«МӘҢГІЛІК
ЕЛ» ҰЛТТЫҚ ИДЕЯСЫ ЖӘНЕ
ЖАЛПЫАДАМЗАТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МӘСЕЛЕСІ
Оспанова Б.Р.
Абай атындағы ҚазҰПУ Әдебиеттану және тіл білімі
ҒЗИ-ның ғылыми
қызметкері
Әрбір жеке тұлға, жеке азамат
өмірдің мәнін түсініп, өзіндік орнын табуы
үшін ішкі мүмкіндіктерін аша білуі қажет. Кез келген дана –
ұлтына дәуірлер бойғы
зейін-зердесінің, түсінік-түйсігінің іріктеліп
келіп ұйыған мәйегі. Түрлі қоғамдық қақтығыстар,
танымдық тартыстар және таза пендешілік мүдде-мақсаттар
жеке адамның кесек қимылына жол ашып, өз мүмкіндігін
толық пайдалануға ықпалын тигізеді. Даналардың
өмірі халқының тағдырымен біте қайнасып,
қоса құйылады. Олардың тағдырын елінен, елінің тағдырын олардан
ажырату мүмкін емес. Аяғыңды аттап бассаң, түрлі
қиындыққа тап қылатын, алдау мен арбау да орын
алған бүгінгі қоғамда жасөспірімдерді жаман
қылықтан сақтандырып, өмірден өз жолын
жаңылмай табатын жеке тұлға ретінде тәрбиелеп
шығару – әрбір ата-ананың борышы. Ұлттық
және жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды
қазақ әдебиеті классиктерінің үздік
туындыларының негізінде
қарастырып зерттеу жүргізгенде, ең әуелі,
оның ұлт мүддесіне қандай пайдасы барлығы
анықталады. Ұлттық және жалпыадамзаттық
құндылықтарды талдап, саралауда олардың түрлі
жағдайға қарай өзгеруін, жаңа пішінге ие болып,
өзгеше сипат алуын танып-білу
ұлттық дүниетаным кеңістігін кеңейтеді.
Қоғамдық рухани сана-сезімді дамытадыосы мәселелер
ғылыми мақалада талданған.
Әрбір
ұлттың тілі – сол елдің жалпыадамзаттық
құндылығы, ұлттық болмысының айнасы. Тіл
ұлттың мәдени өмірі мен дүниетанымы туралы
ақпаратты сыртқа көрсетіп қана қоймайды, сонымен
бірге шаруашылық тәжірибесінен алынған білімдер
жүйесін санада ұғым
ретінде қалыптастырып, тілдік таңбалар арқылы
репрезентациялану құбылысын айқындаушы бірден-бір
құрал. Жалпыадамзаттық құндылықты
жан-жақты тану мақсатында жүргізілген зерттеулер бұрын
сол тілдің құрылымдық деңгейіне тән
ерекшеліктерді айқындаған. Қазіргі таңда тілді
танудың басты категориясы ретінде ұжымдық сананың
немесе индивидтік танымның рөлі басты орынға шықты.
Сондықтан да, тілді ғылымның жаңа кезеңіне орай,
теориялық-танымдық сипатта зерттеудің қажеттілігі
өзекті мәселе болып отыр. Бұл үрдіс тіл мен адам
санасын тұтастықта қарастырып, тілдік жүйедегі білімді
адам санасының өнімі ғана емес, күрделі
ұғым төңірегіндегі түсінік сөздер
құрылымы ретінде кешенді сипаттауға негізделеді.
Адамзат
өзін қоршаған ақиқат дүниені,
құбылыстар мен олардың сапа-қасиетін түрлі таным
деңгейінде бағалайды да, санада қалыптасқан
ұғым-түсініктерді елеп-екшей келе өңдейді,
тәжірибеде қолданады, бұлардың тұтас
көрінісі ретінде ұлттың жалпыадамзаттық
құндылығы анықталады. Бұл – этностың, оны
құраушы жеке тұлғаның таным деңгейіне ғана емес, шығу
табиғатына, сол тілде сөйлеушілердің жан дүниесіне,
әлеуметтік ортасына, жас ерекшелігіне байланысты болады. Бүгінгі
таңда халқымыздың рухани-мәдени қазынасы болып
табылатын көркем шығарма тілін зерттеудің ауқымы
кеңейіп отыр. Оның табиғатына терең бойлап,
жан-жақты қарастырып, жалпыадамзаттық
құндылықты танытатын тілдік бірліктердің сипатын
айқындау - басты мақсат болып табылады.
