Суюбердиева А.Ә.,Құрбанбаева С.Н.,

М.О.Әуезов атындағы ОҚМУ,

Калымбетова Б.М., оқытушы

                      Оңтүстік Қазақстан құқық және салалық технологиялар колледж

                                     Шымкент қ., Қазақстан Республикасы

 

ЭСТЕТИКАЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІЛІККЕ ОҚУШЫЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУ

 

            Тәрбиенің басты мақсаты қоғамның нарықтық қарым-қатынас кезеңінде саяси экономикалық және рухани дағдарыстарында жеңіп шыға алатын XXI ғасырды құрушы, шебер, өмірге икемделген, жан-жақты, мәдениетті тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру - деген тұжырымдаманы негізге ала отырып Қазақстан Республикасы қазіргі отандық білім беру жүйесінің басты мәселелерінің бірі келешек ұрпақты заман талабына сай интеллектуалды, жоғары мәдениеттілігі ұштасып жататын азамат етіп тәрбиелеу міндетін жүзеге асыру.    Қай кезеңде болмасын жас ұрпақтың өнеге тұтар өзіндік ұлттық тәлім-тәрбиесі болуы хақ. Егеменді еліміздің болашақ ұрпақтарын сана-сезімін, ұлттық психологиясын сонау ерте заманнан келе жатқан ата-бабалар салт-дәстүрімен, халықтық мұраларымен сабақтастыра тәрбиелеу-кәзіргі күннің өзекті мәселелерінің айналып отыр. Себебі ең берекелі, ең парасатты тәжірбие-халық түйген тұжырымдар, ғасырлар бойы «зергерлік» ұқыптылық пен сарапталған үрдістер, дамыған даналық дәстүрлер, тәлім-тәрбиелік ойлар.

Ұрпақ тәрбиесін толымды жүзеге асыру үшін баланы адамгершілік мұратқа ерте бастан баулу оның отбасынан басталып, бастауыш мектеп қабырғасында жалғасын табады. Мектепке дейін балада адамгершілік сезімдер мен ұғымдар, адамшылық мінез-құлқының ең қарапайым дағдылары қалыптаса, бастауыш мектеп жағдайында бұл жұмысты ұстаздар жүйелі түрде жүргізеді. Осыған байланысты  бастауыш мектептің алдына қоятын ең басты мәселелерінің бірі- өркениетті прогресшіл бағыттағы азаматтық –адамгершілік қасиеті мол, терең білімді, мәдениетті, іскер, еңбекшіл азамат тәрбиелеу. Бастауыш мектепке оқушылардың адамгершілігін дамытатын процестер мен құралдар сияқты әдептілік мәдениет негіздерін тәрбиелейтін мақсатты жүйе талап етіледі. Себебі мектеп әлеуметтік организм сияқты баланың кризистік кезеңінде бейімделу ортасы бола алады және адамгершілік атмосфераға оның құндылық бағыттарын негіздейді.

      Бүгінгі күнгі  мұғалімнің басты міндеті- қазақ ұлттық құндылықтарын оқушы бойына дарыта отырып, оның жүрек түкпіріндегі рухани қазынасын жарыққа шығару, әрбір баланы жеке тұлға ретінде жетілдіру үшін оның бойындағы барлық құндылықтарын дамыту. Баланың сұлулыққа  ұмтылуын түсіндіру және оны орындауға   үйрету бүкіл тәрбие жұмысы процесінде: сабақтардың үстінде де, жиындарда, жеке әңгімелесу кезінде де бола береді. Сонымен, әрбір ұстаздың оқушыны мәдениеттілікке тәрбиелеудегі салар күш-жігері өте зор. Осы жерде В.А.Сухомлинскийдің мынадай сөзі тілге оралады: “Менің пікірімше, тәрбиешінің ең қиын міндеті мынада: әрбір адамның бойында берік, мызғымас моральдық негіз қалыптастыру, мұратты нығайту, мамандық беру, өмірдің күрделі жағдайында өз бетімен бағдарлай білуге әзірлеу”.  Олай боса мектеп қабырғасында сапалы білім мен жақсы тәрбие алған бала өмірде тура жолдан таймай, өз мақсатына жетіп, орнын таба алады. Сондықтан жас ұрпаққа  адамгершілік, әдептілік, имандылық, ізгілік тәрбие беріп, оны мәдениеттілікке тәрбиелеу- адамзаттық парыз.Қазақтың төлтума эстетикалық мәдениеті хандық дәуірінде қалыптасты. Ол ақын-жыраулар шығармаларында өзінің шарықтау шыңына жетті. Асан-Қайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Шал, т.б. ақын-жыраулардың эстетикалық ізденістері көшпелілердің дүниені қабылдауын білдірді. Оған айрықша кісілік асқақтық тән. Бұқар жыраудың “Аспанда жұлдыз аралап, ай нұрын ұстап мінсе де – қызыққа тоймас адамзат…” деген толғауы ғаламның шексіз шалқарымен адамның үйлесімді түрде шектесу жағдайын байқатады. Ақын-жыраулар эстетикасының құндылығы шығарманың көркем мазмұнымен ғана емес, сонымен бірге дәстүрлі қазақ қоғамындағы қуатты әлеуметтік-мәдени орнымен және қызметімен айқындалады. Сондықтан оларға халық жаппай ілтипат білдірген. Ақын-жыраулар толғауларында бүкіл қазақ халқының ой-арманы мен эстетикалық талғам-түсініктері  шынайы бейнеленген.

