Жұмағұлов Еркін Бақытжанұлы.

Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің

Филология институты   «Көп тілді білім беру»  кафедрасы

6М011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті»   мамандығының

2-курс магистранты

 

Адам табиғатының танымдық мәні

 

Түйіндеме: Мақалада академик Ә.Қайдардың «Қазақтар ана тілі әлемінде» еңбегінің «Адам табиғаты» атты тарауы бойынша адам қасиеттерінің танымдық мәні қарастырылады. Мақалада сөздікте кездесетін әр түрлі тақырыптарға байланысты атаулар мен тілдік деректерді талдай отырып, олардың қатысымдық  мәні айқындалады.

Түйін сөздер: Этнолингвистика, жақсы, жаман, ақыл, таным

Қазақ тіл білімінде өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап этнолингвистика туралы сөз етіле бастады. Ең алғашқы ғылыми мақала сол кезде шығып тұратын «Білім және еңбек»  журналының № 10 санында  «Этнолингвистика» деген тақырыппен  академик Ә.Қайдардың атымен басылды.  Демек жаңа бағыттағы зерттеу болғандықтан этнолингвистика саласының әрі қарай дамуына  ғылыми негіз қалаған және бертін келе осы салада көптеген шәкірттер дайындаған академик Ә.Қайдардың этнолингвисткалық мектебі қалыптасты деуге әбден болады. Тіл білімінің ең бір өзекті, әсіресе, адамдық факторға негізделген  бір этностың,  ұлттың тілінде сөйлейтіндердің, сол ұлттың тұрмыс-тіршілігін, ұлтқа тән ұғым-түсінігін, әдет-ғұрпын тек қолданыстағы тілінде сақталған сөздер, фразеологиялық тіркестер, мақал-мәтелдердің мазмұнын ашу  арқылы  түсіндіру осы этнолингвистика пәнінің құзырына жатады.

Адамзат тарихы әр этностың жүріп өткен жолы  арқылы танылады,  жасалады. Алайда «танылу мен жасалу» тек сол этностың тіліндегі түрлі аталымдар, өмір сүру, тіршілік етудің мәдени формалары  бейнеленген сөздер мен сөз тіркестерінің мазмұнында   сақталған. Бұл ретте мазмұнды ашатын кілт осы этнолингвистканың құзыретінде. Бірақ кілт құралды пайдалану үшін де білім мен біліктілік керек.  Ана тілінің бар байлығын тіл иесіне түсіндіріп,   мазмұндап жеткізу мақсатында тер төккен академик Ә.Қайдардың «Қазақтар ана тілі әлемінде» атты әрқайсысы 45-50 баспа табақтан тұратын үш томдық   сөздігі қазіргі түркологияның жетістігі.

Қазақ деген ұлттың тіл әлемін саралап, талдап, түсінік беретін «Адам» І том), «Қоғам» (ІІ том), «Табиғат» (ІІІ том) атты  этнолингвистикалық сөздіктер  ұлт тілінің байлығын жинақтаған еңбек. Осы мақалада біз «Адам» атты 1 томды талдай отырып, танымдық мәнін ашамыз.

Автор 1 кітаптың («Адам») алғы сөзінде: «Сөздіктің мақсаты – қазақ тілінің барша лексика-фразеологиялық-паремиологиялық байлығын мүмкін болғанынша түгел қамтып, мағына-мәніне, қолданысына түсініктеме беретін, жүздеген тақырыптардан тұратын единицаларды жинақтап, жүйелеп беру.»

Сөздік – қазақ ұлтының халықтық биік рухын, ақыл-парасатын, рухани-мәдени байлығын көрсететін қазақ тіліндегі мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер, тұрақты теңеулер мен бейнелі сөз орамдарымен көрсетілетін  тілдік бірліктерді тақырыптық жағынан топтап, жүйелеп, астарлы мазмұн болса астарын ашып түсіндіру, аталым болса не себепті аталған,  ұғым бойынша қандай жағдаятта қолданылады  деген сұрақтарға жауап береді.

