Әбдіқалық Күнімжан
Сәдірқызы
ҚазмемқызПУ-дің доценті, ф.ғ.к.,
Қазақстан
Жұмақаева Береке Дәулетханқызы
ҚазмемқызПУ-дің доценті, ф.ғ.к.,
Қазақстан
САЛ-СЕРІЛЕР ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ МӘТІНДІК АЙЫРЫМДАР
ХІХ ғасырдағы қазақ
әдебиетінің бір саласы сал-серілер поэзиясы адамның ішкі сезімі, жан дүниесін ашып көрсетуімен
ерешеленеді. Осы сал-серілер поэзиясының өкілдерінің
ішінде Біржан сал Қожағұлұлы, Ақан сері
Қорамсаұлы, Жаяу Мұса Байжанұлы сынды ақындар
шығармаларының мәтіндік айырмашылықтарына
тоқталмақпыз.
Біржан сал
Қожағұлұлы мұралары
басылған «Үш ғасыр жырлайды» (1965), «Бес ғасыр
жырлайды» (1989), «Халық әндері мен халық
композиторларының әндері» (1990), «Жеті ғасыр жырлайды»
(2004), Қазақ әндерінің антологиясы» (2006), т.б.
жинақтарды өзара салыстырып
шыққан уақытта өлең мәтіндерінен
сөздер мен сөз тіркестерінің өзгеріске ұшырауымен
қатар, әріптен кеткен қателер де кездесіп жатады. Осы
жинақтарда басылған Біржан
салдың өлеңдеріне
назар аударайық.
«Ләйлім шырақ» өлеңінің
«Бес ғасыр жырлайды»
жинағында «Ләйлім
шырақ, дегенге, Ләйлім шырақ» деген бірінші жолындағы «дегенге» [1,364] сөзі «Жеті ғасыр жырлайды»
жинағында «дегенде» [2,340] деп; өлеңнің «Бес
ғасыр жырлайды» жинағында
«Қайыс болсын, жіп болсын, неге керек» деген жолындағы «неге
керек» (364-бет) сөзі
«Халық әндері мен халық композиторларының әндері»
жинағында «өзіме
бер» (157-бет) деп өзгертіліп берілген. «Талай заман»
өлеңінің «Үш ғасыр жырлайды»
жинағындағы:
Қол берген қиын жерде жолдас артық
Бас тартқан жолдасынан болмас артық [3,196],–
деген жолдардағы «болмас» сөзі «Бес ғасыр жырлайды»
жинағында («Жеті ғасыр жырлайдыда» да) «оңбасы» (368-бет)
деп, «Үш ғасыр жырлайды» жинағындағы:
Теміртас, Асыл, Ақық – екі
қарғам
Байлаулы арқандағы қолымды шеш (196-бет),–
деген жолдардағы «екі
қарғам» сөз тіркесі «Бес ғасыр жырлайды» жинағында («Жеті ғасыр
жырлайдыда» да) «қарақтарым» (369-бет) деп түзетіліп
берілген. Сондай-ақ «Бес ғасыр жырлайды» жинағындағы
өлеңнің «Ағаш
үй от жаққаным қобылы пеш» деген жолындағы «ағаш үй» (369-бет) сөз тіркесі «Жеті
ғасыр жырлайды» жинағында «ағаш-ай» (342-бет) деп өзгертіліп берілген.
«Айтбай» өлеңінің
екі жолы «Үш ғасыр жырлайды» жинағында:
Аққудай аспандағы жүз құбылып,
Сол Біржан ән салуға іркілмейді
(190-бет),–
делінсе, «Бес ғасыр жырлайды» жинағында:
Аққудай аспандағы жүз құбылтып,
Сол Біржан ән салуға мүдірмейді (364-бет),–
делініп, ал «Халық әндері мен халық
композиторларының әндері» жинағында:
Аққудай аспандағы
жүз құбылтып,
Сол Біржан ән салуға ерінбейді (150-бет),–
деп беріліп, о бастағы «іркілмейді» сөзі «мүдірмейді», «ерінбейді» болып әр түрлі
өзгеріске ұшыраған.
«Ақтентек»
өлеңінің «Үш ғасыр жырлайды»
жинағында «Алыстан ат өксітіп
келіп едім» (195-бет) деген
жолындағы «өксітіп» сөзі «Бес
ғасыр жырлайды» жинағында «терлетіп» (367-бет) деп орынды
түзетіліп берілген.
