Экономические науки/ 7.Учет и аудит.

А.Д.Аймағамбетова

Қорқыт ата атындағы ҚМУ

экономика ғылымдарының  кандидаты

Балық шаруашылығындағы өндірістік шығындар есебін ұйымдастыру ерекшеліктері

 

Өндірістік шығындар есебін ұйымдастыру бухгалтерлік шоттар мен шығындарды топтастырудан тұрады. Оған мынадай факторлар әсер етеді:

- кәсіпорынның қызмет түрі;

- кәсіпорынды басқарудың ұйымдық құрылымын қабылдауы;

- кәсіпорынның құқықтық түрі;

- шығарылатын өнім көлемі.

Өндірістік шығындар есебін ұйымдастыру шығын есебінің обьектісі болып не саналатынына  байланысты кәсіпорынның белгілі бір топтасуын қарастырады. Мұндайда: шығындарды түрі, пайда болған жерлері, жауапкершілік орталықтары мен шығынды көтерушілер бойынша есептеу болуы мүмкін.

Қазақстандағы теңіздердің, атап айтқанда Каспий теңізінің мұнай, газ қалдықтарымен ластануы, Арал теңізінің экологиялық факторлардың нәтижесінде тартылып кетуі, Алакөл, Балхаш, Зайсан көлдеріндегі су деңгейінің төмендеуінен және ол көлдердегі балық шаруашылығының дұрыс ұйымдастырылмауы, көл мен өзендерде ауланатын балықтың көлеміне кері әсер ету салдары балық шаруашылығын одан әрі дамытуды қажет етеді. Балық шаруашылығының экономикалық тиімділігін одан әрі арттыру үшін бұл шаруашылықтан  алынатын өнімге жұмсалған шығындар туралы шынайы ақпараттарды жедел алудың және оларды уақытылы сараптаудың маңызы зор. 

Орта Азия мен Қазақстан территориясындағы өзен-көлдердің ағын суын  толығымен егіске және басқа халық шаруашылығы мақсаттарына  пайдалану нәтижесінде табиғи су көздері  жыл сайын азайып, олардан балық  аулау мөлшері де күрт кеми түсуде. Республикадағы ірі табиғи су көзі- Арал теңізі осылайша  балық шаруашылығы жөніндегі өз мәнінен  айырылды, ал Балқаш пен Алакөл және Бұқтырма су қоймасының деңгейі төмендеп келеді. Әйтседе балық өндірісі  өз мәнін жоймақ емес. Алдағы кезде балық өнімдерінің елеулі бөлігі ішкі су көздерін тиімді пайдалану арқылы алынбақ.

Республикамызда тағамдық сапасы жоғары балық өнімін молайтудың болашағы зор тиімді көзі-ішкі су жүйелері мен су қоймалары екендігі мәлім. Он төрт облыстың территориясынан үлкенді-кішілі ондаған өзендер ағып өтеді. Жалпы Қазақстан су байлығы жөнінен Ресейден кейінгі екінші орында. Алайда, тауарлы балық дайындау мөлшерін  молайтуда қолда бар мүмкіндік әліде болса дұрыс пайдаланылмай келеді. Бұл орайда колхоз-совхоз территорияларында тоғандар мен көлдерді ретке келтіру, оларды балықтандыру және өсіріп, аулау жұмыстарын ұйымдастыру шараларын жүйелеп, жүзеге асыруға баса көніл аудару қажет.

Өндірістік шығындар есебінің қолданыстағы жүйесін зерттеу           нәтижесі – балық шаруашылығы жұмыстарының орындалуын бақылауға және оның нәтижелері бойынша дер кезінде шешім қабылдауға толық әрі сенімді ақпараттармен толық қамтамасыз етілмейтіндігін байқатты. Бұл бғыттағы ізденістер балық шаруашылығындағы  басқару жүйесін жақсарту үшін, өндіріс шығындарының есебін тиімді ұйымдастыруды, есептің шынайылығын, жеделділігін және талдамалылығын көтеру қажет екендігін дәлелдеуде.

Елімізде соңғы жылдары республика бойынша жалпы балықты аулау, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, тұрақтанып, ауланған балықтың орташа көлемі 30-35 мың тоннаны құраса, ал кейбір жылдары бұл көрсеткіш 38 мың тоннаға дейін жетті.