Тіл
біліміндегі түрлі деңгейдегі лингвоконцептуалдық зерттеулерге назар салсақ,
олардың барлығына ортақ мәселе көркем
шығарма арқылы
жалпыадамзаттық құндылықтың концепт ретінде көрініс табуын
аңғарамыз. Жалпы құндылық
дегеніміз – танымның, белгілі бір объектінің адам үшін, топ үшін,
қоғам үшін қасиетті деп танылуы.
Құндылық – философиялық, әлеуметтанулық
ұғым. Құндылық объектінің адам үшін
қаншалықты маңыздылығын айқындайды.
Құндылыққа ешқандай күмән келтіруге болмайды, ол барлық адамдар
үшін идеал, эталон қызметін атқарады.
Құндылық
қоғамдық-саяси, рухани жағымды түрде
көрініс табуы мүмкін. Қазіргі кезеңде
ұлттық, таптық, топтық
құндылықтарға қарағанда,
жалпыадамзаттық құндылықтар приоритеті маңызға ие болып отыр [1; 156].
Ол танымнан тәуелсіз өмір
сүреді. Ал табиғи тіл біздің қоршаған ортаны
тану туралы біліміміз – толық
қамтып бейнеленген негізгі форма. Оған қоса, адамның
дүниетану құралы, яғни адам санасына сырттан
түскен белгілерді белгілеп, танымды қалыптастырады.
ХХ
ғасырда қазақ тіл білімінде «когнитивтік лингвистика» деген
терминдік атау арнайы қолданылмағанымен, тілші ғалымдар адам
санасының, танымдық
нәтижесін тілмен байланыстыра зерттеуге бет
бұрғаны баршамызға
аян. Бұл жөнінде І. Кеңесбаевтың мына бір пікірін
келтіре кетуді жөн көрдік: «Бағзы заманнан халқымызбен
қоса жасап, атадан балаға мұра боп селбескен тіл
қазынамыз – ел-жұртымыздың, мәдени сана, ой-парасат,
ұғым-наным атаулысының тоғысар түйіні,
сарқар арнасы іспетті», [2;110] – деп тегін айтпаған секілді. Ал
қазақ этнолингвистика саласының негізін салушы ғалым
Ә.Қайдардың мынадай пікірінен жаңа ғылым
саласының пайда болғандығын анық байқай аламыз:
«…кейінгі кезде (АҚШ-та) қалыптаса бастаған тағы
бір көзқараста этносты
«Адам» деген ұғыммен алмастыру арқылы
этнолингвистиканың баламасы ретінде «антропология» (адам туралы
ғылым) терминін қолдану үрдісі байқалып отыр» [3;9].
Яғни, бұдан шығатын қорытынды: адам өз
сана-сезімінің негізінде қалыптасқан, өзіне ғана
тән дүниетанымдық, рухани болмысының тіл арқылы
көрініс табуын зерттейді. Бұл – көркем шығарма
арқылы халықтың ұлттық
құндылығын көрсетуге мол мүмкіндік береді.
Көркем
шығарма арқылы адамзат өзін қоршаған
шындықты, әлемдегі сан алуан құбылыстар мен
олардың сапа-қасиетін сезім мүшелері арқылы
сіңіріп, санамен түйсініп қана қоймайды, оған
жауап қайырады, ақпаратты өзінше жаңғыртып,
жаңа сапада қайта жасауға саналы-санасыз күйде талпыныс
жасайды, өңдейді, қорытады, елеп-екшейді, баға береді,
тәжірибеде қолданады, бұлардың тұтас
көрінісі ретінде жалпыадамзаттық
құндылықтың бейнесі жасалады.
Көркем
шығарма тілінің байлығы жазушы қолданған тек
сөздік қор мен сөздік құрамның,
грамматикалық мүмкіндіктердің молдығымен
айқындалмайды, бұл ретте ұлттық тілдік
тұлғаны қалыптастыратын танымдық
жүйелердің, психологиялық және әлеуметтік
құрылғылардың, мәдени тілдік бірліктердің
барлығы да ескерілуі қажет. Адамның танымдық
қабілеттері, соған сәйкес айқындалатын сана қызметі
адамзат атаулының ерекшеліктерін құрылымдық және
жүйелік негізде сұрыптауға бағытталады. Ол бүгінгі
таңда тіл біліміндегі көркем шығарма тілін ХХІ
ғасырдағы ғылымдар тоғысында қарастыруға
мол мүмкіндік береді.
