Көркем мәтіндегі күрделі біріккен сөздер

Испандиярова А.Т., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

Біріктіріліп жазылып жүрген ондай сөздер, күрделі сөздердің біріккен сөздер деп аталатын тобына жатқызылады. Мұндай біріккен сөздердің қатарына семантикалық тұтастығымен де, морфологиялық тұтастығымен де, синтаксистік тұтастығымен де сипатталатын асқазан, атшабар, отағасы, басқұр, көртышқан, көлбақа, құрбақа, тасбақа, қосаяқ, шекара, әлдекім, әлреқашан, әлдеқалай, әрқашан, әрқалай, әркім және т. б. осылар тәріздес сөздер енеді.

Біріккен сөз деп компоненттері мағына жағынан да, форма жағынан да елеулі өзгерістерге ұшырамай-ақ, өзара бірігіп, жинақталған біртұтас лексика-семантикалық мағына білдіретін күрделі сөзді айтамыз.

 «Біріккен сөздердің кейбіреулерінің компоненттері өзді-өздерінің бастапқы формаларын да, мағыналарын да түгел сақтайды да, сол қалпында күрделі сөздің формалық та, мазмұндық та құрамына енеді. Мысалы: аққұтан, көкқұтан, ақсақал, аққу, орынбасар, оттегі, отағасы, көкжөтел, қолағаш (тоқпақ), қаламсап, келсап, қосаяқ сияқты күрделі сөздер осы топқа жатады. Күрделі сөздердің бұл түрін жай ғана біріккен сөз деп айтуға болады. Өйткені мұндай біріккен сөздердің компоненттері мағына жағынан да, форма жағынан да өзгеріске ұшырамай-ақ, жинақталып барып бірігу арқылы бір тұтас лексика-семантикалық тұлға есебінде қалыптасады» [44, 28].

Көркем мәтіндегі біріккен сөздердің қызметіне тоқталайық. Сөзге тән бір қасиетоның екінші бір сөздің пайда болуына ұйтқы болуы десек, біріккен сөздер де бұл қасиеттен мүлде құралақан емес. Біріншіден, бұлар кейбір жұрнақтар арқылы туынды сөздің жасалауына негіз болады, мысалы, ақсақалды, аққудай т. б. Екіншіден, кейбір терминдік атаулардың құрылымын жасауға қатысады, мысалы: піл, тасбақа, құндыз егеуқұйрық, орман сусары, жеңіл өнеркәсіп т. б. Осылар тәрізді қызыл қарақат, жасыл құрбақа тәрізді күрделі атаулардың пайда болуы да бұлардың бойында басқа сөздердің жасалуына негіз боларлық қасиеттің болуын дәлелдейді. Күрделі сөздердің басқа түрлері тәрізді біріккен сөздер де сөздердің еркін тіркесі тәрізді сөйлеу я жазу процесі үстінде құрастырылмай, қалыпты сөздер тәрізді даяр күйінде, бұрыннан жасалып қалған қалпында қолданылады.

         Біріккен сөздердің жиі кездесетін бір түріне итмұрын, бұзаубас, қоянтобық, түйетабан тәрізді сөздер жатады. Мәселен, итмұрын, затында, өсімдіктің белгілі бір түріне берілген атау, сыртқы формасы иттің тұмсығына ұқсас болғандықтан, соған орайлас аталған. Затында оның итке де, мұрынға да ешбір қатысы жоқ. Мысалы,  Балалар шуласып-уласып итмұрын теріп жүр. Олардың арасынан Қаламүшті де  байқап қаласың (Т. Ахтанов. Боран, 29-б).

       Көркем мәтінде кездесетін тағы бір біріккен сөз – мысыққұйрық. Бұл шөптің белгілі бір түріне берілген атау, формасы мысықтың құйрығына ұқсас болғандықтан, соған орайлас аталған. Осылар тәрізді егеуқұйрық, бұзаубас, қоянқұйрық, биеқарын, текесақал, қарғатұяқ т.б. Алуан түрлі атаулар да осылайша ұқсас заттарының атауларынан пайда болған.