Жалпы республика бойынша ауланған балықтың көлемі 2006 жылы 35,1 мың тоннаны құраса, оның 40,5 пайызы Қазақстанның Батыс аймағының үлесіне тиеді. Осының ішінде Жайық-Каспий су айдынынан ауланған балықтардың үлесі 38,8%, яғни 14 мың тоннаға жуық. Яғни, елімізде ауланатын балықтардың басым бөлігін (38,8%) Маңғыстау мен Атырау облыстары алатынын айтуға болады. Ал алтынмен бағаланатын бекіре тұқымдас балықтар да тек осы аймақта ғана тараған.

  Толық жүйелі балық шаруашылықтарында технологиялық үрдіс бір-бірімен тізбектеле жалғасқан төмендегідей сатылардан құралады. Олар:

- Құрт шабақтарды өсіру;

- Биылғы шабақтарды өсіру;

- Биылғы шабақтарды қысқы тоғанда күтіп бағу;

- Тауарлы балықтарды өсіру [1,18б].

Толық жүйесіз шаруашылықтар балықты өсіру үрдісінің жекелеген түрлерін ғана орындайды. Мұндай шаруашылықтарға балық питомниктері жатады.

  Балық питомниктері көшеттеу материалдарын (құрт шабақтарды, биылғы шабақтарды) өсірумен ғана айналысады.

Балықты өсіруге жұмсалған шығындар технологиялық үрдістің сатыларына бөлінбестен жалпылама түрде жүргізіледі.  Бұл әр саты бойынша шығын деңгейін бақылауға мүмкіндік бермейді.

Балықты өсірудің толық технологиялық үрдісі қолданылмайтын біржылдық жайылымдық шаруашылықтарында балықты өсіру шығындарын 8110 «Негізгі өндіріс» шоты бойынша жүргізген дұрыс.

Балық шаруашылығында өндіріс шығындарын ұйымдастыру балықты өсірудің өндірістік үрдісіне тікелей байланысты. Соған сәйкес менің зерттеу нысаны ретінде алып отырған балық шаруашылығында технологиялық үрдісті балықтарды өсіру бағыттары бойынша белгілі бір кезеңдерден тұратын ішкі салаларға жіктеп, әрі олардың өндірістік есебін тиісінше ұйымдастырудың маңызы ерекше. Өйткені өндірісті ұйымдастыру ерекшеліктеріне қарай балық шаруашылықтарының өндіріс шығындары  да әртүрлі қалыптасады.

Балық шаруашылығында тауарлы балықтарды өсіру үшін жұмсалатын шикізаттар мен материалдардың үнемді жұмсалуын қадағалау, нормадан ауытқуы бойынша жедел шешім қабылдау және материалдық шығындардың талдамалылығын күшейту үшін олардың есебін мынадай талдамалық баптар               бойынша жүргізген дұрыс.

Шикізаттар мен материалдар, оның ішінде:

- балықтың қоректік жемі, оның ішінде түйіршектелген жем;

- тыңайтқыштар;

- өндірістік жұмысшылардың негізгі еңбек ақысы;

- әлеуметтік салыққа аударымдар;

- құрал-жабдықтарды, саймандарды пайдалану шығындары;

- басқадай тікелей шығындар;

- үстеме шығындар.

Жоғарыда ұсынылған шығын баптары негізінен толық жүйелі балық  шаруашылықтарында қолдануға болады, ал питомниктер мен біржылдық тауарлы балық өсіретін шаруашылықтар сәйкесінше шығын баптарын ғана пайдаланса болады.

Балық шаруашылығындағы тікелей шығындардың ішінде басым үлесті шикізаттар мен материалдар (75-80%) алады. Бұл материалдарды пайдалану деңгейінің жоғары екендігін көрсететінін ескерсек, онда өндіріс циклінде тұтынылатын ресурстарды есепке алу мен жедел бақылау жасап отыруды дұрыс ұйымдастырудың маңызы зор[2,47б].

Балықтың салмағын көтерудің тиімді шараларының бірі – балықты қоректендіру, сондықтан материалдық шығындардың құрамында мол үлесті (20-25%) қоректік жем шығындары алады.

Сапалы жемді таңдау және балықтарды дұрыс қоректендіруді ұйымдастыру балық өсірушілердің біліктілігі мен ұқыптылығын талап етеді.

Бұл шығындар өндіріске тек қоректендіру нормасын қолданудың дұрыстығы терең тексерілгеннен кейін ғана есептен шығарылып, шығындарға жатқызылуы тиіс.

