Маулина Нұргүл Хасанқызы

экономика ғылымдарының кандидаты

 Ақтау қаласы, Ш.Есенов атындағы  КМТжИУ , Экономика және құқық Институты

ҚР Салық жүйесінде салықтық бақылауды ұйымдастыру

 

 Салықтық бақылау - салық қызметi органдарының салық заңдарының орындалуын, жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналарының және Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдардың толық және уақтылы аударылуын бақылауы.

Салық бақылауы мынадай нысандар арқылы жүзеге асырылады: салық төлеушiлердi тiркеу есебi; салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердi есепке алу; бюджетке түсiмдердi есепке алу; қосылған құн салығын төлеушiлердi есепке алу; салық тексерiстерi; камералдық бақылау; салық төлеушiлердiң қаржы-шаруашылық қызметi мониторингi; фискальдық жады бар бақылау-касса машиналарын қолдану ережелерi; акцизделетiн тауарлардың кейбiр түрлерiн таңбалау және акциздiк постыларды белгiлеу; мемлекет меншiгiне айналдырылған мүлiктi есепке алу, бағалау және сату тәртiбiн сақтауды, сондай-ақ мемлекет меншiгiне айналдырылған мүлiктiң толық және уақтылы берiлуiн тексеру; уәкiлеттi органдарға бақылау жасау нысандарында жүзеге асырылады.

ҚР-ның салық заңнамасы салық бақылауын жүргiзетiн өкiлеттi мемлекеттк органдардың екi түрiн түрiн көрсетедi:

1)     салықтық қызмет органдары

2)     ҚР-ның кедендiк шекарасы арқылы тауарларды өткiзумен байланысты болатын салықтық мiндеттемелердiң орындалуын бақылайтын кедендiк органдар.

Кеден органдары өз құзыретi шегiнде ҚР-ның кеден шекарасы арқылы тауарлардың өтуiмен байланысты төленуге тиiс салықты және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi алу жөнiндегi салық бақылауын Салық Кодексіне және ҚР-ның кеден заңдарына сәйкес жүзеге асырады.

Салықтық бақылау күрделi ұйымдастырушылық жүйенi көресетедi және келесi элементтерден тұрады:

а) бақылау субъектiсi;

б) тексерiлетiн субъект;

в) бақылау объектiсi;

г) бақылау пәнi;

д) бақылау мақсаты;

е) бақылауды жүзеге асырудың әдiстерi.

Салық бақылауының аталған элементтерiнiң мазмұны келесi сұрақтардың жауаптары арқылы ашуға болады:

ü            ”кiм тексердi” – деген сұраққа жауап – салықтық бақылаудың субъектiсiн көрсету.

ü            “кiмдi тексередi”- деген сұраққа жауап – тексерiлетiн субъектiнi көрсету.

ü            “не тексерiледi”- деген сұраққа жауап – салықтық бақылаудың  объектiсiн көрсету.

ü            “тексерiлетiн субъект қызметiнiң қандай бағыты зерттеледi”- деген сұраққа жауап – салықтық бақылаудың пәнiн көрсету.

ü            “не үшiн тексерiледi”- деген сұраққа жауап – салықтық бақылаудың мақсатын көрсетедi.

Бақылау жасау уақытына байланысты салықтық бақылау алдын-ала, ағымдағы және кейінгі бақылау деген үш формаға бөлінеді.

Алдын-ала бақылау тексерілетін операциялардан бұрын жүріледі. Ол жоспарлау сатысында салық заңдылықтарының бұзылуын көрсетуге мүмкіндік береді. Алдын-ала балықау жасау жүргізудің негізгі әдісі – камералдық тексеріс. Ағымдағы бақылауды оперативтік бақылау деп атайды. Салық инспекциясы бөлімшелері кәсіпорындар мен жеке тұлғалар қаржылық – шаруашылық қызметті жүзеге асырған кезде, бюджет алдындағы міндеттемелерін орындаған кезде салық тәртібін бұзбас үшін ағымдағы бақылауды күн сайын жүргізеді. Бақылаудың бұл формасында қадағлау, зерттеу және талдау амалдарын қолдана отырып, экспресс-тексеру әдісін қолданады. 