Оқушылардың эстетикалық талғамын қалыптастырудың   өзіне тән  міндеттері бар. Олардың бірі  эстетикалық  сезімді  және  эстетикалық  қабылдауды  тәрбиелеу. Жас ұрпақты  өнердің  барлық  салаларындағы: адамның өмірі мен  тұрмысындағы, еңбектегі, көркем  өнердегі, табиғаттағы  сұлулық  пен  әсемдікті  көре  білетін, сезе  білетін, бақылай алатын  және  оларды өзі  де  жасай  алатын  азамат  етіп  тәрбиелеу.

       Оқушылардың эстетикалық талғамын қалыптастыру  жеке  тұлғаның адамгершілік  сезіміне, рухани  дамуына  ықпал  етеді. Оның  жаман әдеттен бойын  аулақ  ұстауына,  көркем  әдебиет  оқуына, музыкалық  шығармаларды  түсіне  білуіне  негіз  болады. Сондықтан  эстетикалық  талғам  адам  баласына  өмірдегі, табиғаттағы, өнердегі, еңбектегі, адамдар  арасында қарым-қатынаста  бар  жақсылықты, әдемілік  пен  әсемдікті түсіне білуге, көре білуге, қабылдай  білуге үйретеді, жаттықтырады және  соған қабілетті  болу дағдыларын  меңгертуді  көздейді.

      Оқушылардың эстетикалық талғамын қалыптастырудың мазмұны  көркемдік  талғамды жетілдірумен, оқушыларды өнерге тартып, таныстырумен ғана  шектелмейді. Ол ақиқатқа эстетикалық  көзқарасты, өмірдегі әсемдікті  дұрыс қабылдауды, табиғатты  эстетикалық  тұрғыда  қабылдауды   қарастырады.

    Эстетикакалық ұғымды пайымдауды, баға беруді қалыптастыру эстетикалық талғамның тағы  бір міндеті. Көркемдікке  және  сұлулыққа  баға  беру  үшін  эстетикалық танымның маңызы өте зор. Эстетикалық таным-бұл  өмірдегі, еңбектегі және табиғаттағы  сыртқы  әдемілік  пен нағыз  сұлулықтың  арасын  ажырата білу, өнер  шығармаларына жоғарғы  талап  қою.

Жеткіншіктерді  эстетикалық  белсенділікке тәрбиелей  отырып  оларды  өздігінен ілтипатты оқырман, қайырымды  көрермен, сезімтал  тыңдаушы  болуға үйрету  керек. Балалар әдебиетті оқуға, кинофильмдер, музыканы тыңдауға өте ынталы болады. Әртүрлі  әдеби шығармалардағы іс-әрекетттің оқиға желісін дұрыс  түсіну үшін  балаларды  көп ізденуге  үйрету, бағыт  беру ұстаздардың міндеті.

     Оқушылардың эстетикалық талғамын қалыптастырудың  маңызды  міндеті-өнер және  әдебиет салаларында  балалардың қабілетін, ынтасын және  бейімділігін дамыту. Осыған орай, мектепте оқушылардың ықтимал мүмкіндіктеріне және қабілетіне  барынша  көңіл бөду керек болады.

    Оқушылардың эстетикалық талғамын қалыптастырудың   негізгі құралдары- әдебиет  және  өнер. Олар зор идеялдық  роль  атқарады. Балалардың  эстетикалық санасының  және  шындыққа қатынасының ерекшеліктерін білу оқушылар өмірін эстетикалық  көзқарас тұрғысында  дұрыс  ұқйымдастыруға  көмектеседі

Сонымен, қорыта  келе айтарымыз,  қазақ халық дәстүрін эстетикалы тәрбие негізіне ала отырып,   бала үшін қандай қадамдар, ұйымдастыру   шаралар мен шешімдерге келу керек? Біріншіден-балаға  эстетикалық тәрбие беру отбасы мен мектептің арасы бір-бірімен ортақ болу шарт. Ол үшін баланың қабылдау психологиясына, жасына сай әндер, өлеңдер және түрлі жағымды әңгімелер айтылған жөн.  Екіншіден- баланы өнерге баулу. Үшіншіден-табиғаттың көркем бұрыштарын, мәдениет сарайларын, демалыс бағы, жан-жануарлар бақтарын  әрдайым көріп отыруы қажет. Сондықтан өнерге, білімге, эстетикалық әсемдікке, табиғатқа деген көзқарастарынан туатын тәрбиелік қағидалар көзге көрінбей, балалардың ойынан бойынан орын алып, жасөспірім баланы еңбекке,  баулып жол сілтеп,  жетелеп отыру қажет.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Ұзақбаева С. Халық эстетикасының қайнарын зерттеу тағылымы. //Ұлт      тағлымы - 2002. -М1.-Б.151-153.

2. К.ЖарықбаевК,С.Қалиев."Қазақ тәлім тәрбиесі Алматы. Санат"1995ж.

3. Сухомлинский В.А. Избр. пед. соч. в 3 т., Москва, 1980, Т.1, 357с.

4. Әл-Фараби  Таңдамалы трактаттар. Алматы. 1994.