Право/9.Гражданское  право

 

Амантай А., аға оқытушы, заңтану магистрі

Хауия С., аға оқытушы, заңтану магистрі

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Қазақстан

 

ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ МЕН РЕТТЕУ МӘСЕЛЕСІ

 

Қоғамдық өмірде күн сайын тұтынушы ретінде әртүрлі қатынастарға жиі түсіп жүрміз. Тұтынушы бола отырып, дүкендерден зат сатып аламыз, интернет арқылы тауарларға тапсырыс береміз, медициналық қызметтерді, коммуналдық қызметті пайдаланамыз, қоғамдық көліктерде жүреміз не такси жалдаймыз т.б. Осы кезде кейде алданғаннан, кей жағдайда білмегендіктен тұтынушылық құқықтармыз жиі бұзылып жатады. Әрине, қоғам болған соң, онда әртүрлі деңгейдегі адамдар өмір сүреді. Біреуі адал, кейбіреуі арам жолмен пайда тапқысы келетіні анық. Тұтынушы ретінде құқықтарымыз бұзылмасын десек, құқықтармызды қорғайтын заңдарды білу маңызды болып табылады.

Тұтынушылардың құқығын қорғау дегеніміз жеке тұлғалар мен тұтынушылардың, тауар өндіретін,  дайындайтын, қызмет көрсететін не сатушылық қызмет атқаратын кәсіпкерлердің арасындағы қоғамдық қатынастарға бағытталған мемлекеттің реттеу тетігі. Бұл саладағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілердің қатарына «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» 2010 жылғы 4 мамырдағы № 274-IV заңы және 1994 жылғы 27 желтоқсандағы ҚР Азаматтық кодексі жатқызамыз.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңда тұтынушылар мен сатушылардың құқықтары мен міндеттері туралы нормалар толық, әрі нақты белгіленген. Әсіресе, тұтынушылардың алдында сатушылардың жауапкершілігін көтеру мақсатында олардың міндеттері көбірек айтылған. Бірақ ескерте кететін бір мәселе. Тұтынушылар көбінесе тауарды сатып алған кезде тауарға жауапты сатушы деп ойлап қалады. Алайда, тауарға жауапты сатушы емес, өндіруші, жасаушы тұлға екенін ескертеміз. Мәселені көтермес бұрын тұтынушы ұғымына тоқталып және оның басқа субъектілермен қатынасқа түсу шеңберін анықтап алайық. ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» 2010 жылғы 4 мамырдағы № 274-IV заңға сәйкес, тұтынушы дегенімізөз қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн тауарға (жұмысқа, көрсетiлетiн қызметке) тапсырыс беру немесе иелену ниетi бар не тапсырыс беретiн, оларды иеленетiн және (немесе) пайдаланатын жеке тұлға [1].

Ал, «Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң тұтынушылар құқықтарын» қорғау саласындағы ынтымақтастығының негiзгi бағыттары туралы келiсiмде тұтынушы - кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға байланысты емес, тек жеке (тұрмыстық) мұқтаждықтарына арналған тауарларға (жұмыстарға, қызмет көрсетулерге) тапсырыс беруге немесе сатып алуға ниетi бар тапсырыс берушi, сатып алушы немесе пайдаланушы азамат - деп көрсетілген [2].

Бұл анықтамалардан көріп отырғанымыздай тұтынушыға үш талап қойылады. Оның біріншісі жеке өзі тұтыну және пайдалану мақсатында тауар сатып алу, яғни тауар пайда табумен байланысты емес жеке қажеттіліктер үшін алынуы тиіс. Сондықтан «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы азаматтар арасындағы жеке тұрмыстық емес қажеттіліктерін қанағаттандыруға қатысты қатынастарды реттемейді. Толығырақ айтсақ, азаматтардың тауарды, жұмыс пен қызметті кәсіпкерлік қызмет үшін, яғни пайда табу мақсатында және негізгі қызмет қажеттіліктерін не өз жұмысшыларының әлеуметтік тұрмыстық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында алуы осы Заңмен реттелетін қатынастар қатарына жатпайды.

Тұтынушыға қойылатын екінші талап - ол міндетті түрде жеке тұлға болуы тиіс. Ал жеке тұлғаға Қазақстан Республикасының азаматтары, шетел азаматтары, азаматтығы жоқ тұлғалар жатады және олардың құқықтары ҚР Азаматтық кодексінің 3-бабына сәйкес бірдей дәрежеде қорғалады. Ал заңды тұлғалардың тауар алу кезіндегі бұзылған құқықтары жалпы азаматтық заң шығармашылығы нормалары арқылы қорғалады. Олардың мұндай бөлінуін заңды тұлғалардың мүдделері мамандармен (адвокаттар, заңгерлер және т.б.) қорғалатындығымен, ал тұтынушыға ешкім мұндай көмек көрсетпейтіндігімен түсіндіруге болады [3].