Сөздіктің  «Жақсы» Адам мен «Жаман» Адам тараушасында: «Адамның даналығы мен надандығы да, қасиеті мен қасиетсіздігі де, жақсылығы мен жамандығы да, табиғат болмысына тән сан алуан заттар мен құбылыстардың жақсы, жаман сипаты, нарқы мен парқы да Адам арқылы анықталып бағаланады» дейді. Демек, тек тіл фактілерін сөйлету арқылы Адамның  философиялық, физиологиялық, психологиялық, моральдық-этикалық т.б. толып жатқан контрастивті қасиеттерін тануға болады.  Өмірде  «жаман» адам, «жақсы» адамдардың  болуының өзі – тіпті қоғамдағы, қарапайым тіршіліктегі тепе-теңдікті сақтауға мүдделі екендігі.

Адам табиғаты ерекше құбылыс. Тілдік деректерге сүйенсек, оның бүкіл болмысын бейнелейтін,  жақсы-жаман қасиеттерін жан-жақты толық танытатын сөздер мен тіркестер соншалықты мол және қазақ адамының тұтас жай-күйі ұлт өкілі ретінде түпсіз терең тұлға екендігін байқаймыз. Ежелгі грек философы Протогодың айтуынша, «адам барлық заттың өлшемі» және  «әлемді  адам қандай ой-сезіммен қабылдаса, дүние нақ солай бейнеленеді». Демек, қазақ ұлт ретінде кім, қандай халық, ол әлем бейнесін тілінде қалай өрнектеген, несімен ерекшеленеді деген сұрақтарға Сөздіктен жауап іздейміз.

Адамзат қоғамындағы ең басты тұлға – Адам. Адамның өзі де, сол жасап отырған қоғамдағы, табиғи ортадағы барша құндылықтар мен құбылыстар; сайып келгенде, адамның ақыл-парасаты арқылы сараланып, соған тән танымдық ұғымдармен өлшенеді. Адамның даналығы мен надандығы да, қасиеттігі мен қасиетсіздігі де, жақсылығы мен жамандығы да, табиғат болмысына тән сан алуан заттар мен құбылыстардың жақсы-жаман сипаты, нарқы мен парқы да адм арқылы анықталып бағаланады. Алайда, адам басына тән сан алуан қасиеттердің барлығы қазаққа тән сан алуан қасиетттердің барлығы қазаққа тән танымдық дәстүрде «жақсы» және «жаман» деген екі-ақ сөздің қауызына сыйып, оның ауқымымен қамтылатынын көреміз. Қазақ салтында қалыптасқан қарапайым да әмбебап танымдық өлшемнің «жақсы-жаман» деген екіұдай тәсілі мен ұғымы. Осы екі сөз арқылы барша қазақты «жақсы адам» және «жаман адам» деп, екі бөліп қарайтынымыз шындық және оны біз көптеген тілдік фактілер арқылы дәлелдей де аламыз.

Көріп отырғанымыздай, жақсы адамның іс-әрекетінен туындайтын «жақсылық», жаман адамның іс-әрекетінен туындайтын «жамандық» сияқты абстракты ұғымдар да танымдық қасиетке ие. Бұлар да «жақсы», «жаман» сияқты көп жағдайда бір-бірімен қатарласа жүретін контрастивті анықтамалар. Бұлардың да қарама-қарсылық бірлестігін сақтайтын егіз ұғым екендігін қасиетті Құран да  өз тарапынан дәлелдейтінін көреміз. Шынында да, біз қарастырып отырған контрастивті танымдық ұғымдардың адамға болсын, басқа құбылыстарға болсын қатар қолданылуында бір заңдылық бары сөзсіз. Мәселен, жер бетіндегі адам баласының бәрі «жақсы», бәрі «жақсылық» істеушілер болып, бірде-бір «жаман» адам, «жамандық» істейтін жан болмаса, не керісінше болсап, не болар еді? Жер-дүние бір жағына «ауып кетуі» мүмкін-ау онда...! осыған қарағанда қоғамдағы тепе-теңдікті сақтаудың бір жолы да осы фактор ма деп қаласың. Қазақ логикасында мұны құптайтын деректер бар екенін академик Ә.Қайдар өз еңбегінде мысалмен атап көрсетеді. Мысалы, Бір жаманның бір жақсысы бар; Жаман айтпай жақсы жоқ; Бір айғырдан ала да, құла да туады; Жақсыдан жаман туады – бір аяқ асқа алғысыз, Жаманнан жақсы туады – адам айтса нанғысыз; Жақсының арты – жын; Бір жақсы мен бір жаман әр жайда бар, Екі жақсы қосылар күн қайда бар? т.б. осы сиқты нақыл сөздер контрастивті танымның дұрыстығын дәлелдейтін тілдік деректерді атап көрсетеді. Автор өз еңбегінде адамның қасиеттері мен сын-сипатына байланысты қалыптасқан тұрақты тіркестерді үлкен үш топқа бөліп қарастырған. Енді аталған топтарда келтірілген тұрақты тіркестердің біразына түсініктеме беріп «жақсы» қасиеттердің мазмұнын ашайық. Бірінші, «Жақсыға қатысты ұғымдарды келтірейік.