Жалпыадамзаттық
құндылық – адамды қоршаған объективтік
шындық. Жалпыадамзаттық құндылықтар
мәселесі күрделі, түрлі қоғамдық топтар
мүдделеріне қатысы бар. Пікірлердің алуан түрлілігін
екі қарама-қарсы тұрғыдағы
көзқарасқа топтастыруға болады: біріншісі – жалпыадамзаттық құндылықтар
жоқ; екіншісі – жалпыадамзаттық құндылықтар бар.
Бірінші
пікірдің дәлелдері: жалпыадамзаттық
құндылық – жоқ,
себебі, біріншіден, барлық адамдардың мүдделері бірдей емес,
қызығушылықтары ерекше, айрықша, тіпті
қарама-қайшы. Екіншіден, бұл мәселенің бір шешімі
жоқ, оны тұжырымдау қиын. Үшіншіден, бұл
мәселенің шешімі түрлі дәуірдің нақты
тарихи жағдайларына тәуелді. Төртіншіден,
жалпыадамзаттық
құндылық
уақыт пен кеңістіктегі тұрақсыз шамалар.
Екінші
пікірдің дәлелдері мынадай:
а)
жалпыадамзаттық құндылық – тек материалдық құбылыс, яғни
физикалық не биологиялық сипатта (байлық, физиологиялық мұқтаждықты өтеу
және т.б.);
ә)
жалпыадамзаттық құндылық – таза рухани
құбылыс (ақиқат, ізгілік, әділет жөнінде
дерексіз армандар);
б)
жалпыадамзаттық құндылық – рухани да, материалдық
та құндылықтардың үйлесімі. Рухани
құндылықтар жүйесінің өрбуіне, оның
қоғамда өзінің
игілікті қызметін атқаруына адамның рухани дамуы негіз
болады. Адам рухани тұрғыда жетілген сайын оның рухани
құндылықтарға
деген сұраныстары
ұлғайып, олар бірте-бірте өмірдің мәнді
өзегіне айналады. Сондықтан, адамның рухани дамуының
кейбір астарларына талдаулар жасау
арқылы жалпыадамзаттық
құндылықты ашып көрсетуге болады.
Сонымен
қатар, әрбір адам, кез келген қоғамда
өзімен-өзі, қоршаған ортамен түрлі
қатынастарға түседі. Осы қатынастардың көп
түрлілігін екі типке топтастыруға
болады. Бірінші түрі – материалды
қатынастар: материалдық өндіріс, экономикалық
қатынастар, материалды сала өзгерістері, тәжірибе,
эксперименттер.
Екінші
тип: рухани (рухани, материалды) – бұл танымдық, бағалау
қатынастары. Танымдық қатынастар: «бұл не?», «ол
қандай?», «ол қанша?», «қайда?», «қайдан?»,
«қашан?», «қалай?», «неге?», «неліктен?» сұрақтарына
жауап іздестіруді қамтиды.
Бағалау
қатынастары мына сұрақтарға негізделген:
«ақиқат па, жалған ба?», «қызық па,
қызық емес пе?», «пайдалы ма, зиян ба?», «керек пе, қажетсіз
бе?», «жақсы ма, жаман ба?».
Белгілі
дәрежеде танылған нәрсені ғана бағалауға
болады. Бірақ, бір жағынан, бағасыз
құндылықтар мүмкін емес деп те айтуға болмайды.
Өйткені,
құндылықтар бағаға толық
тәуелді емес. Барлық
жалпыадамзаттық құндылық табиғат пен
қоғамның шынайы болмысымен тығыз байланысты, яғни
олар баршылық.
Санада
тек тілектер, түсініктер, құндылықтарды
ұғыну
қамтылады, олар әр
адамда, қоғамдастықта сан түрлі. Бірақ барлық құндылықтарда
әр қилы адамдарды ортақтастыратын жалпы бір нәрсе болуы
керек, себебі,
құндылықтар жалпыадамзаттық деп аталады.
