ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҚЫЗМЕТІ

 

Шаукенов Жангелді Арсенұлы, тарих ғылымдарының кандидаты

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

 

Аннотация

         В свое время наука китаеведение успешно развивалось царской России и Советском Союзе, но исследование истории казахов Китая оказалась в не поля их зрения. Исследованию истории казахов в Китае обратили внимание лишь в 40-е годы XX в. Но, фактически исследование истории казахов Китая началось 80-е годы XX в. С тех пор написаны десятки исследовательских научных трудов по истории казахов проживающих в Китае, по отдельным проблемам опубликованы научные статьи. Большой вклад в изучение истории казахов Китая внес Кабдеш Жумадилов, о котором пойдет речь в данной статье.

 

1970 жылдары Шығыс Түркістан туралы не арғы беттен, не бергі беттен тырс еткен мәлімен жоқ, құлаққа ұрған танадай болып тұрған кезінде Қ.Жұмаділовтің бұл тақырыпты эпикалық деңгейде алғаш көтеруін бүгінгі ұрпақ ерлік деп бағалау керек деп білеміз [1, 9 б.].

Қ.Жұмаділовтің атсалысуымен Қытайдағы белгілі қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлы түрмеден шықты. Қазір бар. Жасы сексен бірде. Шәуешек қаласында тұрады. Қазақстанда сексен жастағы ағасы бар. Қытай елі оны түрмеде отырғансың деп Қазақстанға жібермей отыр. Жақында Қажығұмар Президент Назарбаевқа осыны айтып хат жазыпты. Хаты араб әріпімен жазылған. Оны жазушылар одағы кирилл әріптеріне түсіріп, компьютерге бастырып, президентке жіберген. Қажығұмар «Мен сексеннен асқан қаламгермін. Өмірде көп мехнат көрдім. Он томнан аса жазған шығармаларым бар. Соны ұрпаққа жеткізсем деймін. Қартайғанда елге келсем, туған жерден топырақ бұйырса деп едім. Соған көмектесіңіз. Қол ұшын беріңіз» деген өтініш айтқан президентке. Хаттың жазылғанына үш ай шамасы болып қалды. Президенттен әзірге жауап жоқ.

Қажығұмар сексен жыл өмірінің жартысын қапаста өткізген жазушы. Қытайда 1958 жылы басталған жергілікті ұлтшылдарға қарсы күресте «ұлтшыл» деген жала жабылып, Қашқариядағы Тарым лагеріне айдалды. Арада жиырма жыл өткен соң, Мао өлгеннен кейін босады. Бірақ, 1986 жылы «Кеңес одағының тыңшысы» деген жаламен қайта сотталды.

Былтыр жазушылар одағының ұйымдастыруымен Қажығұмардың сексен жылдығы атап өтілді. Қ.Жұмаділов бұған басшылық жасады. Осы қарсаңда жазушының «Пана» романы мен алты кітаптан тұратын «Қылмыс» романының бірінші томы жарық көрді. Кітаптың шығуына Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қол ұшын берді [2, 9 б.].

Шыңжаң өлкесінің қаласы мен даласын аралаған өлшеулі екі ай да артта қалды. Көп жылдардан кейін ағайынмен көрісу, қауышу қандай қуанышты болса, қоштасу сондай ауыр. Мына ұстараның жүзіндей қылпып тұрған заманда туған жерге енді қашан оралатының, аға-бауыр, дос-жандарды қашан көретінің белгісіз... Бұл сапардан жазушы ретінде алған әсер, тапқан олжа өз алдына бөлек әңгіме. Бұл жолы тек айтпаса болмайтын кейбір жайларды ғана жұртпен бөлісуді жөн көрді. Ел мен елдің арасында қалтқысыз қарым-қатынас, шынайы түсінушілік орнау үшін, ең алдымен сол елдің мұң-мұқтажын білу, ақпарат дәлелдігі, ештеңені бүгіп қалмайтын жариялылық керек. Егерде  жазғандары адамдарды шындықты танып білуіне, көңіл көкжиегін кеңейтуге көмектессе, мақсатымыздың орындалғаны  [3, 148 б.].

