Право /1.История государства и права.

Оқытушы, құқық магистрі Омар Б.М

Қ.А.Ясауи  атындағы Халықаралық қазақ-түрік университет. Қазақстан    

Қазақстан Республикасының сот билігі мен халықаралық құқықтың арақатынасы

В этой статье рассматриваются проблемы взимоотношения судебной власти РК  и международного  права

 

This article deals with the ratio of the judiciary of Republic of Kazakhstan with international legal organization

 

1994 жылы 12 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің Қаулысымен Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның Мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Негізінен халықаралық құқық талаптарына сәйкес келетін және шетелдік тәжірибе жетістіктерін ескерген соттық құқықтық реформаның басталу кезеңін тәуелсіздіктің үшінші жылында арнайы құжаттың қабылдануынан бастап есептеу дұрыс емес сияқты. Себебі, соттық реформа негіздері ертерек, еліміздің тәуелсіздігін қалыптастырған құжаттарда, біздің тәуелсіздігімізді жариялаған құжаттарда, 1993 жылғы алғашқы Конституцияда бекітіліп, 1995 жылғы Конституцияда дамытылды десек артық айтқандық болмас. Мысалы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабының 1-тармағында,  «Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады», - деп атап көрсетілген [1].

Бұл құжаттар соттық құқықтық реформаны дамытудың негізгі бағыттарын ғана анықтап қойған жоқ, сонымен қатар, жаңа материалдық және іс жүргізушілік нормалардың пайда болуына, тіпті посткеңестік кеңістіктің жаңа экономикалық, әлеуметтік және саяси шындықтарына бейімделген заңдық ойлаудың жаңа типінің қалыптасуына әсер етті. Осы тұста сот төрелігін жүзеге асыруға қатысты халықаралық стандарттарды қамтыған және олардың қағидалары елдің Конституциясы мен қолданыстағы заңнамасында көрініс тапқан негізгі құжаттар жүйесіне тоқталып кетсек.

Олар төмендегіше:

·                    Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы (1945 жылы 26 маусымда қабылданып, 1945 жылы 24 қазанда күшіне енген);

·                    Адам құқықтарының Жалпыға бірдей Декларациясы (1948 жылы 10 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының №217А (ІІІ) қарарымен қабылданған);

·                    Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық Пакт (1966 жылы 16 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының №21 сессиясында қабылданған);

·                    Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Халықаралық Пакт (1966 жылы 16 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының №21 сессиясында қабылданған);

·                    1985 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы мақұлдаған соттардың тәуелсіздігі туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі қағидалары;

Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын ешқандай бөлусіз сыйлау мен көтермелеудегі халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету мен әділдікті сақтау үшін барлық жағдайларды жасауға шешім қабылданды.

Адам құқықтарының Жалпыға бірдей Декларациясының ережелерінде заң алдындағы теңдік, кінәсіздік презумпциясы, әркімнің заңға сәйкес құрылған құзіретті, тәуелсіз, әділ сотта әділ және жариялы түрде ісі сотта қаралуға құқығы. Бұл ережелер Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық Пактіде және Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Халықаралық Пактіде бекітілді және оларда адам құқықтарына, соның ішінде дәлелсіз ұстау негізінде сотталмау құқығына кепілдік беріледі. Пактілерді ратификациялау туралы заң жобалары 2005 жылы 21 маусымда Парламентке келіп түсіп,  Президент оларды басымдыққа ие деп жариялады.

Сот билігінің біртектес стандарттарының қалыптасуында маңызды рөлді БҰҰ бөліктерінің бірі Экономикалық және Әлеуметтік Кеңестің қызметі атқарады. Бұл орган адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын сыйлау мен көтермелеу мақсатында барлығына арналған ұсыныстар беруге, өз құзіретіне кіретін мәселелер бойынша конвенция жобаларын БҰҰ Бас Ассамблеясына енгізу үшін дайындауға, Ұйымда бекітілген ережелерге сәйкес өз құзіретіне кіретін мәселелер бойынша конференциялар шақыруға өкілетті.