Көркем мәтінде кездесетін біріккен сөздердің екінші бір үлгісіне – қарабауыр, қарақұлақ, тазқара тәрізді сөздер жатады.

Мәселен, қарабауыр – затында, аңға берілген атау; үсті қылаң, бауыр жүні қара, басқа жерінен ерекше бір көзге түсетін белгісі осы болғандықтан, соған орайлас аталған. Қарақұйрық, қарақұлақ, тазқара тәрізді атаулар да міне, осылайша пайда болған.

Көркем мәтінде қолданылған біріккен сөздердің үшінші бір түріне – ақсақал, жарымжан, заржақ, кемтар, арамтамақ, көнетоз, аққұла, қонақжай, бірбеткей, көкжелке, екіқабат, бірсыдырғы тәрізді сөздер жатқызылуға тиісті. Бұлардың да компоненттері ешқандай дыбыстық өзгерістерге ұшырамаған, буын құрамын да толық сақтаған; білдіретін ұғымы мен беретін мағынасы да құрамындағы сөздердің лексикалық мағынасынан басқаша болып қалыптасқан, бұл да бір ғана зат я құбылыстың атауы болады.

Көркем мәтінде қолданылған біріккен  сөздердің төртінші бір түріне – қарақұс, аққу, шашбау, баспасөз, басқұр тәрізді сөздер жатпақ. Бұлардың да сыңарлары әуел бастағы түр-тұрпатын толық сақтаған, буын құрамы да берік, құрылымын бұзбай үнемі бірге жұмсалады, қаншама сөзден тұрмасын бір ұғымды білдіріп, бір ғана заттың атауы болады.

Көркем мәтін тілінде кездесетін  біріккен сөздердің бұл аталғандардан өзіндік ерекшелігімен көзге түсетін тағы бір тобы бар. Олардың үлгілеріне:           а) еңбеккүн, қолжазба, бесжылдық; ә) автоаял, автоара, автоқалам; б) автоклуб, агротехника тәрізді сөздерді жатқызуға болады. Бүтіндей алғанда, бұлардың да компоненттері ешқандай да дыбыстық өзгеріске ұшырамаған, буын құрамын да сақтаған, тұтасымен бір зат, құбылыстың атауы болады.

Біріккен сөздерді өз ішінде осылайша таратқанмен, барлығы да құрылымдас, кемі екі болмаса одан да артық сөздердің бірігуінен жасалған.

Енді көркем мәтіндегі біріккен сөз түрлерінің мағына тұтастығына келейік; біздіңше, көкнайза, егеуқұйрық, бізтұмсық, асқазан тәрізді біріккен сөздердің мағына бірлігіне семантиканың түрліше заңдары (ұқсату т. б.) негіз болған. Ал кемтар, көнетоз тәрізділер плеоназм жолымен жасалған.

Екіқабат, құрқол, аққұла, албасты, қолқабыс, жалаңқабат, арамтамақ, балажан тәрізді біріккен сөздердің мағына бірлігіне келсек, оған идиомалану процесі ұйтқы болған. Екіқабат дегеннің жүкті; құрқол дегеннің бос, ешнәрсесіз; аққұланың ала бөтен, басқа сөздермен беріге келуі, біздіңше, идиомаланудың нәтижесі болмақ.

Тіл мамандары, әдетте, күрделі сөздердің арғы тегін сөздердің еркін тіркесімен байланыстырады.

