Стыбаева А.Ш., Оралымбетова Г.Ү., Тұрдалиева Ш.Т., Шыныбаева Ж.

ТарМПИ, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ.  Қазақстан

 

БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ОҚУ ӘРЕКЕТІНДЕ КЕЗДЕСЕТІН ҚИЫНДЫҚ ТҮРЛЕРІ ЖӘНЕ ОНЫ АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ

 

Еліміздің болашағы болып саналатын ұрпақ тәрбиесінде, оқу процесінде өркениетті қоғам мен құқықтық мемлекеттің, нарықтық экономика кезеңінің қалыптасуы өскелең ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениеттілігін, еркін ойлау қабілетін, шығармашылық, кәсіби біліктілігі мен білімділігінің керек ететіні белгілі. Ертеңгі келер күннің бүгінгіден гөрі нұрлырақ болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән. «Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» білім беру жүйесін дамытудың негізгі факторларына білім беру парадигмасын өзгерту; оқыту, тәрбиелеу және білім беру сапасын арттыру; білім беру ұйымдарының материалдық базасын нығайту жұмыстарымен қатар, оқушылардың әлеументтенуі және олардың денсаулығын сақтау міндеттері де кіреді.

Бала мектепке келгеннен кейін оқу оның негізгі іс-әрекетіне айналады. Мектепте бала белгілі бір мерзім ішінде қабелеттілік пен икемділіктің белгілі мөлшерін меңгеріп және оларды талдауды үйренеді. Қазіргі сәтте бала өзіне қызық емес, бірақ болашаққа маңызды материалдармен оқып танысады. Жалпы білім беретін мектептердің қабылданған балалардың оқу жүйесінде айтарлықтай қиындықтарды басынан өткереді. Қиындықтардың ең алғашқы себебі – мектептік оқуға деген қызығушылығының төмендігі немесе психологиялық дайын еместігі. 

Осыған қоса мектепте оқудың бастауы тек өмірдің жаңа шарттары ғана емес, сонымен қатар жаңа байланыстар, қарым-қатынас және жаңа міндеттер. Осыған орай бала өмірі өзгереді: бәрі оқуға, мектеп іс-шараларына бағынышты болады. Бұл өте маңызды кезең.  Мектеп алғашқы күннен бастап оларға интеллектуалдық және физикалық күшті қажет ететін тапсырмалар береді.

Балаларды мектепке дейінгі дайындыққа кеткен уақыт пен күшке қарамастан, бастапқы оқу кезеңінде барлық балалар белгілі бірнеше  қиындықтарды басынан кешіреді.   Бұл балалардың мектепке бейімделу кезеңі. Балалардың мектепке бейімделу кезеңі мектепке дейінгі және мектептегі өтпелі кезеңді айтуға болады. Бала «Мектеп» деп аталатын жаңа әлеуметтік ортада үлкендер тарапынан айтылатын көптеген талап – тілектерді орындау және мектептің ішкі ережесіне бағынуы, 45 минуттық сынып – сабақ жүйесіне бейімделуі қажет.

Л.И.Божович көрсеткендей, мектепке дейінгі балалық шақтан мектептік кезеңге өту оның өмір сүру салтының түбірімен өзгеруімен сипатталады [2]. Оқушы жағдайы жеке басының ерекше бағыттылығын тудыратынын атап өту керек. Ол үшін, оқу – білімді меңгеретін жай әрекет немесе өзін болашаққа дайындау тәсілі ғана емес, ол баланың саналы түрде сезінетін өзіндік еңбек міндеті және айналасындағылардың күнделікті өміріне қатысуы болып табылады.

Мектепке оқуға қабылданар  баланы мектептік болмысқа ендіру, толққанды оқу әрекетін қалыптастыру - өтпелі кезеңге тән психикалық дамудың барлық жиынтықтарымен тығыз байланысты. Олар оқу – тәрбие үрдісін осы жастың психологиялық ерекшеліктерімен қатаң сәйкестікте жүргізуді қажет етеді. Сондай – ақ мектепке дейінгі шақтан  оқушылық өмірге өту кезеңін зерттеу мәселесі мектептегі оқу – тәрбие міндеттерін нақтылауға мүмкіндік береді. Бұл істің түпкі мақсаты баланың мектептегі оқуына берік тұрғыда қамтамасыз ету. Ол мұғалім талаптары мен мектеп ережесін орындауға баланың ерік күшін бағындыра алу іскерлігінен көрінеді. 