Кейінгі бақылауда ұйым мен жеке тұлғалардың өткен кезеңдегі қаржылық-шаруашылық қызметінде қолданыстағы заңдылықта қарастырылған салық және басқадай міндетті төлемдерді есептеудің дұрыстығы, толықтығы және уақытында түсуі қарастырылады. Кейінгі бақылау қаржылық-шаруашылық қызметтің барлық жағын қарастыратын терең зерттеу болып табылады. Онда алдын-ала және ағымдағы бақылаудың кемшіліктері ашылады. Бақылаудың бұл түрінде қадағалау, орнында (кәсіпорында, мекемеде және ұйымда) зерттеу және талдау сияқты әдістер қолданылады.

Салық төлеушінің тіркеу нөмірі туралы; жеке тұлғаларды қоспағанда, салық төлеуші (салық агенті) салық кезеңінде бюджетке төлеген салықтар және басқа да міндетті төлемдер туралы; салық төлеушіге салық жылында бюджеттен нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналым бойынша қосылған құн салығының қайтарылатын сомалары туралы; салықтық құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасаған тұлғаларды заң бойынша қудалау мақсатында құқық қорғау органдарына; салық төлеушінің салық міндеттемелерін айқындау туралы істерді және салықтық құқық бұзушылықтар мен қылмыстар үшін жауапкершілікті қарау барысында соттарға; мемлекеттік бюджеттің болжамды көрсеткішін қалыптастыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға берілетін; ҚР тараптардың бірі болып табылатын салық немесе құқық қорғау органдары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарға (келісімдерге), сондай-ақ ҚР халықаралық ұйымдармен жасасқан шарттарға сәйкес басқа мемлекеттердің салық және құқық қорғау органдарына, халықаралық ұйымдарға берілетін мәліметтерді қоспағанда, салық қызметі органы салық төлеуші туралы алған кез келген мәліметтер салық құпиясы болып табылады.

Салық төлеушіге қатысты ақпаратты салық төлеушінің жазбаша рұқсатынсыз басқа тұлғаға беруге болмайды.

Салық Кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, салық қызметі органдары, олардың лауазымды тұлғалары, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттің болжамды көрсеткіштерін қалыптастыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды тұлғалары салық құпиясын жария етпеуге тиіс. Мемлекеттік бюджеттің болжамды көрсеткіштерін қалыптастыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган салық құпиясын құрайтын мәліметтерге қол жеткізе алатын лауазымды тұлғалардың тізбесін бекітеді.

Салық қызметінің және мемлекеттік бюджеттің болжамды көрсеткіштерін қалыптастыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды тұлғалары аталған органдарда жұмыс істеген кезеңде де, сондай-ақ өзі қызметтен босағаннан кейін де салық құпиясы болып табылатын деректерді жария етуге құқылы емес.

Салық төлеушiлердi мемлекеттiк тiркеу дегеніміз салық төлеушi туралы мәлiметтердi ҚР Салық төлеушiлерінiң мемлекеттік тiзiлiмiне енгiзу. Салық төлеушілерді тіркеу негізінде тіркеу есебі жасалады және салық төлеушіге куәлік беріледі. Тiркеу есебi - салық төлеушiнi салық органында есепке қою, соның нәтижесiнде салық төлеушiнiң тіркеу деректері, оның ішінде салық төлеушінің тұрған жерi, оған салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердiң тиесiлілiгi; салық төлеушiнiң тіркеу деректерінің ағымдағы өзгерiстерін тіркеу; есептен шығару белгіленеді. Салық төлеушінің тіркеу деректері салық төлеушіні мемлекеттік тіркеу (тіркеу есебіне алу) кезінде оның салық органына берген мәліметтері. Салық төлеушiнiң куәлiгi - қатаң есептiлiк бланкiсi болып табылатын және салық төлеушiге оны ҚР Салық төлеушілерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде тiркеу кезiнде тiркеу нөмiрi берiлгенi туралы құжат. Салық төлеушiнiң куәлiк нысанын уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi. Салық төлеушіні мемлекеттік тіркеу тіркеу есебіне алу тіркеу туралы (мемлекеттік тіркеу туралы, тіркеу есебіне қою туралы, тіркеу деректерінің өзгеруі туралы) өтініш, есептен шығару туралы өтініш негізінде жүргізіледі. Олар уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша жасалады және оларға қол қойылып,  куәландырылады және салық есептілігі үшін салық органына беріледі.