Сөздердің еркін тіркесі компоненттерінің соңғысы бағындырушы, ал бастапқы оған бағынушы сөз болып, бастапқы сөз соңғы «объекті мәнінде тұрған сөздің түсі, көлемі, сипаты, мекені, тегі, қызметі тағы басқа сол сияқты түрліше қасиеттерін айқындап, аралары синтаксистік байланыстың белгілі-белгілі үлгілері бойынша грамматикалық байланысқа түсетіні мәлім. Көркем мәтіндегі аққу, қарақұс тәрізді сөздерге келсек, бұлардың да сыңарлары басында осындай байланыста болып, кейіннен жұбын бұзбай, үнемі бірге қолданудан компоненттері орын-орындарында әбден бекініп, ол байланыс мәнін мүлде жойған. Құрамындағы сөздер жеке сөз табы, сөйлемге дербес мүше болу қасиетінен де айрылған; компоненттері жеке-жеке емес, бір екпінге иеленіп, айырым емес, бір ритмикалық екпінмен айтылатын болып кеткен. Бұған олар басынан идиомалану, лексикалану, оған қосымша грамматикалану процестерін өткізу барысында келіп жеткен.

Бұлардың төркіні сөз тіркесі болғандығына оларды құрастырушы компоненттердің лексикалық сипаты да толық айғақ болғандай. Өйткені бұлардың компоненттері де сөздердің еркін тіркесі сыңарлары тәрізді басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсуге өте қабілетті, логикалық жағынан үйлесімді сөздер болып келеді.

Біріккен сөздің көпшілігінің соңғы компоненті өзі бейнелеп тұрған объектіге тікелей қатысы бар, белгілі дәрежеде соны білдіретін сөз болады. Оның мәні, мәселен, аққу, қарақұс тәрізді сөздердің құс баласына қатысты екені, ал, көксағыз, асқабақ сияқты біріккен сөз түрлерінің есімдік атаулары екенін соңғы компоненттерінен-ақ білуге болса, аққоз, аютабан, бұзаубас, балақыз, егеуқұйрық, бізтұмсық тәрізді біріккен сөз атауларының есімдік, жәндік атаулары болатынын олардың соңғы компоненттерінен білу мүмкін болмайды. Бұл тәріздес біріккен сөздер сөздердің еркін тіркесінен емес, басқаша жолмен, яғни жоғарыда айтылғандай, метафоралық қолданыс немесе бойында бар ерекше бір белгі-қасиеті бойынша пайда болған.

Көркем мәтіндегі біріккен сөздерді компоненттерінің тегі жағынан үш салаға бөлуге болады. Бірінші түріне құрамындағы сыңарлары байырғы сөздерден болған ұлтабар, асқазан, шашбау, ақсары тәрізділер, екінші түріне бүтіндей басқа тілден кіріп қалыптасқан агротехника, автобаза, автоклуб тәрізділер, үшінші түріне байырғы сөз бен басқа тілден алынған сөздерден қалыптасып кеткен автоқалам, автоара тәрізділер жатады.                                                                                                                                                                                                                                 

Көркем мәтіндегі біріккен сөздер компоненттерінің сөз табына қатысына келсек, бұлар да кіріккен сөздер тәрізді кілең бір сөз табынан да, әр түрлі сөз табынан да бола береді, осыған орай бұларды өз ішінде екіге бөлуге болады. Біріншіге компоненттері бір ғана сөз табынан бірігіп қалыптасқан егеуқұйрық, итмұрын, бізтұмсық, тауқұдырет, ақсары тәрізді біріккен сөздер жатады. Екіншіге компоненттері әр түрлі сөз табынан болған ақсақал, біржолата, жарымжан, бірқазан тәрізді сөздер жатады.

        Компоненттері бір ғана сөз табынан болған түрін өз ішінде мына төмендегі түрге бөлуге болады: а) екі компоненті де зат есімнен болған, мысалы, мысыққұйрық, түйетебен, балажан, қылтамақ, шашбау т.б.;  ә) сын есімнен болған, мысалы, аққұла, алабөтен, кемтар т.б.;  б) етістіктен болған, мысалы: алыпсатар т.б.

        Компоненттері түрлі сөз табынан болғандары да ішінара бірнешеге бөлінеді: а)  сын есім мен зат есімнен болған, мысалы, көксерке, көкжиек, көкнайза, аққайран, ақсақал, бозбала т.б.; ә) зат есім мен  етістіктен болған, мысалы, қолтума, ұлтабар, сиырбүлдірген, қолжазба т.б.; б) сан есім  мен зат есімнен болған, мысалы, екіқабат, екібастан, бірсыдырғы, жетіқарақшы т.б.; в) сан есім мен етістіктен болған, мысалы, біржолата, бірқыдыру т.б.; г) сын есім мен етістіктен болған – көнетоз.

