Зейнел
Айгерім., ПС-13-1 тобының студенті
Н.Ж. Сарсенбеков.,
з.ғ.м.
ҚарМТУ.,
Қазақстан
Тән жанға қонақ үй бола
алмақ емес...
Жан мәселесіне
Шәкәрім көп тоқталып, көп ойланып, ол туралы
көп жазған. Имандылық жолына түсу үшін
әуелі адам өзінің негізгі болмысын түсініп алуы керек.
Сондықтан болса керек, «Жаралыс басы – қозғалыс»,
«Қасына қылыш қайратқан», «Табиғат неше
түрлі жан жаратты», «Ұждандыны мақтайды тәмәм
адам», «Шымды жерде көресіз қара топырақ», «Келді, кетті»,
«Күн аязда терезеге» және басқа да осындай терең сырлы
өлеңдерінде ақын жанның шексіз қаситтерін паш
етеді.
Ол жанды «Үш анығында» былай деп
түсіндіреді:
«Мен жанды былай түсінемін: біз
дененің түп негізін тексергендей жанның да түбін
тексерсек, жан да дене сияқты басынан бар болып табылады. Дене негізін тексерушілердің сила
вещества (дене қуаты) дегендегі қуат осы жан. Сол жан денеден денеге өсіп өршиді.
Жан да өршиді. Ғылым дәлелдегендей, дене әлденеше
түрленіп өзгерсе де оның еш нәрсесі жоғалмағаны сияқты,
жанның да ешнәрсесі жоғалмайды».
Осылай Шәкәрім жанның
мәңгілікті екеніне дәлел келтіреді. Бірақ мұны
түсіну үшін жанды ақыл, яғни сау ақыл, рухани
ақыл керек. Жанның қасиеттері туралы ақын «Тура жолда
қайғы тұрмас» өленінде әрі қарай
былай деп жалғастырады:
Шын сүю бар, жирену
бар,
Максұты бар, еркі бар.
Жаратылған неге бұлар,
Осыны тап, ой құрап.
Барша әлемнің нәрселері,
Болса жанның әсері.
Есті сол жан – Тәңірі әсері,
Тазалықты тұр сұрап.
Шын таза жан тазалықпен,
Тәңірісіне бармақ ол.
Мейірім, нысап, әділдетте,
Ағызам деп нұр бұлақ...
Ойшыл «Шын сүю бар, жирену бар, Максұты бар,
еркі бар» деп жан қасиетін айтып отыр. Адам тек қана материядан
құралған деген материалистік көзқарасқа ол
осылай соққы береді. Және жан да, тіпті бүкіл болмыс
көрінісі Тәңірі асері, яғни Тәңірінің
шапағат нұрынан тараған.
Әсіресе соңғы
шумақтың мағынасы үлкен. Осы бүкіл
болмыстың иесі Тәңірге қайту үшін жан
тазалығы керек екен. Ал бұл тазалыққа, жоғарыда
айтылғандай, тазару барысында заттық тән мен нәзік
болмысты бірте-бірте қалдыру арқылы жетуге болады. Жанның
тазаруы оның өзінің «шын таза жан» болуына, яғни
барлық материядан арылуына мүмкіндік береді. Осылай
Шәкәрімнің бұл сөздерінен бүкіл
болмыстың үлкен сырын ашуға болады. Ал ол
шындыққа жету үшін «Мейірім, нысап, әділет» керек,
себебі бұлар жан қасиеті, рухани болмыс арқылы ғана
Алла тағала Өзінің «нұр бұлағын» ағыза
алады, яғни, Өзінің шапағат нұрын беріп,
материялық былғаныштан тазартады.
Бірақ фәни әлемде бұған
үлкен бөгет бар. Алла тағаланың шапағат
нұрына тосқауыл болатын ол қандай бөгет екен? Ол
бөгет – нәпсінің қылықтары.
