К.филос.н., доцент. Малдыбек А Ж.

Международный казахско-турецкий университет им. Х.А.Ясави

Мусирепова Индира Шалапова А.

Магистрант  Международный казахско-турецкий университета им. Х.А.Ясави г. Туркестан, Казахстан.

 

ЖАҺАНДАНУ ҮРДІСІНІҢ НЕГІЗГІ ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫ.

 

Жаһандану адам өмірінің барлық салаларын кәсіби біліммен, ғылым жетістіктерімен жарақтандырып, жабдықтауды негіз етіп алады. Бұл дамушы қоғамға да қатысты. Өйткені, ондағы өндіріс те технологияны үнемі жетілдіріп отыруды талап етеді. Қазір мұндағы өндіріс те Батыс елдерінің көшпелі өндірісі. Бірақ, өз өнеркәсіп орындары болғанымен, дамушы елдер шикізат базасы болып қала береді. Өйткені, олар постиндустриалды елдердегі ғылыми-өндірістік тәжірибені игеріп кетеді деу қиын. Батыс елдері отарлаудан түскен қомақты қаржыны әлеуметтік саланы дамытуға, ғылымды жетілдіруге жұмсағандықтан ғана бүгінгі күніне жеткен. Сондықтан, жаһандану дегеніміз дамушы елдердің Батыстың технологиялық, өндірістік, тұтыну стандарттарын, индустриалды қоғамның экономикалық, гуманитарлық, мәдени талаптарын жаппай қабылдауы болады. Егер, дамушы елдердің халқы өздеріне тән діни ксенофобия мен әсіреұлтшылдықтан арылмайтын болса жаһандану барысында қарулы қақтығыстардың қазіргіден де көбеюі мүмкін. Дамушы елдер Батыс Еуропа мемлекеттерімен, АҚШ-пен, Жапониямен т.б. постиндустриалды елдермен қоян-қолтық араласып, олардың адам құқын сақтау, нәсілшілдікті, әсіре ұлтшылдықты ауыздықтау туралы талаптарына көндікпейінше Шығыс және Африка елдерінің технологиялық өндіріс тәсілдерін игеруге мүмкіндіктері болмайды. Олар  өздерінің әлеуметттік-экономикалық проблемаларын демократиялық-нарықтық жолға түспейінше шеше алмайды.[1] Сөйтіп, технология мен білім жаһанданудың негізінде жататын басты факторлардың бірі болып саналады.

         Ғылым мен технологияның дамуы әлемдік коммуникация торабы мен «электроника дәуірін» туғызды. Сауданың өтпейтін шекарасы болмайтынындай, электрониканың да өтпейтін шекарасы жоқ екен. Тіпті бұл жер шарын өрмекшінің торындай орап, тұтас ақпараттық кеңістікке айналдырып жіберді. Әлемдік ақпараттық кеңістік дегеніміз - әлемдік кино өндірісі, әлемге ақпарат тарататын агенттіктердің жаңалықтары (CNN, APTN т.б.), әр түрлі өркениеттің құндылықтары мен дүниетанымын тарататын телесериалдар т.б. интеллектуалды-ақпараттық өнімдер. Қазір медиократия заманы орнығып келеді. Яғни, электронды ақпарат құралдары арқылы халық санасын белгілі бір стандартқа түсірудің тәсілдері бүгінде барынша жетілген. Оның үстіне әлемдік нарықтың кеңеюі ұлттық мәдениеттердің өмір салтының өзгеруіне тікелей әсер етті. Нарықтық қатынастарға дендеп енген елдерде күннен-күнге мәдениет символдарының, жүріс-тұрыс пен киім стилінің, тұрмыстық тұтыну тауарларының, талғамның, тіпті тағамның да белгілі бір стандарттарға түсу процесі жүріп жатыр.

