Еркебаев Бауыржан Хажимуханович

Ақтау қаласы, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ, «Экономика және құқық» институты

Бағалы қағаздар нарығы ресурстарды қайта бөлістіру және инвестицияларды тарту механизмі ретінде.

 

Бағалы қағаздар нарығында, бір жағынан алып қарағанда экономиканың нақты салаларында болып жатқан үдерістер көрініс тапса, ал екінші жағынан ол экономика нақты саласының жағдайын өзгертіп, оған өз әсерін тигізеді. Пайдалылығы мен тиімділігі қаржылық көрсеткіштер жиынтығында көрсетілетін қаржы нарығында қызмет етуші субъектілердің бірі болып кәсіпорындар табылады. Кеңейтілген ұлғаймалы ұдайы өндірісі мен жаңадан жабдықталуы үшін кәсіпорынға қарыз қаражаттары қажет, өйткені жеке қаражаттарды басқа жаққа аудару әсіресе бәсекелес күрес жағдайында оның қызметін нашарлатады. Кәсіпорын қосымша қаражаттарды бағалы қағаздарды шығара отырып бағалы қағаздар нарығынан да ала алады.

Бағалы қағаздар нарығындағы ақпараттарды барлық қатысушылар толықтай ала алатын болғандықтан, ол жетілген бәсекелес нарығының моделіне неғұрлым жақын болып табылады. Аталған тұжырым қаржы мәселелеріне арналған экономикалық әдебиеттерде жиі кездеседі. «Бағалы қағаздар нарығының басқа нарықтарға қарағанда жетілген бәсекелес моделіне жақынырақ келетінін атап өту керек. Ол бағаға әсер ете алмайтын қатысушылар санының көптігімен, ақпараттарды таратудың арнайы механизмдерімен, біркелкі өнімдерімен, жедел байланыспен және мәміле жасауға кететін шығындардың төменділігмен сипатталады».

Мұндай нарықтың айрықша белгілері болып келесілер табылады:

-   стандартталған біркелкі өнімдердің болуы (бір-бірінен айырмашылығы жоқ бір эмиссиялы бағалы қағаздар);

-   дамыған ақпараттық қамсыздандыру, нарықтың барлық қатысушыларының ақпаратқа бірдей қол жеткізуі, ақпаратты таратудың жоғары жылдамдығы;

-   ішкі операцияларды жүргізудің арнайы ережесінің және олардың сақталуын бақылау жүйесінің болуы;

-   нарық қатысушыларының саны айтарлықтай көп болғандықтан, олардың біреуі де нарықтық бағаның қозғалысына әсер ете алмайды;

-   әрбір сауда алаңында сауданы орталықтандырылған түрде жүргізілуі;

-   мәмілелер жасау және бағалы қағаздарды тасымалдау шығындарының айтарлықтай төменділігі.

Экономикалық субъектілердің қызметтері қаржылық есеп берулерде және бағалы қағаздар нарығындағы қағаздардың бағаларында көрініс тапқаннан кейін жүйеге қатысушылар қаражаттарды инвестициялау және қайта бөлістіру бойынша шешім қабылдайды. Олардың қандай қызметті таңдауы және қайсысының болашағы бар, қайсысының болашағы жоқ екендігі туралы шешімдері мен ойлары қаржылық ағымдар бағытында көрініс табады. Бұл үдеріс кәсіпорынның ішіндегідей сала ішінде де, жалпы экономика ішінде де және ұлттық экономикалар арасында да болып жатады. Капитал ең көп қайтарым  әкелетін жерге ауысады. Осылайша, неғұрлым тиімді кәсіпорындар ресурстарды тартуда артықшылыққа ие болады және өздеріне айтарлықтай тиімді қызмет жасау жағдайын қамтамасыз етеді. Тиімсіз кәсіпорындар  нәтижесінде қиын жағдайда қалады, оларға өсіп келе жатқан бәсекелестермен қарсылас болу қиынырақ және олар не өз қызметтерін тоқтатады, не жойылу объектісіне айналады. Мұндай қаражаттарды қайта бөлістіру өндірістік қызметке әсер етеді, экономикадағы арақатынасты өзгертеді, өнімнің жаңа түрлерін шығаруды тудырады, өндіріс көлемін өзгертеді. Мысалы, бағалы қағаздар бағамының бірден төмендеуі кәсіпорынның бағалы қағаздар құрамында активтер немесе пассивтер мөлшерінің құнсыздануын тудырады, өндірістің құлдырауын ынталандырады және т.б. Бағалы қағаздар нарығындағы жоғарылау компанияларға қосымша акция шығара отырып инвестициялық капиталды тартуға қосымша мүмкіндік тудырады. Нақты салада болып жатқан өзгерістер қаржы нарығында көрініс табады және цикл қайталанады.