Тоған балық шаруашылығы - бұл балық тұқымдарын өсіру үшін арнайы қолдан жасалған су қоймасы. Қазіргі кезде тоғандарда балық өсіру – балық өнімдерін ішкі су ресурстарында дамытудың ең пайдалы да тиімді жолы болып табылады. Мұнда су айдынының әр гектарынан табиғи сумен салыстырғанда балық өнімін әлдеқайда көп алуға және сол балық өнімінің молаюына қолма-қол ықпал жасауға болады. Оның үстіне тоғанда - балықтың тез өсіп-жетілетін және тағамдық қасиеті жоғары тұқымдарын: тұқы, сазан, ақ амур, дөңмандай, буффало т. б. өсіруге мүмкіндік мол.[4, 26б]

Балықты тоғандарда өсірудің экономикалық тиімділігі ретінде, біріншіден, онда арнайы балық тұқымдарын және жоғары өнімді балық түрлерін өсірудің, асылдандыру жұмыстарын жүргізудің мүмкіндігін айтуға болады. Екіншіден, мұндай су алаңдарында балықтарда кездесетін аурулардың алдын алу шараларын уақтылы және тез жүргізуге болады. Үшіншіден, тоған балық шаруашылығында жергілікті, яғни бағасы арзанға түсетін азықтарды пайдаланады. Төртіншіден, тоғандағы балықтарды бөгде адамдардың аулауына жол берілмейтіндіктен, олардың санын бақылап анықтап отыру жеңіл.

Тоғанда балық өсірудің тағы бір тиімділігі – ауланған  балықты тұтынушыларға тез жеткізуге болады, яғни оларды тасымалдауға шығын аз жұмсалады. Ал енді мұхиттар мен теңіздерден ауланған балық тұтынушылар дастарқанына үлкен қиындықпен, көптеген қаражат жұмсалып барып келеді.                                                

Нарық жағдайында қызмет ететін  ұйымдағы  шығындар кешені оны басқарудың бүкіл жүйесінің  негізі болып табылады, өйткені мұнда нақты жұмсалған шығындар туралы барлық ақпараттар қалыптасады, демек нақты  алынған пайданы анықтаудың негізі қаланады. Өнімді өткізуден алынған өндірістік  нәтижені табу әдістемесі шығындар есебінің  және  өзіндік құнды калькуляциялаудың  әдістемесімен анықталады. Сондықтан шығындардың бухгалтерлік есебі оңтайлы ұйымдастырылмайынша  шаруашылық қызметті тиімді жүргізу мүмкін емес. 

Өндірістік шығындардың құрамына қосылатын айналымды материалдар құнының бір бөлігі олардың әрбір айналымы төмендегі формула бойынша анықталады:

       Шығыстың нормативтік шамасы = айналымды материалдардың нақты  өзіндік құны – материалдардың қайтарылатын құны / айналым саны

Балық шаруашылығында өндіріске босатылатын материалдардың негізгі түрлерінің жұмсалу нормасының сақталуын алдын – ала бақылау бойынша қоймадан шектеулі мөлшерде босату арқылы жүзеге асырылады.  Материалдарды  қарастырылған лимиттен артық алу жеке сигналдық талаптар бойынша жетекшінің рұқсатымен оның себептерін анықтағаннан кейін жүргізіледі.

Материалдардың жұмсалу нормасының сақталуын ағымдық бақылау орындалған жұмыстарына жұмсалынған материалдардың нақты мөлшерін нормативтік мөлшермен салыстыру арқылы жүзеге асырылады.

Кезекті бақылау материалдар жұмыстарының өндірісіне босатылғаннан кейін жүзеге асырылады. Өндіріске босатылған материалдардың жұмсалуын бақылау үшін № М-29 үлгідегі «Өндірістік нормалар бойынша анықталатын шығыстарға сәйкес негізгі материалдарының жұмсалуы туралы есеп беру»  жасалынады. Бұл есеп беру материалдардың нақты жұмсалған мөлшерін өндірістік нормамен салыстыру, материалдарды жұмыстарының өзіндік құнына есептен шығару үшін пайдаланылады.

Балық шаруашылығында өндіріс шығындарын ұйымдастыру балықты өсірудің өндірістік үрдісіне тікелей байланысты. Соған сәйкес біздің зерттеу нысаны ретінде алып отырған балық шаруашылығында  технологиялық үрдісті балықтарды өсіру бағыттары бойынша белгілі бір кезеңдерден тұратын ішкі салаларға жіктеп, әрі олардың өндірістік есебін тиісінше ұйымдастырудың маңызы ерекше. Өйткені өндірісті ұйымдастыру ерекшеліктеріне қарай балық шаруашылықтарының өндіріс шығындары  да әртүрлі қалыптасады.

Балық шаруашылығындағы тікелей шығындардың ішінде басым үлесті шикізаттар мен материалдар (75-80%) алады. Бұл материалдарды пайдалану деңгейінің жоғары екендігін көрсететінін ескерсек, онда өндіріс циклінде тұтынылатын ресурстарды есепке алу мен жедел бақылау жасап отыруды дұрыс ұйымдастырудың маңызы зор.