Осы жағдайда жаһанданудың тағы бір сипаты - бұқаралық мәдениет пен ұлттың рухани мәдениетінің қақтығысы. Бұл жерде басы ашық мәселе ретінде бұқаралық мәдениеттің ұлттық сипаты жоқ екенін айту керек. Дамушы елдерде көбінесе осы бұқаралық мәдениетке қарсылық белгілі бір мемлекетке қарсылыққа, белгілі бір ұлтты жек көрушілікке ұласып жатады. Сексуалды ұстамсыздық, содан шығып жататын отбасы проблемалары, дүниеқоңыздық сияқты жағымсыз қылықтар белгілі бір ұлттардың этникалық қасиеттері емес екені анық. Қазір, жергілікті мәдениеттердің менталитеті де капитализм заңдылықтарына бағына бастады. 1970-ші 80-ші жылдарға дейін нарықтық экономиканы дамытпаған Шығыс Еуропаның социалистік мемлекеттері, Ресей, Үндістан, Қытай, бұрынғы КСРО елдері, Азияның күнгей шығысы мен Африка мемлекеттері де қазір нарыққа бейімделе бастады. Нарық ұлттық мәдениеттің ішкі заңдылықтарын өзгертетін өте ықпалды фактор. Өйткені, нарық - фундаментальді, яғни қоғам өмірінің барлық саласын қамтитын тотальді құбылыс. Осындай нарықтық фундаментализм жағдайында ұлттық мәдениеттің бірте-бірте әдепсіз бұқаралық мәдениетке айналуы мүмкін. Себебі, нарықтық экономикалы мемлекеттерде ұлттық мәдениет туындылары да халық тарапынан болатын сұранысқа байланысты жазыла бастады. Ал, көпшілік тарапынан сұранысқа ие болатын мәдени туындылар көбінесе имандылық, ар-ождан талаптарына сәйкес келмеуі де мүмкін. Әсіресе, ақша табуға тырысқан шығармашыл бірлестіктер жастардың бойындағы сексуалды әуесқойлықты пайдаланады. Нарық жағдайында дәстүрлі қоғамдағы мұраттарды жырлайтын, таза ұлттық нақыштағы әдеби туынды, кино өнімі немесе театр қойылымы, газет-жорнал, ән-жыр ақырындап халық талғамынан, сұранысынан тыс қалып, өндірушілердің де назарынан кете бастайды. Психология қисыны бойынша жеке тұлғаға әлеуметтік бақылау әлсіресе, адам баласының бойындағы бейсана болмысы оның жүріс-тұрысын, санасын билеп алады.

Демократиялық мемлекет құра отырып, халықтардың өз келбетін сақтауы - ұлттық мәдениеттердің қарулы қақтығысымен, біреуінің жеңуімен емес, азаматтардың адамның парасатымен ғана шешілетін мәселе. Рухани тазалық қай қоғамда болсын жоғары бағаланады. Дегенмен, нарық пен әсіре демократияның бұқаралық мәдениеттің жайылуына ептеп жағдай жасайтынын да ұмытпаған жөн.

Осындай жағдайда өмірдің балама нұсқасын, яғни ешқандай моральдық тыйымдарсыз, жеке адамның барлық қалауын қанағаттандыратын тұтынушы қоғамның «қызықтарын» әлемдік коммуникациялық жүйе (теледидар, видеотаспалар, интернет) арқылы күнделікті көре бастаған жастарға жаһанданудың мәдени ықпалы күшті болып отыр. Кей уақыт жастардың дамушы мемлекеттің (Қазақстанның) азаматы болғанына қорланатындары да білініп қалады. Советтік-атеистік модернизациядан кейін рухани құндылықтарды бұзудан көңілі селт етпейтін ұрпақтың интеллектуалды сұранысына ие болатын ұстамсыз фильмдерді елге толассыз тасу, сол фильмдерді көріп, ондағы мінез-құлық пен жүріс-тұрысты үлгі көріп, өз өмірлеріне енгізу жастардың мінезін, талғамы мен аңсарын, дүниетанымын қатты өзгертіп жатыр. Әсіресе, жастардың «рокерларға», «байкерларға», «буддисттерге», «хиппиге» еліктеуі, тіпті субмәдениет үлгілерін таңдамаған күнде рухани тыйым-талаптарға, адамгершілік құндылықтарына ескіліктің сарқыншағы деп қарауы демократиялық елдерде жұрт санасына бұқаралық мәдениеттің орнығып жатқанын білдіреді[2]. Бұл бұқаралық мәдениет үлгілері сол айтылған интернет, теледидар, кинопрокат, CD, audio disk, MD, DVD сияқты ақпарат сақтау құралдары, жердің жасанды серіктері және басқа да хабар-ошар тарату технологиялары, саржағал газет-жорналдар арқылы адамдарды төрт құбыласынан қоршап алды.