«Адасқақ»
өлеңінің екі жолы «Бес ғасыр жырлайды» жинағында:
Салады Біржан әнді ентелетіп,
Біржанды қойған өзің еркелетіп (365-бет),–
делінсе, «Халық әндері мен халық композиторларының
әндері» жинағында:
Айтады Біржан өлең
ентелетіп,
Біржанды халқым қойған-ау еркелетіп (149-бет),–
деп берілген. «Ғашығым»
өлеңінің екі жолы «Халық әндері мен халық
композиторларының әндері» жинағында:
Дариға дүниеге неге келдім-ай
Келдім де, бір жаманның
соңына ердім (154-бет),–
делінсе,
«Қазақ әндерінің антологиясы» жинағында:
Дариға дүниеге неге келдім
Келдім де, бір жемтіктің
соңына ердім (236-бет),–
делініп, «жаманның» сөзі «жемтіктің» болып өзгеріске ұшырайды.
Сондай-ақ «Халық әндері мен халық
композиторларының әндері» жинағындағы:
Қайырса көк
қаршыға қаз алмайды
Жібекті жүн қылады түте алмаған
(154-бет),–
деген жолдардағы «көк қаршыға
қаз» сөздері
«Қазақ әндерінің антологиясы» жинағында «қара
қарға көз» (236-бет) деп берілген.
«Біржан
сал» өлеңінің бір шумағы «Бес ғасыр жырлайды»
жинағында:
Баласы
Қожағұлдың Біржан салмын
Адамға
зияным жоқ жүрген жанмын
Қасыңа
мені сендер неге алмайсың
Өзім
сұңқар,
өзім сал, кімге зармын (363-бет),–
делінсе, «Халық әндері мен халық композиторларының
әндері» жинағында:
Баласы
Қожағұлдың Біржан салмын
Адамға
зияным жоқ жүрген жанмын
Байлыққа,
мансапқа да құмар емен
Өзім
сал,
өзім сылқым, кімге зармын (153-бет),–
деп беріліп, орынды түзетілген.
Ақан сері
Қорамсаұлы шығармаларының мәтіндік айырымдарын
қарастыруда «ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ
ақындарының шығармалары» (1962), «Ақан сері
Қорамсаұлы шығармалары» (1963), «Үш ғасыр
жырлайды» (1965), «Бес ғасыр жырлайды» (1989), «Халық әндері
мен халық композиторларының әндері» (1990), «Жеті ғасыр
жырлайды» (2004), т.б. жинақтарда басылған өлеңдерін
өзара салыстырып шықтық. Барлық ақын
мұраларында кездесетін сөздер мен сөз тіркестерінің
өзгеріске ұшырауы, емле қателері мұнда да көрініс
тапқан. Алайда Ақан сері
өлеңдерінің мәтіндік айырымдары алдымен сөздер
мен сөз тіркестерінің орны ауыстырылып берілуімен көзге
түсіп, өзгешеленеді. Мәселен, «Ұрқияға
айтқан аужары» деген өлеңін салыстырсақ, 1963
жылғы жинақта «Жібектей
оратылған қалың шашың, жар-жар-ай» деп, «Бес
ғасыр жырлайды» жинағында «Оратылған жібектей
қалың шашың,
жар-жар-ай» деп басталып, осылаша тұтас өлең жолдары
ауыстырылып берілген. Өлең мәтініндегі мұндай
ауытқушылықтар көбінесе сал-серілер мен әнші-ақындар
шығармашылығында ғана ұшырасып жатады.
Ақан сері
өлеңдерінде кездесетін арнайы өзгеріске ұшыраған
сөздерге келсек, «Торыны таң асырып мінген қандай»
өлеңінің «Бес ғасыр жырлайды» жинағындағы
«Жетуге ынтызар боп жүрген
қандай» (144-бет) деген
жолындағы «жүрген» сөзі «Жеті
ғасыр жырлайды» жинағында «желген» (95-бет) деп орынсыз
түзетілген. Сондай-ақ «Бес ғасыр жырлайды»
жинағындағы «Қыз сырын
жеңгесінен білген қандай», «Машырықтан
таң сарғайып атқан қандай» (144-бет) деген жолдардағы «сырын», «машырықтан» сөздері «Халық әндері мен
халық композиторларының әндері» жинағында «жайын»,
«шаңырақтан» (153-бет) деп өзгертіліп берілген.
«Жайықтың ақ түлкісі
Аралдағы» өлеңінің «Бес ғасыр жырлайды»
жинағындағы «Қаз екен дарияның сыртындағы» (148-бет) деген
жолындағы «сыртындағы» сөзі «Жеті ғасыр жырлайды» жинағында «сырындағы» (100-бет) деп бұрыс берілген.