1952 жылдары Қабдеш қаршадайынан қағынып, белсенді Демсомол болды. (комсомолдың қытайлық үлгісі). «Жер реформасы» науқанында байлар мен помещиктерді әшкерелеуге, тұтқындауға және жазалауға қатысты. Ол өз міндетін өтеп келген соң оқуда да, азаматтық-саяси өлеңдер, шығармалар жазуда да ерекше көзге көрінді. « Коммунистік партиям», «Отан» атты өлеңдер жазып, Қытай қызылын барынша жақтады. Шығармалары қашан орталық мектепті бітіргенше өлкелік қазақ баспасөзінде тізгін ұшымен жарияланып тұрды. 1956 жылы Маошылдар Қабдешті мемлекет тарапынан әлпештеп, ардақтап, Алматыға ҚазМУ-ге үлкен қошеметпен оқуға жіберді. Ол студент кезінде де Қытай елінің сүйіктісі болды. Қабдештің ішкен киімі мен ішкен тамағы тіпті керемет. Ол тіпті Мао-ның өзіне де бұйырмаған. 1957 жылы Шыңжанда жергілікті  ұлтшылдыққа қарсы күрес науқаны басталды. Дәл осы науқанға қатыспау және тексеріп сүзгіден өткізу үшін Қытай басшылары орта Азияда оқып жатқан өз студенттерін кері шақырып алды. Мұнда да Қабдешке ауыр айып тағылған жоқ.

Өйткені мұнда да Қабдеш  «Жер реформасындағы» сияқты аздап болса да белсенділік көрсетті. Әсіресе, қиқар да қайсар Төлеубек Жақыпбаевтың үстінен «мәлімет» беріп, оның М.Әуезовпен кездесуде айтқан сөздерін әшкереледі. Арабша, ұйғырша айтқанда, «паш» етті. Ал «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романында Қабдеш ол оқиғаны «әлдекімдердің аузынан өзіне айтылған» етіп аударып алыпты. Міне сондықтан да науқан соңында Қабдешті мемлекеттік қызметтерге жіберуге рұқсат етілді. «Шыңжаң оқулықтар баспасында», «Шыңжаң малшылары» газетінде жұмыс істеді [1, 273-274 б.].

Қабдеш Жұмаділов 1965-1967 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарды. Ол осы екі жылдың ішінде газеттің әр уақыт аралығындағы шыққан сандарында еліміздегі және шетелдердегі қазақтардың мұң-мұқтажын шебер жаза білді. 1967-1976 жылдары «Жазушы» баспасының проза бөлімінде аға редактор болды. 1976-1981 жылдары Мемлекеттік Баспасөз комитетінде жұмыс істеді. 1981 жылы Қабдеш Жұмаділов кеңсе қызметін тастап, бірыңғай шығармашылық жұмысқа көшті. 1983 жылы «Соңғы көш» романы үшін жазушыға М.Әуезов атындағы әдеби сыйлық берілді. 1989 жылы арада отыз жыл өткенде Шыңжаңға сапар шегіп, ата қонысын аралап қайтты. 1990 жылы Қ.Жұмаділовке «Тағдыр» романы үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілді. 1996 жылы жазушының алпыс жасқа толған мерей тойын республика жұртшылығы салтанатпен атап өтті. 1998 жылы 20 қазанда Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қабдеш Жұмаділовке «Қазақстанның халық жазушысы» деген құрметті атақ  берілді [4, 42-48 б.].

Қабдеш Жұмаділов 1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Қазақстанға оқуға келеді. Содан кейін екі елдің арасына сызат түсіп, кейін шақырылып алынады да Қытай елі оны қуғындауға жібереді. Қуғындауда жазушы төрт жылын өткізеді. 1962 жылы қуғындаудан кейін атажұртқа қайта оралады. Қуғындауда жүрген төрт жылы жазушының өмірінде босқа өткен жылдар сияқты болып көрінеді. Бірақ, жазушы ол жақтан үлкен олжамен оралады. Ол жақтан атажұртқа жазушы «Соңғы көш» романының алғашқы екі томдығының материалдарын жинап, зерттеп, зерделеп қайтады. Екінші бір үлкен жеңісі 1962 жылы атажұртқа оралған көштің бұйдасын ұстап келуі. Әрине, көшке жетекшілік еткен адамдар көп, алайда, сол көшке дем беруші, яғни идеологы болды. Ол кезде Қабдеш Жұмаділов жүздеген адамдардың қолы қойылған хаттарды жазып, оны тұп-тура кремльге жіберіп отырды. Ал көшірмесін Қонаевқа салатын. Осы хаттардың бәрін жазушы өз қолымен жазып, жіберіп отырды. Өйткені жазушы Алматыда оқығанда кириллицаны жақсы біледі, орысша сауаты бар. Сондықтан жұртшылық жазушыға қатты сенетін [5, 6 б.].