Балық шаруашылығында балықтың салмағын көтерудің тиімді шараларының бірі – балықты қоректендіру, сондықтан материалдық шығындардың құрамында мол үлесті (20-25%) қоректік жем шығындары алады.

Сапалы жемді таңдау және балықтарды дұрыс қоректендіруді ұйымдастыру балық өсірушілердің біліктілігі мен ұқыптылығын талап етеді.

Бұл шығындар өндіріске тек қоректендіру нормасын қолданудың дұрыстығы терең тексерілгеннен кейін ғана есептен шығарылып, шығындарға жатқызылуы тиіс. Алайда зерттеу жүргізілген кәсіпорында  материалдарды балықтың санына, түріне қарай тиісті мөлшерде беруге арналған арнайы бекітілген нормалар жоқ. Бұл дұрыс емес, себебі материалдарды үнемді пайдалану осындай нормаларды пайдалану негізінде ғана тиімді жүргізілетіні белгілі. Сондай-ақ бір тоғанда әртүрлі балық түрлері өсірілуі мүмкін, олардың біреуі жеммен қоректенетін тұқы балығы болса, екіншісі – ақ амур, дөңмаңдайдың шабақтары  түрлі су жәндіктерімен, өсімдіктермен қоректенеді. Сондықтан бір тоғанға жемді босату осы балықтарды қоректендіру ерекшеліктеріне қарай ихтиолог-мамандардың ҚР ауылшаруашылығы министрлігімен бекітілген балық өсірудің биологиялық нормативтерін ескере отырып жасаған және бас балық өсіруші және төраға бекіткен нормаға сай жүргізілуі тиіс.

Тоғандарға берілетін нақты жем шығыны балықты өсіру жұмыстарының ұйымдастырылуына, балықтың жай-күйіне, ауа райына, өсіру шарттарына тәуелді түрде әр тоғанда әртүрлі жұмсалуы мүмкін. Сондықтан жем шығынын тоған бойынша жүргізген жөн. Өйткені балықшылар балық өсіру үрдісін тиімді ұйымдастыра отырып, жем шығындарының айтарлықтай үнемделуіне ықпал ете алады.

Балық шаруашылығында шығындар есебін жүргізу тәжірибесін зерттеу барысында көлік шығындарын бөлек шығын бабы ретінде қарастырған. Бұл дұрыс емес. «Көлік шығындары» бабы құрт шабақтарды уылдырық шашатын тоғаннан негізгі өсіру тоғанына, қысқы тоғандар мен жайылым тоғандарына тасумен, тыңайтқыштарды, сондай-ақ өзге де материалдарды орталық қоймадан тоғандарға тасумен айналысатын меншікті және сырттан тартылған көліктердің шығындарын қамтиды. Сондықтан оларды сол тасылған материалдардың, құртшабақтардың, биылғы шабақтар мен тауарлы балықтардың құнына қоса отырып, есепке алған дұрыс.

Балықты өсіру сатылары бойынша тасымалдау шығындарын тікелей апару мүмкін болмаған жағдайда, оларды үстеме шығындар қатарында жинақтай отырып, өсіру сатылары арасында көшеттеу материалдары мен тауар балықтарының салмағына тепе-тең бөлген дұрыс.

Балықшылардың қатысуымен атқарылатын қыруар жұмыстарды жеңілдетуде - тоған суын толтырып, ағызып, қоректік азықты тасымалдау, балықтарды тоғаннан - тоғанға көшіру, тоғанға тыңайтқыш сепкенде  механикалық жабдықтар мен техниканы қолданудың маңызы зор. Тоған балық шаруашылығында балық өсіруде мынадай қарқынды еңбектер атқарылады: тоған суын толтырып, қажет жағдайда оларды ағызып отыру; тоғанды тыңайту; тоған түбіндегі шөптің жақсы өсуін, олардың шамадан тыс қаулап өсіп кетпеуін қадағлау ; балықты қоректендіру; қоректік азықтың сапасын  арттыру; құрама жемді тасымалдау; дәрігерлік-санитарлық тексеруді ұйымдастыру, ауруларға алдын - ала қолданылатын шаралар; селекциялық–асылдандыру жұмыстары және т.б.

Еңбек ақы шығындарының есебі жұмыстарының технологиялық  үрдісінің жекелеген сатыларындағы жұмыс құрамының ерекшелігіне негізделген, бұл осы шығындардың жұмыстарының  көлемі және сапасына  тікелей байланыстылығымен көрсетіледі. Еңбек ақы шығындары өндірістік шығындардың 13 – 16 % құрайды. Сондықтан еңбекке ақы төлеу есебін дәл ұйымдастыру үлкен маңызға ие.