Заң бойынша қызмет пен тауарды алатын адам ғана емес, осы өнімді пайдаланатын адам да тұтынушы болып табылады. Сонымен бірге тауарды алуға ниет білдірген адам да тұтынушы болып есептеледі. Мысалы, адам сатушыдан тауарды көрсетуді және ол туралы ақпарат беруді өтінгеннен бастап тұтынушы болып есептеледі.

Адам тұтынушы болып есептелуі үшін тауар (жұмыс, қызмет) оған міндетті түрде ақылы жолмен өтуі керек және бұл тұтынушыға қойылатын үшінші талап. Егер тауар басқа жолмен өтсе (мысалы, айырбастау, сыйға тарту) онда мұндай қатынастарға «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданылмайды.

Тұтынушылар өздерінің бұзылған құқықтарын бірнеше жолдармен қорғай алады. Ең алдымен тұтынушы өз құқығын екі жақтың келісімі арықылы да шешуге болатынын білгені жөн. Бірақ мұндай жағдайлар көбінесе аз кездеседі. Сондықтан тұтынушыға өзінің құқықтарын басқада жолдармен қорғау ұсынылады. Қазақстан Республикасының Конституциясында айтылғандай сот арқылы құқығын қорғай алады. Мемлекеттік органдарға жүгіну арқылы және тұтынушылар ұйымдарына жүгіну арқылы бұзылған құқықтарын қорғай алады. Өкiнiшке қарай, осы аталғандардың бiркелкi жұмыс iстемеуiнiң кесiрiнен қазақ қоғамында тұтынушы құқығы аяққа жиi тапталады. Әрине, құқығын заңмен қорғауға қатысты азаматтар пiкiр әзiр түбегейлi өзгерген жоқ. Қоғамды дендеп алған жемқорлық, соттарға деген сенiмсiздiк, сатушылардың мәдениетi мен қызмет көрсету сапасының төмендiгi тұтынушыларды кемшiлiктерге көзжұмбайлықпен қарауға мәжбүрлейдi.

Тұтынушыларға құқықтық көмек ретінде біраз кеңес беріп, мәселелердің басын ашып алайық. Тауарды сатып алу үшін өз қалауыңызбен базарға, дүкенге немесе басқа жерге келген сәттен тұтынушы боласыз. Ал сапалы тауар сатып алу үшін тұтынушы ретінде өз құқытарыңызді біліп оларды еркін қорғаныңыз дұрыс. Бірінші кезекте, тауарды сатып алған кезде сатушыдан тауар жайлы бүкіл қажетті, толық және шынайы ақпаратты талап етуіңіз керек. Тауар сатып алғанда құжаттарға қол қоярдың алдында үнемі мұқият қараңыз, тауармен бірге келетін құжаттарғады асықпай оқыңыз, содан кейін қолыңызды қойыңыз. Себебі, ол құжаттарда тұтынушы ретінде құқықтарыңызға қайшы клетін ережелер болуы мүмкін. Тауармен бірге келетін құжаттарда (не тауар сертификаты) болатын тауардың жарамды мерзімі, сақтау мерзімі және кепілдік мерзімі туралы мәліметтерді мұқият оқыңыз. Тауарды сатып алғанда оны куәландыратын фискалды чекті талап етіңіз. Сізге міндетті түрде фискалды чекті беруге тиіс. Өйткені, Қазақстан Республикасының аумағында сауда операциялары қолма-қол ақшамен жүзе асырылғанда ақшалай есептер фискалды жады бар бақылау-кассалық машиналарды міндетті түрде қолдануымен жүргізіледі.

Кейбір кезде тәжірибеде тауар, осы тауарды дайындаушымен ешқандай байланысы жоқ тұлғаларға зиян келтіретін жағдайлар да кездеседі. Мысалы, теледидар жанған кезде залал тек теледидар иесіне ғана емес, сонымен бірге басқа тұлғалардың, мысалы көршісінің мүлкіне де келуі мүмкін. Бұл жағдай заңда да көрсетілген, соған сәйкес залал келтірушімен шарттық қатынаста болған, болмағанына қарамастан кез келген залал шеккен тұтынушының сапасыз өнімнен келтірілген залалды өтеуді талап етуге құқылы («Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 15-бабының 2-тармағы).