1962 жылы 10 сәуірде көптен күткен көш басталып кетті. Бұл көш бар болғаны 20 күнге созылды. Совет жағы Тарбағатайдың төрт жерінен бір-бір шақырымдай қашықтақта шекараны ашып тастады. Сонда негізінен Шәуешек қаласы мен осы аттас аудан, Шағантоғай мен Дөрбілжін ауданынан барлығы 200 мыңдай адам өтіп үлгерді. Алайда, Қытай жағынан қатты ультиматум қойылып, мамырдың 1 күні шекара қайта жабылды. Қаншама қандастарымыз өтіп үлгере алмай қапыда қалды. Дегенмен, мұның өзі де ұлтжанды азаматтардың қолы жеткен үлкен шаруа болды. Кітаптары мен жазған дүниелерін есепке алмағанда, осы көштің басы-қасында жүргеннің өзі азаматтық қызметінің шыңы деп есептеуге болады.

Сол ұлы көшті бастап атажұртқа өткеннен кейін ұйымдастырушы жеті адамның бірі деп, жазушыны ұстауға үкімет қаулы шығарды. Қабдеш Жұмаділовтің өзінің айтуы бойынша Қытай сақшылары үйінің қорасын қоршап алған кезде, артқы жақтағы дуалдан секіріп түсіп, қараңғыда түнімен жүріп отырып шекараға жетеді. Қасында қазіргі белгілі сатирик Қажытай Ілиясов бар. Екі империяның шекарасын бұзып өту оңайға түскен жоқ. Осыдан бес жыл бұрын жазушы Әлем қазақтарының қауымдастығына «Осы күнді атап өтейікші, сол көшке 40 жыл болды. Кейінгі ұрпақ білсін» деп әдейі барыпты. Бірақ көңіл қуантатын жауап болмапты. Бір-екі телеарналардан шығып сөз сөйлеген: «Сонда туған бала қазір қырыққа келді. Көштің теңін буған жиырмадағы азаматтар қазір алпысқа келді. Бәріңді құттықтаймын», - деп өз атынан сөз сөйлеп, сәлем жолдаған [1, 317-318 б.].

1965 жылы университетті үздік бітіреді. Сол жылы наурыз айында «Қазақ әдебиеті» газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа орналасады. Сол жылы 29 жасында үйленеді. Қалыңдығы ҚазПИ-де оқыды. Мамандығы - физик. Екінші курста танысады. Үшінші курстан соң үйленеді. Тұрмыстары жаман болмаған, себебі бұл кезде жазушы бұрқыратып жазып жүрген кезі болатын. Тек баспана мәселесі ғана қинайды. 1965 жылы үйленсе де, 1968 жылы ғана баспанаға қолдары жетеді. Бұрын бір еврейдің бұзау қорасында тұрады. Кейін жазушылар одағы үш бөлмелі пәтер берді.

Лауазым жағы болмаса да, республикадағы үлкен газеттің қызметкері ретінде Алматыда өткен республикалық конференцияға қатысты. 1967 жылы «Жазушы» баспасына Ілияс Есенберлин директор болып келді деген кезде Қабдеш Жұмаділовтің қуанышында шек болмады. Себебі Есенберлинмен бұрыннан таныс еді. Өз басы 1968 жылы жарық көрген «Ғашықтар» романынан бастап, Есенберлиннің біраз кітаптарына редактор болды. «Көшпенділер» бастан аяқ қолынан өтті. Үш кітаптың авторы ретінде 1969 жылы жазда Жазушылар одағына өтуге арыз берді. Арызды комиссия мүшелері бірауыздан қабылдап, мүшелікке өтеді [6, 4-5 б.].

1970-жыл Қабдеш Жұмаділов үшін жаман болған жоқ. Бір мәрте аяқтан шалып құлатқанымен, келесі көктемде одаққа бәрібір қабылдайды. КСРО Жазушылар одағының мүшесі және КПСС мүшесі деген екі билетті қатарынан қалтасына салып, қоғамдағы жағдайы біршама түзеле бастады. 1976-жылы Шығыс Қазақстанды аралап қайтады. Онда әр түрлі талантты жастармен кездесіп, өмірдегі өзінің жиған-тергендерін айтады. Сол кезде жазушыға Тарбағатай ауданының әкімі Зәріпқан Дәукеев ауданның «Құрметті азаматы» деген дипломды тапсырады. 1966-1975 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің тапсырмасымен Шығыс Қазақстанның біраз аудандарын аралайды. Онда қазақтардың тұрмыс-тіршіліктерімен танысады. Шетелдерден оралған қандастарымызбен кездеседі. 1985-жылы сапармен туған жеріне барады. Дөрбілжіңдегі алғашқы күндерінің бірінде Дөрбілжіңдегі аруақтар басына барып құран оқытады. Туған жерін аралағандағы алған әсері мол болды. Бұрынғы күншілік жерлер қазір сағаттық жол болып қалған. Бұрынғы таныстардың барлығы ата жұртқа қоныс аударған. 30-қыркүйек күні ұшаққа билеттерін алып елге қайта оралады. Елге оралған соң «Көп жылдар өткен соң» деген мақаласын жазып, газетке береді.