Еңбек ақы шығындары негізгі еңбек ақы шығындары мен қосымша жалақы шығындарынан құралады. Бухгалтерлік есептің № 12 «Күрделі  мердігерлік келісім - шарттар» стандартының әдістемелік нұсқауына сәйкес учаскеде жүзеге асыратын жұмысшылардың еңбекақы шығындары, жұмыстарды тікелей қадағалау және осы тұлғалардың еңбекақыларынан аударымдар тікелей шығындардың қатарына, ал негізгі өндіріс жұмысшыларының қосымша жалақылары, құрал - жабдықтарды пайдалану және қызмет көрсетумен айналысатын, күрделі емес жұмыстармен айналысатын жұмысшылардың қосымша жалақылары үстеме шығындарға жатқызылады.

Жұмысшылардың негізгі еңбек ақысына және де өзгедей мердігерлік жұмыстармен тікелей айналысатын жұмысшылардың, сонымен бірге материалдарды бір орыннан екінші орынға қолымен тасымалдайтын жұмысшылардың негізгі еңбек ақысы жатқызылады.

Жұмысшылардың негізгі еңбек ақысына нақты орындалған жұмыстар үшін төлемдер, мерзімінен тыс жұмыстар үшін қосымша төлемдер, жұмысшылардың кінәсіне жатпайтын ақаулар үшін төлемдер, жұмыстың күрделілігіне сәйкес төленетін  үстеме ақы жатқызылады.

Бұл шығындардың құрамына машиналар  мен механизмдерді басқарумен және оған қызмет көрсетумен айналысатын жұмысшылардың, қосалқы және көмекші өндіріс жұмысшыларының еңбек ақысы енгізілмейді.

Негізгі еңбек ақы  8112 «Өндірістік жұмысшылардың еңбек ақысы» шотының дебеті және 3350 «Жұмысшылармен еңбекке ақы төлеу бойынша есеп айырысу» шотының кредиті бойынша көрсетіледі.

Балық шаруашылығында еңбекке ақы төлеудің мерзімді-сыйақылы жүйесі қолданылады. Жекелеген тоғандардың жұмысының нәтижесін бағалау үшін еңбекаққы шығындарын тоғандар бойынша есепке алған дұрыс. Ал егер мерзімді жалақы төленетін балықшы бірнеше тоғанда жұмыс атқарса, онда оның негізгі еңбек ақысы тоған балығын өсіру сатылары арасында, жеке тоғандар арасында жанама түрде әрбір тоғанда атқарған жұмыс уақытына тепе-тең бөлінеді.

 Біздің ойымызша, тоған шаруашылығында кесімді жалақы нысанын қолданған дұрыс. Ол балық өсірушілердің соңғы еңбек нәтижесін анықтауға, оларды ынталандыруға ықпал етеді.Бухгалтерлік есептің  стандартының әдістемелік нұсқауларына сәйкес балық шаруашылығындағы қосымша еңбек ақының құрамына төмендегі шығын түрлері енгізіледі:

·        жағдайлардың салдарынан бос тұрып қалған уақыттағы жалақылары;

·        жұмысшылардың еңбек демалыстарын төлеу үшін резервке алынған сомалар;

·        жас жұмысшылардың жұмыс мөлшерін төмен орындауымен байланысты қосымшалар;

·        бригадаға жетекшілік еткені үшін бригадирлерге төлемақы;

·        жұмысшыларға заңмен қарастырылған жағдайларда тегін немесе жеңілдік шарттарымен ұсынылатын қызметтер бойынша шығындар;

·        шәкірттерді өндірісте оқытқаны үшін төлемдер.

Құрал-жабдықтарды күтіп ұстау және пайдалану шығындарына инкубациялық цехтардың, құрт шабақтар мен биылғы және біржылдық шабақтарды өсіру кезінде қолданылатын құрал-жабдықтарды күтіп ұстау және пайдалану шығындары, амортизациясы және ағымдағы жөндеу, аулау құралдарының, кәсіптік құрал-саймандар мен жабдықтардың тозуы және оларды жөндеу шығындары жатқызылады. Құрал-жабдықтарды күтіп ұстау және пайдалану шығындары балықты өсіру сатылары арасында тауарлы балықтар мен көшеттеу материалдарының салмағына тепе-тең бөлінуі керек.

