Рахманова
Нұржанат Малдыбайқызы
Алматы университетінің доценті,
ф.ғ.к., Қазақстан
ҚАЗІРГІ
ҚАЗАҚ ӘҢГІМЕЛЕРДЕГІ ӨНЕР АДАМЫНЫҢ
ІШКІ
ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ
ТАРТЫСЫ
Қаламгерлер қоғамның рухани бейнесін көрсету,
ұлттың рухын көтеру идеясын өз әңгімелеріне
өзек ете отырып, өз шешімін күтіп жатқан
сұрақтардың бірі халық пен өнерді әлеуметтік
қолдауды бірінші кезекке шығарды. Себебі өтпелі
кезеңнің әлеуметтік қиындығы ең алдымен халық
пен оның өнеріне қатты әсер етті. Сол
өнердің ыстық-суығына күйіп жүрген
өнер адамдарының тағдыры мен мінезі бүгінгі күні
не болып жатыр деген сауал жазушылар қауымын ойлантқан. Осындай
азаматтық, адамзаттық мәселелер бүгінгі
қазақ әңгімелеріндегі жағдайдың синкретті
сипат алуына негіз болды. Әлеуметтік, ішкі психологиялық тартыс
бірінен-біріне ауыса отырып, кезең бейнесін характер болмысы арқылы
бағалауды көркемдікпен игере бастады.
Өнер
мен өрен Қ.Түменбайдың «Ақындар заңы»,
Н.Ораздың «Қайыршының жұлдызы»,
Қ.Аманжолдың «Армансыз», Д.Амантайдың «Ештеңе жазылатын
емес» әңгімелерінде өнер адамдарының әлеуметтік
тұрмыс-тіршілігі мен ішкі психологиялық жағдайларының,
сезімдерінің арпалысы мен шиеленісуі негізгі зерттеу нысаны болып
табылады.
Жазушы
Қ.Түменбайдың «Ақындар заңы»
әңгімесінің
өзегінде ақын Саян тағдыры жатыр. Шығармада
күрделі қат-қабат қалың оқиға жоқ.
Автор кейіпкердің психологиясына, ішкі сезімдік арпалысына баса
үңіліп, оларға талдау жасау арқылы
шығарманың парасаттылық деңгейін ой мен идея
тереңдігін жағдайлар арқылы жетілдіре түсуге күш
салады. Шағын әңгімеде характерді бейнелеу үшін
айқындаушы жағдайды орынды қолданған.
Ақынның қалыптасқан мақсат-мұраты бар,
бірақ ойларын жүзеге асыратын орта, лайықты жағдай
жоқ. Беймаза қала өмірінен ішкі-жан дүниесі, де
сыртқы болмысы да шаршаған ақын туған ауыл
төсінде дем алып жатыр, жазушы кеңістік ауыстыру арқылы
жағдайға өзгеріс енгізген. Оның дертін емдейтін шипа
тек қана өзінің ерік-жігері екенін ақын жақсы
түсінеді. Сондықтан да ол Алматыдан шыққанда
өз-өзіне серт берген: «Өмірден отызында қыршын кеткен
Шоқанның атымен ант етемін, енді қайтіп осымен аузымды
былғамаймын» [1,12] Неге ақын аузына Шоқан есімі түсіп
отыр.Тек қана «Шоқан және өнер» деген кітап
шығарғандықтан ба? Кешегі Шоқан мен бүгінгі
ақынның тіршілік жағдайлары
бір-біріне тіпті ұқсамайды, ал рухани жан дүниелері
туыстас, яғни характерлер үйлесімдігі бар.
Бүгінгі
ақын өз көңіліндегі толғаныс-тебіреністі,
өз көңіліндегі мүддені кешегі Шоқанның
мақсатымен байланыстырады. Ол өз басындағы бақыт пен
қасіретті соған қарап таниды. Ол бүгінгінің жетістігі кешегінің
көксеген жерінен қаншалықты шыға алғанымен
өлшейді. Ақын ішкілікке салынса да көңіл
түкпіріндегі туған елге, анаға, халыққа деген
сезімін жоғалтпаған. Қаншама қаулаған сөзге
қалып, кейбіреулер теріс айналып кетсе де, оның жан дүниесі
таза табиғи қалпын сақтап қалған. Ол
халқының рухани байлығының туын жоғары
ұстауға тырысуда. Сол үшін қызмет еткісі келеді.
