«МӘҢГІЛІК ЕЛ»
ИДЕЯСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ КЕНЕСАРЫ
ҚАСЫМҰЛЫНЫҢ КӨРКЕМ
ӘДЕБИЕТТЕГІ ТҰЛҒАСЫ
Даутова С. Б.
Абай атындағы
ҚазҰПУ-дың
“Әдебиеттану және тіл білімі”
ҒЗИ-дың
директоры
Түйіндеме
Қазір отандық түрлі ғылымдарда
жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар
туралы ұғым-түсінік
жаңа қырынан қаралып жатыр. Осыған орай,
М.Әуезов шығармашылығын да қайтадан зерделеп
танып-түсіну, талдап-саралау тың сипат ала бастады.
Қазақ әдебиеті мен мәдениеті, тарихы мен
дүниетанымы өркендеп дамуында М.Әуезовтің орны ерекше.
Тұлға, халық, дәуір арақатынасын шынайы
көркем тілмен бейнелеп, қазақ тұрмыс-тіршілігінің өткен
ғасырлардағы көркем галереясын жасады. Оның
шығармаларындағы тарихи оқиғалар мен тарихи
тұлғалардың көркем кескін-келбеті ұлттық
құндылықтар ретінде бағаланып, ұлттық танымдық
мән-мазмұнға ие болады. Өйткені, оның «Хан Кене»
трагедиясында Кенесары бейнесін сомдағанда оның
мінезін, психологиясын тарихи дәуір сипатына сәйкес шынайы бере
отырып, ол басшылық еткен қозғалыстың сыр-сипаты мен саяси-әлеуметтік
мән-мазмұнын ашып берді. Мақалада «Мәңгілі ел»
идеясына қатысты мәселелер жан-жақты
қарастырылған.
Ел
басымыз 2014 ж қарашасындағы халыққа жолдауында «2015
жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және
бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі
белестер жылы. Қазақ
хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы
Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы
Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи
белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді
ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие» [1]. –деген өз көзқарасын білдірген болатын.
Шындығында да қазіргі
отандық әдебиеттануда көптеген мұрағат
көздеріне қол жеткізе алу арқасында бұрын
саяси-идеологиялық себептерден тыйым салынған материалдар жарияланып жатыр. Рухани жандану
процесінде жаңа есімдер аталып, белгілі деректер жаңа
көзқарас тұрғысынан қаралуда.
М.Әуезовтің шығармашылығы қазір
бұрынғыдан гөрі кеңінен танымал бола түсті.
Соның арқасында, яғни
өткен ғасырдың 80-ші жылдары ғана
жарияланған материалдар негізінде ұлы жазушы тағдырының
кейбір қайғылы беттері аян болды. «Хан Кене» трагедиясы осы
деректің айқын дәлелі.
Кенесары Қасымұлының
тұлғасы ХІХ ғасырдың 40-шы жылдар оқиғасын
қамтиды. Бұл тұлға – қазақ тарих ғылымында ұзақ
мерзімге полемика туғызған тақырып болды. Оған
әртүрлі баға берілді: бірінде Кенесары өзінің
жеке басының қамын ойлап, хан билігін орнықтырғысы
келген тұлға деп есептелсе, басқа бір көзқарас
бойынша, ол – ұлт тәуелсіздігін
аңсаған батыр деп саналды. Міне, осындай өткен
ғасырдың өн бойында болған әдеби дау-дамай,
ғылыми пікір-талас бізге
бүгінгі заман көзімен шығарманы қайтадан қарап,
тарихи-функционалды қырынан
зерделеуге негіз болып отыр.
Жаңа әдебиетте М.Әуезовтің
орны ерекше, себебі ол тағдыр-талайы
қарама-қайшылыққа толы тарихи
тұлғаның қоғамдағы орнын көркем
бейнелеуге батыл кірісіп, тұлға, халық, дәуір
арақатынасын және қазақ ұлтының шынайы
тарихи болашағын түсінуге бір қадам жақындады.
Оның шығармашылығындағы тарихи бейнелердің
көркем жаңаруы дербес мінездемелер шегінен шығып,
философиялық мәнге ие болады. «Хан Кене» трагедиясының
әлеуметтік-тарихи сюжеті әдебиеттануда әлі де
бағаланбаған философиялық түрткілерге толы. Кенесары
тағдыры жалпыадамзаттық
мән-мазмұнға қатысты ой қозғайды: адам
өмірі дегеніміз не, тұлға тағдырын не анықтайды,
байлық пен берекеден бас тартқан Кенесары неге, қайда талпынады?