Экономикалық өсудің серпініне тікелей әсер ететін факторлар қатарында шешуші орынға инвестициялар ие. «Иневстициялар – пайда алу мақсатында ұлттық және халықаралық деңгейде де экономиканың әртүрлі салаларына жеке немесе мемлекеттік капиталды ұзақ уақытқа салу». И.А. Бланк те инвестицияға мағынасы жағынан жақын келетін анықтама береді: «Инвестициялар – ағымдағы табыс алу немесе болашақта оның құнының өсуін қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлік қызмет объектісіне ақшалай, материалдық және материалдық емес формада капитал салу». «Тарихи және логикалық тұрғыдан инвестициялық үдеріс тікелей инвестициялардан бағалы қағаздарға жасалатын инвестицияларға  біртіндеп өтуде жүйелі түрде дами бастады. Сонымен қатар, бағалы қағаздарға салынған қаражаттар соңынан нақты активтерге инвестициялануды көздеді. Сондықтан инвестицияны нақты активтерге немесе бағалы қағаздарға және өндірістік және қаржылық инвестицияларға бөлу неғұрлым кең тараған». Қаржылық инвестициялау механизмдері мен институттарының жоғары деңгейі нақты инвестициялардың өсуіне айтарлықтай әсер етеді, олар қаржылық инвестициялармен біріге отырып бәсекелес болмай, инвестицияның өзара бірін-бірі толықтыратын нысандары болып табылады. Капитал салымы тұрақты экономикалық өсудің маңызды факторларының қатарына жатады. Мысал ретінде экономикалық өсудің кең тараған Солоу-Суэн және Ромер модельдеріне сүйенуге болады. Инвестициялау процестерін талдау кезінде әртүрлі нысанда жүзеге асырылатын капитал салымын қаржыландыру шарасыз бірінші орында тұрады. Тікелей инвестициялар сәйкесінше шетел кәсіпорындары акцияларының бақылаушы пакетін сатып алу бөлігінде ғана бағалы қағаздар нарығымен байланысты болады. Қоржындық инвестициялар бағалы қағаздарды сатып алудан тұрады және бағалы қағаздар нарығымен толықтай байланысты.

Қаржы жүйесі дамуының әлемдік тәжірибесін және олардың ұлттық экономиканың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін жалпылауыш зерттеулер тиімді бағалы қағаздар нарығының дамуы пайдасына бірқатар дәлелдерді қалыптастыруға мүмкіндік берді. Жеткілікті деңгейде дамыған бағалы қағаздар нарығы ұлттық экономика шеңберінде капиталды бөлістіру тиімділігін арттыру есебінен қоғамдық өндіріс тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Бағалы қағаздар нарығының дамуы және ең алдымен акция нарығының дамуы ұлттық экономикада жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың шеңберін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бағалы қағаздар нарығының даму деңгейі дамуға қажет ресурстардың құнына тікелей әсер етеді: бағалы қағаздар нарығы неғұрлым дамыған болса, компаниялар соғұрлым арзан қаржылық ресурстарды тарта алады. Дамыған бағалы қағаздар нарығы ұлттық экономиканың дамудың сыртқы жағдайларының өзгеруіне бейімделу қабілетін күшейтеді, ол қазіргі ғаламдану жағдайында айтарлықтай өзекті мәселе болады.

