Асетова Ж.Б., Медиева С.Х., Аналбекова К.Т.

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ

Бастауыш сынып оқушыларының өзіндік жұмыстарын ұйымдастырудың әлеуметтік-педагогикалық шарттары

Оқу іс-әрекеті- мектеп оқушылары іс-әрекетінің бір түрі болып табылады. Олардың өзіндік жұмыстарының басым көпшілігі тек оқу-танымдық іс-әрекетінде жүзеге асырылады. Білім беру үрдісіндегі өзіндік жеке жұмыс көбінесе дидактикалық- жалпы ғылыми білімдер, дағдылар мен іскерліктерді меңгеруді ғана емес, соған қоса әлеуметтік- шығармашыл тұлғаны қалыптасыруда өз септігін тигізеді деген пікірді қолдауға болады. Әр елдегі болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер білім беру мақсатының, сонымен қатар мектептің оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру формалары мен әдістерін таңдауда, оның мазмұнын анықтау бағыттарының өзгеруіне әкеп соқтырды. Жас ұрпақтың өмірі жиі өзгермелі жағдайда білім беру жүйесінен әр оқушының шығармашылық мүмкіндігінің дамуын, жаңа жағдайда шешім қабылдай алуын, өз бетімен білімін жетілдіруге үйретуді талап етеді.

Бастауыш білім берудің қазіргі стандарттары білім беру іс-әрекетінің белгілі бір нәтижесін қарастырады. Оқушы білім беру үрдісінің субьектісі болады және де білім, білік, дағдыны игеруімен қатар, ол әртүрлі жағдайға теориялық сараптама жасауға үйрену қажет, мәселелерді оңтайлы тұжырымдауға және оны шешудің тиімді әдістерін тауып әрі қарай шешімін табуда практикалық іс-әрекетті жүзеге асыру қажет. Білім беру мазмұны және оны ұйымдастыру формалары оқушыларды өз бетімен жүзеге асыратын тиімді зерттеу іс-әрекетін, интеллектуалды тұлғалық және мінез-құлық сапасын қалыптастыру қабілеттерін қамтамасыз етуі қажет.

Әлемнің білім беру сфераларындағы айқын көрініс тапқан тенденциялар бұл жеке сипаттағы жетістіктерге жетудің маңыздылығы мен ролінің артуы болып табылады. Сонымен қатар, аса маңызды дидактикалық тапсырмалардың орындалуы оқушылардың қоршаған ортамен қарым-қатынасын ұйымдастырумен шешіледі.

Әр елдің білім беру саласындағы ғалымдардың зерттеу жобаларында жаңа ақпараттарды өз бетімен қабылдау қабілетіне ие болғанда ғана, қазіргі заман адамы өз өміріндегі жеке жетістіктерге қол жеткізе алады делінген.

Қажетті білімдерді жинақтау үшін білім алудың барлық сатысында оқушылардың өз бетімен жұмыс істеуін қарастыру талап етіледі.

Бастауыш мектептің іс-әрекеті аясында білім беруді реформалау принциптерін жүзеге асыру ата-бабамыздың мәдени жетістіктеріне сүйену арқылы іске асуы қажет. Бізге белгілі ұрпақтан-ұрпаққа әлеуметтік-тәжірибені берудің  үш жолы бар: білім беру үрдісі; жеке тұлғаны мәдениетке араластыру – тәжірибелік іс-әрекет тәсілдерін беру; құндылық бағыттылықты немесе сөздің тар мағынасында тәрбиені жеткізу.

Алайда құндылық бағыттылықты, іс-әрекет тәсілдерін жеткізу өздігінен болмайды, кім осы қабілеттіліктер мен құндылықтарды меңгерген соның санасы мен іс-әрекетінде қайта өңделу үрдісі арқылы іске асады.

Ғылыми әдебиеттерде ақпаратты түрдегі дәстүрлі жүйелердің бірнеше белгілері айқындалған. Бұл білім берудегі сызықтық бағыт, барлық оқушылар үшін ғылым мазмұнының бірыңғай нұсқасын ұсыну; кері байланыстың болмауының нәтижесінде мұғалім өз іс-әрекетін педагогикалық үрдістің барлық звеноларында басқара алмайды және де оқушыларды ақпараттарды меңгеру барысына сәйкес реттей алмайды; оқушылардың білім, дағды және іскерліктерін бағалаудағы мұғалімнің әділетсіздігі; ғылыми ақпараттарды меңгерудің неғұрлым тиімді және оңтайлы деген әдістерін оқушыға оқытуы бойынша жұмыстардың дұрыс ұйымдастырылмауы.

Сондықтан болар жаңа білім беру жүйесін құрастыруда қолданыс табатын бастауыш мектеп іс-әрекетінің дәстүрлі ұйымдастырылуында жетістіктер жоқ деп тұжырымдау әрине дұрыс емес. Мұндай жетістіктерге білімнің негізін құрайтын және ұзақ жылдары бойы тозығы жетпеген, жүйеленген және тыңғылықты таңдап алынған негізгі білімдерді оқушыларға жеткізу тәжірбиесі жатады. Сонымен бірге бастауыш мектеп оқушылардың жалпы мәдениеттік және өмірінің әлеуметтік мазмұнында көрініс табатын,  олардың озық дәстүрлермен тәрбиеленуіне жағдай туғызатын құнды тәжірибиені жинақтады.