Кенесары бейнесін сомдағанда автор ХІХ
ғасырдың орта шеніндегі әлеуметтік және саяси
жағдаяттарға сүйенген. Ол – қозғалысты халық қолдауының себебін
зерттей келе, Кенесары мінезін, психологиясын терең зерделеген.
М.Әуезовтің өзінің айтуынша, пьесаны жазбастан
бұрын Орынбордан, Омбыдағы
Сібір ведомствосынан, қырғыз-қазақ арасынан көп
материал жинаған. Оның пікірінше, әрбір тарихи деректі
әркім өзінше пайымдауы мүмкін, бірақ өзіндік
тарихи тұжырымдамасы жоқ автор тарихи тақырыпқа шығарма
жаза алмайды [2].
Трагедияның тарихи тақырыбы
өткенді бірізділікпен баяндауда емес, тарихи негізделген мінездерді
бейнелеу арқылы ашылады. Дәуірдің негізгі үрдістерін
белгілейтін трагедия бейнелері уақыттың әлеуметтік,
экономикалық, саяси-идеологиялық жағдайларына тәуелді.
Кенесары – аналитикалық ой иесі.
Адамның әлсіз жақтарын біле отырып, ол ірі шонжарларды
бір-біріне қарсы қойып, осындай жағдаяттарды өз
пайдасына қолдана білді. Кене – өзіне сенімді, айтқаннан қайтпайтын өр
тұлға.
Кенесары бейнесінің авторлық
тұжырымдамасында драма-тургтің туралығы жатыр.
Турашылықты талап ету – драманың тектік қасиеті. Міне, осы
талап негізінде дерек пен қиял, шынайылық пен ойдан шығару
үйлесім тауып, мінез бен іс-қимылдың нанымды шығуына
мүмкіндік берген.
Кенесарының жеңілісін оның жеке
мүдделері салдарымен, хан билігі мұрагерінің
құқын сақтап қалуға қызу талпынысымен
түсіндіруге болар еді, бірақ тартысты осылай түсіндіру
шығарма мәнін тарылтып жіберері сөзсіз. М.Әуезов Кенесары тағдырынан
оның жеке трагедиясын ғана емес, қоғамның тарихи
дамуындағы түрлі үрдістердің
қақтығысын көрген болатын.
Елу жылға жуық Қасымұлы
әулетінің өкілдері жаулап алушылық патша саясатына
қарсы бұқара халықтың қарулы күресін
басқарып, олардың өз жерлеріне деген құқын
қорғады.
Қозғалысты Кенесары
басқарған кезең – ұзақ та өшпес күрестің маңызды бөлігі.
Кенесары қырық бес жыл ғана өмір сүрді. Оның жиырма бесін өз
ұлтының бостандығын
шын пейілімен, ақ ниетімен қорғауға арнады. Тарихи және өмірлік
шынайылықтың осы қисынында Кенесарының өлімі
әрі шынайы, әрі заңды көрінеді. Не мұратқа
жету, не өлім. «Мен сүйенер өмір, мен жұбанар
үміт қалған жоқ... бұдан арғыны
көргенше, алланың ақ бұйрықты ажалы келсін!» [3;368].
Өлімді күту рух мықтылығынан, бұл – саналы таңдау.
Қазақ мемлекетінің қалыптасуы
мен дамуы үзік-үзік және тұрақсыз сипат алуы
өз әрекетімен билік институттарын бекітіп, мемлекеттілік
элементтерді жандандырғысы келген сол «қу және батыл» тарихи
қайраткерлердің рөлі мен маңызын күшейте
түсті.
Ұлт мемлекеттілігі тарихында Абылайдың
қызметі ешбір күдік туғызбаса, саяси дербестікке
ұмтылған, Абылай жолын жал-ғастырған
Қасымұлы әулетінің маңызы да соншалықты
анық болуы тиіс. Көп
жылдарға созылған қызу пікір-таласқа қарамастан,
тарихшылардың Кенесарыға және ол басқарған
қозғалысқа қатысты көзқарасы
айқындалды. Кенесары – ұлт тәуелсіздігіне бағыт
алған саясатты жалғастырушы,
мемлекет құрылымын бекітуге талпынған қайраткер.