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңының талаптарына сәйкес тұтынушының өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірілген залал толық көлемде өтелуге жатады. Азаматтың өміріне және денсаулығына келген залалды өтеу ережесі азаматтық заңдарда көрсетілген.

Денсаулыққа зиян келген жағдайда жойылған еңбек ақысы не оның бір бөлігі, емделуге кеткен қосымша тамақтануға, санаториялық-курорттық емделуге және денсаулыққа зиян келуге байланысты кеткен өзге де шығындар өтелуге жатады.

Егер тұтынушының мүлкіне зақым келсе не жойылса, онда бұл мүлік қалпына келтірілуі тиіс. Егер оны қалпына келтіру мүмкін болмаса, онда тұтынушыға дәл сондай түрдегі және сападағы мүлік берілуі тиіс. Егер мұны да істеу мүмкін болмаса тұтынушыға келген зиянның орны толтырылуы тиіс. Осы аталған құқықтар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңымен жеке-жеке анық көрсетілседе, олар күнделікті өмірде жиі бұзылуда. Бұған сатушы тұтынушы алдындағы өз міндетін білмеуі не олардың құқықтық нигилизмді пайдалануы не тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша қабылданған заңдарды елемеуі себеп болуы мүмкін. Бірақ бұл себептерді субъективтік сипаттағы себептерге жатқызуға болады. Ал тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына, оны тудыратын объективті себептерде негіз болуы мүмкін ғой. Мұндай объективті себептер біздің жағдайымызда, біріншіден, біздің нарықтық экономикамыздың қожайыны әзірше монополист. Қатаң бәсекенің болмауы себепті оған әрбір клиент үшін күресу қажет емес, сондықтан ол нарықта өз талаптарын қоюда.

Екіншіден, Республикамыздағы халқтың әлі де болса құқықтық жетілмеуі. Біздің құқықтық сауатсыздығымыздан халықтық көпшілігі әлеуметтік жағынан енжар. Егер біз, яғни, тұтынушылар, біздің қандай құқықтарымыз бар екенін білмек түгіл «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның бар екенін естімесек, сатушы бізбен қалай санаспақ? Сондықтан біздің айтарымыз, құқықты қорғау осы құқықтарды білуден басталады. Өйткені тұтынушы – тек тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатып алушының не тапсырыс берушінің жай атауы ғана емес, бұл - нарықтық жағдайда сіздің соңғы емес, керісінше ең бірінші және басты тұлға екендігіңізді растайтын азаматтық - құқықтық статусыңыз.

«Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» заңымыздың 3-бабында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасының Үкіметі, уәкілетті орган және өзге де мемлекеттік органдар осы заңда, өзге де заңдарда, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде белгіленген өз құзыреті шегінде жұзеге асырады деген нормаға тоқталсақ. Бұл нормадағы сөздер заңмен жақсылап танысуға мүмкіндік бермейді, өйткені бұл заңды тиімді пайдалану үшін басқа нормативтік - құқықтық актілердің барлығын пайдалану қажет болып қалады. Мәселен, басқа заңдарға тиіспегеннің өзінде тұтынушыларға қатысты заң қарапайым халыққа нақты жол көрсететіндей болу қажет емес па? Қазіргі қоғамдағы ең құқығы көп бұзылып жатқандар қарапайым халық, яғни әртүрлі әлеуметтік  топты құрайтын адамдар – тұтынушылар екені баршаға мәлім. Осы құжатты дайындаған заң шығарушы Конституцияда белгіленген мүдделерді тұтынушы өзі қорғауы үшін, Президенттің және Үкіметтің қандай заңдарын, актілерін немесе тіптен болмағанда салалық сілтемені нақтылап көрсетсе қалай болар еді. Ал азаматтарды қорғауға қатысты заңдар сол азаматтарға түсінікті болғандығы мемлекетке де тиімді емес па? Осындай жағдайлардың барлығын айт-айтпа, ертең ол өзгертілген баптың басқа заңдардың баптарына қайшы келер келмесіне кім кепіл? Сондай-ақ, заңның 3-бабында және басқа да баптарында уәкілетті орган туралы айтылады. Бұл, заңда атауы көрсетілмейтін, бірақ тұтынушылар құқығын қорғау саласында басқаруды іске асыратын бір құпия орган. Тіпті осы заңда бұл органды кім тағайындайтынын және оның тағайындалуына кім жауапты екендігі туралы айтылмаған. Мүмкін, бұл жағдайларды заңға енгізу жауапкершілігін Парламент өзіне алғысы келмеген шығар.