 Бастауыш сынып оқушыларының мектепте оқуға қызығушылығы мен бейімделу ерекшеліктеріне арналған   зерттеулері Коломинский Я.Л., Панько Е.А., Чуткина Г.М.,  Венгер Л.А., Мухина В.С. және баланың мектепке психологиялық даярлығы мен мектепке баруы туралы отандық ғалымдар  Баймұратова Б.,  Қойбағаров.,  Қ.Сейсенбаевтың еңбектері маңызды орын алады.

Алты жасар баланың мектепке баруы оның  өмірінде ерекше оқиға болып табылады. Мектепке дейінгі кезеңнен мектеп жасына өтуі баланың іс-әрекетінде, басқ адамдармен қарым-қатынасында ерекше өзгерістермен байланысты. Кіші мектеп жасындағы баланың ең негізгі іс-әрекеті оқу болғадықтан, баланың өмір тіршілігі өзгереді, жаңа міндеттер пайда болады, баланың қоршаған ортамен  қарым-қатынасы жаңаша қалыптасады.

Мектеп өмірі баладан эмоциялық тұрақтылықты талап етеді.  Оқушылар арасында келіспеушіліктер, реніштер және конфликтік жағдайлар жиі кездеседі. Әсіресе ерке балалар мұғалімнің ескертулерін ауыр қабылдайды, яғни мектепке барудан бас тартады, жылайды және т.б. әрекеттер арқылы көрінеді. Баланың өз бетімен шешім қабылдай алатындай және еріктілікті дамытуға жағдайлар жасап және бір жұмысты аяқтамай келесі жұмысқа кірісуіне рұқсат етпей, кез-келген істі аяғына дейін жеткізуге үйрету керек.

Баланың мектептегі оқу қиындықтары бірден болмайды. Мектепте толығымен меңгеруіне бір күн немесе бір апта жеткіліксіз.Ол ең алдымен беймделуден  басталады. Бейімделу ұзақ мерзімді қажет ететін процесс. Осы тақырыпты ала отырып оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру олардың пән-қызығулар адамның рухани және дене күші дамуының аса маңызды шарттары болып табылады және оның ой-өрісін кеңейтіп, білім алуға итермелейді. Бұлар адамның іс-әрекетін жеңілдеттеді, жоғары нәтижелерге жетуге көмектеседі. Егер адам бір нәрсеге қызығатын болса, ол кез-келген іспен шұғылдану үшін зор қиыншылықтарды жеңуге дайын тұрады. Бала өміріндегі бұл мерзімнің бала өіріндегі өзгерістерінің  психологиясы мен  мінездемесі дамудың әлеуметтік жағдайы мен ішкі позициясының түсініктерімен байланыстыру қажеттігін ұсынды. 

Сонымен, балада мектеп қабырғасына аттаған күннен бастап психологиялық қайта өрлеу басталады.  Баланың қарапайым міндеттер өрісі пайда болады. Баланың үлкендермен байланысы жаңа формаға ие болады, бірлескен іс-әрекет ересек адамның нұсқауларын дербес орындаумен алмасады.

Бастауыш сынып оқушыларының мектепте кездесетін қиындық түрлерінің психологиялық ерекшеліктерін анықтау. Бастауыш сынып оқыушыларымен  жүргізілген  психодиагностикалық жұмыстың негізгі мақсаты төмендегідей міндеттерді шешуге бағытталды:

-        Бастауыш сынып оқушыларының мектепте оқуға мотивациялық қызығушылығының деңгейін анықтау;

-        Оқу әрекеті барысында қиындыққа кедескен оқушылар тобын саралау, олардың себептері мен мінез-құлқын анықтау;

-        Оқу барасында қиындық туғызған жағдайларды шешуге, психологиялық көмек көрсетуге арналған жолдарын анықтау.

           Баланың мектептегі психологиялық жағдай туралы тек баланың өзінен алған ақпараттар ғана емес жалпы жеке карталары, мұғалімдер және ата-аналардан алынған сауалнамалар арқылы мәліметті толықтырдық. Құжаттарға жасалынған талдау оқушының педагогикалық жетістігін көрсетсе (бағалары), оқушылардың күнделікті жұмыс дәптерлері олардың қосымша танымдық ерекшеліктерін анықтауға негіз болды. Оқушылардың дәптерлерін зейін қойып тексеруден біз олардың оқуға және жекелеген пәндерге деген қызығушылығын, ерекше қабілеттерін байқадық (ұқыптылық, қызығушылық, жауаупкершілік, ерекше қабілеттілігін). 