Қабдеш Жұмаділовтің атсалысуымен Қажығұмар Шабданұлы түрмеден босап шығады. Қытай оны түрмеде отырғансың деп Қазақстанға жібермей отыр. Бұл игі шарада да белсенді жұмыстарды атқарғандардың бірі Қабдеш Жұмаділов болды [7, 8-9 б.].

Миллиондаған тағдырларды ойрандаған, тарихи деспотизм жайлаған қатыгез қытай қоғамы мен оның озбыр билеушілерін әлем алдында масқара етіп әшкерелеген сол кездегі небары 34-35 жастағы жас қазақ жазушысы бүгінде жетпіс бес жастың жотасына көтеріліп отырған қазіргі қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Қабдеш Жұмаділов болатын. Егер Жұмаділов осы «Соңғы көштен» кейін ештеңе жазбаса да, қазақ әдебиетінің классигі болып қалатын еді. Сол тұста Қытайдың қорғаныс күштерінен тыс, ауыл шаруашылығымен айналысады деген жалған желеумен, құрылысшы он дивизияны Шыңжаңға әкеп орналастырған Қытай билігі көршілес Кеңес Одағынан қатты сескенетін. «Шыңжаңға басты қауіп Совет одағынан, соның ішінде Орталық Азиядан» дейтін Маоның қанатты сөзін Құран тәпсіріндей көретін Қытай билеушілері «Соңғы көшті» оқып шыққаннан кейін Қабдеш Жұмаділовтің бұл «қылмысын» кешіре алмады. Қажет десеңіз, күні бүгінге дейін солай. Ал қазақтан шыққан шолақ белсенділер қазір де Жұмаділовті су ішкен құдығына түкірген, арттағы елге топырақ шашқан деп қыжыртады. Ондай көркөкірек топастар осы күні Қазақстанда да бар. Тәуелсіздік жылдары шекара асып келген ағайынның арасында да Жұмаділовтің Қытайдағы аз ұлттардың көрген қиянатын, қытай отаршылдарының озбыр саясатын әшкерелеп шығарма жазуын «отанға жасаған опасыздық» деп білетін, «отаншыл патриоттар» Жұмаділовке қарсы күрес ашқандарына да біраз болды. Арғы бет пен бергі беттің батыраш-қотыраштары тізе қосып, тіресіп-ақ жатыр. Бірақ арам тірліктерінен ештеңе шықпай-ақ қойды.

Қазақ топырағы әлі талай дарындарды тудырар, бірақ Қабдеш Жұмаділов қазақ әдебиетінде бір өзі бүкіл бір ұрпақтың жүгін жалғыз арқалап, төңкеріс жасаған дарабоз дарын ретінде Хан Тәңірі биігіндей боп мәңгі қалады. Ол қазақ әдебиетінде ұлы Әуезовтің мектебін жалғастырды. Жұмаділов шығармашылығынан өзге мін таба алмаған қызылкөз ағайын оны Әуезовше жазасың деп кінәлайды. Әуезовтің алдын көрген шәкірттері қазақ әдебиетінде, құдайға шүкір, баршылық. Бірақ солардың арасында Әуезовке бір табан жақын тұрған - Жұмаділов қана. Оның ең үлкен бақыты да сонда. Әуезовті бойына сіңіре білмеген, оның телегей-теңіз сөз дариясынан қанып ішпеген базбір жазушылардың шығармаларын оқып отырғанда, сіңір шайнағандай боласың.  Иә, бір жазушының екінші бір жазушыға ықпалы болатыны - әлем әдебиетінде де, қазақ әдебиетінде де бар мысал. Орыс әдебиетінде Толстой мен Достоевскийден үйренбеген жазушы бар ма? Тіпті сол ұлы орыс әдебиетінің арғы жағында француз әдебиеті тұрған жоқ па? Гогольдің шинелінен шыққан қаншама орыс жазушысы бар. Оны аз десеңіз, бүгінгі әлемді аузына қаратып отырған жер шарының нөмірі бірінші абыз жазушысы саналатын Гавриил Гарсия Маркес те Франс Кавканың жалғасы емес пе. «Құбылуды» оқыған соң, осылай да шығарма жазуға болады екен-ау деп, жазушылықтың жаңа жолына түстім демейтін бе еді». Демек, ұстаз Әуезов пен шәкірт Жұмаділов арасындағы өзара үндестікті осы тұрғыдан қарастырған дұрыс. Бұл ретте Әуезовті қалай қадір тұтатынын Қабекең өзі де талай рет айтып, жазды да.