Бұл оның басты өмірлік мақсаты болғанымен
жағдай оған сай емес. Кейіпкердің ұлт перзенті
ретіндегі сәулелі мінезін ашуға автор күш салған.
Ұлт мүддесін, ортаның ісін парызым, өз ісім деп тануы,
өзіне жүктелген аманатқа жанын салып оң көзімен
қарауы, сол үшін қиналып, күйінуі, осы
сезімдердің арпалысы кейіпкерді жаңа заман оқырманымен
табыстырады, таныстырады.
Қоғам
дамуындағы өзгерістер адам санасына өмір сүру салтына,
түсінік-нанымына қаншалықты әсер етсе де, біраз
нәрсенінің тұрақты болып қалатын жағдайы
бар. Ол халықтың рухани байлығы, адамның рухани
құндылықтары. Әрине ел басынан өткен әрбір
кезең оның әдебиеті мен мәдениетіне әртүрлі
сапалық өзгерістер әкелуі де мүмкін. Бірақ
оның ішкі мазмұны мен ұлттық ерекшелігі өзгере
қоюы оңай емес. Ал адам бойындағы рухани
құндылықтың өзгеру-өзгермеуі әр
адамның өзінің ерік-жігеріне байланысты. Демек,
қоғаммен бірге келген әрбір тың жаңалық,
өзгерістерді әрбір адам өзінше қабылдайтыны
белгілі.Осындай адамзаттық мәні бар келелі іске бүгінгі
ауылдастары қай тұрғыдан келгенін көріп
ақынның шошынуы былайша
берілген: «Туған жердің тұз-дәмін тату үшін
тәуелсіздік алған ауылыма келгенде шешемнен басқа
қабағы ашық біреуді көрмедім.Адамдар да, тал, терегі де
жүдеп кетіпті.Шыққан кітабым түсті ме екен деп
кітапхана барып едім, бұрынғы клуб ішіндегі бай кітапхананың
орнында машина-трактор шеберханасы тұр» [1,12]. Рухани
құндылықтың орнын материалдық байлық
басқан. Бұл жағдай жалғыз ақын ауылында орын алып
отырған жоқ, көптеген қазақ ауылдарының
басындағы күйкі тірлік осындай еді.
Небір
жақсы мен жайсаңды тудырған, өсіріп, тәрбиелеген
ауыл тағдыры көкірегіне намысы барды ойлантары хақ. Бар
кінәні қоғамға жаппай, сол қоғам үшін
қызмет етіп жүрген өзіміз екенін ескерген дұрыс
сияқты. Ақын Саян енді
айналасынан өзін түсінетін адам іздейді. Көпшілікке көп
дүниені ұғындырғысы келеді. Әсіресе, жас жеткіншектер
алдына шығып, Шоқан және оның өмірі мен
өнері жайлы айтқысы келуі осының дәлелі. Бірақ
ақынға қарайтын, оны тыңдайтын ауыл жоқ.
Ақынын құдайындай сыйлайтын, қадірлеп төбесіне
қоятын, оның бар еркелігін көтеретін, сөз өнерін
құдіретім деп танитын ұлттың бүгінгі
ұрпағына не болған деген сауал автордың
ұлттық болмысқа
бағышталған сұрағындай.
Осындай
қасіретті басынан өткеріп отырған бүгінгі
қазақ ауылының жағдайы Д.Рамазанның «Түсіме
кірген ақ боз ат» әңгімесінде өзінше жалғасын
тапқан. Ауыл дегенде көркем табиғат, ақ шағаладай
қатар тізілген үйлер, өрістен қайтқан мал,
ақ жаулықты ана мен ақ сақалды қария, асау тай
мінген бала, атпал азамат пен инабатты бойжеткен елесі көз
алдымызға келетін.
Адамдарының
көңілі өзі сияқты жайылып жатқан ауылдың
бүгінгі тыныс-тіршілігі көпті ойлантып жүрсе де,
қоғамдағы түбегейлі өзгерістер, заман
ағымының оңды-солды ықпалы ештеңеге де
қарайлайтын емес. Әңгіменің басты кейіпкері
Нұрман ат басын туған ауылына тірегеннен-ақ ауыл
адамдарының басына түскен көптеген қиыншылықтардың
куәсі болады. «Қазір таудың қасқырынан
адамның қасқыры жаман болып кетті ғой», «Тегінде,
маған мына нарық деген пәле жақпады...Несін
жасырайық, келген қонаққа бұрынғыдай мал
сойып, мәзірет жасайтын күй жоқ.», «Дүние не боп
барады.Қос өкпеден қысып, қусырып жіберді ғой»,
«Әй, қайдам заманның сұрқынан
қорқам!» деген сөздер қос қарияның аузынан
шығады. Бұлар Нұрманның апа-жездесі Тұрымтай тәте
мен Жүнісбек ақсақал еді.