       Құрамындағы сөздердің түрліше болуына қарамастан, сөз категориясына қатысы жағынан келгенде бұлар да сол тұтасқан күйінде бір ғана сөз табы болады. Мысалы, жарқанат, алыпсатар, бірқазан т.б. зат есім: көнетоз, қарапайым, кемтар, т.б. сын есім: біржолата - үстеу сөз т. б.

       Біріккен сөздер бас-аяғы бүтін бір тұлға болатындықтан, сөйлем ішінде де ажырамай, сол тұтасқан қалпында бір ғана мүше болады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Қазақ тілінің грамматикасы (морфология). -А., 1967.-230 б.

2. Ахтанов Т. Бес томдық  шығармалар жинағы. Т.-Алматы:  Жазушы, 1983- 468 б.

 

 

 

 

Көркем мәтіндегі фразеологизмдердің байланысу тәсілдері мен түрлері

Испандиярова А.Т., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

 

Ғалым А. Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында: «Ала аяқ, бос белбеу, бас сауға, жүрек жұтқан, жүрек жалғау, ауыз жаласу, жаны ашу, жұлдызы қарсы, тонның ішкі бауындай қас пен көздің арасында сияқты күрделі сөздер тіл білімінде тұрақты сөз тіркестері немесе фразеологиялық тұлғалар деп аталатын күрделі сөздердің қатарына жатады»,- деп көрсетеді»[8, 99].

Қазақ тіліндегі күрделі сөз жайында зерттеген Ш.Шәкенов күрделі сөздің оған ұқсас құбылыстардан айырмашылығы мен ерекшелігіне көп тоқталады. Ғалым тұрақты тіркес пен күрделі сөз арасындағы негізгі айырмашылықтарды былай көрсетеді:

1. Екеуі де қалыптасып қалған құрылым болғанымен, фразеологиялық тұлғаларда күрделі сөздердей дербес мағынасы бар атауыш сөздермен шектелмей, оған көмпекші сөздер де қатысады.

2. Идиома, фразалар күрделі сөздердей тура, ауыспалы мағынада емес, үнемі бейнелі мағынада жұмсалады.

3. Күрделі сөз басқа сөздің жасалуына негіз болу қасиетін белгілі дәрежеде сақтаған, ал идиом, фразаларда ол қасиет жоқ.

4. Идиом, фразалардың дені басқа тілге сөзбе-сөз аударуға келмейді, күрделі сөздердің жеке түрлері болмаса, көпшілігін басқа тілге аударуға болады[9, 21].

Сөйлем құрамындағы сөздер бір-бірімен қалай болса солай тіркесе салмайды. Олардың  тіркесуінде белгілі бір заңдылықтар болады. Ол, біріншіден, сөздердің грамматикалық сипаты негізіндегі сәйкестігі ақылы, екіншіден, мағына жақындықтарына, мағына үйлесімділігіне орай тіркесу заңдылығы болса, үшіншіден, грамматикалық сәйкестіктері мен мағынасы жағынан орайлас жатқан сөздердің белгілі бір дәнекерлер, тәсілдер арқылы байланысқа ену заңдылығы еді.

Фразеологизмдер де сөз тіркесін жасауда осы заңдылықтарға сүйенеді. Тіркесетін сөздердің байланысы мағыналық әрі синтаксистік бірлікте болуға тиіс. Олар синтаксистік бірлікте болу үшін белгілі тәсілдер арқылы байланысқа түседі. Қазақ тілінің сөз тіркесі синтакисінде ондай амалдардың қатарына жалғаулар, сөздің орын тәртібі, интонация және көмекші сөздер жатқызылады. Жалғаулар арқылы байланыссинтетикалық тәсіл, көмекші сөздер, интонация және сөздердің орын тәртібі арқылы байланысаналитикалық байланыс делініп жүр.