Бұл шығындарды әрбір тоған бойынша тікелей апарады, бұл мүмкін болмаса, құрал-жабдықтарды күтіп ұстау және пайдалану шығындары балықты өсіру сатылары арасында тауарлы балықтар мен көшеттеу материалдарының салмағына тепе-тең бөлінуі керек [3,110б].

Өндіріске жұмсалған шығындар мен өткізу шығындарының құрамын және олардың есебін  дұрыс қалыптастырудың маңызды екендігі белгілі. Өйткені олар тауарлы балықтың өзіндік құнына, сәйкесінше оның бағасына ықпал етеді. Ал кезең шығындары орындалған жұмыстардың өзіндік құнына  тікелей ықпал етпегенімен, ұйымның табысына, сонымен қатар ғылыми стратегиялық  мақсаттарға әсер етеді. Сондықтан кезең шығындарының есебін оңтайлы ұйымдастыру қажет.

Қатаң бәсекелестік, өнімнің өзіндік құнын төмендету резервтерін іздестіру және рентабельділікті жоғарылату тек өндірістік шығындардың жедел есепке алынуында емес,  кезең шығындарын өз уақытында және дұрыс есепке алған жағдайында ғана болуы  мүмкін.

Балық шаруашылығында жалпы және әкімшілік шығындарының аналитикалық есебін төмендегі шығын баптары бойынша жүргізеді:

-    әкімшілік шығындары (ұйымның басқару аппаратын ұстау; ұйымның басқару аппаратының қызметтік іс-сапар шығындары; ұйым қызметімен байланысты өкілдік шығындар);

-    жалпы шығындар (жалпы шаруашылық қызметкерлерінің еңбекақысы, жалпы нысандағы негізгі құралдардың амортизациясы, өрт және күзет қызметтері, жалпы тоған лабораториясын ұстау, еңбекті қорғау шығындары, кадрларды дайындау және қайта даярлау шығындары);

-   салықтар, алымдар, өндірістік емес шығындар (салықтар мен міндетті аударымдар, алымдар, айыппұлдар, өсімпұлдар).

Балық шаруашылығында әкімшілік шығындарына өндіріс процесімен  тікелей байланысы жоқ шығындар жатқызылады. Әкімшілік шығындарының аналитикалық есебі 7200 «Әкімшілік шығындары» шотында балық шаруашылығы саласының технологиялық ерекшеліктеріне байланысты ұйымдастырылып, алғашқы  құжаттардың негізінде белгіленген шығындардың  баптары бойынша жүргізген орынды.

Оларды менің ойымша, басқарма шығындарының бағытына қарай келесі шығын баптары бойынша топтастыра отырып есепке алған дұрыс:

-   әкімшілік-басқарма  қызметкерлерінің  негізгі және қосымша еңбекақылары,әлеуметтік салыққа аударымдарын қоса;

-   әкімшілік-басқарма  қызметкерлерінің   қызмет бабындағы іс-сапар шығындары;

-   кеңсе және байланыс қызметінің шығындары;

-   әкімшілік-шаруашылық ғимараттары мен құралдарын тұтыну  және күтіп ұстау шығындары

-   басқарма қызметкерлерінің еңбегін қорғау  және техникалық қауіпсіздігі, өрт және күзет қызметі

-   басқа да жалпы шаруашылық шығындары.

       Менің пікірімше, бірінші бапта әкімшілік-басқарма қызметкерлеріне (инженерлік-техникалық жұмысшылар, қызметкерлер) төленетін жалақының  барлық түрлерін көрсеткен дұрыс.

«Әкімшілік-басқарма  қызметкерлерінің   қызмет бабындағы іс-сапар шығындары»бабында іс сапарға жіберілген  басқарма қызметкерлерінің  жол-пұл, пәтерақы, тәуліктік шығыстарын, сондай-ақ басқа жұмыс орнына ауыстырылуымен байланысты көші-қон ақылары мен басқадай төлемдері көрсетіледі. Жеңіл автокөлікті тұтыну  және қызмет бабымен жүріп-тұру, жол талондарын сатып алу шығыстарын осы баптың құрамында қарастыру қажет.

Үшінші бапта кеңсе заттарына, типографиялық және түптеу қызметтеріне  жұмсалған шығындарды, газеттер мен журналдарға жазылу, анықтамалықтар мен  есеп бланкілерін сатып алу шығындарын қамтиды. Бұл жерде компьютерлік техникаларды, көшірме аппараттарын  және басқа да құрал-жабдықтарды пайдаланумен байланысты тұтыну шығыстарын, сондай-ақ пошта телефон, телеграф және радио желісі шығындары да осы жерде көрсетілуі керек.

