әрбір хәкім –
ғалым. Ғалымдардың нақлиясы бірлән мұсылман
иман тақлиды (біреуге еріп иман келтіруді) кесіп қылады.
Хәкімдердің ғақлияты бірлән жетсе, иман якини
(шын иман) болады» дегенін сөз еткен.
Имандылық
мәселесі Абай шығармаларында молынан қамтылған. Бір
ғана «иман» сөзінің өзі Абайдың талай
өлеңіне арқау болған. Оған «Абай тілінің
сөздігін» жасаған ғалымдардың зерттеулері дәлел
бола алады:
«ИМАН (59). Ислам дінінің бес
парызының бірі, сенім, илану, нану (51).
И м
а н деген – алла табарака
уатағаланың шәриксіз, ғайыпсыз, бірлігіне,
барлығына уа һәр түрлі бізге пайғамбарымыз
саллауһу ғалайһи уәсәлләм арқылы
жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын сұнып, инанмақ (ІІ,
170). Құдай тағала әрбір ақылы бар кісіге и м а
н парыз деген, и м а н ы бар кісіге,
ғибадат парыз деген екен (ІІ, 184)...»
[2, 242 бет]
Абай
имандылық мәселелерін өзінің қара
сөздерінде көп қозғаған. Ол өзінің он үшінші
қара сөзінде «Иман деген – Алла табарака уатағаланың
шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр
түрлі бізге пайғамбарымыз саллаллаһу ғалайһи
уәсәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне
мойын ұсынып, иланбақ» деген [3, 292 бет]. Ол бұл қара
сөзінде иманға иланудың екі түрін көрсетеді.
Біріншісі «якини» иман, ал екіншісі «тақлиди» иман. «Якини» иманға Абай мынадай
анықтама берді: «Әуелі не нәрсеге иман келтірсе, соның
хақтығына арқылы бірлән дәлел жүргізерлік
болып, ақылы дәлел – испат қыларға жараса, мұны
«якини» иман десе керек». Ал «Екіншісі – кітаптан оқу бірлән
яки молдалардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген
нәрсесіне соншалық берік боларға керек. Біреу өлтіремін
деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс
көрсетсе де, соған айнып, көңілі
қозғалмастай берік болу керек. Бұл иманды иман
«тақлиди» дейміз». Яғни «тақлиди» иман» деген иман келтірген
нәрсесіне берік болу, адамзаттың пікір сан өзгеріп,
өзгелер айнытпақ болса да, сол жүрегіңмен сенген
нәрсеге шынайы
«көңілі қозғалмастай берік болу керек» [3, 292 бет] . Тақлиди иманды
сақтауды үшін Абай
«қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын
керек екенін» айтқан болатын. [3, 293 бет].
Ғалым
Ауданбек Көбесовт Абайдың педагогикалық ілімінің
темірқазығы саналатын имандылыққа тәрбиелеу
әртүрлі жолдар арқылы жүзеге асатынын сөз еткен
болатын. «Солардың ең негізгісі етіп Абай Алла
тағаланың ешбір теңдесі жоқ бейнесін дәріптеп,
оны бірден –бір үлгі етіп соған ғашық болуды, еліктеуді
ұсынады да, педагогикалық барлық мақсат –
әрекеттерлің осы төңірекке топтастырады. Ал жаратушы
бір Алланы тану,оған «ұқсап бағу» - махаббатсыз
болмайды: себебі Алла тағала өзі хақиқат жол,
Хақиқат пен растық – қиянаттың дұшпаны,
дұшпаны арқылы шақыртқанға дос келе ма?» [1, 245-
246 бет]
Абайдың
бұл суреттеуіне қарағанда, Абай дүниені жаратушы Алла
білген, оған сенген. Абай тілінің сөздігіне назар
аударсақ, ғалымдардың зерттеуінше, «Алла» сөзі Абай
шығармаларында 133 рет кездеседі екен:
АЛЛА (133). Құдай, тәңір, жаратқан (69).
Атаңды анаң азғырып, Тұрғызбыған бейішке, Алласы оны жазғырып, Әкелді
бастап кейіске (ІІ, 90). Күллі мақұлұқ
өзгерер, Алла өзгермес, Әһли кітап бұл
сөзді бекер демес, Алла нәпсі
өзімшіл мінезбенен Бос сөзбенен қастаспай түзу келмес
(І, 244). Сен асыққан екен деп, Алла әмірін өзгертпес,
Айтқаның болар ма екен деп, Мен қорқамын, көз
жетпес. (І, 125).
Аллаға жазу –
құдайға жазықты болу. (1).
Шілік пен емен бір күн сөйлесіпті: - Аллаға неден жаздың, сорлы? – депті.
Торғайға да майысып солқылдайсың, Жел бүлк етсе,
тебесің әткеншекті (ІІ, 120). Алланың
сүйген құлы – құдайдың
жарылқаған пендесі (1).
Адамшылықтың қарызы үшін еңбек
қылсаң, алланың
сүйген құлының бірі боласың (ІІ, 193). [3, 41
бет]
Ия,
бұл үзінділердің бәрі Абайдың Алланы – ең
жоғарғы күш санағанына дәлел бола алады.
Абайдың Алла тағаланы мойындап, оны жоғарғы күш
санаған, оған сеніп, Алла жолын, иман жолын насихат еткен
өлеңдерінің бірі -
«Алланың өзі де рас, сөз де рас» өлеңі.