Ол – үш жүзді біріктіруді,
қабілетті әскер құруды, жоға-ры билікті бекітуді
мақсат еткен болатын.
Бірақ идеологиялық
ұстанымдарға сай хандар халық жауы деп жарияланып,
олардың жағымды әрекеттері әрқашан жасырылып,
бұрыс шешімдері мен теріс іс-әрекеттері асыра әсерлі беріліп отырды. Мұның өзі
өз кезегінде өтпелі дәуірдің қоғамдық
санасына күдік пен сенімсіздік туғызды. Бұл жай «Хан Кене» пьесасындағы халық
өкілдері үнінен нақты білінеді. Міне, осылай тура
(объективті) және субъективті сәттер тоғысында
шығарманың тарихи-функционалды басымдылығы анықталып,
Кенесары туралы шындықпен қатар «Хан Кененің» өз
шындығынан тұратын көп қырлы ақиқат түсінілмей, қабылданбай
қалды.
Трагедиядағы Кенесары бейнесінің
тұжырымдамасы автордың кеңес идеологиясы шындығын,
тарихи дереккөздерге негізделген шындықты, пенде және тұлға Кенесары
Қасымұлының шындығын – көп қырлы
шынайылықты – меңгеру талпынысына негізделген.
М.Әуезов «Хан Кене» трагедиясының
тарихы көрсетіп отыр-ғандай, кеңес әдебиеттануында
пьесаны, негізінен, көркем құрал-дармен
жаңартылған өткен тарихтың үзінді сәттері
ретінде қабылдау басымырақ еді. Кенесары
тұлғасының нағыз шындығы – оның көркем бейнесіне идеологиялық
баға берудің көлеңкесінде қалғандай болды.
Суреткер ұстанымын анықтау мынадай мәселені
талқылауға тірелді: басты кейіпкер кім – халық мүддесін
қорғаушы ма, әлде қара басын ойлаған мансапқор ру басшысы ма? Ал шынайы
көркем туындының өзектілігін анықтайтын, оны
уақыт ағымынан тыс ұстайтын
мүмкіндіктеріне мүлдем көңіл бөлінбеді.
«Хан Кене» трагедиясының әлеуметтік-тарихи сюжеті әдебиеттануда
аса көңіл бөлінбейтін рухани-психологиялық,
фило-софиялық түрткілерге толы.
Кенесары тағдыры адам санасындағы көптеген ойды
қозғайды: адам өмірі неден құралған,
ұлт тағдыры, тұлға тағдыры немен,
қалай анықталады, береке
мен байлықтан бас тартқан Кене нені мұрат етті?
Сондықтан да, драмада Кенесарының қоршаған ортамен
тартысы әлеуметтік-тарихи тұрғыдан дамиды.
Драматург кейіпкерінің әрекетін ХІХ
ғасырда қазақ даласында кең тараған
тәуелсіздікке ұмтылу идеясымен байланыстырады.
Қоғамдық қажеттілік, тарихи болашақ идеялары
Кенесарының әрбір ісінің негізіне
қаланған. Кенесары бейнесінде автор ұлттық мемлекет пен
ел тәуелсіздігі идеясын жақтаған белгілі тарихи
күштерді типтеп қана қоймай, патриотизм идеясын, оған
шын берілген адам құлқын да көрсете білді.
М.Әуезовтің ХХ ғасырдың
20-шы жылдарының аяғында Кенесары бейнесін сомдауды
қолға алуы – драматург
ойының болашағын, жазушының бүгінгі күн
мәселерімен тұйықталып қалмай, өткен
шақтың тәжірибесін келешекпен байланыстыра бағалаудағы көрегендігін көрсетеді. Сол
кезде жағымды бейненің келбеті әбден танымал және
стандартқа сай келетін. Ал драматургияда фольклордан бастама алатын батыл
тұлғаны фольклорлық
бейнелеу құралдарымен
суреттеу дәстүрге айналған болатын. Жан шиеленісіндегі өзіне қарама-қайшы өр тұлғаны
драматургия құралдарымен көркем игеру М.Әуезов енгізген
жаңашылдық болып табылады. Сөйтіп, М.Әуезовтің
тарихи драматургиядағы тұжырымдамасы тарих ғылымның көзқарасынан озық
шықты. Кейіпкерінің мінезін
терең түсіну, оның орнын тарихи заңдылықтар
жүйесінен көре білуі, тура нақты тарихи аяда болмысты
көркем түрлендіру шеберлігіне жазушы шынайы тарихилық
нәтижесінде қол жеткізді.