«Әкімшілік-шаруашылық ғимараттары мен құралдарын тұтыну  және күтіп ұстау шығындары» бабының құрамында басқару  аппаратының  ғимараттарын  күтіп ұстау шығындары (жылыту, жарық беру, канализация, сумен жабдықтау, таза ұстау, ғимаратты жөндеу шығындары, негізгі құралдарға есептелген амортизация сомалары) есептеледі.

«Басқарма қызметкерлерінің еңбегін қорғау  және техникалық қауіпсіздігі, өрт және күзет қызметі» бабына машиналар мен  жабдықтармен жұмыс істейтін әкімшілік қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ететін  қондырғылар дайындау және орнату, жуынатын орындарын дайындау және күту т.с.с. еңбек қауіпсіздігін  қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жүзеге асыру шығындарының есебі жүргізіледі.

«Басқалар» бабында банк қызметінің шығындарын, өкілдік шығындарды, салықтар мен алымдарды, кеңес беру қызметін төлеу шығындары,  сот шығыстары, айыппұлдар мен өсімпұлдар және тағы басқа жоғарыдағы баптарда есептелмейтін шығындар есепке алынады [4,116 б].

Балық шаруашылығының басқадай өндіріс шығындарының құрамында тоғанға суды жинау және суды ағызу құбырларын тазалау шығындарын, тоған түбіндегі шөптің жақсы өсуін немесе қаулап өсіп кетпеуін қадағалау, тоған түбіне әк себу, зарарсыздандыру шығындарын, дәрігерлік-санитарлық тексеруді ұйымдастыру шығындарын қарастырады. Бұл шығындар балықты өсірудің жекелеген сатыларына тікелей апарылады. Ал бұл мүмкін болмаса, онда оларды көшеттеу материалдарын өсіру мен тауарлы балықтарды өсіру сатылары арасында осы сатының (өнімнің) өндірістік тікелей шығындарының жалпы сомасына (басқадай өндіріс шығындарын қоспай) тепе-тең бөлу қажет[1,45б].

Менің ойымша, балықты ұрықтандырудан бастап тауарлы балық алғанға дейінгі кезеңнің технологиялық өзгешеліктеріне сай, тоған шаруашылығында туындайтын шығындардың есебін тиісті кезең сатысына қарай ұйымдастырып, балық санының есебін арнайы алғашқы құжаттарда тоғанның әрбір түрі және әрбір технологиялық сатысы бойынша жүргізген дұрыс. Зерттеу жұмысында тоған балығын өсіру барысында өнім қозғалысын есепке алу бойынша алғашқы құжаттардың жетілдірілген нұсқалары берілді: «Балықты тоғанға отырғызу актісі»(БТОА), «Көшеттеу материалдарын жерсіндіру актісі»(КМЖА), «Өсіруге қалдырылған аталықтар мен  тұқымдық балықтарды түгендеу актісі».

Тәжірибеде балық шаруашылығында шикізаттарды, материалдарды өндіріске босату үшін «талап» құжатын, жөнелтпе-құжатты толтырады. Осы құжаттардың мәліметтерін пайдалана отырып, материалды жауапты тұлға айлық материалдық есептілікті жасайды.

Менің ойымша, қоймадан жем әрбір тоғанға балықты қоректендіру жоспарының негізінде бекітілген шекті көлемде ғана босатылуы тиіс. Бұл үшін материалдарды қоймадан өндіріске жіберу үрдісін шектеп босату картасы арқылы жүргізген орынды. Бірақ тоғандарға материалдарды босату өндіріс шығыны емес, материалдардың тоған ішіндегі қозғалысы ретінде көрсетіледі. Ал оларды өндіріске есептен шығарудың негізі айлық материалдық есептілік болуы тиіс.

Зерттеу жүргізілген балық шаруашылығында технологиялық үрдістің әрбір сатысының өнімдері тиісті актілермен ресімделмейтінін айта отырып, жоғарыда әр саты бойынша көрсетілген актілерді пайдаланудың көшеттеу материалдары мен тауарлы балықтардың есебін шынайы жүргізуге, жедел шешім қабылдауға ықпалы мол екенін айтуға болады.

