Сарманова Ф.Т.

       мемлекеттік университеті А.Байтұрсынов атындағы Қостанай         

          Тілдік даярлау орталығының доценті

 

                            ҮШ ТІЛДІ МЕҢГЕРУ      ЗАМАН ТАЛАБЫ                                             

 

Қай кезеңде болмасын , көп тілді меңгерген халықтар мен ұлттар алдыңғы қатарлы елдің қатарына кіріп, өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырғаны тарихтан белгілі. Мәселен, ежелгі Мысырдың өзінде бірнеше тілді білетін мамандар иерархиялық сатымен жоғарылап, көбіне салық төлеуден босатылған көрінеді.

Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Сондықтан біз де өз халқымыздың қарыштап дамып, өркениеттен кенже қалмау үшін көп тілді меңгеруіміз қажет. Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Себебі, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін маман бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатыны сөзсіз. Осы ретте, президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз. Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек», – деген болатын 2012 жылы 14 желтоқсандағы Жолдауында.

Үш тұғырлы тіл саясатын дұрыс түсінбей, тек қана қазақ тілін қолданайық деп даурыға берудің қажеті жоқ. Одан да біз мемлекеттік тілді дамытып, орыс тілі мен ағылшын тілін қажетіне қарай үйренуіміз керек. Бүгінде ағылшын тілі бастауыш сыныптардан бастап оқытыла бастады. Бұл, өте дұрыс нәрсе. Себебі, бала жастайынан тілді базалық деңгейде білсе, болашақта кәсіби деңгейде үйреніп алуына мүмкіндік туады. Қазақ мектебінде оқыған жас қалада тұрғаннан кейін орыс тілін де білетіні айдан анық. Сонымен қатар, ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылғаны құптарлық дүние. Қазіргі кезде мектеп бағдарламасынан ағылшын тілін еркін меңгерген көптеген бітірушілер шет елдерде білімін дамытып, тәжірибесін молайтуда.

 Бүгінде егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болып әлемге жар салып жатқан дүбірлі кезеңде қазақ ұлтының жанына сүйеу, рухына тіреу болатын басты мәселенің бірі осы – тіл. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілі – ұлттық руханиятымыздың өзегі. Қазіргі кезде қазақ тілін дамыту, оқытудың деңгейін арттыру мәселесі көтеріліп, осы орайда түрлі шара атқарылып жатқаны баршамызға аян. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, оның мүмкіншіліктерін барынша пайдалану – еліміздің әрбір азаматының абыройлы міндеті. Адамзат мәдениетінің негізі – тілде. Кез келген ұлттың басты ерекшелігі – оның ана тілінде. Ұлттың жаны мен жүрегі ары мен ұяты, қазына-байлығы мен атақ абыройы тілге байланысты. Жер бетіндегі сан мыңдаған ұлттардың ішінде тек қазақ халқы өз тілін ана тілі деп ардақ тұтып, қастерлейді. Қазақ үшін тілден құдіретті ештеңе болмаған.

    «Қанша тіл білсең, сонша рет адамсың» дейтін нақыл сөз бар. Бұл сөзде шындық та бар, қайшылық та бар. Шындығы сол - екінші бір тілде сөйлеу жай ғана басқа тілді пайдалану  емес, басқа ұлттық мәдениет, басқа ұлттық психология аясына ену. Қайшылығы сол - әр адам тегі жағынан (бұл жерде биологиялық тек қана емес, рухани тектің де болатынын ескерте кету керек) бір ғана ұлттың өкілі болады. Асылы, бұл нақыл сөзге Абай тұрғысынан келу керек. Қалай десек те, қостілділік, көптілділік жеке тұлғаның қабілет ерекшелігіне байланысты. Бірақ қазір дүниежүзілік қоғамдастық талап етіп отырған құбылыс болып отыр.