Заңның 5-бабы уәкілетті органның құзіретін белгілейтін «сияқты» (мен тырнақшаны әдейі қолдандым). Бірақ мұның барлығы тұтынушыларды қорғауға нақтылы қатысы жоқ жалпы сөздер. Айтпақшы, осы бапта тұтынушылар құқығын қорғау саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру туралы айтылады. Оның мағынасы неде, оның дайындалуына кім жауапты және оның мазмұны қандай болу керек? Олармен таныссақ артық болмас еді. Заңда бұл туралы ештеңе де айтылмаған. егер де мемлекеттік саясат заңда келтірілген болса онда заңның өзі мемлекеттік саясатқа қаншалықты жауапты екендігін анықтауға болатын еді. Әрине, бұл қиял-арман ғой. Бірақ осы ресми анықтауларсыз мұның барлығы қарастырылып отырған мәселеге ешқандай қатысы жоқ жай сөздер.

Енді 6-бапты қарастырайық. Бұл бапта мемлекеттік органдардың құзіреті туралы айтылған, бірақ мұндай құзіретке қандай мемлекеттік органдар ие және тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда олар кімге жолығу керек екендігі көрсетілмеген. Біздің ойымызша 6-бап «сілтемелер» жасау үшін құрастырылған сияқты. Осы баптың 1-тармағында мемлекеттік органдар тұтынушылар құқығын қорғау саласында нормативтік-құқықтық актілерді әзірлейді делінген. Сонда қалай болғаны, бұл заңның жеткіліксіз болғаны ма әлде бұл заңды жетілдірудің қажеттілігі бар осы заңның нашар болғаны ма? Қосымшаларды қажет етпейтін заңды бірден неліктен қабылдамасқа?

Тағы бір мәселе, тұтынушы қарсы тарапқа қарағанда әлсіз тарап болғандықтан, ол өз құқығын сотта дербес қорғай алатындай ету керек. Яғни әрбір тұтынушы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңы негізінде әділеттілікті жүзеге асыратын механизмді ешқандай шығынсыз кез-келген уақытта іске қосуы үшін, істің осындай санаттары бойынша тұтынушыларды құқықтық жағынан тегін қамтамсыз етсе деген ой. Өйткені біздің тұтынушыларымыз құқықтық жағынан әлі сауатсыз және олардың өздерінің заңды мүдделерін заң жолымен қорғай алатындығына сенімсіздігі қоса бар. Сондықтан тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын және түсіндіретін органдарды құрып, оның белсенділігін арттырып, оған зор қолдау көрсету керек. Бұл ойға әрі іс жүргізудің күрделі тәртібі де, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жетілдірілмеген соттық және әкімшілік тәртібі де итермелейді. Сонымен қатар мемлекеттік билік органдары бұл мәселе бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұйымдарымен бірлесіп әрекет етуі тиіс [4, 1б.].

Негізінен тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мәселелердің негізгі бөлігі азаматтардың өз құқығы және тұтынушылық әрекеті саласындағы сауатсыздығынан туындайды. Егер адамдар қарапайым қателіктер жібермегенде көптеген түсінбеушіліктер болмас та еді. Сондықтан да біздің еліміздің азаматтарының тұтынушылық білімін арттыру қажет. Бұл үшін нақты шаралар қолдану керек. Бұқаралық ақпарат құралдарынан (теледидар, радио) осы тақырыпқа арналған бағдарламалар ашу керек, газет-журналдар арқылы да мақалалар көп жазу керек, тіпті тұтынушыларға арналған жеке газет-журналдар болса да артық емес. Тұтынушының білімін арттыратын кітаптар, кітапшалар шығару керек, меніңше ЖОО-да заңгер мамандығында оқитындарға арнайы курс оқытылуы керек шығар.

Бұл жерде алға қойылатын мақсат, әрбір адамды өзін нарықтық экономиканың басты тұлғасы – тұтынушы ретінде сезінуді үйрету керек. Өйткені , заң тек сауатты және жауапты тұтынушылық әрекетті жүзеге асыру құралы болып табылады.