Нәпсі оңай жау емес! Себебі ол Алла
тағаланың негізгі екі қуатының бірі. Нәпсі
«Бармайық, қойшы, батыр!» деп, етегінен жұлқылап жанды
Ғазиз Жанға жібермеуге ұмтылады. Жанның денесі – рух
болса, ал тәннің денесі – нәпсі. Бұл екі дене жан мен
тәннің өмір сүруге керекті кұралы да болып
табылады. Сондықтан, жан мен тән бір-бірімен алысқанда
құралдарын пайдаланады. Осы себептен фәни әлемде рух
пен нәпсінің күресі үздіксіз мәңгілікті
жүріп жатады.
Сонымен, материалдық әлемде нәпсі
өз үйінде жатқандықтан жанға
қарағанда күшті. Осы себептен рухани әлемнен келген,
бірақ материялық әлемнің ықпалына түскен
жанға өз үйінде жатқан нәпсінің
ықпалынан шығу өте қиын.
Фәни әлемде тек қана нәпсі
құмарлығы бар, ал жан құмарлығы жоқ
болғандықтан, жан өз құмарлығын
таппай қиналады. Нәпсінің жан қинайтын
қуаттылығын, ал жанның өз құмарлығын
таба алмау себебін, міне, осылай түсінуге болады екен! Осының
өзі фәни әлемде жан рахатының болуы, яғни,
нағыз бақыттың болуы мүмкін емес екенін білдіреді емес
пе?!
Бірак фәни өмірдің
өзінде де нәпсіні жеңудің жолы бар! Ол жол қандай
жол? Материалдық әлемде Жаратушының төменгі
қуаты, нәпсі, Оның жоғары қуатын, жанды жеңіп
кетсе де, ол нәпсіні ауыздықтайтын күш бар. Ол күш –
барлық қуаттардың қайнар көзі болып табылатын
Алла тағаланың Өзі. Жаратушы Өзінен шыққан
қуатты Өзі ауыздықтай алады. Ендеше нәпсіні
ауыздықтау үшін шексіз мейірімді Жаратушыға бас ұру
керек. Егер өзіне берілген ерікті дұрыс пайдаланып,
көңіліңді Жаратушыға аударсаң, онда шексіз
мейірімді және рахымды Алла тағала көмек береді.
Әрине, Шәкәрім тәрізді
ойлы адамдар өмірдің ақиқатын көргенде
өзінің бұрынғы тіршілігінің бейнет,
қорлық, мардымсыз екенін түсініп, бірақ мұны
айтып жеткізудің өте қиын екнін, басқалардың оны
қабылдай алмайтынын көріп үлкен қайғыға
батады. Өзінің осындай халге түскенін көрсетіп, ол
өлеңін былай деп аяқтайды:
Шынды таптым,
қайғы басты,
Шын сырымды айтайын.
Дін де, пән де қатты адасты,
Дау сабасты барқырап.
Ал енді қатты адасқан дін мен
қаулаған дауды басу үшін не істеу керек. Ол үшін
ең әуелі рухани білімді толықтыру керек. Ал рухани білім
бүкіл болмыстың негізі болғандыктан, жанның не екенін
білуден басталады. Сондықтан болса керек, ойшыл енді жан мәселесін
әрі қарай өрбітеді.
Жоғарыда жазылғандай, жан фәни
әлемде ана кұрсағында болсын, жер кұрсағында
болсын, әуелі нәзік болмысынан бастап, бірте-бірте тәнді
қалыптастырады. Бұл кезде оның денелері өте
әлсіз. Сондықтан олардың өсіп-жетілуі үшін арнайы
жағдайлар болмаса, олар өнбей, өліп те қалады.
Шәкәрім адамдарда ғана емес, хайуандарда, тіпті
өсімдіктерде де жан бар екенін білдіріп отыр. Жан мәңгілікті
рухани болғандықтан, ол қандай денеде болса да
өзгермейді. Ендеше адамдар мен хайуандардың,
өсімдіктердің жаны бірдей. Олардың рухы, дәлірек
айтқанда, рухы жасаған нәзік болмысы мен тәндері
ғана әр түрлі.
Хайуандардың рухы өсімдіктердің рухынан жоғары,
ал адамдардың рухы одан да жоғары болады. Рухтың жоғары
не болмаса төмен болуы оның материямен жабылу деңгейіне
байланысты. Материямен неғұрлым көп жабылса, оның рухы
да, еркі де соғұрлым төмен болмақ.