Бағалау
қатынастары негізінде, оларды табиғатқа,
қоғамға, адамға қатысты қолдану тәжірибесінде
мінез-құлық
нормалары мен ережелері қалыптасады, оларды адамдар танымдық,
бағалау, тәжірибе жүзінде
басшылыққа алып отырады. Нормативті қатынастардың
элементтері, әдетте, терминдермен аталады: «ұстаным», «ереже»,
«талап», «норма», «заң», «тұрғы», «өсиет», «тыйым»,
«табу», «өнеге», «анықтама»,
«үлгі» т.б.
Құндылықтар:
а)
бастапқы, іргелі, абсолютті (күмән келтірмейтін),
мәңгі;
ә)
жеке сипаттағы құндылықтар болып ерекшеленеді.
Яғни құндылық – өмірде
бар, адамдар үшін белгілі бір дәрежедегі маңызға ие
нәрсе. Ол екінші типіндегі жалпыадамзаттық
құндылықтағы рухани құндылықтар
жүйесінің өрбуіне, оның қоғамда
өзінің игілікті қызметін
атқаруына, адамның
рухани дамуына негіз болады. Бұл
– материалдық дүние
мен рухани дүниенің өзара айырмашылықтары бар екендігін мойындау. Әрқайсысы өз
заңдылықтарымен дамиды. Ол екеуін біріктіріп тұрған –
Ақиқат, яғни
бұл – ғаламның, дүниенің тұтастығын білдіретін
ұғым.
Мұны
нақты саралап көрсету өте қиын. Тіл білімінде Е.М.Абақан: «Әлемнің
ұлттық бейнесі сияқты термин ретінде қолданылып жүрген сөйлемдерде әлем
бейнесінің жасалуы жеке адамға, я болмаса, бүкіл
адамзатқа тән құбылыс ретінде қарастырылады.
Оның когнитивтік санаға
қатысты танымдық сипаты адам ойында пайда болады. Бірақ
«әлемнің тілдік бейнесі» қоршаған ортаның
тікелей, тура бейнесі бола алмайды екен. Себебі, болмыс пен тілдің
арасында адамның санасы тұрады» [4;75], – деген пікір айтады.
«Жалпыадамзаттық құндылық» деген ұғым адамзат
баласына ортақ дүние мен жеке этностың өзіне тән
ұлттық бояуын бойына жинақтайды. Бұл ұғым
аясындағы концепт – көптеген тіл қабаттарының
қайнар көзі. Біз талдау жүргізіп отырған Абай
арқылы қазақты әлемге танытқан заманының
заңғар жазушысы М.Әуезов шығармаларынан
жалпыадамзаттық құндылық ретінде ұлттық
дүниетаным мен болмысты, ұғым мен мағынаның
кеңеюін көре аламыз.
Әрбір ұрпақ оларды өзгеше танып, өзінше
құндылық ретінде бағалайды. Біздің
зерттеуіміздің алға қойған басты мақсаты - осы
қисынды басшылыққа ала отырып өрбімек.
Кез
келген жазушының зерттейтіні, сөз ететін нысаны – адам. Өйткені, қаламгер
өзінің шығармашылық үрдісі кезінде, көркем
шығармаға материал жинау барысында өз кейіпкерлерінің
әр қырына, мінез-құлықтарына, өзіндік
ерекшелігіне, қысқасы,
оның жан сарайына жіті көзбен үңіледі. М.Әуезов те солай етті. Бұған оның «Абай жолын» жазу
барысындағы ізденістері
дәлел.
Жалпыадамзаттық
құндылықты
анықтаудан бұрын дүниені тұтас тану қажет.
Яғни, дүниені тұтас тану теориясы шеңберінде тіл
қызметінің когнитивтік негіздерінің ұстанымдарын
Ж.Манкеева:
1
Қоғамдық тәжірибеге негізделуі, яғни
дәстүр жалғастығы, танымның қазыналық
сипаты.
2
Таным модельдерінің символдық түрлері, яғни
тілдің қызметі – ақпарат беру емес, бейнелеуге
мүмкіншілік жасау.
3
Таным модельдерінің жүйелі сипаты, сабақтастығы.
Яғни ол – таным моделінің
құрылымдарының тұтасуынан тұрады [5;41], – деп
түсіндіреді.
Жоғарыда
аталған тілдің когнитивтік негіздерінің ұстанымдары тілге қызмет
етуінің ғана емес, құрылуының да ұстанымы деп көрсетуге болады.