Қабдеш Жұмаділов - досы да, дұшпаны да шартсыз мойындаған жазушы. Осыдан бес-алты жыл бұрын «Қазақстан» телеарнасында «Шынның жүзі» дейтін бір жақсы хабар болатын. Сол хабарға қатысып отырып, марқұм жазушы Сәкен Жүнісов ағамыз журналистің: «Қазіргі Қазақстандағы ең мықты жазушы кім?» - деген тосын сауалына ойланбастан: «Қабдеш», - деп жауап берген еді. Кейін Астанадағы өз пәтерінде Сәкен ағамызбен оңаша отырып, екеуара сағатқа жуық әңгімелескеніміз бар. Алғашқы, әрі соңғы кездесуіміз де сол болды. Сол жолы жоғарыдағы сөзін есіне салған едім. Сонда Сәкен Жүнісов: «Қазақстанда үш-төрт мықты жазушы бармыз, Қабдеш - соның ішіндегі мықтысы», - деді. Бүйенінде шынтақ айналмайтын қызылкөз қызғаншақ, іштерінде ит өлген ағайын еш уақытта олай айта алмайды. Ал Сәкендердің жөні басқа. Өзі айтқандай, қазақ дейтін халықтың маңдайына біткен үш-төрт классик жазушысының бірі сол Сәкен Жүнісов ағамыз еді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», - дейді атамыз қазақ.

Қабдеш Жұмаділовтің ұлт алдында көрсеткен мына бір-екі азаматтық ерлігін айта кеткеніміз орынды секілді. Бүгінде қазақ оқырманы жақсы таныс, жақында ғана дүниеден озған Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, классик жазушы Қажықұмар Шабданұлының қашан өмірден озғанша жоқшысы болып келген де, өзге ешкім емес, Қабдеш Жұмаділов екенін исі қазақ жақсы біледі. Бұл енді - Аллаға да, адамға да аян ақиқат. Егер Жұмаділов бел шешіп кіріспегенде, алты томдық «Қылмыс» және «Пана» романдары Қазақстанда жарық көрмей қалуы да мүмкін еді. Азаматтық кісілік деп осыны айтсақ болар. Біреулер беттері бүлк етпестен: «Бар беделімізді салып жүріп, біз шығардық», - деп мақтанатын көрінеді.

Ал екінші ерлігі - атажұртқа көш бастап өткендігі. 1962 жылы көктемде Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағынан босып өткен 200 мыңға тарта қазақтың саны бүгінде миллионның үстіне шығып кетті. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың бастарын қатерге тігіп жүріп істеген осынау ерліктерінің арқасында сол ұлы көш атажұрт Қазақстанға құт болып дарыды. Бұл - ешкім жоққа шығара алмайтын ақиқат. Сол көшті сонау Кремль мен Алматыға қайта-қайта хат жазып жүріп, ұйымдастырған санаулы азаматтардың бірі Жұмаділов екенін оның кешегі жауларының өзі ашық мойындап, елді бүлдіруші «бунтарь» деп келгені ондағы елге жақсы таныс. Базбір ағайындар бұл күнде ол көшке Жұмаділовтің ешқандай қатысы жоқ деп байбалам салады. «Сонда ол көш аяқ астынан қалай болды?» - деген сауалға жауап жоқ. Ал енді біреулер Хрущев пен Мао Цзе Дунның екеуара келісіп істегені», - дейді шімірікпестен. Сонда қалай? Егер шынымен екі империя көсемдері шашылған қазақтың басын қосуды алдарына мұрат етіп қойса, қазақ халқына сондай жанашырлық танытқан болса, онда оларға арнап Астана мен Алматыдан зәулім ескерткіш қою керек шығар. Содан соң, тағы бір күлкілі жері - неге ондағы елді тұтас көшірмей, тек Шәуешек жұртына ықыластары ауды екен алып елдің алпауыт басшыларының. Атажұртқа бет алған ұлы көшті ұйымдастырғандар да - қазақтың өз қайраткер ұлдары. Солардың қасқа маңдайында Қабдеш Жұмаділов те бар. Демек, Қабдеш Жұмаділов жай жазушы емес, ол - ұлттық ойдың басында тұрған қайраткер жазушы.