Адам туа жаман болмайды, жүре жаман болады <адамның жаман болуы оның айналасына, ортасына байланысаты. Жаман әдеттердің бәрін ол солардан үйренеді. Ай ортақ, Күн ортақ, Жақсы ортақ <адамзат қоғамында біреудің басына меншіктеуге болмайтын аспандағы Ай мен Күе тәрізді жер бетіндегі баршаға ортақ қасиетті нәрсе – ол жақсы адам. Жақсы адамның ең басты қасиеті – қолынан келген жақсылықты ең алдымен өзіне емес, өзгеге істеуге тырысуы; бұл табиғатынан кеңпейіл, дарқан жүрек, ақкөңіл адамдарға тән қасиет. Жақсы адамның барша жанға ортақтығын айтып, оны Күнге, Айға балау – «Жақсы Адам» деген ұғымға берілген өте жоғары баға> Жақсы әйел – жігітке бақ, Жақсы жер – құтты қоныс, алтын тақ <әйелдің төресі саналатын, ақылды да парасатты, сұлу да сымбатты әйел – қазақ ұғымында: ер адамның бағын ашатын, асыл арманына жетелейтін игі жан. Ал, мұндай әйелдің жақсы қасиетін құтты мекен, жайлы қоныс жер ананың қасиетіне балау да әйелге деген ең жоғарғы баға болса керек. Жатып жастық, тұрып төсек бола білетін, керегінде ақылшы да қамқоршы, асыл жар, абзал дос бола алатын әйел парасаты, ана болып, ұрпақ жалғастырушы әйел қасиеті – бәрі-бәрі осы бір «Жақсы әйел» деген сипатқа сыйып тұрған аса биік баға болса керек> Жақсы сүйегін қорлатпас <жақсы адамның өмірлік ұстанымы – «малым – жанымның садағасы, Жаныым – арымның садағасы» десек, сол принцип бойынша ол өзі шыққан әулетін де қорлауға, олардың аруағын қозғап, ар-намысына сөз келтіруге, мазарын аяқасты етіп, сүйегін таптатуға жол бермейді, ондай әрекетке жан-тәнімен қарсы болады. Бұл «жақсы адам» аталудың ең биік инсандық қасиеттеріне жатады> Жоғарыда академик

Ә. Қайдар  «Жақсыға» қатысты ұғымдардың мәнісін ашуға тырысты. Енді, «Жаман» сипатқа ие адамдар мен осы ұғымға қатысты нақыл сөздерді талдап көрсетеді.