Шәкәрім тұжырымдары бойынша техника
қанша дамып, өріс алса да оның адамзат коғамына
қатер тудыруы мүмкін емес. Адамның жаны
болғандықтан, оның рухы арқылы адамның жетілу
мумкіндігі бар. Ал жансыз роботта мұндай мүмкіндік жоқ.
Машина оны жаратушы адам берген қасиетке ғана
ие. Оны әрі қарай жетілдіруге, не болмаса қосымша тағы
басқа қасиеттер алуға мүмкіндігі жоқ. Себебі, материя тек қана шексіз қасиеті
бар жан аркылы ғана дами алады. Ең жетілген материя болып
табылатын адамның материалдық денесі осындай. Егер жан кетсе қандай
жетілген материя болса да, дамыма түгілі козғала да
алмай қалады. Барлық жетілу шексіз қуаты бар жаннан шығады. Жан
болғанда адамның материялдық денесі мақсат
коятын ақыл-ой мен сана-сезім, жасампаздық беретін
ерік пен қайрат, жаман-жақсыны айыра білетін көңілі бар өмір көрінісіне айналады. Ал жан кеткенде тән өлі
материяга айналып, бұл қасиеттерінен айрылады. Бұлар тек қана жаны
бар адамға ғана тән қасиеттер.
Қандай жетілген робот болса да, ол оны
жасаған адамның ырқынан шыға алмайды.
Жасалғанның жасампаздық қабілеті жасаушының
қаситінен асып кете алмайды. Ендеше жаны жоқ робот машина адаммен
ешуақытта теңесіп, не болмаса одан асып кетпек емес.
Ал өлі табиғат жанды нәрсені жасай
алмайды. «Әрине, соның жаратқан, өршіткен
нәрселерінен жұмыртқа да жасар, ет те істер, бірақ
соның бірі құс болып ұшып, бірі хайуан болып
жүгіріп кете алмас» деп Шәкәрім осы ойларды
аңғартып отыр.
Бірақ, материалист ғалымдар жанды
жоққа шығарып, жасанды интеллект жасаймыз деп, міне, осындай
бос әурешілікке салынады. Шәкәрім олардың істеріне
күмән келтіріп, материядан өз бетімен өмір
сүретін жасанды тіршілік иесін жасауға болмайтынын
дәлелдейді. Жаратушының, жанның бар екеніне бұл –
бірінші дәлелі. Сонымен бірге, ойшыл екінші дәлел келтіреді.
Тіпті, белгілі бір әдіспен жасанды интеллект
шығарды деп есептейік. Соның өзінде де, Жаратушыны
жоққа шығаруға болмайды. Алғашқы
элементтерді жасаған кім? Жасанды интеллект жасаған ғалымдар
оларды қайдан алып отыр? Ойшыл бұл сұраққа «Осы
соқыр, ессіз деп жүрген жаралыстан шыққан заттардан,
олардың қасиеттерінен алып пайдаланып отыр»,-деп жауап береді.
Элементтер әуелден бар, оларды Жаратушы жаратқан. Ал басқа
жан иелері оларды тек қана қолданады. Бұл
ақиқатты түсініп, оны мойындауымыз керек.
Әдебиеттер:
1.
Ахат
Шәкәрімұлы. Менің әкем, халық ұлы –
Шәкәрім. Ж.«Жұлдыз», №11, 1992.
2.
Шәкәрім
Құдайбердиев. Шығармалары: Өлеңдер, дастандар,
қара сөздер. Құрастырған. М.Жармұхамедов,
С.Дәуітов,- Алматы: Жазушы, 1922.-560бет.
3.
М.Әуезов Абай жолы:
Роман-эпопея.-Алматы: Жазушы, 2002.
4.
Құран
Кәрім. Аударған Халифа Алтай.-1991 ж.
5.
С.Қасиманұлы
«Ғылым мен философияда да жалғызбын». Қазақ
әдебиеті. 30.06.2000 ж