Ресурстарды бөлістіру сапасын арттыруда олардың ресурстарды  неғұрлым оңтайлы пайдалануға бағыттайтын белгілері қызметін атқаратын бағалы қағаздардың екінші реттегі нарығы маңызды мәнге ие болады. Ресурстардың неғұрлым тиімді кеңістіктік бөлінісі  қосымша капиталды тудырмайды, ол қол жеткізуге болатын ресурстарды жақсы пайдалануды қамтамасыз етеді. Аталған бағыт бойынша қаржы жүйесінің экономикалық өсуге әсер етуі келесі дерекпен дәлелденеді, әртүрлі елдердегі экономикалық өсу қарқынының төмендігі немесе мүлдем жоқтығы кезінде де капиталдың қажет мөлшерінің болмауы негізгі мәселе болмаған. Мысалы, елімізде 90 – жылдары елеулі қаржылық мүмкіншіліктер болды, бірақ олар экономиканың нақты саласын инвестициялау үшін пайдаланылмаған, керісінше шетелдерге кетіп қалған. Оның себебі болып экономикадағы ресурстарды оңтайлы бөлістіру механизмдерінің дамымағандығы табылды. Бағалы қағаздар нарығының дамуы қаржы жүйесінің өтімділігін қамтамасыз ету, тәуекелділікті әртараптандыру, компания қызметі туралы хабардар болу, салымдардың шоғырландырылуы және корпоративтік бақылауды жүзеге асыру арқасында ресурстарды бөлістіру тиімділігіне әсер етеді. Экономиканың қаржылық өсуіндегі өтімді нарықтың мәнділігін Дж. Хикс 18 – ғасырда Англиядағы өнеркәсіптік революцияға ненің түрткі болғандығы туралы мәселені қарастыру кезінде атап өтті. Ол өнеркәсіптік революцияның көптеген жаңа технологиялық жаңалықтардың келуі салдарынан болмағандығын тұжырымдайды: олардың көпшілігі ол уақыттан айтарлықтай бұрын пайда болған. Хикстің айтуына қарағанда, мемлекет шеңберінде бұл ерекше жаңашылдықтарды жүзеге асыру үшін ірі көлемдегі инвестицияларды ұзақ уақыт мерзіміне жоғары өтімсіз капиталға салудың талап етілгендігі жаңалық болып табылады. Мұндай үдерісті өтімділікті қамтамасыз ететін қаржылық нарықтар болмаған жағдайда жүзеге асыру мүмкін емес еді.

Бағалы қағаздар нарығына қол жеткізу және оның ресурстары негізінде өз қызметін қаржыландыру мүмкіндігі болмаған жағдайда фирма мөлшері өте шағын болуы мүмкін. Үлкен, өтімді және тиімді бағалы қағаздар нарығы ресурстардың жұмылдырылуын жеңілдетеді және жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар санын арттырады. Әлеуетті салымшылардың шеңберін арттыру үшін өте арзан қағаздар шығарылуы мүмкін. Нәтижесінде бай емес тұрғындар ауқымын қамти отырып ақша қаражаттарын тарту көлемін барынша ұлғайту мүмкіншілігі ашылады. Нақты алғанда, бағалы қағаздар нарығы алдыңғы қатарлы салалар мен өндірістерді дамыту үшін қаржылық көздерді ұсына отырып экономиканың нақты саласындағы ғылыми-техникалық жетістіктердің қозғаушы күші болып қалыптасады.

Бағалы қағаздар нарығы арқылы ресурстарды қайта бөлістіру механизмі орталықтандырылған түрде бөлістірілетін жоспарлы экономика кезінде болған механизмдерден неғұрлым тиімді.

Бүгінгі таңда, дүниежүзінде акционерлер саны өсуде, барлық қарыз қаражаттарының жалпы көлеміндегі бағалы қағаздар нарығының үлесі артуда, қаржылық активтердің айтарлықтай үлесі бағалы қағаздар нысанына ие.

 

 

 

 

 

Әдебиеттер тізімі:

 

1. Миркин Я. М. Рынок ценных бумаг. – Учебное пособие. Москва, 2002г., 87с.;

2. Додонов В. Ю. Портфельный менеджмент на развивающихся фондовых рынках. – Алматы, 2003г.;

3. Ценные бумаги и фондовый рынок /Сейткасимов Г. С., Ильясов А. А. и др. – Алматы: Экономика, 1998. – с. 184.;

4. Фабоцци Ф. Управление инвестициями М.: ИНФРА-М, 2000.;

5. Батунин М. Соотношение фондового рынка и рынка ценных бумаг/Хозяйство и право. 1996. №5.