  Диагоностикалық жұмыстың негізгі үш бағытта ұйымдастырылды: оқышыларды тексеру, ата-аналар мен мұғалімдерден сауалнама алу. Осы үш бағыттағы жүргізілген жұмыстар біруақытта қамтылды. Ол үшін «Маған мектепте не ұнайды» тақырыбында сурет салу,    «Баланың мектептегі оқуға қатынасы» әдістеме мен «Оқу мотивациясын анықтауға бағытталған сауалнама» жүргізілді. Диагностикалық анықтау жұмысынан кейін олардың оқу әрекетінде кездесетін қиындықты алдын алу  және түзету жолдарына бағытталған психологиялық жаттығулар мен ойындар ұйымдастырылды. 

Түзету-дамытуға арналған ойындар, жаттығулар және әдістемелер сабақтың соңында, тәрбие сағаттарында және қажетті жағдайда кейбір оқушылармен жеке жүргізілді. Ұйымдастырылған түзету-дамыту жұмыстары бастауыш сынып оқушысының танымдық белсенділігін, оқуға деген мотивациясын, мектепке деген қызығушылығын, құрдастарына деген сенімділігін арттыруға және тб. тұлғалық қасиеттерін дамытуға бағытталды.

Бастауыш сынып оқушыларымен дамытушы психологиялық жұмыстың басты мақсаты – оқушыға тиімді танымдық қызмет стилін қылптастыру мен  әлеуметтік-психологиялық мүмкіндіктер құру. Сонымен қоса қызметті дамытатуға керек  қосымша  субъект қасиеттерін құру.  Біздің көзқарасымыз бойынша балалардың өзіні қойған мақсаттарына жету үшін әлеуметтік-психологиялық мүмкіндіктер құру маңызды. Олар:

1.   Балаларға керек ынтаны қалыптастыру (Бұл маған не үшін керек, әрі не береді?)

2.   Осы деңгейде балалар өзін-өзі тексеруге және өздік рефлексияға дағдылануы керек. («Мен қандаймын?»)

3.   Оқушыларға өзі-өзінің танымдық субъект ретіндегі  мықты жақтырын тексеруге мүмкіндік беру. Оларға сабақ барысында сүйенуге үйрету.(Мен нені жақсы істей аламын және осыны сабақта қалай қолданамын?)

4.   Балаларға олардың әлсіз жақтарын түсінуге мүмкіндік беру және осы жақтарды қалай дамытуға болатының көрсету, оларға бейімделуді үйрету (Не маған қиындықпен беріледі және өзімнің әлсіз жақтарыма қалай қарауым керек?)

Бұл мүмкіндіктерге жету үшін ұзақ мақсатты ұйымдасқан жұмыс керек. Алайда белгіленген мәселе тек жалаң сабақтармен шектелмейді. Оны шешу үшін психологтардың, педагогтардың, ата-аналардың толық жүйеленген қадамдары жасалуы керек. Бұл жүйеде келесі жұмыстың негізгі бағыттары байқалады:

1.   Жоғарыда көрсетілген талаптар орындалатын, дамытатын айналма сабақтар болуы керек.

2.   Педагогтарды әрбір баланың жетістігімен, жұмыстың нәтижелерімен таныстыру. Осы ақпаратпен таныс педагогтардың мақсаты – балалар игерген қасиеттерді үйдегі жүйеде  қолдануды үйрету.

3.   Ата-аналарды көрсетліген нәтижелермен таныстыру. Олардың мақсаты – жаңа дағдылар мен икемділікті үйдік қарым-қатынас  жүйесіне көшіру. Осыларды сабаққа дайындалу кезінде, басқа  іс-әрекеттерде қолдану. (музыка мектебіне, спортта және басқа үйірмелерде)

Қорытындылай келе,   әр балаға жеке тұлға ретінде қарап, өзіне тән санасы, еркі, өзіндік әрекет жасай алатын ортасы бар екенін ескере отырып, оқушының білімге, ғылымға деген ынтасын арттыру, олардың ақыл-ой қабілетін,   дүниетанымын, өмірлік мақсат-мүддесін айқындауға, жеке басының қасиеттерін дамытып, оны қоғам талабына сай іске асыруға көмектесу  үздіксіз оқу-тәрбие процесі мен үлкендердің қолдауының ғана жемісі болып табылатындығында.

 Қолданылған әдебиеттер

1.    Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. - // Егемен Қазақстан, 14–желтоқсан,  2010

2.    Битянова М.Р. Адаптация ребенка в школе: диагностика, коррекция, педагогическая поддержка. – М.: Педагогический поиск, 1987.

3. Көмекбаева Л.К. Білім беру ұйымдарындағы психологиялық           қызметті ұйымдастыру. – А., 2002.

4. Стыбаева А.Ш. Первичная психологическая адаптация детей 6-7 лет к              условиям школы.-Тараз.,2003. 

5.Тоқсанбаева Н.Қ. Танымдық іс-әрекетке кіріспе. .- А.: Қазақ университеті, 2007