Көптілділікте тиісті дәрежеде ескерілмей жүрген тағы бір мәселе - тілдік құзірет пен сөйлеу құзіреті (Бұл мәселе арнайы зерттеуді қажет етеді). Лексиканы, грамматиканы және фонетиканы білу тілдік құзіреттілікке жатады, ал өз ойын басқа тілде еркін жеткізе білу сөйлеу құзіреттілігіне жатады. Тіл - адамдардың сөздерін байыппен талдап, элементтерін бөлшектеп, тілтанушылардың ашқан объективті жүйесі. Ал сөйлеу - тілді күнделікті қарым-қатынаста жүйе ретінде қолдану.

Көптілділік дегенде бастысы жеке тұлға  болу керек. Соған орай, бұл құбылысты мынадай деңгейлерге жіктеп қарастырған жөн: қабылдамалық, қайталамалық, өнімді деңгейлер.

      Қабылдамалық деңгейде адам басқа тілде айтылған сөзді тыңдап қабылдай алады, сол тілдің сөзі екенін, кейде айтылыстың жалпы сұлбасын болжалдап бағамдайды. Мұның дамыған кезеңі сол - коммуникант өзге тілде айтылған, жазылған хабардың жалпы мазмұнын түсінетін болады.

    Қайталамалық қостілділік деңгейінің ауқымы кең. Бұл - екінші тілде айтылған сөзді сол жерде қайталап беруден бастап, кейін жад арқылы жаңғырту, сол сияқты естігенін, оқығанын пайдаланып ой-пайымдарды өзгерте қайталауға шейінгі аралықты қамтиды. Бұл деңгейде тіл иесі екінші тілде жеткізілген хабарды сол ізбен сол тілде қайта жеткізе алады, бірақ өз тарапынан хабарды еркін де соны түрде жеткізу қабілеті шектеулі болады. Оған көбінесе үлгі ретінде түпнұсқа қажет. Екі тілде көптеген заңдылықтарды салыстыра да алады. Басқа тілде сөйлеу өз ана тіліне байлаулы болады. Бұл деңгей автоматтану нәтижесінде өнімді қостілділікке ұласып жатады.

     Өнімді үштілікте екінші тілдің жүйесі санадан орын алады. Өз ана тілімен тез ықпалдаса алады. Тұтынуға дайын тұрады.  Осы себептен екі тілде де мазмұндас мәтін түзе береді. Ал «прагматикондық» қостілділік деген, біздіңше, осы деңгейдің кемел көрінісі. Алланың берген айрықша дарыны. Біздің қоғам прагматизмді қадір тұтып жатқанын білеміз. Прагматизмнің жеке тұлғаға тән әдебі жөніндегі саласы мелиоризм деп аталады. Ол адамдарды біртіндеп жақсарта беру дегенге саяды, әлсіз жақтары көп бағыт. Ал, шындығына келсек, прагматизм адамды «қандай да бір қарекет маған қандай пайда береді» деген санаға жетелейді. Мұның аяғы пендені меркантилизмге ұрындырады. Сондықтан көптілділікке тек прагматизм тұрғысынан қарамаған жөн. Көптілділікке үйретуде жеке тұлғаның психикасына, ниетіне әсер ету жағын қадағалаған жөн.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» – деген даналық сөзді басшылыққа алып, біздің тілдік даярлау орталығы  ұжымының қызметкерлері қыруар жұмысты жүзеге асыруда.

Тіл білу – байлық. Әсіресе, өркениетті еліміздің дамуына үлес қосқымыз келсе, көп тілді игерген азаматтарға қарап  қуанатынымыз да белгілі.

Үштұғырлы  тіл өмірдің қажеттілігі. Бұл бүгінгі елдің тыныс-тіршілігін айқындайды және жалпыға ортақ қалыпты норма болып саналады. Үш тілді қатар меңгеру бәсекеге қабілетті ел  азаматының  міндеті.  Қазақстанның білікті, білімді әр азаматын ғаламдық ақпараттар мен  инновациялық ағынына ілесу ағылшын тілін үйренуге жетелейді.