Уақыт ағымына сай, тарихи
кезеңдерге сәйкес түрленіп отыратын конъюктуралық
бағалардан айырмашылығы – Кенесары бейнесі арқылы
М.Әуезов жасаған тұлға тұжырымдамасы өз
өзектілігін әлі күнге дейін жоғалтқан жоқ.
Кенесары ойының уақытқа бағынбауы автор логикасының
тереңдігімен түсіндіріледі.
Кенесары бейнесінде суреткер
белгілі бір конъюктуралық идеяны немесе ХХ ғасырдың
30-шы жылдарының идеологиялық ұстанымын жандандыруды
мақсат тұтқан жоқ. Ол өз кейіпкерін бар
қарама-қайшылығында бейнеледі. Мұнда ол, драма
поэтикасының негізгі талабы – тура бейнелеуді қолға
алған болатын. Жазушы өз кейіпкерін басқарған да
жоқ, оның тағдырын да шешпеді, өз
мінез-қылығын әрекеттер мен талпыныс арқылы білдіруге
ғана толық мүмкіндік беріп отырды.
Кенесары ортасының жақын адамдарын
махаббатпен сынау – олардың
мінезін айқындап-бағалауда маңызды. Себебі, осындай кенет болған келеңсіз
жағдай – не ажал, не махаббат
болсын, не көптен күткен кездесу, не айырылысу – адамның
шынайы мәнісін ашып береді.
Кейіпкерлер сезімінің реңіне махаббат тәрізді асыл
қасиетті енгізу өте орынды, себебі, жазушы көркем бейнеде
шынайы өмірдің өзін негіздейтін дүниелерді сипаттайды.
Сондықтан, Бопайдың Бұғыбайға деген
іңкәр сезімі жасанды емес. Шынайы кейіпкер өз әлемімен,
мінезімен, ойлау қабілетімен, әрекетімен ерекше көрінеді.
Наурызбай, Бопай сияқты қайратты тұлғалар күшті
сезімге де ие бола алады.
Трагедияның
әлеуметтік-тарихи сюжеті біртіндеп рухани талдаумен күрделеніп,
атүсті қабылдаудан тереңде жатқан пьесаның
астыртын рухани-психологиялық көрінісін береді. Бопай, жалғыз
ол емес, басқалар да қозғалысқа қатысу шешімін
саналы қабылдап, қатардағы адамның қуанышы мен
қайғысы қатар жүретін күнделікті тұрмыстан
бас тартты. Енді күрес, тартыс, «ер үстінде күн кешу»
оның тұрмысына айналды. Бұл әскери өмір салты бір
идеяға – жауды жеңуге, Ресей бодандығынан
құтылуға
бағытталды. Осы мақсатқа қызмет ету –
Бопайдың саналы таңдауы. Жауынгер әйелдің
махаббатқа құқы жоқ. Бопай сезімге берілсе,
кәдімгі әйелге айналады.Жеке сезім Бопай мен Наурызбай
арасындағы кедергі, оларды байланыстыратын бір қан, бір ой. Қатынастар дамуы анық. Пьеса
басында Наурызбай әпкесінің
мінезімен санасады. Бірақ сюжет желісіне Бұғыбайдың кірігуіне байланысты Наурызбай
өз пікірін өзгертеді. Алдымен бұл күдік пен
салқындық, одан кейін Бұғыбайды қорқыту.
Трагедияның үшінші актісі Наурызбай мен
әпкесінің ашық қақтығысымен аяқталды.
Енді Бопай інісіне кектеніп, онымен қандас болғанына өкінеді.
Міне,
осылай жеке бас сезімі Бопай мен Наурызбайды қарама-қарсы
қояды. Бірақ драматизм қандастардың жауласуында емес.
Махаббатпен сынаудың мәнісі тереңірек. Бұл –
тұлға
тұтастығын сынау. Қанды күресте Бопай мен
Наурызбай күрес мақсатын ұмытып, жеке бастарының
сезімдеріне беріліп, басқа,
олардың жағдайында растауға келмейтін тартысқа кетеді.