Жаман <дүниедегі заттардың, адам, аң, құс т.б. тірі жан-жануарлардың, күннің, айдың, жылдың – бәрінің де жақсысымен қатар жаманы да болады. Олардың жақсы-жамандығын анықтайтын, бағалайтын әрбір этностың қалыптасқан дәстүрлі өлшемі бар. мәселен, қазақ ауыз әдебиетінде «аяз би» аңызында «адамның, құстың, шөптің жаманын тауып әкел!» деген Мадан ханның тапсырмасына байланысты «жаман адам», «жаман құс», жаман шөп» деген этнолингвистикалық ұғым төңірегінде танымдық мәні зор талдау жүргізетіні белгілі> Адамның жаман аты шыққанша жаны шықсын <қазақ болмысында өзін құрметтейтін (өзінің жақсы атын, абырой-атағын, ел ішіндегі қадір-құрметін сақтайын деген) азамат өзінің жаман атының шықпауына ерекше мән береді. Оны игі жақсы істерімен сақтауға тырысады. Сондықтан да «жаман аты шықты» деген «ел көзіне түрткі болды», өліммен барабар ұятқа қалды деген сөз> Адам туа жаман емес, жүре жаман <адам анадан туғанда жаман болып тумайды, пендешіліктен жаман қасиеттен таза, пәк болып туады, жаман қылықтың бәрі оның бойында жүре пайда болады, ол өзіне ғана емес, өзі өсіп-өнген, өмір сүрген қоғмға, өзін қоршаған адамдарға да, отбасынан алған тәлім-тәрбиеге де байланысты> Айтқанның аузы жаман, Жылағанның көзі жаман <қанша шындық болса да, соны ашық айтқан адам ешкімге жақпайды, ұнамайды; демек, оның аузының «жаман» болатыны содан; жыламайтын адам жоқ, алайда жылаған адам сүйкімсіз көрінеді, демек оның көзі «жаман». Мақал «ауызды», «көзді» нысана етіп отырса да, сайып келгенде, «жаман» атанып отырған сол ауыз бен көздің иесі – адам, белгілі бір субъект> Жаман адамнан жарты қасық ас қалады <тамақты аяғына дейін тауысып ішпеу, табақ түбінде сарқыт қалдыру жаман әдет, тіпті адамның жаман қасиеті деп саналған. Оның басты себебі: алдыңа қойған адал асты адалдап жеп қоймай, табақ түбінде қалдыру – арам ойдың, асты жақтырмаудың нышаны; қалған асты итке төгуге тура келеді; ондай ыдыс-аяқты жуу да ыңғайсыз>Автор келтірген ұғымдардың танымдық мәні зор. Зерттеуімізде автордың «жақсы» да, «жаман» да сипатқа ие адамдарға қатысты келтірген ұғымдарға тоқталайық.

Адамның жақсысы көзінен білінеді, Адамның жаманы сөзінен білінеді <себебі: көз – адамның жан дүниесінің айнасы; оның ақыл-парасатын да, зейінділігі мен зеректігін де, көкейінде тұрған пікірі мен көңіліндегі ойын да өмір көрген тәжірибелі жандар көз жанарынан-ақ тани алатындығында; сондай-ақ адам қасиетін анықтайтын екінші бір белгі – оның өз ойын мәнерлі де мәнді етіп жеткізуінен, сөз саптау мәнерінен байқалады. Адамның бір ауыз сөзінен-ақ қандай адам екенін білетін қазақтар аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұрғанды «жақсы адам» санатына жатқыза алмайды> Бай қуанар егізге; Жаманнан жақсы туса да, Жақсыдан жаман туса да, Тартпай қоймас негізге (Бұқар жырау) <бұл даналық сөзде «Жаманнан жақсы туар, адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туар, бір аяқ асқа алғысыз» деген мақалды басқаша да түсіндіруге болатынын, яғни қандай жағдай болса да, жас ұрпақ ататегіне тартпай тұрмайтынын ескертіп тұр> Елдігі жоқ жерде жаманның иығы шығады, жақсының еңсесі түседі (Ә. Кекілбаев) <елдің елдік қасиеті – береке-бірлігі, тату-тәттілігі, әділеттігі мен әдептілігі – сақталмаған жерде қараниет, қасқүнем, құлқынның құлы, пейілі тар адамдардың жолы болып, аршыл, намысшыл, адал азаматтардың жолын кесіп, мысын басады. Бұл арадағы «жақсы-жаманның» парқы мен нарқы, бағасы мен бәсі әлеуметтік жағдайға, замана райына қарай пысық пен пысақайлардың айла-шарғысына, сыпайылардың момындығына байланысты өзгеруі баяндалып тұр> Зерттеуде автордың «жақсы» адам және «жаман» адамға байланысты келтірілген тұрақты тіркестердің танымдық мәнін ашуға тырыстық.

Сөздікте Адамның жағымды-жағымсыз қасиеттерін сипаттайтын сөздер мен тұрақты оралымдар саны едәуір. Мәселен, тек жағымды қасиеттерді білдіретін  à АБЗАЛ <ел-жұртына ардақты, жаны ізгі, таза, жүрегі адал, игі жақсы істерімен көзге түсетін адам>; ПАРАСАТТЫ <жан дүниесі бай, дүниетаным қабілеті жоғары, парқы, түйсігі терең, кез келген нәрсені ақылға салып қарайтын, байсалды білімді адам> деген түсінікті оқисыз.

