Омарбаева М.С

Т.Жүргенов атындағы

Қазақ  ұлттық өнер академиясының

профессоры

Алматы,Қазақстан

Сахна тілін дамытудағы жырдың маңызы

Қазақ халқының мәдениеті өркендеген сайын, эстетикалық талғамымыз артып, ал актерлерге, яғни, өнер адамдарына халық қашанда идеялық парасатпен қаруланған профессионалдық шеберлігін шыңдаған деп қарайды. Сондықтан да шығар шеберлікке жетудің негізгі жолы кәсіби мамандықтың түрлі элементтерін жете меңгеріп, тынбай еңбектенуде. Актерлік мамандыққа жету таза сөйлеп үйрену, сөйлеу  мәдениетін, тіл  техникасын меңгеру. Сөз - театрдың негізгі құралы. Сондықтан да «сахна тілі» пәні  өнер адамдарын тәрбиелеуде  ерекше орын алады. Ал, «сахна тілін» дамытып, тереңдетіп оқыту үшін ауыз әдебиеті – фольклордың орны ерекше.

Тюрколог В.Радлов былай деп жазған «Қазақтар нақысты сөйлеуді бар өнердің алды деп біледі, сондықтан олардың поэзиясы дамудың жоғарғы сатысына жеткен». Сан ғасыр сыннан өтіп халық көкірегіне жатталып, біздің дәуірімізге жеткен сұңғыла сөз зергерлері Асан Қайғы, Қазтуғаннан бастап, Шалкиіз, Доспанбет, Бұқар жырау, Шал ақынмен аяқталатын ежелгі қазақ әдебиетінің төрт ғасырлық қазынасы. Бұлардың әрқайсысы бір адам, жай ғана ұлы тұлға емес, әрқайсысы бір ғасыр. Көркем ойының көрсеткіші осы ұлы жыраулардың арасында қазақ сөз өнері орта ғасырларда әлем поэзиясының асқар биігіне шықты. Көне жыраулар мұрасы – біздің кісілігіміздің ғана емес елдігіміздің көрінісі. (М.Мағауин эссе Қазақ үні №5 (664) 3 ақпан 2015 ж. «Менің жолымды ашқан Ғабит аға»)

Ал, жас актерлерді тәрбиелеуде халқымыздың аса бай ауыз әдебиетінің фольклорының алатын орны ерекше деп айтып кеттік. Ауыз әдебиетін оқытудың ерекшелігі: студенттің ой – өрісі өсіп, өмір танымы артады. Орфоэпия қағидаларын сақтауда тіл тәсілдерінің жетіліп, ширап даму дәрежесін тереңдетеді. Тіл жұмсаудағы дәлдік, өткірлік, сауаттылығын ғана емес, сындарлы тіл болу үшін оның ұлттық табиғатын сақтап сөйлеу шеберлігін шыңдайды.

Ал, енді оқыту тәсіліне келейік. Мысалы, Бұқар жырау ел тағдырын шешер ірі оқиғаларды аса мәнді көкейкесті мәселелер тұсында толғаған. Өзінің ұзақ ғұмырында халқының көрген көптеген қиындықты өз көзімен көре білді. Сондықтан оның шығармаларында елдің бірлігі, бейбіт өмірі, өз отанына деген сүйіспеншілік, сыртқы жаулардан қорғай білім, тәлім – тәрбиелік, өскелең ұрпақ тәрбиесіне толғауларында ерекше мән береді.

Бұқар жырау «Тілек» деп аталған толғауларында:

Бірінші тілек тілеңіз,

Бір аллаға жазбасқа.

Екінші тілек тілеңіз

Ер шұғыл пасық залымның

Тіліне еріп азбасқа

Үшінші тілек тілеңіз,

Үшкіліксіз көйлек кимеске, - деп қазақ даласында бейбіт өмір болуын, Бұқардың айтуынша, халық пен ел билеген хандардың келісімі мен ел бірлігін сақтауға ақыл – кеңес береді.

Ақын халықтың тыныштығының қымбат екендігін, көрші елдермен достық қарым – қатынаста болуды, ханды хандықтың және халықтың мүддесіне қайшы келетін жағымсыз іс – әрекеттерден сақтандырады:

Жан біткен еріп соңынан

Он сан алаш баласын,

Аузыңа құдай қаратып,

Жусатып тағы ергізіп.

Жұмсап бір тұрсаң қолыңнан, - деп Абылай ханның ел бірлігін сақтауға, көрші елдермен қарым – қатынас жасаудағы роліне он бағасын береді.

Бұқар жырау жақсы мен жамандық туралы, адамгершілік қасиетті, шынайы достық пен қастықты салыстыра келіп, жырау жастарды тәлімдік – тәрбиелік мәні бар қасиеттерді жастардың бойына сіңіруге ақыл – кеңес береді:

Екі жақсы қас болмас,

Екі жаман дос болмас.