Фразеологизмдер бағыныңқы сыңарда басыңқымен аналитикалық және синтетикалық тәсілмен байланысады.

Фразеолгизмдер контекстің әуеніне қарай өзгеруі я өзгермеуі жағынан екі топқа бөлінеді: бір алуан фразеологизмдер контекстің аясында ешқандай өзгеріске ұшырамай, өзінің дербес формасын сақтап отырса, бірқыдыру фразеологизмдер (контекстің әуеніне қарай өзге сөздермен қатынасқа түсіп) форма жағынан өзгеріп, қосымша, сүйемел сөз тіркестіру арқылы барып қолданылады дейді қазақ фразеологиясының негізін қалаушы  І.Кеңесбаев[50].

Фразеологизмдер өзінің күрделілігіне қарамастан сөйлем ішінде дара сөздер сияқты байланысқа түседі, түрленеді. Ол дара сөз іспетті грамматикалық ереже заңдылығымен жұмсалады. Сөйлем ішінде басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсіп, өз мәнін нақтыландырады, сөйлемнің бір мүшесі болып келеді. Ал сөйлем мүшесі белгілі бір сөз табынан болады.

Профессор І.Кеңесбаев «Қазақ тіліндегі фразеолгизмдердің бірсыпырасын бір сөз табына жатады деп үзілді кесілді пікір айту қиын. Бұларды тек сөз таптарының орнына жүреді деп шартты түрде ғана айтуға болады»,- деген еді[50].

Шартты түрде болса да, белгілі бір сөз табына жіктелген фразеологизмдер жайлы білу – фразеологизмдердің қандай тәсілдер арқылы байланысын білу үшін өте қажет. Өйткені аналитикалық тәсіл негізінен түрленбейтін сөз табы негізінде, синтетикалық тәсіл түрлі жалғаулар қабылдай алатын сөз табы негізінде жасалады.

Академик Ә.Қайдаров пен Р.Жайсақовалар қазақ тілі фразеологизмдерін есімді, етістікті, одағай түрі, адвербиалды түрі, сөйлеу штампы түріндегі фразеологизмдер деп топтаса, Ә.Болғанбаев етістік мағыналы, сындық мағыналы, заттық мағыналы, үстеу мағыналы фразеолгизмдер деп саралайды. Көркем мәтіндегі аналитикалық  тәсіл арқылы байланысқан фразеологизмдерді келесі топтарға бөліп қарастыруды жөн көрдік:

1. Сындық мағыналы фразеологизмдер:

а) сындық мағыналы зат есім + зат есім фразеолгизмдер: сері мінез жігіт, тас жүрек адам, орақ ауыз әйел;

ә) сын есім + зат есім фразеологиздер: ала аяқ ұры, қызыл шеке төбелес, көк айыл қатын;

б) сан есім+ зат есім фразеологизмдер: бір бет адам, екі талай күн, бір жапырақ  қағаз;

в) дай жұрнақты қатыстық сын есім+ негізгі сын есім фразеологизмдер: тастай қараңғы түн, сүттей ақ, судай таза адам;

г) зат есім + дай жұрнақты қатыстық сын есім фразеологизмдер:  ауыз тұшырлықтай шығарма, жан түршігерліктей дауыс, ортан қолдай  ұл;

ғ) зат есім + өткен шақ есімшелі фразеологизмдер: топ жарған шешен, қол бастаған шешен, қабырғасы қатпаған бала, жүрек жұтқан ерлік;

д) зат есім + келер шақ есімшелі фразеологизмдер: аяқ артар көлік, іліп алар киім, іске татыр мүлік;

е) зат есім+ ауыспалы шақ есімшелі фразеологизмдер: бас кететін сөз, көз болатын кісі, адам болатын адам;

        2. Үстеу мағыналы фразеологизмдер:

а) зат есім+ есімше +дай жұрнақты (немесе керсінше) фразеологизмдер: пышақ кескендей тиылды, бұйдалаған тайлақтай жетеледі;

