Әбдіқалық Күнімжан Сәдірқызы

ҚазмемқызПУ-дің доценті, ф.ғ.к., Қазақстан

        Адылбекова Фариза Нұрланқызы

          ҚазмемқызПУ-дің 2-курс магистранты, Қазақстан

 

М.ДУЛАТОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ АЗАТТЫҚ ИДЕЯ

 

Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» жинағынан кейін 1913 жылы Орынборда «Азамат» жинағы жарық көрген болатын. Жинақтағы өлеңдердің басым көпшілігі елінің жай-күйін ашына жырлаған ақынның ғана емес, ұлты үшін өзін құрбан етуге даяр азаматтың тұлғасы ашылған лирикалық өлеңдерге негізделген.  Жинақтың «Азамат» аталуының мәнісі де осыдан болар. Ақынның эпиграф ретінде алған «Шағым» атты өлеңінен де осы жайттар аңғарылып жатады.

Мен – біткен ойпаң жереге аласа ағаш,

Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.

Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі –

Пайдалан, шаруаңа жараса, Алаш!

Міржақып Дулатовтың алғашқы жинағындағы шығармаларының дені халықтың санасын ояту бағытындағы үгіт-насихат өлеңдерге құрылғандықтан, оларда әдеби-көркемдік жағынан гөрі мазмұндық, көпшілікке ұғынықтылық жағы басымдау жатса, ал осы жинақтағы өлеңдерінің көркемдік жағы да басым. Ақынның мұндағы ұлттың мүддені көксеген өлеңдерін үш топқа бөліп қарастыруға болады. Яғни, отаршылдық, ағартушылық және ақынның көңіл-күйін, күйінішін білдіретін өлеңдері. Бұл мақалада ақынның көңіл-күйіне қатысты «Қайтер едің?», «Арманым», «Қажыған көңіл», «Таң», «Мұң» сияқты өлеңдерін қарастырмақпыз.

 Ақынның күйініштен туған туындыларын оқып отырып ақынның кейде тіпті, қажып кеткенін де сезесің. Яғни, қараңғы қазағын тура жолға шақырып шарқ ұрғанда оны түсінбеген халқына назын айтады. «Қайтер едің?» атты өлеңінде:

Үмітпен созған қолыңды тағдыр қақса,

Біліп еткен ісіңнен зор мін тапса,

Оң дегенің теріске һаман бастап,

Арбаң сынып, өгізің өліп жатса? –

деген өлең жолдарында ақын елі үшін жасап жатқан істерінің артқа кетіп жатқанын жырына тиек ете отырып,

Жан ашыған сөзіңді дұшман көріп,

Қоңырайып достарың салқын тартса.

Суық жылан араңнан кесіп өтіп,

Сөнбейтұғын өсектің отын жақса,–

деп ақын шарасыздық күйін танытады. «Жаның сүйіп барғанда сенен безіп,  Жоқтай болса дұшпаны сенен басқа. Тіршіліктен көңілің неғып қайтпас, Еңбегің болса егіндей еккен тасқа» деп, елі үшін жасап жатқан еңбегінің еш болып жатқанын ақын күйіне жырлайды. Осы өлеңмен идеялық жағынан үндесіп жатқан «Арманым» атты өлеңінде:

Мен дос көрсем, мені санап дұшманға,

Айтқанымды алғыза алмай еш жанға.

Қаскүнемнің хайласына көз жетпей,

Білерсің бір-ақ бүйіріңнен қысқанда,–

деп, халқының жөн сөзге ермей, жау алқымынан алғанда бәрі кеш болатынын айтады.

Азуды қайрап, бармақты шайнап өтті күн,

Ғылымды іздер, алысты көздер жетті күн.

Ақсақал – артқа, жастар тартса салтқа,

Әперер жұртқа кекті кім?! –

деп көзі көрсе де айтуға бата алмай, іштен қайнап, бармақты шайнап  жүргенін айта келе, халықты алға тартар ердің жоқтығына налиды. Қажыған сәтте жиһанды кезіп өнер-білімнің соңынан кетуді арман еткенмен оның орындалуына елінің жай-күйінің мүмкіндік бермейтіні де ақынға мәлім. 

«Қажыған көңіл» атты туындысында ақын:

...Сай орнына душар болды терең жар,

Мезгіл жетпей шығу қыйын, өзі тар... –

деп, орыс патшасының отарлық саясатына қарсы қазақ халқының санасын ояту, азаттық рухын асқақтату бағытындағы көзқарасы мен нақты іс-әрекеті үшін 1911 жылы бір жарым жыл түрмеде отырған кезін меңзесе керек.

...Көп құлағы мақтаменен тығулы,

Қасқыр қуып, үріккен қойдай ығулы.