Мәселелерді жедел шешуді қамтамасыз ету үшін Экономикалық және Әлеуметтік Кеңестің құрылымында көмекші органдар құрылды, солардың ішінде 1950 жылы құрылған Қылмыстылықтың алдын алу және құқықбұзушылармен қатынас бойынша сарапшылар Комитеті бар. 1971 жылы ол Қылмыстылықтың алдын алу және онымен күрес бойынша Комитет деп аталды, ал 1993 жылы Қылмыстылықтың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі бойынша Комиссия құрылған болатын. Бұл Комиссия Экономикалық және Әлеуметтік Кеңеске қылмыстылықпен тиімді күресу мен құқықбұзушыларға неғұрлым ізгі көзқарасқа бағытталған ұсыныстар мен кеңестер ұсынады. Бас Ассамблея бұл органға бес жылда бір рет  Қылмыстылықтың алдын алу және құқықбұзушылармен қатынас бойынша БҰҰ Конгресін өткізуді тапсырды. Бұдан басқа бұл Комиссия қылмыстылықтың алдын алу және қылмыстық әділ сот бойынша БҰҰ бағдарламаларын іске асырылуын бақылайды, аймақтық институттардың шараларын үйлестіруге көмектеседі.

БҰҰ Конгрестері қылмыстылықтың алдын алу және қылмыстық әділ сот бойынша халықаралық ережелер, стандарттар дайындауда маңызды рөл атқарады.

1985 жылы 26 тамыз бен 6 қыркүйегі аралығында Миланда өткен қылмыстылықтың алдын алу және құқықбұзушылармен қатынас бойынша БҰҰ Жетінші Конгресі «Сот органдарының тәуелсіздігіне қатысты негізгі қағидаларды» (ары қарай Негізгі қағидалар) қабылдады. Және әр елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени жағдайы мен дәстүрін ескере отырып, ұлттық, аймақтық, аймақаралық деңгейде шараларды қабылдап, жүзеге асыру үшін оларды қолдануға кеңес берді.

Негізгі қағидаларда, соның ішінде «Сот органдарының тәуелсіздігі» атты тарауда сот органдарының тәуелсіздігіне мемлекет кепілдік беретіні және ол ел конституциясында немесе заңдарында бекітілетіндігі айтылған. Барлық мемлекеттік және басқа да мекемелер сот органдарының тәуелсіздігін сыйлауы қажет. Сот органдары өздеріне берілген істерді әділ, фактілер мен заңдар негізінде, ешқандай шектеусіз, заңсыз әсерсіз, мәжбүрлеусіз, күш көрсетусіз, тікелей немесе жанама және себепсіз араласусыз шешеді.

Негізгі қағидалар сот төрелігін асыру процесіне заңсыз, санкцияланбаған араласуға, соттар шығарған шешімдерді заңсыз қайта қарауға тыйым салады. Бірақ бұл қағида заңға сәйкес сот шешімдерін қайта қарауға, сот органдары шығарған үкімдерді жеңілдетуге кедергі келтірмеуі тиіс [2].

Негізгі қағидалар биліктің қалған тармақтарынан сот органдарының өздерінің функцияларын тиісті жүзеге асыруына жағдай жасайтын қажетті құралдарды беруді талап етеді. Судьяларға өз мүдделерін қорғау үшін, кәсіби дайындығын арттыру үшін және соттық тәуелсіздікті сақтау үшін соттар ассоциациясын немесе басқа да ұйымдар құруға, оларға мүше болуға құқық берілді. Негізгі қағидалардың ішінде мына ереже маңызды орынға ие сияқты: «Сот органдары сот сипатындағы барлық сұрақтар бойынша құзіретке ие және өздеріне берілген істің өз құзіретіне жататындығын шешудің айрықша құқығына ие». Бұл барлық деңгейдегі соттардың құзіретіне лауазымдарына қарамастан осы мемлекеттің барлық азаматтарына қатысты істерді, шетелдік жеке және заңды тұлғалар қатысқан істерді енгізу мүмкіндігін, сондай –ақ, республика таныған халықаралық шарттар мен халықаралық құқықтың жалпыға танымал нормаларын және қағидаларын қолдану мүмкіндігін  қарастырады. Осыған қатысты Қ.Х.Халиков мынадай пікір айтады: «соттар өздеріне берілген бөлікте (аудан, қала, облыс) өз құзіретінің шегінде биліктің тікелей өкілі болып табылады. Бұл маңызды ережені бүкіл қазақстандық сот өндірісінің теориялық негізі ретінде мойындау және іс жүзінде жүзеге асыру өте қажет. Соттардың мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі орны олардың барлық басқа билік органдарынан тәуелсіздігімен және тек қана заңға бағынатындығымен анықталады. Осы конституциялық ереженің өзі ғана сот жүйесінің кез келген деңгейіндегі, сот билігін жүзеге асыратын сотты биліктің жоғары органының тікелей өкілі ретінде тануға жеткілікті» [3].  

