Темирова Сулу Джумабаевна

 

 КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ

 БАҒДАРЛАМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫ

 

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, «Менеджмент» кафедрасының аға оқытушы, менеджмент магистрі

 

Шағын және орта бизнес кәсіпорындарының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін олардың экономикалық ортасын жақсартуға арналған көптеген нақты іс-шараларды қарастыратын, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және дамыту тұжырымдамасы жасалды (сурет 1). Өйткені кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін тұжырымдамалы түрде шешу шағын және орта бизнес саласына бағытталған индустриялдық-инновациялық саясатты өңдеп жүзеге асыруда жіберілетін кейбір қателіктердің алдын алуға және жұмыс қарқынын үдетуге көмектеседі. Сондай-ақ, кәсіпкерлік қызметті дамыту жөніндегі іс-шаралар да орта мерзімге арналған нақты даму бағыттарын айқындай түседі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Сурет 1. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және дамыту бағдарламасын жүзеге асыру тұжырымындағы өзара қарым-қатынастағы жүйелі іс-әрекеттер

Ескерту: автор құрастырған.

 

Тұжырымдаманың мақсаты кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және дамыту стратегиялары мен оларды жүзеге асырудың нақты механизмдерін өңдеу болып табылады.

Осы мақсатқа жету үшін төмендегідей басты міндеттерді шешу қажет:

• құқықтық  ресурстармен қамсыздандыру;

• өндірістік ресурстармен қамсыздандыру;

• нарықтық инфрақұрылымдар институттарын дамыту;

• кәсіпкерлердің сыртқы экономикалық қызметін мемлекеттік қолдау және ынталандыру;

• кәсіпкерлік қызмет құрылымдарында жұмыс істейтін мамандарды дайындау;

Үкіметтің кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі саясаты жеке сектордың экономикадағы өсу қарқынын жеделдетуге қолайлы жағдай жасауға және оның нарыққа кіруін жеңілдетуге бағытталуы тиіс. Сондықтан да кәсіпкерлік құрылымдарының өкілдерімен бірге пайдаланылмаған өндірістік ғимараттар мен құрал-жабдықтарды, жер телімдері мен алаңдарды, аяқталмаған құрылыс объектілерін шағын және орта бизнес кәсіпорындарына беру мақсатында санақтан, яғни инвентаризациядан өткізу керек.

Кәсіпкерлікті қаржылық қолдау ісінің маңызды шарты инвестициялар болып табылады. Жеке кәсіпкерлік қоғамдағы табиғи, адамдық және ұйымдық ресурстарды біріктіре отырып, инвестициялардың барынша тиімді қолданылуын қамтамасыз етеді. Сол себептен шағын және ірі бизнес арасындағы ынтымақтастық жүйесін, яғни франчайзингті қалыптастыру мақсатына бағытталған мемлекеттік қаржыларды көбейту аса маңызды.

Шағын және орта бизнеске шетелдік компанияларды және жеке кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі халықаралық ұйымдар мен қорлардың қаржыларын тарту үрдістерін күшейту қажет.

Республикамызда шағын және орта бизнестің басты салаларын жалпы дамыту мен қолдау және банк несиелерін алу үрдістерін жеңілдету мақсатында маманданған мемлекеттік акционерлік банкілерді құру аса маңызды.

Қазіргі жағдайда көптеген кәсіпкерлер шағын және орта кәсіпорындар қызметіне қажетті құрал-жабдықтар мен қозғалмайтын мүліктерді тез арада сатып алу үшін жеткілікті қаржыға ие емес. Сол себептен өндірісті ұйымдастыру барысында лизингтік фирмалар мен компаниялар аукциондар мен инвестициялық саудаларды жүргізетін орталықтарда қызмет көрсете отырып, маңыздылығын арттыру тиіс. Сондай-ақ, кәсіпкерлік қызметті тиімді ұйымдастыру және жүргізу үшін консалтингтік, маркетингтік, инвестициялық, құқықтық және тағы басқа маманданған фирмалар мен компаниялардың қызмет көрсетуі керек. Қазақстанда аса қажетті болып табылатын осы саланың дамымағандығы салдарынан аталмыш қызметтерді ұсынатын шетелдік компаниялар мен фирмалардың бөлімшелерін ашуға мүмкіндік жасау қажет.

Осыған байланысты төмендегідей шараларды атқару ұсынылады:

шағын және орта кәсіпорындарға шетелдік серіктестерімен іскерлік
байланыстарды орнатып, ортақтаса бизнес жүргізуіне және лизингтік
компаниялардың қатысуымен шетелдік технологиялар мен құрал-жабдықтарды (ноу-хау) кешенді түрде жабдықтау жұмыстарын ұйымдастыруына қолдау көрсету, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлік субъектісіне сыртқы сауда қызметін дербес жүргізу құқығын беру;

шағын және орта бизнесті дамытудың басты бағыттары бойынша
техникалық-экономикалық негіздермен қамтамасыз етілген инвестициялық
жобаларға жеңілдетілген шетелдік несие беру жолдарын қарастыру;

• экспорттық тауарларды өндіретін кәсіпорындарды ынталандыру
шараларын атқару және импорттық, экспорттық өнімдерді шығаруға
лицензия бере отырып, кәсіпкерлік құрылымдарға жеңілдік жасау;

• ішкі нарыққа бағытталған өндірістерді мемлекеттік несиемен көптеп
қамтамасыз ету және жеңілдетілген салық жүйесін қолдану;

• шетелдік инвестициялар туралы заңдарда шағын және орта бизнестегі шетелдік инвестицияларды сақтандыру ерекшеліктері жөнінде қосымша тәртіпті орнату.

Үкіметтің жүргізіп отырған әлеуметтік-экономикалық саясаттарының құрамдас бөлігі ретіндегі кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға бағытталған концептуалды әдістерді өңдеу және осының негізінде біртұтас мемлекеттік қолдау механизмдерін жасау барысында басқару аппараты органдарының қазіргі құрылымын жақсарту, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының мәжілісі мен сенатында шағын және орта бизнесті қолдау мәселелерін қарайтын, әрі тұрақты жұмыс істейтін комиссияны (комитет) құру көзделуде.

Көзделген мақсаттар мен міндеттерді тиімді орындау және түрлі мемлекеттік және жеке құрылымдардың өзара әрекеттестігін күшейту үшін Қазақстан Республикасының Президенттік аппараты жанынан кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жөніндегі мемлекеттік комиссияны құру қажет.

 

Әдебиеттер тізімі:

1.           Баженов Г. «Организационно-правовые основы малого бизнеса», учебное пособие 2004г.

2.           К.Окаев, Н.Смагулов, О.Яновская «Предпринимательство в РК» Алматы Экономика - 1999г.

3.           С.Климкин «Правовые основы предпринимательства в РК» Алматы

4.           М.Кенжегузин «Рыночная экономика Казахстана: Проблемы и  становления и развития» 2001г.