Бастауыш сынып оқушыларын оқытудағы бұл бағыт маңызды және құнды дәстүр болып табылады. Оқыту үрдісінде өз өмірі ғана емес, өз елінің тағдыры үшін, айналасында өмір сүріп жатқан адамдар үшін жауапкершілік сезімі бар тұлғаны тәрбиелеу көптеген жылдар бойы білім берудің негізгі бағыты болып келді. Өз жетістіктері мен қатар өз Отанының жетістіктеріне жетуге талпыну көбінесе қоғамның бүгінгі және ертеңгі өмірін анықтайды.

Әсіресе қоғамның өндірістік-нарықтық қарым-қатынас жағдайындағы классикалық педагогиканың идеялары өте көкейкесті. Бастауыш мектептің көпнұсқалы қайта құрылу жағдайында позитивті-педагогикалық потенциалды қолдану танымдық іс-әрекетінде оқушыларды өз бетімен жұмыс істеуге үйретуде педагогтардың іс-әрекетін нақтылы ұйымдастыруға жағдай туғызады.

Бізге белгілі оқушылардың өзіндік жұмысы дегеніміз бұл сабақ барысында  оқу іс-әрекетінің дұрыс ұйымдастырылуының нәтижесі. Бастауыш білім беру мәселелерін зерттеушілердің ғылыми ізденістері жеке тұлғаны жан-жақты дамытуды көздейтін мектептің оқу үрдісін ұйымдастырудың әдістері мен тәсілдерін таңдауға және оның мақсаты мен мазмұнын тұжырымдауға бағытталған.

Оқушылардың өзіндік жұмысы бүгінде білім көзіне айналып отырған әртүрлі қайнаркөздерден жинақталған ақпараттарды жалпылау және  өздерінің қабілеттіліктерін дамыту міндеттерін көздейді. Сол себепті де ол оқу тапсырмаларын орындауда өз бетімен шешім қабылдау және сол үшін жауапкершілік сезімде болу, өздігінен білімін жетілдіру дағдысына ие болады. Яғни, оқушы өзінің ішкі бостандығы мен өзіндік іс-әрекетіне мақсатты бағытталған тұлға ретінде сезінеді, шын мәнінде ол сондай тұлғаға айналады. Білім, білік, дағдының қалыптасуының жоғары деңгейіне жетуге қарағанда, мұндай психологиялық нәтиже оңтайлы болады. Оқушының интенсивті танымдық іс-әрекеті онда оқуға және еңбекке деген тұрақты түрткінің дамуына әкеледі.

Бастауыш білім берудің мазмұнында білім беру үрдісінің жаңа формалары мен әдістері барынша айқындалуда.

Өмірлік іс-әрекеттің әлеуметтік жүйесіне оқушының тиімді кірігуі үшін ол білім, білік, дағдыны игеріп қана қоймай, сонымен қатар шынайлықтың осы түрлерін меңгеру әдістерін және жағымды сапалар мен эмоциялы-құндылықтық қарым-қатынас тәжірибелерін, әлеуметтік өзара әрекеттесу дағдылары мен бағдарларының дамуын өзінде түйсінуі қажет.

Бастауыш мектептің алға қойылған міндеттерін шешу бастауыш сынып оқушыларының өзара әрекеттесуін ұйымдастыруда бастауыш сынып мұғалімдерінің бағыттарын өзгертуді талап етеді. Педагог оқытудағы интелектуалды инициатива мен өзіндік ой-толғауларын қалыптастыратын, белгілі оқу тапсырмаларын қатаң орындайтын, ақпараттарды тек жаттап қана қоймай, педагог қойған сұрақтарға жауап беретін, оқушылардың қоғамдық дамуының әлеуметтік талаптарын ескере білу қажет.

Оқушылардың өздігінен білім алуын жетілдіру үшін бүгінгі күндегі педагогтан оқытылатын пән аясындағы ғылыми эрудициясы ғана емес, сонымен қатар жоғары дәрежедегі психологиялық-педагогикалық мәдениет, білім беру үрдісіндегі оқушылардың өзара келісімдерін ұйымдастырудың әдістері мен формаларын қолдана алуы талап етіледі.

Әдебиеттер тізімі:

1.               Пидкасистый П.И. Самостоятельная познавательная деятельность школьников в обучении: теоретико-экспериментальное исследование. - М.: Педагогика, 1980. – 240 с.

2.               Самостоятельная деятельность учащихся. Дидактический анализ процесса и структуры воспроизведения и творчества. – М.: Педагогика, 1982. – 184 с.

3.                Сарсекеева Ж.Е. Технология организации самостоятельной работы младших школьников: Учебное пособие. Караганда: ТОО «САНАТ-Полиграфия», 2008. – 125 с.