Бүгінгі
күнде қандай да болмасын құндылыққа айналған көркем шығарма тілі
жалпыадамзаттың баға жетпес құндылығы деп
танылып, өркениетті қоғамның негізгі
қағидаларының біріне айналады. Жалпы алғанда, тіл
дүниетанымның құралы, ойлаудың ұғым,
түсінік, пайымдау тәрізді түрлерінің объективтенуі
болып табылады. Сонымен, тіл қоғамдық сананың
түрлерін қалыптастырумен қатар өз кезегінде оған
әсер етеді. Ал әрбір тарихи кезең, қоғамдық
құбылыстар тілде өз таңбасын қалдырып отырады.
Жалпыадамзаттық құндылық табиғатын шынайы
танудың бір жолы – тілдік таңбаларды, оны құрайтын
элементтерді, олардың мазмұндық жағы мен
тұлғалық жағын тілдің өз
заңдылықтары негізінде қарау болса, екінші жолы – оларды
ақиқат өмір, ойлау, танымдық тұрғыда
бір-бірімен тығыз байланыста қарау болмақ. Жалпы кең
мағынада ол тілтанумен тығыз байланысты.
Көркем шығармадағы
танымның түпкі мақсаты, әрине,
құбылыстардың ішкі табиғатын игеру, соны бейнелеу
және соның нәтижесінде адамның іс-әрекеттерінде
қолдану, тәжірибеде іске асыруын көрсете білу.
Болмыстың заңын, өзіндік табиғатын игеру бейнелеу
ұғымдары түрінде іске асады. Көркем
шығармадағы таным сыртқы дүние заттарына
бағытталған тәрізді көрінгенімен, оны жүзеге
асырып тұрған адам болмысы тұрғысынан
бағдарланып, айтылған процестің үнемі адамның
ішкі, сыртқы жан дүниесіне қарай бағытталатындығында
жатыр. Біз де осы теориялық принциптердің негізін
басшылыққа ала отырып, М.Әуезов шығармасындағы көркем тілдік ерекшеліктерді,
атап айтсақ, жалпыадамзаттық құндылықты
айқындайтын тілдік тұлғалардың таным мәселесін
қарастыруды жөн көрдік. Өйткені, ұлттық
тілдің болмысын шынайы тану үшін тілдің өзіндік
заңдылықтарын білу жеткіліксіз, оның түп тамыры сол
тілде сөйлейтін халықтың ғасырлар бойғы
тарихымен, тұрмыс-салтымен, мәдениетімен, дүниетанымымен
байланыстыра қарастыру аса
қажетті дүние.
Ал
М.Әуезовтің әр түрлі тақырыпқа жазылған шығармаларының
ұлттық мазмұны оның таза ұлттық танымды
бейнелейтін сөз қолданумен ерекшеленеді. Мысалы, жалпыадамзат
дүниені эстетикалық, этикалық, діни, мифтік таным
тұрғысынан зерделейді десек, адамзаттық
құндылықтарға тән ерекшеліктерді адамның
дүниетанымы оның психологиясына сәйкес қоршаған
ортаны танудан, қызығушылықтан, қиялдаудан, еліктеуден бастау алады.
Қорыта
айтқанда М.Әуезов шығармашылығы – жалпыадамзатқа
қалдырған мұра. Ол
әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Өмірлік адами
тақырыптар терең, жан-жақты сөз етіледі,
кейіпкердің өмір
тағдыры, кескін-келбеті уақыт сырына қарай
суреттеледі. Суреткер байырғы
қазақ аулындағы әлеуметтік теңсіздік,
әділетсіздік, озбырлық, отаршылдық, жалпы айтқанда,
қорғансыздар күні – жазушы шығармаларының
өзекті мәселесі. Алайда жазушы тәуелсіздікке
ұмтылған халық қаншама қорғансыз
болғанымен, рухы мықты, намысқор екенін әр
шығармасында көрсетіп отырады.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1.
Философия сөздігі. Алматы: Ғылым,1992 ж. – 397 б.
2.
Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық
сөздігі. Алматы: Ғылым,
1977. – 712 б.
3.
Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті
мәселелері. Алматы: Ана тілі, 1998 ж. – 304 б.
4.
Абақан Е.М. Тілдің мәдени философиясы. –Алматы: Айкос, 2004 ж. – 184 б.
5.
Манкеева Ж.А. Қазақ тілін зерттеудің когнитивтік негіздері //
Тілтаным. №4. 2001 ж. – 39-44 б.