Бұл, әрине, теруден кеткен қате болса, ал «Көңіл
сыры» өлеңінің «Бес ғасыр жырлайды»
жинағындағы «Ғашықтық құлағың ал наласына» (148-бет)
деген жолы «Жеті ғасыр жырлайды» жинағында «Ғашықтың құлағың
сал наласына» (101-бет) деп
түзетіліп берілген.
Ақан серінің
«Құлагер» өлеңінде де жекелеген сөздердің
әр басылымда әр түрлі өзгеріске ұшырауын
және де жекелеген сөздерден бөлек, өлең
жолдарының тұтастай өзгеріске ұшырап, бірнеше
жолдардың қосылып отыруын, сондай-ақ әріптік
түзету, теруден кеткен
қателерді кездестіреміз.
Жаяу Мұса Байжанұлы
мұраларына келсек, оның атақты «Ақ сиса»
өлеңінің мәтіні әр жинақта әр
түрлі берілген. Мәселен,
«Қазақ халық әндері» (1989) жинағында
бұл өлеңнің үш нұсқасы қатар
ұсынылған. Екінші нұсқасы «Бес ғасыр жырлайды»
(1989) мен «Жеті ғасыр жырлайды» (2004) жинақтарында кездесетін
өлең мәтініне жақын келеді. Негізінен «Бес ғасыр
жырлайды» мен «Жеті ғасыр жырлайды» жинағындағы
өлең мәтіні бірдей. Сондай-ақ «Қазақ
халық әндерінде» (1989) басылған мәтін «Халық
әндері мен халық композиторларының әндері» (1990)
жинағында да солай берілген. Олай болса, «Қазақ халық
әндері» (1989) мен «Жеті ғасыр жырлайды» (2004)
жинағындағы нұсқаны өзара салыстырып
көрейік.
«Ақ сиса» өлеңінің бірінші
шумағы «Қазақ халық әндері» жинағының
екінші нұсқасында:
Ақ
сиса, қызыл сиса, сиса, сиса
Қалмайды кімдер жаяу
зорлық қылса (180-бет),–
деп басталса, ал «Жеті ғасыр жырлайды» жинағында:
Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса
Жарасар қамзол сұлу, белін қиса (42-бет),–
деп берілген.
Өлеңнің екінші шумағының үшінші,
төртінші жолдары
«Қазақ халық әндері» жинағында:
Байлары орыс-қазақ
қашқын дейді
Көрер ем қашқындықты күнім туса (180-бет),–
делінсе, ал «Жеті ғасыр жырлайды» жинағында:
Жиылып орыс, қазақ қашқын дейді,
Көрермін ақыр
бір күн күнім
туса (42-бет),–
деп өзгертілген. Ал
бұл жолдар «Замана бұлбұлдары» /2001/ кітабында:
Сыртымнан мені қазақ қашқын дейді,
Көрер ем
қашқындықты күнім туса
(152-бет),–
деп берілген. Сонымен
әр жинақта әр түрлі берілген жолдардан ақынға қашқын
атағын берушілердің кімдер екені бұлыңғыр.
Яғни, қашқындықтың күйін кешкен ақынға
расында да бұлай деушілер қазақ па, әлде жалпы
орыс-қазақ немесе орыс-қазақ байлары ма? Екі
жинақта да «орыс-қазақ» деп алынғанын ескерсек, онда
«Қазақ халық әндері» жинағындағы «Байлары
орыс-қазақ қашқын дейді» деген жолы
дұрысырақ. Сонда ақынға айып тағушылар жалпы
халық емес, тек орыс, қазақтың байлары ғана.
«Сәулем қыздар» өлеңінің «Бес ғасыр
жырлайды» жинағында:
Қаршыға қыран болса, тырна алады,
Жел соқса, ұзын ағаш
ырғалады (74-бет),–
деген жолдарындағы «соқса» сөзі
«Халық әндері мен халық композиторларының әндері»
жинағында «болса» деп орынсыз өзгертілген.
Жалпы, алдағы уақытта
сал-серілер мұраларының барлық жарық көрген шығармаларына мәтін тарихын
зерттеудегі мәліметтерді пайдалана отырып арнайы текстологиялық
жұмыс жасалуы қажет.
Әдебиеттер:
1. Бес ғасыр жырлайды.– Алматы: Жазушы, 1989.
2. Жеті ғасыр жырлайды.– Алматы: Жазушы, 2004.
3. Үш ғасыр жырлайды.– Алматы: Жазушы, 1965.
4. Қазақ халық әндері.– Алматы: Жазушы, 1989.
Резюме
Статья посвящена рассмотрению текстологических различий произведений сал
сери.
Resume
The article
deals with textological differences in the sing of sak seri.