Негізгі қағидалар мүше мемлекеттерге сот органдарының тәуелсіздігін қамтамасыз ету мен нығайтуға қатысты міндеттерді шешуге көмектесу үшін қабылданды. Қағидалар негізінен кәсіби судьялар үшін қабылданған, бірақ қажет болған жағдайларда кәсіби емес судьяларға да, біздің жағдайымызда билер мен алқа билерге де тең қолданылады. Негізгі қағидалар сот лауазымына алынған тұлғалардан ең алдымен «жоғары моральдық қасиеттер мен қабілеттер және де құқық саласында тиісті дайындық пен біліктілікке ие болуды» талап етеді. Соттардың лауазымы бойынша өрлеуі де объективтік факторлар, соның ішінде қабілеті, моральдық қасиеті және тәжірибесі негізінде жүзеге асырылуы тиіс.

Судьялыққа үміткерлердің моральдық қасиеттері туралы 2005 жылы 3 маусымда Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасы судьяларының ІV съезінде Мемлекет басшысы да айтқан болатын: «соттардың өнегелілік және этикалық бейнесіне талапты күшейту қажет. Сот болып қызмет атқару шенеуік, әсіресе заңгер карьерасының жоғары шегі, сондықтан біздің мемлекетімізде соттардың мәртебесінің осындай қағидасын бекітуіміз қажет» [4]. 

Қылмыстылықтың алдын алу және құқықбұзушылармен қатынас бойынша БҰҰ Жетінші Конгресі осы қағидалар туралы түсінік пен ұлттық соттардағы істердің фактілі жағдайының арасында сәйкессіздіктер жиі болатынын айтты. Сондықтан халықаралық қауымдастық Негізгі қағидаларды бекіткен соң да бірнеше рет сот билігі саласында басқа құжаттарды дайындап, талқылауға жүгінді. Соның ішінде, 1989 жылы 24 мамырда Экономикалық және Әлеуметтік Кеңестің №1989/60 қарарымен «Сот органдары тәуелсіздігінің негізгі қағидаларын жүзеге асырудың процедурасы» қабылданды. Бұған сәйкес барлық мүше мемлекеттер өздерінің сот жүйелерінде конституциялық процесі мен мемлекетішілік тәжірибеге сәйкес сот органдары тәуелсіздігінің негізгі қағидаларын қабылдап, жүзеге асырады. Негізгі қағидалар барлық соттарға, тиісті жағдайларда кәсіби заңгер емес соттарға қатысты да қолданылады.

Экономикалық және Әлеуметтік Кеңестің №1989/60 қарарының V бөліміне сәйкес мүше мемлекеттер 1988 жылдан бастап, әр бес жыл сайын Бас Хатшыға Негізгі қағидаларды жүзеге асыру барысы туралы ақпарат береді. Соның ішінде, қағидалардың таратылуы, ұлттық заңнамаға енгізілуі, ұлттық деңгейде оларды жүзеге асыру кезінде туындаған проблемалар мен қиындықтар, халықаралық қауымдастық тарапынан қажет көмектер туралы ақпарат берілуі тиіс.

Құқықтық реформа аясында қылмыстық заңнаманы ізгілендіру жүрді. Осы мақсаттар үшін 2002 жылы 21 желтоқсанда қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық атқару кодекстеріне өзгертулер мен толықтырулар туралы Заң қабылданды. Заң кейбір пайдақорлық қылмыстарды орташа дәрежедегі қылмыстар санатына көшірді және бұл соттарға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды кең қолдануға мүмкіндік берді. Жеңіл дәрежедегі қылмыстардың барлығына және орташа дәрежедегі қылмыстардың көпшілігіне бас бостандығын шектеу жазасын тағайындау мүмкіндігі берілді. Қылмыстық қудалауды тоқтату негіздерін кеңейтіп, оған айыпталушының жәбірленушімен татуласуына байланысты сияқты негіздерді қосты. Бір сөзбен, соттық реформаны жүзеге асыру бөлігінде көптеген шаралар іске асырылды және көптеген халықаралық ұйымдар мен тәуелсіз сарапшылар тарапынан оң бағаланды [5]. 

