Қазақтың ісмер, шебер
әйелдері құрақ көрпеден құрақ
кеудешеге дейін, құрақ бөстектен
құрақ ойыншыққа дейін жасап, керемет
нәрселердің де қарапайым тәсілмен-ақ өмірге
келетінін ежелден-ақ қалың жұртқа паш етіп
келеді. Зердесінде зейіні бар адамдардың қай-қайсы да
құрақтан жасалған заттарға ойлы көзбен
назар аударса, сан алуан сәнді түстердің бір-бірімен жарасым
тауып, әдемілік әлемін сыйға тартып тұрғанын
айқын аңғара алады.
Ол арқылы халқымыздың құнарлы дүниетанымын,
эстетикалық талап-талғамын, сұлулықты
аңсаған іңкәр сезімін айтқызбай-ақ
танисың.
Басты-басты бұйымдары көрпе,
тұскиіз, кеудеше, жастық, түрлі ойыншықтар болып
келетін құрақ құрау қазақ дәстүрінде қыз балалар
кішкентайынан біліп, үйренуге тиісті қолөнер түрі. Ол
қыздарды төзімділікке, үнемділікке, шеберлікке, бояуларды
ажыратып, олардың бір-бірімен үйлесімділік табуын түсініп,
тануға шыңдайды, тазалыққа, әсемдікке
үндейді, жан-дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді.
Құрақ негізінен, түрлі-түсті маталардан
құралады. Құрақ құрауда
қойылатын басты шарт: онымен айналысатын адамның бойында
өнерді түсінетін қасиет, ұшқыр қиял,
бояулардың сырын білетін таным болуға тиіс. Құрақ
құрау үшін ең алдымен, қажетті материалдар
таңдап алынып, олар түрі, түсі, матасына қарай
сұрыпталады. Яғни, маталардың барқыт, жібек, сиса,
сәтен кесінділері жеке-жеке бөліп алынады. Содан кейін ісмер
әйел не бірыңғай барқыттан, немесе бірыңғай
жібектен құрақ құрауға кіріседі. Бұл
істі бастамас бұрын әрбір түстің бір-біріне
сәйкес келуіне, бірін-бірі ашып тұруына айрықша
көңіл бөлінеді. Құрақ
құрау қалдық
қалдырмау. Ертеде қазақ даласында қымбат маталар тапшы
болғандықтан, киім кешек тігушілер қалған
маталардың қиықтарын бір кәдеге жаратуға тырысып,
олардан әртүрлі бұйымдар жасаған. Сөйтіп,
құрақ құрау өнері дүниеге келген.
Қазір ұлттық
салт-дәстүріміз қайтадан жаңғырып,
өмірімізге тереңдеп енгендіктен, қазақтың
құрақ құрау өнері де қайтадан дамып
отыр. Ауылда да, қалада да көптеген қазақ
отбасыларының төрінен қайтадан құрақ көрпелер,
құрақ тұскиіздер орын ала бастады. Қыз
ұзату, келін түсіру тойларында құдағилар
бір-біріне құрақтан әдемі ою-өрнек салынған
әсем қоржындармен сый-сияпат апаратын болды.
Бір ғажабы, қазіргі
құрақтардың өздерінен-ақ ондағы
тікше, шаршы құрақтарда небір бояу алмасуларының
үйлесімді жасалғанын, осы құрақ бояуларының
алмасуының, қиюластырылуының келесі
құрақтарда қайталанбайтынын
аңғарасың. Көгілдір аспан астындағы жасыл
жайлауда ақ шаңқан киіз үйлерді тігіп, қызыл,
сары, ақ қызғалдақтар жайқалған,
жусанының иісі мұрын жарған дархан далада мал жайып,
күміс көлдерде шомылып, құстардың үнін
естіген қазақ халқы соның бәрін ою-өрнектер,
құрақтар арқылы-ақ қандай шебер жеткізе
білген десеңші. Әр үйде құрақтан
жасалған бұйымдардың болуы – отбасының
ұлтжандылығын ғана танытып қоймайды. Бұл
қазақ қолөнерінің ежелгі түрінің
қайтадан жаңғырып, қазіргі заманмен жарасым тауып
отырғанын көрсетеді. Және де құрақтан
жасалған бұйымдардың көбеюі шетелдіктерге біздің
еліміздің қолөнерінің қаншалықты
дамығанын паш етіп, қазақты әлем халықтарына
кеңінен танытуға жарқын жол ашып отыр.
Әдебиеттер:
1. Шаңырақ энциклопедиясы, 145 бет
2. «Шебердің сиқырлы қалашығы» Шымкент баспасы, 2000 ж
3. Кенжеахметұлы С.
«Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті»
Алматы «Алматыкітап» 2006.