Материалтану даярлығына байланысты педагогикалық тапсырма-сұрақтар

 

Сыздықова Баян Омаровна, техн.ғ.к., доцент м.а.

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті

Алматы қаласы,  Қазақстан

 

Жоғары оқу орындарында дайындықты жүзеге асырудың және оқытушы мен студенттің іс-әрекетін ұйымдастырудың қажетті шарты тиімді әдістемелік және материалдық қамтамасыз ету болып табылады. Ол оқу дәрісханаларында, лабораторияларда, шеберханаларда ұйымдастыру формаларын, құралдары мен кешенді оқыту (оқу) әдістерін таңдау мен мақсатты пайдалануды реттейді.

Еңбек басқару объектісі ретінде мектепте және жоғары оқу орындарында төмендегілерге: еңбектің мазмұнына, сипатына, еңбектің шарттарына (жағдайына) басты назар аудару керектігі туындайды. Еңбектің басқару объектісі ретінде аталған мәселелер, мектепте «Технология» оқу пәніне және жоғары оқу орындарында болашақ мұғалімдерді дайындауға байланысты педагогикалық проблемаларды көрсетеді [1]:

- болашақ «Технология» пәні мұғалімдерін еңбектің басқару объектісі ретінде танып білу бойынша оқу жұмыстарын педагогикалық тапсырмалар көмегімен дамыту;

- оқу материалдық базаны еңбектің дайындық бағытына сәйкес жабдықтауды және ғылым мен техниканың дамуына сәйкес жетілдіру;

- заманауи ақпараттық технологияларды жаңа мазмұнда қолдануға дағдыландыру;

- еңбектің дайындық бағытына сәйкес жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың (оқу шеберінің) дайындығын жетілдіру;

- ЖОО студенттері алған білімдерін практикамен ұштастыруды әртүрлі оқыту әдіс-тәсілдері көмегімен және түрлерімен тереңдету;

- студенттер практикасын өндіріс салалары бойынша нақты өндіріс орындарында өткізу;

- еңбектің дайындық бағытына сәйкес мектепте кәсіптік бағдар беруге болашақ «Технология» пәні мұғалімдерін дайындауды жетілдіру.

Аталған мәселелерді шешудің бір жолы оқыту әдістері мен және оны  әдістемелік қамтамасыз етуге байланысты.

Әдістемелік қамтамасыз ету жүйесінің ортасында, оқу-тәрбие үдерісінің құраушысы, оқытушы мен студенттің өзара байланысты іс-әрекетін тәртіпке келтіру тәсілі ретінде – оқыту әдісі орын алады. Әдістер қабылданған тұжырыммен тікелей байланыста болады.

Педагогикалық әдебиеттерде әдіске қатысты оқыту, оқу, білімді меңгеру, қалыптастыру әдістері сөз тіркестері қолданылады. Қалыптасқан дәстүр бойынша студенттерге оқу материалдарын жеткізу ауызекі айту тәсілдерімен орындалады: ауызша баяндау (әңгімелесу, түсіндіру, лекция), сөйлесу, студенттердің көрнекі құралдарды, үлгілерді, макеттерді, натуралды (нақты) заттар мен бұйымдарды, материалдарды, тәжірибелерді жасау арқылы кітаппен жұмысы.

Жаңа материалмен танысуда студенттер оны қабылдау, ойлау, білумен қатар, білімді ұғу мен жетілдіру үшін, бастапқы қорытындылауды ойластырады, демек қорытынды жасауға қадамдар жасайды. Берілетін білім мазмұнына қарай ойды қалыптастыру, оны белсендіру тәсілдері әртүрлі тәсілдер жиынтығында қарастырылатын күрделі үдеріс.

Кәсіптік жоғары білім беруде студенттердің оқу үдерісі теориялық оқумен қатар, тиісті көлемде (сағатпен) өндірістік оқыту тәжірибесінен тұрады.

«Материалтану» пәнін оқытуда жаңа оқу материалдарын студенттерге жеткізуде қолданылатын тәсілдердің бірі әңгімелесу. Бұл тәсілдің ерекшелігі – оқытушы жаңа материалды ұсынып, оны студенттермен бірге логикалық талдау арқылы тиісті қорытынды жасайды. Онда оқытушы студенттердің бұрынғы алған білімдерін, бақылауларын, өмірлік және өндірістік тәжірибесін оятып, құбылыстарды, үдерістерді салыстырып, сараптайды. Баяндаумен салыстырғанда әңгімелесу кезінде мынадай артықшылықтар байқалады:

- студенттер білімі мен тәжірибесі нәтижелі қалыптасады;

- әңгімелесу кезінде алған білімдері тереңірек және берік болады.