Ел
ішін жайлаған ұрлық, жұмыссыздық, арақ
ішуден басқамен ісі жоқ жалқау жастар, алыпсатарлық
саудамен үй-күйсіз сенделген әйелдер, бала бағып
үйде отырған ер адамдар, тозығы жеткен үй-күй
осының бәрі халықты сандалтқан өтпелі кезең
қиыншылығын көрсеткен суреттер. Осының бәрі
жиналып келіп адам болмысына көптеген өзгерістер енгізгені аян. Әсіресе,
елдің намысын қолдан бермейтін арыстай азаматтар
қазан-ошақ жағалап қалғаны ұлт болмысына
жат құбылыс екеніне автор күйінеді. «Әйелімнің
сауда жасаймын деп қалаға кеткеніне ертең тура алты ай
болады. Әйтеуір, баяғы соқыр үміт қой. Бір жерден
арзанға алып, екінші жерге арқалап апарып, сәл үстеме
ақша қосып сатады. Күндегі бар тірлігі осы. Одан түсіп
жатқан пайда да шамалы көрінеді. Әйтеуір, аштан өліп,
көштен қалмастың қамы. Мен отырмын екі баламен
үйде омалып. Солардың
тамағын дайындап, кірлерін жуумен-ақ күнім өтіп барады»
[2,29.]
Қаламгер
заман өзгерісін суреттей отырып, жаңа жағдайдағы адам
болмысының өзгеруін бақылайды. Сол арқылы
кейіпкердің мінезін айқындағысы келеді.
Екі
жазушының әңгімелерінің идеялық жағынан
тоқайласатын бір тұсы - осы бүгінгі ауыл жағдайы. Саян
мен Нұрман жанына бататын жайт біреу -ол азып-тозған ауыл
суреттері. Қауым бойындағы ұлттық рухтың
әлсіреуі қаламгерді алаңдатады. Әдебиеттің ұлттық рухты оятудағы
мол үлесі барлығын үнді халқыны айтқан
Джавахарлал Нерудіңдің сөзімен береді. Автор ақын мен әкімнің
кездесуіне көп мән берген. Ақын жанын түсініп,
оның дертінің емін іздеген ұлт перзентінің бейнесін
ашады.
Жазушы
әртүрлі әлеуметтік топтар өкілінің ішкі
дүниесін олардың сана сезіміне тән психологиялық
шынайылықпен суреттеген. Әкім Атымтай Жомарттың ақынды
мүсіркемей, оның жан дүниесінің пернесін басып
көріп, өзінің көңіліндегі биік мұратын іске
асыруға қолдауын жазушы бағыттаушы жағдайға
айналдырған. Саянның өмірге құштарлығы
өнермен тығыз байланысты. Оның ойынша адам баласы мәнді
тіршілік кешу үшін өнерді жанындай түсініп, қадірлей
білуі қажет.
Рухани қажеттілікті түсіне
отыра, сезінгісі келмеу, күйбең тіршілік жетегінде кету - Саян
ауылдастарының басты трагедиясы. Барлық келеңсіз
құбылыстарды Саян басқаша қабылдайды. Өйткені
оның көзқарасы терең.
Саян дерті – бүгінгі заман дерті, дәуір тауқыметі.
Жазушының әкім есімін
Атымтай Жомарт деп алуында өзіндік сыр бар. Қазақ
халқының ұғымында бұл есім
дархандықтың, әлеуметшілдіктің белгісі ретінде
көрінетіні анық. Жазушы әкім образын шыншыл өрнектей
отырып, азаматтық деген киелі ұғымның мәнін
өз тұрғысынан ашуға тырысқан. «Өнерім
менің өмірім» деген мақсатпен өмір сүрген Саян
сияқты өнер адамдарының қандай қиындық
болса да мойымай, айналасына қарап түңіліп кетпей,
алдыңғы күнге сеніммен қарай білуі жаныңа
қуат береді.
Әдебиеттер
1.Түменбай Қ.Ар
мен дар.-Алматы, 2005.-218 б.
2.Рамазан Д.
Көкжал. – Астана, 2001. - 136 б.