Ежелден келе жатқан қолөнер бұйымдарға жаңа әуен беру

 

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, «ЖӨБТК және дизайн» кафедрасы,

Тараз қаласы.

 

     Аға оқытушы, магистр – Иманбекова Калдыбике Көбейевна

 

Қолөнер – ежелден келе жатқан кәсіп. Ол халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге дамып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Өнер туындыларының иесін шебер деп атаған. Қолөнер шеберлері табиғаттың әсем көріністерін қолөнер бұйымдарында жиі қолданған. Қолөнер дүние жүзінің әр халқында бар. Сонымен қатар әр елдің, әр халықтың тарихи дамуына, тұрмысына, тарихи ерекшелігіне және эстетикалық талғамына байланысты өзіндік ерекшелігімен өшпес із қалдырып келеді. Қазіргі кезде қолөнер элементтерін үй интерьерінде, киім сәндеу кезінде, бас киімді әшекейлегенде көп қолданып жүр.

Қазақ қолөнерінде пайдаланылған негізгі шикізат түрі - жүн. Оның табиғаттық қасиетіне зер салып, тиімділігі мен күнделікті тұрмыста қолайлы жақтарын қарастыра отырып, әдемілік жағына да көңіл бөлінді. Бүгінге дейін дәстүрлі қолөнер түрі – киіз басу. Бұл көне заманнан бері әйгілі. Бұрын киізді қара немесе ақ түсті етіп басқан, соңғы кезде оюлап басу кеңінен тарап кетті.

Жүн– қой, ешкі, түйе және т.б. жануарлардың түгі, жеңіл өнеркәсіптің құнды шикізаты. Жүн талшықтары жылуды аз өткізеді, ылғал тартқыш және берік болады. Ол жіп иіру, мата тоқу, киіз басу, әр түрлі тоқыма бұйымдар жасау үшін пайдаланылады. Қой, ешкі және түйе жүні құнды шикізат болып есептеледі. Дүние жүзінде қой жүні көп өндіріледі.

Біздің халқымыз ісмерлікке, қолдан іс жасауға шебер халық. Ал кесте салу, киіз басу, жүн түтіп, иіру күнделікті тірлік болған. Бүгінге дейін бояу қосылып, ою-өрнек салынған тұрмыстық текемет, киіз әрбір отбасының орынды мақтанышы болып қалуда. Киіз – жүн және түкті тері қалдықтарын илеу арқылы немесе минералды мақтаға тұтқыр материал қосып, жылумен өңдеп, қалыптау тәсілімен жасалған аралық төсем, тығыздау арқылы дыбыс пен жылуды оқшаулау үшін пайдаланылатын зат. Бұл киіз өңдеудің қазақша әдіс-тәсілі. Алайда тіпті біздің шеберлерімізге де беймәлім киіз өңдеу технологиялары бар екен. Дүние жүзінде киізді пайдаланған қазақ қана емес, сонымен қатар қысы мен жазы, малы мен қарасы бар халықтардың барлығы суықтан қорғану мақсатында бір түтім жүнді де далаға тастамай, ең аяғы аяққап жасап отырған. Финляндия, Америка, Австралия, Жаңа Зеландия, Жапония, Үндістан, Непал, Корея, Ұлыбритания елдерінде жүннен киіз жасап, оған түрлі пішін беру арқылы үй жиһаздарын дүниеге әкелген. Бірақ әр елде киізді әр түрлі сапада, әр түрлі әдіспен өңдеп, тұрмыста кеңінен қолданған. Олай болса, киіз әлем халықтарының ортақ табысы екені анық.  Әлем білетін жүннен жасалған бұйымдар қатарына интерьерге ерекше сән беретін бұйым жасауға болады. Бұл бұйымның басқалардан ерекшелігі  шынайы өмірдегі жемістер бейнесі. Табиғи және боялған жүнді пайдалана отырып алма жасауға кірісеміз, оған керекті  бұйымдар: гупка, арнайы ине,  жүн.  Жүн арнайы тазартудан өткен, түтілген  меранос қойының жүні болуы керек. Себебі меранос қойының жүні биязы, көнгіш, жұмыс жасағанға ыңғайлы жұмсақ болып келеді. Ең әуелі ойдағы композицияны айқындап қағаз бетіне  түсіреміз, сосын керекті мөлшерде жүнді алып арнайы инемен бір-біріне сіңіріп дөңгелек алма пішінін жасаймыз. Жүнді сіңіру кезеңі, инені жүнге қайта-қайта сұққылау арқылы жүргізіледі.  Алма бейнесіне ұқсату үшін боялған жүнді арнаулы инемен сіңіреміз. Керекті мөлшерде жүнді аламыз. Оны гупканың үстіне қойып  ине арқылы біріктіреміз. Жүнге инені  тыққылау арқылы біріктіреміз.

Көз алдарыңыздағы көркем көріністер жүнді пайдаланудың заманауи үлгісі, жоғарыдағы әдіспен сан алуан композициялық суреттер жасау – қазақ колөнерінің тың тынысын ашуға жасалған қадам. Бұндай заттармен интеръерге ерекше сән бере аламыз және жақын адамдарымызға сыйға тартып оларға қуаныш сыйлаймыз. Алма жасау әдістемесі  арқылы көптеген басқа да сувенир, аксессуар, ойыншықтар жасауға болады.

Әдебиеттер:

1        Кенжеахметұлы С. «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті» Алматы «Алматыкітап» 2006.

2        Д. Шоқпарұлы, Д. Дәркембайұлы «Қазақтың қолданбалы өнері». «Алматыкітап» 2007.