Сонымен зерттеу негізінде анықталған  балық өсіретін тоған шаруашылығының шығындар есебін  ұйымдастыруға  және өнімнің өзіндік құнын  қалыптастыруға әсерін тигізетін  балық шаруашылығының салалық ерекшеліктері төмендегідей:

- балық өсіретін шаруашылықтағы тоғандардың өз қажеттілігіне қарай сумен қамтамасыз ететін бас тоғаны және өндірістік тоғандар жүйесі  балықтарға  арналған уылдырық шашатын, өсетін, қыстайтын және жайылып - серуендейтін, санитарлық - профилактикалық тоғаны, сондай-ақ ауланған балықты тірілей сақтайтын тоғаны болады. Сондықтан шығындарды тоғандар бойынша дұрыс есептеп таратуды қажет етеді;

- балық өсіретін шаруашылықтағы бір тоғанда шөппен қоректенетін және жеммен қоректенетін балықтар өсіріледі. Сол себепті балықтарды өсіру шығындарын  балық түрлері арасында бөлу қажеттілігі туындайды;

- балық өсіретін шаруашылықтағы  тоғандардың ауданы әр түрлі, ондағы балықтардың саны мен салмақтарына байланысты  балықтардың қоректерінің, тоған түбіндегі шөптің жақсы өсуін немесе қаулап өсіп кетпеуін қадағалау, қоректік азықты сапаландырып дамытуға жағдай жасау, құрама жемді тасымалдау шығындарын тоғандар бойынша жеке дара есептеуді қажет етеді;

- тоғанды суға толтырардың алдында  оның жабдықтарын ( суағар, су  бұратын қақпа, суды ағызатын науа т.б.) тиісті жөндеуден өткізеді.  Сол себепті аталмыш шығындарды әрбір тоғандар бойынша бөлек есептеу қажеттілігі туындайды;

- көктемнің алғашқы күндерінен бастап өсіру тоғандарын дайындау  жұмысына кіріседі, яғни оларды тазартады. Сондай-ақ, жердің құнарлығын арттыру, топырағы қышқылданған жерлерге әк шашу,  тоғанды тыңайту шараларына кететін шығындар, тоғандардағы жұмыстарды атқаруда пайдаланған механизмдер, құралдар мен техникалық-технологиялық жарақтардың шығындары да жеке дара есептелуі қажет;

- балықтарды өсіру тоғаны құрт шабақтарды жіберердің алдында 10-12 күн бұрын даярланып, түбі кептіріледі, арам шөптерден тазартылады, тыңайтылады,  суға толтырылады да балықтың табиғи қорегін молайту үшін тыңайтқыш себіледі. Сондықтан осы жүргізілген жұмыстардың, себілген тыңайтқыштардың шығындары тоғандар арасында, балық түрлері арасында да жеке дара есептелуі керек;

- күзде  тоғандардағы тұқымдық  балықтардың қоныс аудару жұмыстары  жүргізіледі. Осылардың әсерінен туындайтын – орын ауыстыру шаралары  барысында пайда болатын шығындар анықталып, оларды сол тоған бойынша есептеу керек;

       -  балық өсіретін шаруашылықтағы тоғандардың  негізгі орналасқан жері, елді-мекендерден қашықтығы. Жұмысшыларды тасымалдаумен байланысты көлік шығындарын тиісті баптарда есептеуді қажет етеді;

-  балық өсіретін шаруашылықтағы жұмысшылардың еңбек ақысы, оларды және балық жемдерін тасымалдауға кететін көлік шығындары да уылдырықтан құрт шабақ өсіріп шығаратын цех және ондағы тоғандар бойынша жеке есептелуі қажет;

 - балық шаруашылығында балықты уылдырық кезеңінен бастап тағамдық пайдалану дәрежесіне дейін өсіріледі.  Тауарлы балық өскенге дейін салыстырмалы түрде алғанда, екі-үш жыл қажет. Бұл тоған шаруашылығында аяқталмаған өндіріс қалдығының жинақталуына әкеледі.

Сондықтан оны дәл бағалап, өндіріске жұмсалған шығындарды аяқталмаған өндіріс пен тауарлы балық арасында дұрыс есептеу қажет.

Міне, балық шаруашылығында шығындар есебін ұйымдастыру  мен технологиясының ерекшеліктері осындай. Олар өз кезегінде  өнімнің өзіндік құнын  төмендетуге өз әсерін тигізеді. Сондықтан да аталған ерекшеліктерді  балық өсіретін тоған шаруашылығындағы бухгалтерлік есепті ұйымдастыруды одан әрі жетілдіруде ескеру қажет.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1.   Телеуғалиев Т.М. «Балық өсіру» Алматы 1990

2.  Умитова  А.З. «Рыбоводство в Казахстане»  Алматы 2009

3. Радостовец В.В., Шмидт О.И., Радостовец В.К. «Бухгалтерский учет на предприятии»  Алматы, 2000

4.  Укашев Б.Е., Әжібаева З.Н. «Бухгалтерлік есеп теориясы» Алматы 1999