Иә, қазақ көші отыз жылдай уақыт үзіліп қалғанмен, тәуелсіздік таңы атқан сәттен бастап, қайта қозғала бастады. Бір кездері балаң жігіт Жұмаділовтер бастаған ұлы көш қазір де жалғасын табуда. Атажұртқа қарай бет алған қазақ көші әлемнің шартарабынан андыздап болса да, келіп қосылып жатыр.  Ал Алаш арыстары негізін қалаған, ұлы Әуезовтер бастаған кейінгі толқын ұлт жазушылары жалғастырған қазақ әдебиетінің ұлы салқар көші жиырма бірінші ғасырда да қазіргі өркениетті әлемнің ең озық әдебиеттерімен қара таласып, болашаққа бұйда созып барады. Көш басында - қазақтың дарабоз жазушысы Қабдеш Жұмаділов [8, 460-461б.].

Жазушы болу - жан азабы. Жазушы болу - ұлы мұрат жолында үлкен жауапкершілік сезімін арқалау, айта берді, ел мен жер алдында азаматтық арыңа ақау түсірмей өту. Егер осының барлығын өз жүрегіңізден өткізе алсаңыз, ғұмырлық ұстанымыңызға адал бола алсаңыз ғана шын жазушы бола алғаныңыз. Олай болмаса, киелі сөз тұлпары сізге жалынан да сипатпайды.

Өйткені ақиқатпен өмір бойы бетпе-бет келесің. Ал бұл дегенің - қылыш жүзіңде ғұмыр кешу деген сөз. Негізі, шын жазушы мен жалған жазушының айырмасы да осында болса керек. Ақиқат, шындықты пір тұтып, адамгершілікті ту етіп, ұлттық мүддеге қызмет еткен жазушылардың қай ел, қай қоғамда болсын, тартқан тауқыметі мен арқалаған азабы ауыр болған. Өмірдің, қоғамның, адамның шындығын көркем әдебиеттің тілінде жеткізе айтып, жазуың керек. Оның аты көркем шындық деп аталады.

Қазақ көркем ойының көкжиегі кеңейіп, әлемдік өркениетке терезе ашқан тұсы - ол аумалы-төкпелі аласапыран оқиғаларға толы кешегі өткен XX ғасыр. Дәл осы ғасырда қазақтың көркем әдебиеті барлық жанрда ірге жайып, озық елдер әдебиетімен терезе теңестіре алатын шын мәніндегі кәсіби әдебиет деңгейіне көтерілді. Қазақ әдебиетінің «алтын дәуірі» аталған осы кезеңде алабөтен мінез таныта келген «алпысыншыжылғылар» әдебиетте тұтас толқын әкелді. Айтып-айтпай не керек, осы толқынның қазақ әдебиетінде ұлттық сананың оянуы мен тарихи сананың жаңғыруына сіңірген еңбектері зор екені рас. Осы буыннан кейін сең бұзған тұтас толқын ақын-жазушылар тәуелсіздікке дейін де, тәуелсіздіктен кейін де болған жоқ. Сондығынан болар, өздері шеттерінен «мінезді» келеді.

Бұл ақын, жазушылардың бұлайша қалыптасуы мына бір тарихи өзгеріске байланысты. XX ғасырдың аса қатыгез билеушісі Сталин өліп, билік басына Хрущев келіп, Кеңес Одағында сәл де болса еркіндік орнап, совет адамдарының санасына саңылау ене бастаған. Осындай тамаша сәтті дер кезінде сезе білген және көздеріне әлі қамшы тимеген азат ойлы ақын, жазушылар қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған социалистік реализм қалыбына сыймайтын, тумысы бөлек шығармаларды аз жылдарда тудырып үлгерді. Кеңес империясы құлап, кеңестік жүйенің шашбауын көтерген сұрғылт шығармалар жаппай күйреуге бет алған тұста осынау алапат тасқыннан заманына күйлемей жазған шығармаларында ұлттық мүддені мұрат тұтқан ұлт ақыны, жазушылары ер-тұрмандары бүтін шыға алды.