Ұжым болып әңгімелесу оқу тапсырмаларын шешуде жалпықызығушылық тудырып, ой қызметін белсендіреді, талпыну мен өзбетінше ойлауды, білімді саналы түрде игеруге мүмкіндік береді.

Әңгімелесуді тиімді ету үшін, студенттерге қойылатын сұрақтар оларды белсенділендіруге, тапқырлыққа, нақты, мазмұны бойынша дәл, мақсатты бағытталған, өткен тақырыптарға байланысты, практикалық бағытта қойылымының маңызы үлкен. Әңгімелесу оқу тапсырмаларын шешуге бағытталып қана қоймай, студенттердің ақыл-ойының жан-жақты дамуына да әсер етуі керек. Мұғалім үшін әңгімелесу студенттерге құбылысты, үдерістерді, фактілерді салыстыру, қорытынды жасау, маңыздысын атап көрсету, себептерін түсіндіру және салдарларын дәлелдеу, әртүрлі ситуацияларда білімдерін қолдана білу сияқты маңызды мәселелерді талдау болып табылады.

Аталған мәселелерді жүзеге асыруда педагогикалық тапсырмалардың ролі жоғары және оларды әзірлеуде оқу-әдістемелік әдебиеттер басшылыққа алынады [2, 3]. Педагогикалық тапсырмалардың бірі –сұрақтар болып табылады.

Студенттерге қойылатын сұрақтардың бағыттары төмендегідей болуы мүмкін:

1. Заттарды салыстыру, оларды бейнелеу немесе фактілерді салыстыруға байланысты сұрақтар. Мысалы, кесу және бүрлеу арқылы жасалған бұрандаларды салыстыр. Олардың айырмашылығы неде? Немесе микрошлифтер суретін мұқият қарап, оларды эталондармен салыстыр. Осы суреттерде көрсетілген құрылымдар, оның қайсы типіне жататынын анықта.

2. Себебін түсіндіруге арналған сұрақ. Мысалы, «Диаметрі үлкен сымды, диаметрі кіші етіп созу бірнеше рет оны созу станының фильерінен (үлкеннен кішіге дейін көптеген тесігі бар аспап) өткізу арқылы орындалады. Бірнеше тесіктен өткізілген сымды неліктен жасыту қажет болады?», «Рельстерді қиыстырғанда неліктен саңлау қалдырылады?».

3. Болжамдық түсіндіруге арналған сұрақ. «Болат құрамындағы көміртек мөлшерін арттырғанда оның қасиеті қалайша өзгереді? Неліктен? Қандай шекке дейін арттыруға болады?».

4. Фактіні дәлелдеуге арналған «ия» немесе «жоқ» деуге арналған сұрақ. Мысалы, «болат құрамындағы легірлеуші элемент оның қаттылығына немесе сапасына әсер ете ме?».

5. Ұғымды тұжырымдауға арналған сұрақ. Мысалы, «Біз фазалардың орын алмастыру туралы тәжірибелер жасадық. Фазалар алмасу құбылысына анықтама беріңдер».

6. Үйренетін үдерістердің, құбылыстардың ортақ белгілерін анықтауға, жалпылауға бағытталған сұрақ. «Пісіру үдерісінің барлық түрлеріне тән сипаты неде?».

7. Пәнаралық байланыстарды орнатуға арналған сұрақ. «Домна пешінде шойын қорытқанда қандай химиялық және физикалық құбылыстар өтеді (болады)?».

8. Жаңылыстыруға арналған сұрақтар да, өз кезегінде, білімді нақтылай түсуге әсер етеді. Мысалы, «Қысым арқылы өңдеу үдерісінің қай түрінде токарь кескіштері қолданылады?».

Жаңылыстыруға арналған қате сұрақтар да студенттердің жаңа материалды игеруіне септігін тигізеді. Әсіресе техникалық сызбалардағы әдейі жіберілген қателіктерді студенттер мен оқытушының бірлесе талқылап, дұрыс өлшемдерін анықтау студенттерді қызықтырады.

9. Тағы бір сұрақ. «Құрамында 50-50 пайыз екі түрлі металл қосындысы қандай қорытпа түзеді?».

Пән мазмұнының көлеміне байланысты мұндай сұрақтарды көптеп қоюға болады. Әңгіме одан қандай нәтижелер күтуге болатындығында.

Әңгімеде логикалық жоспар сақталуы керек. Әңгіме логикасы оқытушы студенттерді қандай қорытындыларға жетелеуінде. Сұрақтар мен жауаптарды алмастыра әңгімелесу, студенттер барлық уақытта тақырыптың дамуына сезінетіндей болу керек.

Әңгімелесу үдерісі кезінде студенттердің жаңа материалды түсінуі, оның негізі және басты факторлары мен қорытындыларына терең назар аударуының маңызы өте зор.