Жаһанданудан туындайтын екінші бір проблема - дамушы елдерде жастардың жаппай маргиналдануы. Бұл әлемнің оңтүстік бөлігіндегі тұрмыстың ауырлығынан да етек алып барады. 1997 жылғы социологтардың әлемдік форумында «адамзаттың ендігі қаупі - жаһандану процесінен бұрін маргиналдану процесі болуы мүмкін» деген қортынды жасалды. Маргинал – тұрмысы нашар және өзінің ұлттық мәдениетінен жеріген, сондықтан дүниетанымы, рухани құндылықтары қалыптаспаған адам. Адамзат өмірінде жоқшылықтың соңы қашанда рухани қайыршылыққа ұласып отырған. Жоқшылық басталған кезеңде ұлттың рухани құндылықтары да, интеллектуалдық ізденіс дәстүрлері жұрт жадынан көшіп, радикалды ұрандар алға шығады. Ал, жаһандану заманында әсіре ұлтшылдық пен діни догмадан айыға алмаған елдер саяси-экономикалық модернизацияға бара алмай, кедейленген үстіне қайыршылана түсуі мүмкін. Осы кезде ел ішін кеулейтін бұл маргиналданудың қаупі - адамның сана сезімін әрі-сәрі, өтпелі күйде ұзақ ұстап тұратынында. Яғни, оның өмірге деген жүйелі көзқарастары, құндылықтары мен сенімдері, жүріс-тұрыс әдеттері нақты айқындалмайды. Маргиналдың ерекшелігі - бұқаралық мәдениет пен рухани құндылықтардың арасында айқын таңдау жасамауы. Мұндай адамдар бірде қоғаммен қақтығысқа түсіп, бірде рухани талаптарға бет бұрып, құбылған күйі күн кешеді. Сондықтан, маргиналдар белгілі бір идеологиялық ықпалға тез түседі. Осы ретте саясаттану теориясында мемлекетте орта тап қанша көп болса сонша мемлекеттің тұрақтылығы нығаяды деген тұжырым бар екенін айтамыз. Ал, әлеуметтік-экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатқан мемлекеттерде маргиналдарды радикалды саяси партиялар мен діни экстремистік ұйымдар саяси мақсат-мүдделеріне пайдалануы ықтимал. Ұлттық дүниетаным мен рухани дәстүрлердің қажеттігі осы жағдайда туындайды. Яғни, әсіре партикулярлы сана-сезім мен әсіре ұлтшылдыққа берілмеген, бірақ ұлттың ғасырлар бойы өңдеп шығарған рухани талаптарын, туған елді сүюге үндеген парасатты пайымдарын игерген ұрпақ маргиналдану процесіне ұрынбайды және жаһанданудың экономикалық, технологиялық талаптарына да жауап беретін болады. Егер ұлттың ұрпағы жалпы адамзаттық рухани қағидаларды, одан бұрын ұлттық тарихи құндылықтарды игермесе, бұқаралық мәдениеттің құрбаны болып, жаппай маргиналға айналуы мүмкін.[3] Ал, кез-келген маргиналдың діни фанат, радикалды экстремист болып шығуы демнің арасында. Кейбір ғалымдар мұны өркениеттер арасындағы «информациялық соғыс» деп те атап жүр. Мысалға М. Ломоносов ат. ММУ-нің доценті С.Г. Туронок «қарсылас мемлекеттің территориясына танкілер, ұшақтар мен жарақты жасақ түсіру тактикасының орнына қазір жалған құндылықтар мен мұрат-мақсат, сенім-наным догмаларын «түсіру» стратегиясы келді»,- дейді.[4] Жаһанданудың пост кеңестік қоғамдарға тигізетін мәдени ықпалын талдай келе Мәскеу мемлекеттік университетінің доценті Т.П. Лебедевамен келісуге болады.

Оның пікірінше, жаһандану процесінің негізгі проблемаларының бірі – жеке бас һәм ұжымдық идентификацияның жойылуы.[5]

Сөйтіп, жаһандану үрдісі оның талаптарымен келіссек те, келіспесек те біздің ғасырымыздың шындығы болып отыр. Адамизаттың бойында жаһандануды жеңетін, оның бетін қайтаратын күш-қуат әзірге білінбейді. Барлық мемлекеттер осы әлемдік ағыспен кетіп барады. Бұл ағыс - адамның жеке меншікті сүйетін табиғаты, осы жеке меншікке сүйенген нарықтық капитализм, сол капиталистік модернизация тудырған индустриялдық һәм постиндустриалдық қоғамдар. Осы уақытқа дейін өзінің «капиталистік табиғаты» арқылы дамып келген адам баласы ендігі заманда да жеке меншіктен, табиғатты аяусыз пайдаланудан бас тарта алмайды. Сондықтан, жаһандану - кісі баласының пешенесіне жазылған тағдырлы құбылыс.

 

 ӘДЕБИЕТТЕР

1.      [1] В.Г. Хорос. «Актуальные проблемы глобализаций» // МЭ и МО, 1999 № 47, стр. 49-50.

2.     [1] И.С. Семененко. «Глобализация и социокультурная динамика: личность, общество, культура».//Полис, 2003 г., № 17 стр. 15.

3.     [1] А.А. Амирова. «Этнический аспект маргинализации». Этнические проблемы соц-политического развития РК. Материалы международ. научно-прак. конф., Алматы, 2002 г.

4.     [1] С.Г. Туронок. «Информационно-коммуникативная революция и новый спектр военно-политических конфликтов».// Полис. 2003г., № 16, стр. 24.

5.     [1] Т.П. Лебедева. «Глобализация и проблемы национальной идентичности». //Полис. № 2. 2003. стр. 48.