Салық төлеушiлердi - заңды тұлғаларды, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi мемлекеттiк тіркеуді статистика жөніндегi уәкiлетті орган ұсынатын хабарламалардың негiзiнде салық төлеушiнің тіркеу нөмірін бере отырып, уәкілетті мемлекеттiк орган аталған хабарламаны алған күннен бастап екі жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырады. Хабарламаның нысанын және оны статистика жөніндегі уәкiлеттi органның ұсыну тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган мен статистика жөніндегі уәкiлетті органның келiсiмi бойынша ҚР Әдiлет министрлiгi бекітедi.

Салық төлеушілерді мемлекеттік тіркеу және тіркеу есебіне алу тәртібін, сондай-ақ тіркеу және есептен шығару туралы өтініштерге қоса берілетін құжаттардың тізбесін уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді. Салық салу объектілерінің есебін жүргізу тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.

ҚР-да төмендегі аталған тұлғалар мемлекеттік салықтық тіркеуден өтуге тиіс:

1) орналасқан жері бойынша - тұрақты мекеме құру арқылы қызметiн ҚР-да жүзеге асыратын заңды тұлғалар, олардың құрылымдық бөлiмшелерi, оның iшiнде резидент еместер;

2) қызметін жүзеге асыратын жері бойынша - тұрақты мекеме құрмай қызметiн ҚР-да жүзеге асыра бастаған күннен бастап отыз жұмыс күнiнен астам кез келген он екi айлық кезеңнiң шегiнде қызметін ҚР-да жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар;

3) ҚР-ның жеке кәсiпкерлiк туралы заңдарында айқындалған уәкiлеттi тұлғаның тұрғылықты жерi бойынша бiрлескен жеке кәсiпкерлiк;

4) тұрғылықты жерi бойынша салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеушiлер болып табылатын резидент жеке тұлғалар;

5) салық салу объектiлерi орналасқан және (немесе) тiркелген жер бойынша ҚР-да салық салу объектiлерiн иеленетiн резидент еместер;

7) резидент банк орналасқан жері бойынша резидент банктерде ағымдық шоттарын ашатын резидент еместер салық төлеушiлер ретiнде мемлекеттiк тiркелуге тиiс.

Жеке тұлғалар Салық кодексінде көзделген салық мiндеттемелерi туындаған кезден бастап он жұмыс күнi iшiнде мемлекеттiк тiркеуден өту және салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiн алу үшiн салық органына өтiнiш жасауға мiндеттi. Салық төлеушiлердi, мемлекеттiк тiркеудi уәкiлеттi мемлекеттiк орган салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiн берiп және салық төлеушi салық органына мемлекеттiк тiркеу туралы өтiнiш бергеннен кейiнгi екi жұмыс күнi iшiнде оған салық төлеушiнiң куәлiгiн бере отырып жүзеге асырады.

Салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi салық төлеушi ұсынатын салық есеп-қисабы құжаттарында, сондай-ақ салық мiндеттемелерiнiң орындалуына байланысты өзге де құжаттарда көрсетiлуге тиiс. Салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi - салық төлеушi ретiнде оны мемлекеттiк тiркеу және ҚР салық төлеушiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне ол туралы мәлiметтердi енгiзу кезiнде салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң барлық түрлерi бойынша салық төлеушiге берiлетiн бiрыңғай нөмiр.

Салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiн салық органы оның салық мiндеттемелерiне қатысты жiберiлетiн салық төлеушiнің барлық құжаттарында көрсетуге тиiс.

Салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiн беру, өзгерту және оны жарамсыз деп тану тәртiбiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган айқындайды.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1        Салықтар және бюджетке түсетін басқа да міндетті төлемдер туралы Қазақстан Республикасының кодексі, 12 маусым 2001 жыл.

2        Налоги и налогообложение – учебник под ред Юткиной Т.Ф. – М.: ЮНИТИ 2001

3        Налоги: Учебник. Под ред. д.э.н., профессора Черника Д.Г. – М.: Финансы и статистика, 2000