Оқытушы әңгіме сарынын өзі мұқият қадағалағаны жөн. Ол қойылатын сұрақтарды түрлендіріп, біресе жеңілдетіп, біресе күрделендіріп, күшті және нашар оқитын студенттер қабілетін ескере отырып реттеуге тиісті.

«Материалтану» пәні бойынша білім қалыптастыруда оқытушының пайдаланатын педагогикалық құралдарының бірі «студенттің өзбетінше жұмысы». Ондай құралдар қатарына «Материалтану» пәнін оқытуда оқулық, оқу құралдары қосымша әдебиеттер, анықтамалықтар, кестелер, МЕСТтер, әртүрлі техникалық құжаттар, жабдықтар төл құжаты, схемалар және т.б. жатады.

Студенттің өзбетінше жұмыс істеу іскерлігі, басқа іскерліктер сияқты қалыптасуы керек. Ол үшін оқығанда негізгі ойды бөліп, ажырата алуы және оны жақын болашақта қолдана алу керек. Студенттің өзбетінше кітаппен жұмыс істеуін схема-сурет түрінде былайша бейнелеуге болады (Сурет 1).

 

а)

 

 


ә)

 

 

б)

 

 

Сурет 1- Студенттің кітаппен өздігінше жұмыс істеуі

 

Студенттің кітаппен өздігінше жұмыс істеуі (Сурет 1) а, ә, б блоктарынан тұрады деп шартты түрде жіктеледі. Оның «а» блогы кітаптардан тұрады. Оқулық – оқытылатын пәннің толық мазмұнын қамтитын тірек құрал. Ол негізінен теориялық білім беру бағытын ұстанады. Оқу құралының да алатын орны ерекше, дегенмен оқу құралында теориялық материалдармен қатар, практикалық-лабораториялық жұмыстарды орындауға қажетті мағлұмат көбірек шоғырланады. Әртүрлі ұсыныстар, бақылау сұрақтары, тест тапсырмалары (көбінесе шешімімен). Сондықтан оқу құралының көпшілігі әдістемелік нұсқау тектес болып, пәнді оқытудың әдіснамасы бағытында құрастырылады. Қосымша әдебиеттер негізгі әдебиеттерді алмастырумен қатар, пәнді тереңдетіп оқуға жарамды болып саналады. Осыдан «а» блогындағы стрелкалар солға қарай бағытталып, оқулық мазмұнын толықтыра түсетіні суреттен аңғарылады.

«Ә» блогындағы МЕСТтер негізінде кестелер жасалады, олар анықтамалықтар құрамына енетіні стрелкалар бағытынан көрініп тұр. Әдетте оқулықтар мазмұнына анықтамалық мәліметтер ендіріліп, оқулық мазмұны толыға түседі.

Төменгі «б» блогындағы құжаттарды пайдалану өз нәтижесін береді. Өйткені әртүрлі техникалық құжаттарда технологиялық үдерістер реті, режимдері, өңдеудің даналық уақыты, қолданылатын жабдықтар мен қондырғылар мәліметі, тиісті МЕСттерге сілтеме т.б. көрініс табады. Ал, жеке жабдықтардың төлқұжатында (паспортында) қай зауытта жасалған, қандай өнімдер өңделетіні, габаритты өлшемдері тағы басқа да көптеген мәліметтер, жөндеу режимі, май су сияқты қоректер мен электр схемасы ол жабдықты дұрыс, тиімді пайдалануға мүмкіндіктер береді.

Схема (оны сұлба деп те атайды) (грек. schema – сыртқы түрі, пішін) – машинада немесе механизмде негізгі кейде қосалқы функцияларды орындайтын элементтер мен байланыстардың жиынтығын көрсететін масштабсыз сұлба, сонымен қатар түзілімнің, аспаптың, құрылғының, қондырғының және т.б. жұмысы кезіндегі негізгі идеяны, принциптерді түсіндіретін құрылымдау құжаттамасының бөлігі болып табылатын сызба [4, 222 б.]. Схема жабдықтар төлқұжаттары мен басқа да техникалық құжаттарда көрсетіледі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Сыздықова Б.О. Технология пәні мұғалімдерін даярлаудың педагогикалық проблемалары. Шығыс Қазақстан Облысы: Педагогика жаршысы. Ғылыми-әдістемелік жорнал. Өскемен, 2009, № 4(31), 8-10 бб.

2. Основы профессиональной педагогики. Профпедагогика. –М.: Высш. Школа, 1977. – 504 с.

3. Ортаев Б.Т. Педагогикалық тапсырмалар. Оқу-әдістемелік құрал. –Түркістан. -2008. – 94 б.

4. Сыздықова Б.О. және авторлар ұжымы даярлаған. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі – Машинатану» - Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007, - 296 б.