Осы логикалық құрылымдар
қатарында Кенесары бейнесі ұтымды көрінеді. М.Әуезов
кейіпкерін мұндай сынға ұшыратпай, таңдау
жағдаятына әкелмейді. Кенесары үшін бәрі анық
және толық шешілген: ол өзінің мақсатына адал
қызмет етуде, осы мақсатқа қол жеткізу
өмірінің мән-мазмұнына айналған.
Осы сюжет
желісімен байланысты рухани-психологиялық мәселе аталған
кейіпкерлер жауласуымен аяқталмай, оқиғалар даму
барысында үдей түседі. Науан мен Бұғыбай
қақтығысы шегіне жеткенде, Бопай тағы таңдау
алдында. Тағы жеке сезім мен реніш жетегіне ілесіп, Бұғыбайға
еріп, Кенесары алдында інісіне жала жабады.
Бопай мен Наурызбайды рухани таңдауға
тіреген сюжет желісі шырқау шегіне жетті. Сыни жағдайда
таңдау жасаған Бопай рұқсат етілген және
рұқсат етілмегеннің,
ар мен арсыздық жігінен аттап, осы әрекетімен
Наурызбайды ғана емес, өзін де сатып кетеді. Енді ешбір іспен бауырының алдындағы кінәсін
жуа алмайды. Бірақ нағыз трагедия әлі алда, сахнада
сүйген адамының шынайы келбетін көргенде [4;232]. Бірақ Бопай езілген
жоқ, жеңілген жоқ.
Қайратты, шыншыл, сезімге берік әйел
жағдаятты өзінше шешеді.
Бұғыбайға оқ атады,
өз қатесін түзеген жауынгер әйелді бұл
жайт сыйлы қылып көрсетеді. Себебі, қуаныш пен
қайғыда, қастандық пен махаббатта ол сезім
пәктігін сақтайды. Бопай бейнесінің ерекшелігі автор
ұстанымымен байланысты. Эпос пен
лирикадағыдай емес, автор «дауысы» тура естілмейді. Бопай пьеса-да дербес, суреткер еркінен
тәуелсіз. М.Әуезов оның жақсылығын асырып,
кемшілігін жасырмайды. Оның әрекеті, ойы, тілегі мінезінің
логикасынан туындап, тұлғалық мәнісімен түсіндіріледі.
Драматург Бопайдың көркем бейнесін сомдауда
табиғилығына аса назар аударып, Бопай
қылықтарының көрерменге, оқырманға
ұнайтынын, ұнамайтынын ескермейді.
Әуезов
пьесасының философиялық негізіне сыни әдебиетте жеткілікті
көңіл бөлінбей,сол астыртын
күйінде қалды. Оны
тереңіне бойлап қана, пьесаның көркем тұтастығын ұғынып қана
меңгеруге болады. Тек осы ұстанымда ғана шығармада
көркем көрініс тапқан әлеуметтік-тарихи картинада
рухани нышандар мен философиялық жалпылаулар анықталды.
Міне,
осылай «Хан Кене» трагедиясының маңызы әлеуметтік-тарихи
картина сапасымен, тарихи-танымдық маңызымен шектелмей, тприхи
коллизиялар өміршеңдігімен, рухани таңдау ізденісімен,
мәселелердің философиялық, ізгілік сипатымен
айқындалады. Бір сөзбен айтқанда, «Хан Кене» азшылықтың
қызығушылығын тудыратын өткен шақ туралы трагедия
емес, бұл өзекті қазіргі шығарма, одан көпшілік
өзінің зиятының, көңіл-күйінің
деңгейіне қарай «мәңгі» сұрақтарға
жауап таба алады.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан
халқына Жолдауы
Нұрлы жол – болашаққа бастар жол. 17.11.2014. http://taran.gov.kz/ru/node/4232
2 Ауэзов М.О. За пролетарский интернационализм
в казахской драматургии // Еще раз о «Хан Кене». –
Казахстанская правда, 1934. 10 июля.
3 Әуезов М. Хан Кене // 20 т. шығ.
жин., 14-том. – Алматы: Жазушы: 1983. –313-369 б.
4 Ауэзов М. Хан Кене // «Неизвестный» Ауэзов. –
Алматы: Жибек жолы, 2005. – 191-238 С.