Қазақтың ұғымында Адамның зиялы қасиеттерін сипаттайтын 250-ге жуық сөз-атаулары мағыналарының 50-60-на ғана  талдау жасалыпты. Мәселен, ақыл, ой, сана, парасат, зерде, зейін, зеректілік, ұғым, түсінік, ұят, сезім, ес, иман, игілік, ибалық, көңіл, қалау, таным, қиял, қылық, мерей, машық, ар, намыс, наным, мінез, ождан, опа, пайым, пікір, өнеге, өсиет, рух, рай, рақым, сөз, сенім, сыр, үміт, ізгілік т.б.  Ал КӨҢІЛ <адам болмысына тән табиғаты аса күрделі, мәні терең, мағынасы кең, мазмұны ауқымды, қолданыс шеңбері шексіз, қолмен ұстауға болмайтын, көзге көрінбейтін ғажайып зиялы қасиеттерінің бірі...>дей келе, автор «көңіл» ұғымына, түсінігіне  қатысты  жеке сөздер мен жай және тұрақты тіркестерді, мақал-мәтел т.б. деректерді жинақтап, жүйелеп, мән-мағынасын ашып береді. Көңілдің (34 түрін) *Қамкөңіл<бір нәрсеге қамыққан,торыққан, көңілге қаяу түскен адам>, екіұдай көңіл, жас көңіл т.б. түрлері сипатталса,  көңілге қатысты ұғымдардан, мысалы, à Көлденең кісі көңілге қарамайды <адамға таныс емес, бейтаныс, бөгде адамдарды режіп қалады-ау дегенді ойға алмай, әр нәрсені айтып қалады, ондай жайт адамның көңілін жаралап ренжітеді>, ақымақтың көңілі тоқ, Соқырдың көзі – көңілінде, Күлегештің көңілі азбас т.б. 143 тіркес мағынасы ашылған.  Сөздікте үш мыңға жуық  мысалдармен Адамның жағымды-жағымсыз қасиеттері сипатталып, адамның тек физиологиялық қасиеттеріне қатысты ұғымдарды бейнелейтін  бір жарым мыңдай бірліктер талданған. Мысалы, аяғын алдыру, бұйығып ұйықтау быржию,  дүмпию, көстеңдеу, кілтілдеу, мыртыңдау т.б. сөздерді қазіргі жастар көп қолдана бермейді.

Сөздік тек тіл мамандарына немесе көп білгісі келетін энциклопедиялық білім жинайтын адамдарға ғана емес,  ұлтының рухани мәдениетін  жоғары қоятын және Қазақ елінің мәңгілігіне сенетін адамдарға қажет. «Қазақтану» – қазақ деген түсінікке  қатысты бүкіл білімдер саласының мәдени-тарихи жақтарын қамтитын үлкен ұғым. Сөздік –қазақтануға қосылған үлес.

 

Әдебиет:

1. Қайдар Ә. Қазақтар ана тілі әлемінде (этнолингвистикалық сөздік). І том. Адам. –Алматы: Дайк-Пресс, 2009.

2. Қайдар Ә. Қазақтар ана тілі әлемінде (этнолингвистикалық сөздік). ІI том. Қоғам. –Алматы: Сардар баспа үйі, 2013.

3. Қайдар Ә. Қазақтар ана тілі әлемінде (этнолингвистикалық сөздік). ІII том. Табиғат. –Алматы: Сардар баспа үйі, 2013.

 

Жумагулов Еркин Бкытжанович

Казахский Национальный Педагогический Университет им. Абая

Институт филалогии кафедра «Полиязычного образавания»

Магистрант 2 го курса 6М011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті»

 

Резюме

Познавательное значение природы человека

 

Аннотация: В статье рассматривается познавательные значение труда академика А.Кайдара «Казахи в мире родной речи». В статье анализируются встречающиеся в словаре названия, связанные с разными темами и языковые данные,  определяются их коммуникативные значения.

Ключевые слова: этнолингвистика, хороший, плохой, разум, познание

 

Zhumagulov Erkin.

Kazakh National Pedagogical University named after Abay

Institute of philology, department of «Multilingual education»

6М011700 «Kazakh language and literature», 2 year postgraduate student 

 

Summary

Cognitive view of human nature’s

 

Summary: In this article  cognitive view of human’s features, which was analysed in the chapter “Human nature” of the tretise “Kazakhs in mother tongue world” written by academician A.Kaidar,  will be discussed. Moreover,  names and language data related to different topics which occur in dictionaries will be analysed and ther communicative views will be denoted.  .

Key words: Ethno linguistics, good, bad, mind, cognition.