Заң шығармашылығында тұтынушылық қатынастарды әртүрлі реттейтін нормативтік актілердің екі тобын бөліп қарастыруға болады. Бірінші топқа тұтынушы тікелей қатысушы болып табылатын актілерді жатқызуға болады. Осы топқа тұтынушының тауардың, жұмыс пен қызметтің тиісті сапасына құқығын, олардың өмірге және денсаулыққа қауіпсіздігін орнататын актілер, сатып алу-сату, мердігерлік, тасмалдау және өзге де шарттардағы қатынастарды реттейтін актілер жатады, шарттарды орындамау немесе тиісті дәрежеде орындамау салдарын, тауарды дайындаушының, сатушының жауапкершілігін айқындайтын актілер жатады.

Екінші топқа өз қызметі шегінде тауарларға, жұмыстарға және қызметтерге талаптарды анықтайтын және осы талаптардың сақталуына қадағалау жасайтын мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін актілер жатады. Оларға «Сақтандыру туралы», «Техникалық реттеу туралы», «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» және өзге де заңдар жатады. Олар тұтынушы үшін маңызды ережелерді орнатады.

Заңнамада кемшілік жақтарыда бар мәселен, біріншіден, тұтынушылар өз құқықтарын өздері қорғайды. Яғни алдауға түскен азамат талабы орындалғанға дейін сауда орнына бірнеше рет баруы керек. Екіншіден, жаңа заңда тұтынушылардың құқығын қорғайтын ұйымдардың міндеттері жан-жақты қарастырылғанымен, құқықтары өте аз қамтылған. Сол сияқты заңға сәйкес, біз өз күнімізді өзіміз көруіміз керек болады. Бұған дейін тұрғындардың құқығын қорғауға кеткен шығынымызды айыпты жақ төлеп келген болса, бұдан былай олар тек айыппұл төлеумен ғана шектелмек.

Өкiнiшке қарай, тұтынушылар жағдайын ойлауға ешкiм бас қатырмайды. Бұрын қоғамдық бiрлестiктердi мемлекет қаржыландырмайтын, ендiгi заңда «мемлекет қаржыландыра алады» деген өзгерiс енгiзiлген. Тұтынушы өзiнiң тұрған жерiнiң, жауап берушiнiң тұрған жерiнiң немесе қоғамдық ұйым тұрған жердiң сотына арыз бере алатын едi, жаңа заңда ол қаралмаған.

Қолдану мерзімі өтіп кеткен азық-түлік, бүлінген бұйым сатылыпты дегенді жиі естиміз. Арзан жолмен мол пайда табуды көздейтіндер небір әрекеттерге барады. Осы орайда, тұтынушылар арасында тауарды қайтарып немесе ауыстырып алу сынды мәселелер әлі де болса маңыздылығын жойған жоқ. 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңның барына қарамастан, сараң сатушылар өтірік сылтау айтып, тиісті ақшаны қайтаруға асықпайды. «Тауар қайтаруға немесе ауыстыруға жатпайды» деген жазуларды кез келген сауда орындарынан көруге болады. Алайда, бұл хабарламалардың заңсыз екенін аңқау тұтынушы біле бермейді. Күнделікті күйбең тіршілікте қарапайым тұтынушы ретінде қаншама рет құқығымыз бұзылса да оған аса мән бере бермейміз. Әділдікті қайдан іздерімізден де хабарсыз боламыз. Сондықтан, қолды бір сілтеп жүре береміз.

Сонымен қорытындылай келе бүгiнгi таңда жиі бұзылатын тұтынушылардың құқықтарын реттеуге байланысты келесі негiзгi мәселелерді шешу ұсынылады:

­  тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы бiртұтас саясаттың жоқтығы;

­  тұтынушы мен тауарлар және қызмет көрсету саласы өкiлдерiнiң өзара байланысын реттейтiн қазақстандық заңнамалардың әліде болса шалағайлығы,

­  тұтынушылардың сауатын ашу жүйесiнiң дамытылмауы;

­  халықаралық тәжiрибемен ынтымақтастықтың жолға қойылмауы.

Міне осы мәселелерді шешіп, оны қамтамасыз етсек iстiң нәтижелi болатынына сенімдіміз.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1.       «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы № 274-IV Заңы. (2012.12.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

2.       Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастығының негiзгi бағыттары туралы келiсiмдi бекiту туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы 2000 жылғы 4 тамыз N 1197

3.       ҚР Азаматтық кодексі. (Жалпы бөлім (1994. 27 желтоқсан) және ерекше бөлім. (1999. 1 шілде) өзгерістер мен толықтырулар 12.01.2012 ж.

4.       Бахмутова Е. Законодательные изменения обусловлены необходимостью повышения защиты прав потребителей финансовых услуг и инвесторов / Е. Бахмутова // Деловой Казахстан. - 2011. - №2. - с. 1,3