Осы қуатты толқынның қасқа маңдайында келе жатқан қазақ әдебиетінің қадірменді ақсақалына айналған, дәуіріміздің дарабоз жазушысы Қабдеш Жұмаділов осы күндері 75 жастың жотасына көтерілді. Әдетте, мұндай мерейтойлар кезінде әр ақын-жазушының өз өткен өмір жолына үңіліп, оқырман халықпен қайыра қауышып, шығармашылық қызметінен есеп беріп отыру - біздің елде қалыптасқан дәстүр. Өйткені арнайы зерттеушілер болмаса, жазушының жеке шығармашылық лабораториясынан былайғы оқырман көбіне хабардар бола бермейді. Әсіресе қазіргідей кітаптың тиражы кеміген, оқырман мен жазушының арасы алыстаған уақытта. Міне, осы тұрғыдан келгенде, әрбір мүшел той аталып өтуі керек. Жазушы үшін емес, оқырман үшін. Қабдеш Жұмаділовтің өмір жолы бұралаң-бұлтарысты, тіпті қатерлі кезеңдерден тұрды. Алпысыншы жылдар Кеңес Одағында демократияның лебі ескен жылымыққа толы болса, Қытайда, керісінше, Мао Цзе Дунның қызыл терроры миллиондаған адамдардың тағдырын ойрандаған өмір мен өлім белдескен арпалысты кез болатын. Сондай сұрапыл қанды қырғыннан сәтімен жол тауып шыға білген болашақ жазушы енді сол өзі көзбен көрген трагедияны жазуға мықтап бел буды. Өйткені тағдыр оның иығына сондай ұлы миссияны жүктеген болатын. Бұл қаншалықты қиын да азапты болғанымен, тек Жұмаділовтің ғана маңдайына бұйырған бақыт еді.

Себебі, азамат үшін өзіңнің туған еліңнің, жұртыңның, ұлтыңның алдында абыройлы қызмет атқарудан артық қандай бақыт болсын. Жазушы шығармашылығы туралы сөз болғанда, алдымен атақты «Соңғы көш» роман-дилогиясы аталады. Бұл кітап - бүгін де жазушының әдеби паспортына айналған, қазақ әдебиетіндегі саусақпен санарлық классикалық романдардың бірі. «Соңғы көш» реалистік романы қазақ әдебиетінде сең бұзған, тыңға түрен салған кітап болды. Бұған дейін бұл тақырыпта жазылған бірде-бір шығарма болған емес. Мейлінше жабық тақырып болатын. Жасыратыны жоқ, бұндағы қарапайым халық Қытайда қазақтар тұратынынан хабарсыз болса, біле қалған жағдайда оларды совет үкіметінің жаулары, сатқындар деп келді. Ол үшін қарапайым халықты жазғырудың жөні жоқ. Сол кездің саясаты, үгіт-насихаты солай болды. Осындай жағдайда «Соңғы көшті» мұндағы оқырманның бірден қабылдай қоюы неғайбыл болатын. Өйткені романдағы сөз болатын оқиғалар мен алмағайып заман, халықтық қозғалыстар мұндағы жұртқа мүлде бейтаныс еді. Міне, осының барлығын көркем әдебиет арқылы түсіндіріп берудің оңай еместігі белгілі.

Екінші бір үлкен қиындық советтік цензура болатын. Саптаяққа ас құйып, сабына қарауыл қойған, әрбір сөзіңнен астар іздеп, сүріндіруге дайын тұратын цензураның қылышынан шығарманың жал-құйрығы күзелмей аман шығуы мүмкін емес болатын. Бұл туралы жазушы өзінің «Таңғажайып дүние» деп аталатын ғұмырнамалық романында егжей-тегжейлі тоқталған. Көзі қарақты оқырманның одан хабары бар деп білеміз. Біз тек бұл жерде жазушының шығармашылық лабораториясына байланысты өз ойларымызды білдіре кеткенді жөн деп таптық [9, 438-439 б.].

Қабдеш Жұмаділовтің өзі бір сөзінде «Ұлттан тыс тұратын жазушы болмайды», - деген еді. Осы сөздің ақиқатын жазушының он екі томдық таңдамалы шығармаларын зейін қойып оқыған адам жақсы түсінеді. Ал отар елде өмір сүріп, ұлттың мұңын мұңдап, сөзін сөйлеп, тұтас шығармашылық ғұмырын сол ұлы мақсатқа бағыштап өту - нағыз қас таланттардың қолынан ғана келетін ерлік. Қабдеш Жұмаділовтің жазушы ретіндегі бақыты, міне, осында. Егер «Соңғы көшке» қайсыбір кеңестік идеологияның сойылын соққан сұрғылт роман-трилогияларға жасалған насихаттың жартысы бұйырғанда, қазақ әдебиетіне үлкен олжа әкелген болар еді.