«Құбыжық бар» десе қорыққан баладай,

Сужүрек боп сорлы қазақ бұғулы, –

деп отаршылдықтың құрбанына айналған елінің табанға тапталып жатқанын, тығырықтан алып шығар сөзге құлақ аспай, қорқақтықтан көптің бұғып отырғанын жырына тиек ете отырып,

Жалыны ыстық жас ғұмырым шыдатпай,

Теріс істі пәк ұжданым ұнатпай.

Тоқтай алмай басым тасқа жеткенше,

Қарсы шауып, қайралаған өткір болаттай... –

деп, ақынның көңілі қажиды. Міржақып Дулатовтың бұл жинаққа енген өлеңдерін оқып отырып, ақынның кейде бәрінен көнілі суып кететіні аңғарылады. Десек те ақынның сол күйініш өлеңдерін қағаз бетіне түсіре отырып өзін-өзі қайта қайрап алатынға да  ұқсайтыны байқалады.

«Таң»  атты өлеңінде:

Жарық болды, бозарып, міне, таң атып,

Биік тауға сәулесін тегіс таратып.

Үнсіз тоғай көгере және бастады,

Айнадай суға көлеңке түсіп, тағы атып... –

деп, атқан таңның табиғатқа, айналаға әкелген өзгерісіне тоқтала отырып, «Кімге пайда, кімге зиян атқан таң...», – дей келе, қараңғы қазақ елін  жарыққа ұмтылуға, оянуға шақырады.

Ақынның «Азамат» жинағында «Мұң» атты екі туындысы бар. Міржақып Дулатовтың бұл шығармаларына жеке-жеке тоқталсақ.

Сенімсіз басым, пайдасыз жасым арманда,

Жетермісің тілегіңе жалғанда?

Қан тамшылап тұрса да көзден жас ағып,

«Сенікі жөн» деп құлаққа ілген жан бар ма? –

деп басталатын «Мұң» атты өлеңінде ақынның жан айқайы жырына арқау болады.

Сырты тұнық, іші ылай жауың бар –

Жаны ашитын жақын сол деп малдан ба.

Жұрттығыңды жоғалтпай әлден,басың қос,

Озу қыйын көмбе жереге барғанда, –

деп, ақын сырт көзге елдің қамы етіп көрсетіп отырған патша үкіметінің астыртын отарлау саясатын меңзейді. Еліне жасқаншақ болма, «Күнің жетті мұңыңды шағып зарларға...» деп бас қосуға үндейді. Одан әрі ел бастап көсемдік көрсеткен ақсақалдың артынан «жас азамат ер» дей отырып, «Жолды көрсет адасқан елге, паңданба» деп оқыған азаматтарға, «Дәулетіңмен жәрдем тигіз, байлар да» деп шен иелері байларға, «Ағарт жұртты, молдекелер, қамданда» деп қоғамды алға тартар әр мүшесіне жеке-жеке тоқталып, елі үшін әрқайсысын үлес қосуға шақырады.

Бұл жинаққа енген екінші бір «Мұң» атты туындысында ақын:

Ғазиз басым құтыла алмай жаладан,

Жаудың қолы босамай тұр жағадан.

Жүректі жаншып, жанға түскен ауыр тас,

Ашу тасып, тамырды қуып тараған...–

деп сол кездегі өзінің жай-күйін, яғни елін оятуға атсалысып жүргендегі іс-әрекеті үшін үкіметтің жаласына қалып, қыспаққа алынғанын айтқысы келсе керек.

Мұңын шағып қалды «азамат» үміткер,

Түсінер деп көңілінде сәуле бар адам, –

деп еліне өз мұңын шағады да.

  «Азамат» жинағындағы өлеңдерінде негізінен ақынның азаттық идеясы барынша жырланған. Яғни, ақын елімен сырласады, бірде еліне мұңын шағады, тағы бірде шағымын айта отырып қиялдайды, армандайды да. «Қайтер едің?» деп көңілі де қажиды, соған қарамастан алда арайлап ататын таңның барына сенеді. «Сырым», «Мұң», «Шағым», «Қиял», «Арманым», «Қажыған көңіл», «Көңіліме» атты туындыларында да ақынның бар болмысы, азаматтық тұлғасы  ашылған.

       Жалпы, қандай бір тақырыпты сөз етсе де өзі өмір сүрген кезеңнің шындығын жазған Міржақып Дулатовтың ұлты үшін туып, ұлты үшін көз жұмған азамат ақын ретінде де ел тарихындағы орны бөлек.

 

     Әдебиеттер:

        1. Дулатов М. Бес томдық шығармалар жинағы. Бірінші том: Өлеңдер,

роман, пьеса, әңгімелер.– Алматы: Мектеп, 2002.

 

                                                          Резюме

        В настоящей статье всесторонне рассматривается освободительная идея в стихотворениях Миржакыпа Дулатова.

Resume

        In this article is considered fully the idea of liberation in the poems of Mirzhakyp Dulatov.