Алланың өзі де рес, сөзі рас,
Рас сөз еш
уақытта жалған болмас.
Көп кітап келді
алладан, оның төрті,
Алланы танытуға сөз айырмас.
Сонымен қатар, Абай бұл
өлеңінде Алланы сүйікті құлына тән емес
қасиеттерді де көрсете білген:
Күллі
мақұлұқ өзгегер, адам өзгермес,
Әһлі кітап бұл сөзді бекер демес.
Адам
нәпсі өзімшіл мінезбенен,
Бос сөзбенен
қастаспай, түзу келмес.
Абайдың көзқарасына
сүйенер болсақ, Алланың жолына түсем десең,
өзімшілдік, бос сөз сөйлеу – бұлардың бәрі
түзу жолдың ізі емес.
Абайдың ойынша, Алланың құлына «үш
сүю» тән:
Махаббатпен жаратқан
адамзатты,
Сен де сүй ол алланы жаннан
тәтті.
Адамзаттың бәрін
сүй бауырым деп,
Және сүй хақ жолы деп
әділетті.
Осы
үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп
тахқиқ біл,
Басты
байла жолына, малың түгіл.
Осы «Үш сүю» имани гүлді
құрайды:
1.
«Алланы сүю»
2.
«Бауырым» деп адамзаттың бәрін сүю»
3.
«Әділеттілікті сүю».
Абайдың пікірінше адамды тура жолдан
тайдыратын үш іс бар:
Дін де осы, шын ойласаң,
тағат та осы,
Дүние
бұл тасдиқ – хақтың досы.
Осыларды
бұзатын және үш іс бар:
Пайда,
мақтан, әуесқой – онан шошы.
Алланың
түзу жолына түскен адам, пайдақор, мақтаншақ,
әуесқой болмауы керек.
Түзу жолға түсем десең – зекет бер, намаз
оқы, қажылыққа бар:
Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бірақ, ақынның пікірінше,
бұлардың тек біреуін ғана орындау дұрыс емес.
Істесең бәрін істеу керек:
Бастапқы үшін бекітпей соңғы төртті,
Қылғанменен татымды бермес жеміс.
Бірақ, жүрегінде Аллаға
деген сенімі жоқ, имандылығы жоқ адам, осылардың
бәрін орындаса, ол «Алланың жолына түсті» деп айта аламыз ба?
Жоқ. Тек иманы таза адам ғана Алланың құлы бола
алады:
Адамдар ғибадаттан сөз қозғаған,
Хұснизән мин иманды
білді ойлаған.
Иманның
тазалығын жақсы ұқтырмай,
Сыртын қанша жуса да,
іші оңбаған...
Мүмкін болса, әуелі иманды бол,
Бендеге
иман өзі ашады жол.
Шын илан да, таза ойла бір иманды,
Мұнафиқ намаз
қылмап па, мағлұм ғой ол.
Адамдық атын жоймас үшін,
«адам» болу үшін, қастық ойламау керек, имандылықты
ойлау керек:
Алла ішіңді айтқызбай
біледі, ойла,
Бендесіне қастықпен кінә қойма.
Распенен таласпа мү'мин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық атын жойма.
Сонымен
қатар, Абай өзінің отыз сегізінші қара сөзінде
«Алла тағала өзі - хақиқат» жолы деген екен. Отыз
сегізінші қара сөзінде Абай «алланың бір сипаты ретінде
ғылымды көреді». «Ғылым – алланың бәр сипаты, ол
– хақиқат, оған ғашықтық – өзі де
хақлық һәм адамдық дүр... ». Бірақ
Абайдың пікірінше, алланың сипаты тек ғылым ғана емес.
Оның 8 түрлі сипаты бар: «Хаят, Ғылым, Құдірет,
Басар, Сәмиғ, Ирада, Кәлам, Тәкин». Ал ол сегізін
қайдан табуға болады? «Ол – алла тағаланың заты, ешбір
сипатқа мұқтаж емес, біздің ғақылымыз
мұқтаж, жоғарғы жазылмыш сипаттармен тағрифлап
танымаққа керек. Біз алла тағаланы өзінің
білінгені қадар ғана білеміз, болмаса, түгел білмекке
мүмкін емес». Абайдың пайымдауынша, Алла тағала –
өлшеусіз, ақылымыз өлшеулі. «Өлшеулі мен
өлшеусізді білуге болмайды. Біз алла
тағала «бір» дейміз, «бар» дейміз, ол «бір» демекілік те – ғақылымызға
ұғымның бір тиянағы үшін айтылған
сөз» [2, 322 бет]
Имандылық деген жәй сөз
жүзінде Аллаға сену ғана емес? Жай сену емес, шынайы, жүрекпен, барынша сүю.
Жоғарыда айтылғандай, «Алланы сүю, адамзатты сүю,
әділетті сүю». Бұлардың бәрі «ыстық
қайрат, жылы жүрек, нұрлы ақылды» талап ететінін Абай
тегін жырламаса керек.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Абай және қазіргі заман: зерттеулер жинағы. – Алматы:
Ғылым, 1994.
2.
Абай тілінің сөздігі. – Алматы: Өнер, 2011.
3.
Абай. Қалың елім қазағым: Шығармалары. – Алматы,
Жалын, 1995.