Қазақстан Республикасының 1995 жылы 30 тамыздағы бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституцияның VII тарауының 75 бабында халықаралық құқықтың жалпыға танымал нормасы бекітіліп, «Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек қана соттар атқарады» деп, жазылды. 1995 жылғы Конституция 1993 жылғы қабылданған Конституцияға қарағанда біртұтас сот жүйесі қарастырған. Мысалы, республика соттары болып заңға сәйкес құрылған Республиканың Жоғары Соты мен жергілікті соттары табылады. Басқа ешқандай, соның ішінде арнайы және төтенше соттар құруға жол берілмейді. 

1995 жылы 20 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының соттары және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заң күші бар Жарлығының 4 бабы бойынша Республика сот жүйесінің бiрлiгi:

1) сот төрелiгiнің конституциялық принциптерiмен;

2) сот билiгiн барлық соттар үшiн сот iсiн жүргiзудiң заңдарда белгiленген бiрыңғай нысандары арқылы жүзеге асырумен;

3) соттардың қолданыстағы құқықты қолдануымен;

4) заңдарда судьялардың бiрыңғай мәртебесiн баянды етумен;

5) заңды күшiне енген сот актiлерiн Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында орындаудың мiндеттiлiгiмен;

6) барлық соттарды тек қана Республикалық бюджет есебiнен қаржыландырумен қамтамасыз етiледi.

1998 жылы 10 шілдеде Еуропалық Кеңес Лиссабонда (Португалия) «Судьялардың мәртебесі туралы» Еуропалық Хартия қабылдаған  болатын. (ары қарай «Судьялардың мәртебесі туралы» Хартия), мәтінде берілген ережеге сәйкес «барлық еуропалық мемлекеттерге арналған ресми құжат» болып табылады. Бұл құжат демократиялық мемлекеттерде құқықтың үстемдігін және тұлғаның еркіндігін қорғау үшін қажетті соттардың тәуелсіздігінің дамуына ықпал жасауға арналған, сонымен бірге негізгі міндеті – тек еуропа мемлекеттеріне ұсыныс беруші заңнамалық акт ретінде емес, басқа да өздерінің сот билігі туралы заңнамасын еуропалық заңнамамен үйлестіру қажет деп шешкен мемлекеттер үшін де кеңес береді. Сондықтан, бұл құжат Қазақстан үшін маңызды.

Кез келген соттарды таңдауға, қызметке тағайындауға, қызметтегі көтерілуге немесе сот лауазымында болудың аяқталуына байланысты шешімдерге қатысты Заң атқарушысы және заң шығару билігіне тәуелсіз органның араласуын қарастырады, ол органның отырыстарына қатысушылардың жартысынан көп бөлігі соттың өте кең өкілдігін кепілдейтін дәл осындай жолмен таңдалынған соттар болып табылады.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында соттық құқықтық реформалар жоспарлы және табысты орындалуда. Мұнда маңызды рөлді Қазақстан Республикасының Президенті атқарды. 1995 жылғы Конституция бойынша қайта сайланған қос палаталы кәсіби Парламент өз жұмысына кіріспеген кезеңде мемлекет басшысы 1995 жылы 20 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының соттары және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заң күші бар Жарлық қабылдады. 2000 жылы Мемлекет басшысы «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Заңның қабылдануына бастамашы болды және ол бізге «сот жүйесі тәуелсіздігін нығайту, сот төрелігін жүзеге асыру және азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарының соттық қорғалу сапасын жоғарлату үшін» қажет екенін көрсетті. «Сот кадрларын атқарушы биліктен бөліп, адамдардың сот инстанцияларындағы бітпейтін кедергілерін азайту қажет. Судьялардың беделін көтеру қажет» [7].