Бұл орайда орталықта тіл үйренем деушілер қазақ тілімен қатар ағылшын тіліне де үйреніп жатыр. Бұл бәсекеге қабілеттілікке  ұмтылудың ең алғашқы сатысы болып саналады. Өйткені қазіргі уақытта бірнеше тілді меңгерген азаматтардың қай ортада жұмыс істесе де жолы ашық. Мемлекеттік тіл мемлекет өмірінің барлық саласында «бүкіл қоғамымызды біріктіруші» қызметін, орыс тілі ұлтаралық қатым-қатынас тілі, ал ағылшын тілі әлемдік экономикаға, әлемдік қауымдастыққа кірігуімізге қызмет етуде.

Қазір тіл үйренушілердің  барлығы дерлік орыс тілін жақсы меңгерген.   Тіл үйренушілер арасында әр түрлі ұлт өкілдері болғандықтан, тіл үйренушілер алдымен өз қандастарымыздың белсенділігіне, ынта-ықыласына назар аударады. Сондықтан да тілдердің үштұғырлығының бір ұшы мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеру болғандықтан жұмыстың басым бөлігі қазақ тілін меңгеруге бағытталып отыр. Біздің негізгі мақсатымыз - Қазақстанда тұратын барша азаматтың қазақ тілін меңгеруі. Бұған барлығымыз да үлкен түсіністікпен қараймыз. Ағылшын тілін білу игілікті іс. Қазір атқарылып жатқан қызметтің барлығы Қазақстанның әр азаматы аудармашының көмегінсіз қарым-қатынас жасай алатындай дәрежеге жетсек деген ниет. Бұл бәріміздің де дәрежемізді арттырады.

Ал өзім осы университеттің қабырғасында 23 жыл бойы қазақ тілінен тек қана шетел тілдері факультетінде сабақ берудемін. Факультетте үш тілді меңгеруге көп назар аударылуда. Өзім ағылшын тілінде қарапайым тілде сөйлегенмен,  сабақ барысында ағылшын тілінің грамматикасы мен қазақ тілінің грамматикасын салыстырып отырамын. Тапсырмалар орындау кезінде  білім алушылардың кейбір түсіне алмайтын жағдаяттар (грамматика немесе сөйлем құрастыру)  болады. Оларды шешу барысында ең алдымен орыс тілі арқылы түсіндіріледі, кейін ағылшын тілінде осыған сәйкес ереже болса, сонда ғана  қазақ тілінде өз ойын жеткізе алады. Мұндай жұмыс түрлері сабақта жиі өткізіледі.  

Алда тұрған мақсатқа жету үшін  талаптану да, тырысу да өз қолымызда.  Көп болып қолға алынған іс әрқашан да жүйесін табады. Бір ауыз сөз көкке де көтереді, бір ауыз сөз жерге де кіргізеді. Алдымен қарым-қатынас тілінен бастасақ ештеңеден де ұтылмай ақпарат ағымында үш тілде сөйлей алатынымызға ешкімнің де шүбәсі болмайды. Игілікті істің ерте-кеші жоқ екенін ұмытпай, алдымен қазақ, кейін ағылшын тілін үйренсек құба-құп.

 

                                   Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.БайтұрсыновА.- Тіл-құрал (қазақ тілінің сарфы). Бірінші жылдық.- Орынбор, 1914.// Байтұрсынов А. - Тіл тағылымы. - Алматы: Ана тілі, 1992.
2.Фрумкина Р.М.-Психолингвистика. - Москва: «Академия», 2003.
3.Б.Койгелдиев С. Дело госязыка запуталось в "трех соснах" // Казахстанский юридический портал 2006 г.

4.  Б.Хасанов. Ана тілі-ата мұра.Алматы: Ғыл,1998.250б.