Бірақ шын жазушы үшін өзгенің емес, өз ұлтыңның жүрек төрінен жол табудан артық не бар? Сондықтан да ол жалған атақ қуып, «Әлемнің әлдекімі...» болғаннан, «Қазақтың Қабдеші» болғанды артық көрді. Тәуелсіздік жылдары Жұмаділов қаламының қарымы тіптен асқақ естілді. Тәуелсіздіктен бергі кезеңде жазушы қаламынан «Дарабоз» роман- дилогия, «Прометей алауы», «Қыл көпір» романдары мен тағы қанша әңгіме, повестер туды. Мұның сыртында тәуелсіздікті бекемдеу жолында ел мен жер, ұлт тағдырына арналған тұтас бір том мақалалар жазылды. Сол бір том мақаланың әрқайсысы - бүгінде билік тұтқасында отырған ресми идеологтардың қиялына кіріп шықпаған дүниелер және барлығы да өз уақытында жазылғаны қуантады. Қазіргі кезде біреулер жарапазан айтқандай жалаулатып жүрген ұлттық идеология туралы алғашқы болып айтқан да, жазған да Жұмаділов болатын.

Бірақ соны кезінде тыңдаған ешкім болған жоқ. Ол туралы жазушы бірде былай деп жазды: «Сенің жазғаныңнан ештеңе өзгермейді, соны біле тұра, кейде өзіңнің арың үшін жазатын кез болады. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары осы мәселе талқыға түскенде, Жұмаділов те өмір сүріп еді ғой. Ол кісі бұған қалай қарады екен?» - деп біреулер сұрайтын секілді. Сондай кезде ұрпақ алдында аруағымыз күңіренбесін дейміз». Бұл ретте айта кетер бір жайт: Қабдеш Жұмаділовтің тәуелсіздік шежіресін көркем әдебиетте бірінші болып жасаған қаламгер екені дау тудырмайды. Тек тәуелсіздіктен кейінгі кезең емес, жалпы қазақ халқының жауынгерлік, ұлттық тарихының төрт ғасырлық шежіресін жасай білді. Дәлел керек пе? «Дарабоз» - он сегізінші ғасыр, «Тағдыр», «Прометей алауы» - он тоғызыншы ғасыр, «Соңғы көш», «Атамекен», «Көкейкесті», «Сарыжайлау», «Таңғажайып дүние» романдары мен тағы қанша әңгіме, повестер - жиырмасыншы ғасыр [8, 428-429 б.].

«Қыл көпір» романы кейінгі жылдары жазылған тұтас үлкен екі томды құрайтын әңгіме, повестер жаңа жиырма бірінші ғасыр оқиғаларын арқау еткен. Осы аталған шығармалардың барлығы - тек қазақ ұлтының басынан кешкен тауқыметті, тарихын сөз ететін шыншыл реализм туындылары.

Бір жазушы үшін осынша дүние жазудың толағай табыс екені - дау тудырмас ақиқат. Жазушы еңбегі ресми билік тарапынан да ескерусіз қалмады. Бәрібір мойындалды. Бүгінде ол - М.Әуезов атындағы республикалық сыйлықтың, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың және тәуелсіз «Тарлан» платина сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы «Парасат» орденінің иегері. Осы атақтардың барлығы - жазушының мемлекет пен халық алдында сіңірген ұзақ жылдарға созылған шығармашылық еңбегіне берілген баға. Жұмаділов өзге біреулер секілді атақ қуған жоқ. Атақ оның өзін іздеп тапты [10, 483-484 б.].

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Шәкенұлы Ж. «Жалғыздың үні» Сын-зерттеу мақалалары мен сыр-сұхбаттар. Алматы: «Ақ Отау» баспасы. 2010. – 424 б.

2.     Үркімбай Р. Қазақтың Қабдеші:// Сақшы. – 2006. – 27 сәуір. – 8 б.

3.     Жұмаділов Қ. Қалың елім, қазағым... – Алматы: ЖШС «Қазақстан» баспа үйі. 2000. 368 б.

4.     Шәкенұлы Ж. «Жалғыздың үні» Сын-зерттеу мақалалары мен сыр – сұхбаттар. Алматы: «Ақ Отау» баспасы. 2010. – 424 б.

5.     Дәулетхан Ә. Қытайдағы қазақ әдебиеті// Жалын 2008. №2 9-11 б.

6.     http://drk.kz/load/referat/debiet/zhmadilov_abdesh/14-1-0-814.

7.     Шәкенұлы Ж. «Жалғыздың үні» Сын-зерттеу мақалалары мен сыр – сұхбаттар. Алматы: «Ақ Отау» баспасы. 2010. – 424 б.

8.     http://adebiet.kz/index.php./option.48-3-0-324.

9.     http:refa.kz/ load/tegin_kitaptar/abdesh_zh_madilev_guot_piramida_guot/37-1-0-469.

10. Жұмаділов Қ. Он екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Қазығұрт», - 2003. Т1. – 464 б.