Нәтижесінде мемлекеттік биліктің барлық тармақтары Президенттің бастамасымен Үкімет Парламентке енгізген «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Заңның дайындалуына қатысты. Заңның негізін Парламент депутаттары жасаған жоба құрайды. Оның мәтіні бойынша Үкімет пен сот билігінің өкілдері жұмыс істеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылы 1 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасының сот жүйесі тәуелсіздігін күшейту шаралары туралы» Жарлығының нәтижесінде жоғары сот органдары қасында Соттық әкімшілік бойынша Комитет (ары қарай – Комитет) құрылды. Соттардың қызметін қамтамасыз ету жүйесі Әділет министрлігінің құрылымынан Жоғары Сотқа берілді. Бірақ Жарлық Комитеттің Жоғары Соттан автономдығын қарастырған болатын, Комитет төрағасын мемлекет басшысы қызметіне тағайындап, Комитет туралы ережені бекітетін. Жергілікті соттар деңгейінде олардың қызметін қамтамасыз етумен Комитетке бағынатын әкімшілер атқарды. Солай соттар әкімшілік шаруашылық функцияларды атқарудан босатылды және толығымен сот төрелігін жүзеге асыру сұрақтарына көңіл бөлді. Осы Жарлықта Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігіне әділеттің біліктілік алқасының қызметін қамтамасыз ету функциясын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне беру міндеті қойылды. Осылай әділеттің біліктілік алқасы «толығымен атқарушы билігі жүйесінен алшақтатылды, соның арқасында әділеттің біліктілік алқасы автономды, тәуелсіз мекеме ретінде конституциялық мәртебесін бірізді және толық іске асуы қамтамасыз етілді» [8]. 

Мемлекет басшысы 1996-2005 жылдар аралығында 147 заң жобасын тез басымдыққа ие деп жариялады. Оның ішінде «Қазақстан Республикасы сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы, «Алқабилер туралы» заңы бар. Бұл республиканың сот жүйесін іс жүзінде мемлекет басшысы қалыптастырғанын көрсетеді. Оған қоса Президент «құқық реформасы бізде артта қалған» деп бірнеше рет ескертті және «соттық құқықтық процедуралардың мөлдірлігін, сот төрелігін жүзеге асырудағы әділдікті қамтамасыз ету мен судьялардың қоғам алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету» міндеттерін шешуді алға  қойды.

Қазақстанның практикадағы заңгерлері өздерінің біліктілігін көтеруді міндет етіп және ол үшін мүмкіндікке  ие болу керек. Мұндай біліктілікті көтеру бойынша құқықтар мен міндеттер әлемде бар. Құқық қоғамдық қатынастарға сай өзгеріп отыратын болғандықтан бұл өте қажет. Себебі қысқа уақыт ішінде Қазақстанда көптеген іргелі өзгерістер болды және көп мөлшерде жаңа заңдар қабылданды.

Қазақстанда сот реформасы даулы мәселелердің бірі болып отыр. Мәселен, тұтқынға алуға соттың санкция беруі. Және бұл Қазақстан Республикасының Конституциясының 16-бабының 2-тармағында: «заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы берiледi. Соттың санкциясынсыз адамды жетпiс екi сағаттан аспайтын мерзiмге ұстауға болады» делінгеніне қарамастан болып отыр. Осыған байланысты К.Х.Халиков, тұтқынға алу және қамауға алуға соттың санкциясы мәселелерін талқылай отырып, бұл мәселе әлемнің 110 мемлекетінде соттардың айрықша құзіретінде екенін, тек 17 мемлекетте ғана прокуратура тұтқынға алуға санкция беретінін айтады. Егер Ресей, Әзірбайжан, Украина, Литва, Эстония, Грузия сияқты Достастық мемлекеттерінде бұл сұрақ бойынша мәселелерді шешу жолдары сот құзіретіне жатса, тек Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Белорусь, Қазақстан секілді мемлекеттерде тұтқынға алу туралы санкцияны прокурор береді. Ал Қазақстанда бұған соттың құқығы да болу керек. Әрі қарай ғалым тұтқынға алу – латынның «arrestum» сөзінен cот қаулысы деген мағынаны білдіреді,- деп пайымдайды. Сондықтан тұтқынға алу – соттың ерекше құқығы деуге болады [9]. 