Дос болғанмен хан болмас,

Екі жақсы дос болмас,

Дос болса, түбі бос болмас, - деп адамгершілік, ізгілік қасиеттерді жастардың арасында кеңінен насихаттайды. Оның өлеңдері мен толғауларының терең де философиялық – дидактикалық, тәлімдік – тәрбиелік мәні орасан зор. Бөгембай батырдың ерлігін былай меңзейді:

Қиядан қиқу төгілсе

Аттың басын тартпаған.

Қисапсыз қол көрінсе

Қорқып жаудан қайтпаған.

Міне, осы жолдарды бір деммен кеуде регистрін қосып, жігермен айтамыз. Бейнелеу әдістерінде сатиралық, юморлық, романтикалық образдарға тән элементтер де байқалады. Интонациямыз әзіл – қалжыңға ойысып, ойдың астарын ашып оқимыз.

                            Жау жағадан алғанда,

                            Ит етектен  алғанда,

                           Ер Абылай қорыққан жоқ.

                                                

Жоғарыда айтылып кеткендей жырлар көбінесе белгілі бір  тарихи маңызы  бар оқиғаларға құрылатын болғандықтан оларға мақсат, оқиға шиеленісі, шарықтау шегі, шешілуі және соңында жыраудың өз ой – пікірі айтылатын қорытынды бөлігі болады. Толғауда өз қатынасын, көз қарасын, пікір – ойын көрсететін мазмұн  жүйесі  - композициялық құрылысы болады.

Жыраудың көптеген афоризмдері мен өрнекті өлең жолдары халықтың арасында кеңінен тарағаны белгілі, олар мақал – мәтелдерге айналғанын аңғару қиын емес. Бұқар жыраудың:

                         Жақсының аты қлмейді,

                         Ғалымның хаты өлмейді, - деген аталы нақыл – афоризмге айналған сөздерінің күні бүгінге дейін халқымыздың арасында кеңінен таралғандығы, оның мақал – мәтелдерге айналғандығын білеміз. Оның нақыл сөздері мен шешендік өнерін ұрпақ тәрбиесінде кеңінен қолдануға болады.

Үмбетей жырау 1706 жылдар шамасында туады. Болашақ жыраудың әкесі Тілеу – қаһармандық жырларды, ескі аңыздарды, билердің шешендік сөздері мен нақылдарын жақсы білетін шежіре, сонымен қатар халықтың музыка мұрасына да жетік дәулескер қобызшы, ел ішінде абыз атанған адам екен. Өзіне көне жырауларды үлгі тұтқан Үмбетей уақыт оза келе философиялық – дидактикалық толғауларға ден қояды. Сонымен қатар сырт жаулармен күресте аты шыққан батырларды мадақтау да жырау өнернамасындағы өзекті тақырыптардың біріне айналады. Және осы реттегі жырлары Үмбетейге үлкен даңқ әкеледі. Үмбетей 1778 жылы қазіргі Целиноград облысының Ерейментау ауданында қайтыс болады. Осыдан Үмбетей жыраудың Бөгембай батырдың өлімін Абылай ханға естірту толғауын алсақ:

Ей, Абылай, Абылай,

Абылай ханым бұл қалай,

Бұл қалайдан сескеніп,

Сөзімді қойма тыңдамай.

Талай істер басыңнан

Өтіп еді – ау жасыңнан,

Қиын қызық әрбір жай.

Ей, Абылый, Абылай,

Сөзімді тыңда тағыда – ай

Өзіңнен біраз жасы үлкен

Жасыңда болған сырласың,

Үлкенде болса құрдасың,

Сексеннен аса бергенде,

Қайрылмас қаза келгенде,

Батырың өлді – Бөгембай!

Толғауды ой, мазмұн жағынан шартты түрде болса да бірнеше жүйеге бөліп қарастыруға болады. Жырау негізгі айтпақ ойға апаратұғын көбірек орын берген. Бұл бөлімде тоғыз шумақтың тоғызы да Абылай басынан өткен жайлармен сол дәуірді, Жастық шағы, жігіттік кезең, Қалмақтармен шайқасудағы ерлігін, ақ киізге көтеріп хан болуын, қалмақ ханы Қалданның қолына түсіп, одан құтылуын, Абылай тұсындағы батырлар мен билер – Керей, Жәнібек, Қаз дауысты Қазыбек, Қу дауысты Құттыбай, Қара керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай батырларды айтады.

                         Аруағыңа болысқан,

                         Әділ билік қылысқан.

                         Қашпаған қандай ұрыстан

                         Керейде батыр Жәнібек. Студент осы шумақтарды  айтқанда кідірісті дұрыс ұстап дыбыстарды анық айтып жәй оқығандай емес, өзінің жүрегінен  шыққандай  мәтіннің ішіне кіріп жеткізу керек.