Сот төрелігін тиімді жүзеге асырылуына сот актілерін орындаумен байланысты сұрақтар маңызды әсерін тигізеді. Олардың орындалмауының негізі себебі қарыздар адамда ақшаның, мүлігінің болмауымен ғана байланысты емес, сонымен қатар бұл жұмыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылмауында да болып отыр. Әрбір үшінші сот актілері орындалмайды. Сол себепті, әсіресе кәсіпкерлік қызмет саласындағы даулар бойынша негізді шағымдар көп кездеседі. Сондықтан, мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2006 жылы Астана қаласында өткен Судья­лар­дың төртінші съезінде  Қазақстанда ат­қару өндірісі саласында реформа жасап, жеке сот орындау институтын енгізу қа­жеттігі туралы атап өтті. Содан бері, мем­лекеттік органдардың өкілдері, мамандар мен лауазымды тұлғалар алыс-жақын шетелдердің тәжірибелерін зерттеп, өзі­міз­ге қажет деп табылған жеке сот орын­дау институтын енгізудің үлгісін жасады. Аталған еңбектің нәтижесі 2007 жылдың 6-7 маусымында Астана қаласында өткен Сот орындаушыларының І съезінде кеңінен талқыланып, сараланып, ортақ мүдде мен мақсат айқындалды. Алқалы басқосуға әлемнің әр шалғайынан келген делегаттар, Қазақстанда мемлекеттік сот орындаушылар институтына балама ретінде жеке сот орындау институтын енгізудің мерзімі жеткенін дәлелдеді. Франция, Германия, Латвия, Оңтүстік Корея, т.б. мемлекеттерден келген жеке сот орындау саласының білікті сарапшылары мен мамандары, Халықаралық сот орын­даушылар одағының жетекшілері әлемнің 60-тан астам мемлекеттерінде қолданылып жүрген жеке сот орындау институтының Қазақстан жерінде де енгізілуіне барлық жағдайдың бар екеніне көздері жетті. [10]

Араға уақыт салып, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар ен­гізіліп, «Жеке сот орындаушылар» туралы заң қабылданды. Жаңа заң жеке сот орын­даушылардың құқықтық мәртебесін ай­ғақтап, олардың өкілеттілігін нығайтуға, жан-жақты қолдануға бағытталды. Қарызды мәж­бүрлеп төлету тек сот арқылы жүзеге асады. Тағы бір маңызды жайт, жеке сот орындаушы қыз­метіне ақы төлеу борышкерден өндіріп алынған қаражат есебінен жүргізіліп, сол соманың 10 пайызы алынады. Қызмет тарифтерін мем­лекет белгілейді. Жеке сот орын­даушы жұмысы коммерциялық қызметке жатпайды және қосым­ша табыс табуды көздемейді.

Жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына лицензия алу үшін жеке тұлғалар мынадай біліктілік талаптарына сай келуге тиіс:

1)         Қазақстан Республикасының азаматтығы;

2)         жиырма бес жасқа жетуі;

3)         жоғары заңгер білімінің болуы;

4)         жеке сот орындаушысында кемінде бір жыл мерзіммен үздіксіз тағылымдамадан өтуі;

5)         біліктілік емтиханын тапсыруы.

2. Жеке сот орындаушысының қызметін лицензиялау кезінде қойылатын осы біліктілік талаптарының 1-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көзделген біліктілік талаптары:

1)         тұрақты судьяларға;

2)         өз міндеттерін орындау кезінде атына кір келтіретін теріс қылықтары және заңдылықты бұзғаны үшін судья қызметінен босатылған судьяларды қоспағанда, тұрақты судья болып жұмыс істеген адамдарға;

3)         теріс қылықтары бойынша босатылғандарды қоспағанда, уәкілетті органда және оның аумақтық органдарында атқарушылық іс жүргізу саласында кемінде бес жыл жұмыс істеген адамдарға;

4)         прокуратура органдарындағы еңбек өтілі кемінде он жыл прокурорларға қолданылмайды [11].

Қазақстанның сот реформасын ары қарай дамыту, құқық жүйесін жетілдіру мәселелерін шешу сұрақтары ғалымдар мен практиктердің тығыз ынтымақтастығына негізделу керек. Мұндай әріптестік заң жобаларының жоғары сапасын қамтамасыз ете алады.

            Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту-Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында да сот жүйесіне қатысты мәселелер қарастырылған болатын. Атап айттсақ Президент Н.Ә.Назарбаев былай деді, ол жолдауда:

            «Судьялар сот төрелігін тек заң мен ар-ожданды басшылыққа ала отырып шығаруға тиіс. Судьялар жасағын қалыптастырудың тәртібін түбегейлі түрде қайта қарау қажет. Аппеляциялық инстанциялардың істерді қарауға төменгі соттарға қайтару жөнінде негізсіз шешімдерінің мүмкіндігін заң жүзінде шектеу керек.

            Жоғарғы Соттан бастап, бүкіл сот жүйесіне өздерінің жауапкершілігі мен біліктілігін арттыру, сөйтіп өз жұмысын жетілдіруді өздері бастау талабы қойылады. Судьялардың заңды бұзуы жұрттың бәріне жария етілетіндей төтенше оқиға болуға тиіс.

            Арбитраждық және аралық соттар жүйесін нығайту керек», -деді Президент Н.Ә.Назарбаев [12].

Бұл өте дұрыс бастама болды. Жеке өз басым Президент жолдауын қолдай отырып, сот жүйесіне қатысты бұл бастамаларды өте дұрыс деп санаймын.

            Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғалы бері 20 жыл ішінде Сот органдарының атқарған қызметіне баға бере келе, Сот органдарының қызметін одан әрі оңтайландыру мақсатында әлі де болса Сот органдарына реформа жасау қажет сияқты. Мысалы, мынадай мәселелерді ұсынуға болады:

·                    біртіндеп алқа билер институтын енгізу қажет.

·                    сот төрелігін атқару процесіне араласпай, соттардың қызметін бақылаудың құқықтық тетіктерін күшейту қажет;

·                    Судьялардың кәсіби біліктілігін тексеріп отыратын орталықтар құрылса, сонымен қатар, жылына екі рет біліктілік емтихандарын тапсырып отырса;

·                    Судьялардың кәсіби даярлық сапасын арттырып отыру қажет. Бұл үшін 1 жылдық арнайы оқу курстарын құрған орынды болар. 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Қазақстан Республикасының 30.08.1995 жылғы Конституциясы (Қазақстан Республикасы Парламентінің 1996 ж., №4,217-құжат), Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 7 қазандағы Заңымен енгізілген өзгертулер мен толықтырулары (Қазақстан Республикасы Парламентінің 1998 ж., №20,245-құжат),  Қазақстан Республикасының 2007  жылғы 21 мамырдағы Заңымен енгізілген өзгертулер мен толықтырулары (Қазақстан Республикасы Парламентінің 2007 ж., №10,  68-құжат). –Астана: «Елорда» баспасы, 2009. – 42 б.

2. «Қазақстанда сот билігінің қалыптасуындағы халықаралық құқық пен ұлттық құқықтың арақатынасы» uadocs.exdat.com/docs/index-172881.html?page=9 -

3. Халиков К.Х. Выступление на конференции «Обеспечение судебной власти в деятельности районного суда: современное состояние и некоторые направления совершенствования»//Тураби. – 2004. – №2. – с.8-17.

4. Выступление Президента Республики Казахстан Н.А. Назарбаева на IV съезде судей Республики Казахстан (г. Астана, 3 июня 2005 года)//Зангер. – 2005. – №6. – С.3-7.

5. Книпер Р. Этапы правовой и судебной реформ в Казахстане //http://www.samal.kz/php3/sud/full.php?id=265

6. Рогов И.И. Работы будет много...//http://www.zakon.kz/magazine/ archive.asp

7. Выступление Президента Республики Казахстан Н.Назарбаева на VII съезде РПП «Отан»// http://www.president.kz

8. Комментарий Государственно-правового отдела Администрации Президента Республики Казахстан к Указу Президента РК «О мерах по усилению независимости судебной системы в Республике Казахстан»//Казахстанская правда. – 2000, 2 сентября.

9. Халиков К.Х. Ради будущего нашей страны//Юрист. – 2005. –№5 (47). – С. 46-48.

ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАР ІСКЕ КІРІСТІ.

11.  «Жеке сот орындаушыларының қызметіне қойылатын біліктілік талаптары»

www.minjust.kz/ru/node/20409

12. Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҢҒЫРТУ -ҚАЗАҚСТАН ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ» атты Қазақстан халқына Жолдауы.

e.gov.kz/wps/portal/Content?.../3.../president/...kk