ә) зат есім+ есімше+ ша жұрнақты фразеологизмдер: қас қаққанша келіп қалды, ымырт жабылғанша жетті, қас қарайғанша оралды;

б) зат есім+ ып жұрнақты көсемшелі фразеологизмдер: жылы ұшырап амандасты, ит құса боп күн өткізді, желімдей жабысып қалар емес;

в) зат есім + а, е, й жұрнақты көсемшелі фразеологизмдер: жүз көрсетпей кетті, есінен тана құлады, жік қоя сөйледі;

г) зат есім+ ғалы/гелі жұрнақты көсемшелі фразеологизмдер: ес біліп, етек жапқалы біледі, ат жалын тартып мінгелі көрді.

       Сонымен,  көркем мәтінде қолданылған фразеолгизмдердің құрамы зат есімдерден, зат есім мен сын есімнен, зат есім мен есімшеден, зат есім  мен көсемшеден болса да, фразеологизм тұтасымен сындық мағыналы немесе үстеу мағыналы болып, басыңқы сыңармен аналитикалық жолмен байланысады.

        Көркем мәтіндегі синтетикалық тәсілмен байланысқан фразеологизмдерді келесі топтарға бөліп қарастырамыз:

1.Заттық мағыналы фразеологизмнің  септік жалғауы арқылы байланысуы

а) зат есім+зат есім+ септік жалғаулы фразеологизмдер: шақпақи сөзге шебер, жел сөзге құмар, күн қабағын ұнатпау, кісі есігінде жүру;

ә) сын есім+ зат есім+ септік жалғаулы фразеологизмдер: көк тайғаққа айналу, қара сөзге дес бермеу, жылы құшаққа ену;

б) зат есім+ есімше+ септік жалғаулы фразеологизмдер: қас сұлуда мін болмас, игі жақсымен кездесу, жылы жұмсағын тасу;

в) зат есім+ есімше+ септік жалғаулы фразеологизмдер: бетіне келгенін ұнатпады, азапқа салғанына түсінбеді, құшақ ұшатынында сөз жоқ;

г) зат есім+ қимыл есімі+ септік жалғаулы фразеологизмдер: тұяқ серпуге жарамады, сырын ашуды ұнатпайды, екі қолын жылы суға малумен өткізді;

ғ) зат есім+ септік жалғаулы+ көмекші есім фразеологизмдер: аяқ астынан табылды, жеті қабат жер астында жатыр, қас пен көздің арасында жоқ болды.

        Фразеологизмдердің құрамы әр түрлі сөз табынан болып, соңғы сөзі сын есім, етістіктің есімше, қимыл есімі түрінде заттанып келсе, әр түрлі септік жалғауы арқылы байланысады, фразеологизмнің құрамында көмекші есім болса, ол да септік жалғауында (көнеленген формада) байланысады. Ал кейде фразеологизмді көмекші есімдер немесе есімше тұлғасындағы көмекші етістіктер де септік жағауы арқылы байланысқа түседі.

        Фразеологизм басыңқымен синтетикалық жолмен байланысу үшін байланысқа фраезеологизмнің соңғы сөзі түседі. Яғни байланысқа түсетін соңғы сөз заттанған есім не етістік болаы. Етістік мағыналы фразеологизмнің септік жалғауы арқылы байланысуы:

а) етістік мағыналы фразеологизм + септік жалғаулы көмекші етістік: түйе үстінен ит қабады дегенді түсіндім, бармағын тістейді дегенге сенбеді, сау басымызға сақина тілейік деген ниетіміз жоқ;

ә)жіктік жалғаулы етістік мағыналы фразеолгизмің байланысуы: мақтамен бауыздадың (сен),  бағын байлады (ол), бел будым (мен),  хат таныдық (біз).

        Көркем мәтіндегі етістік мағыналы фразеологизмдер басыңқымен екі түрлі тәсіл арқылы байланысады. Бірінші – сөйлем ішінде, көмекші етістіктер септік жалғауы арқылы, екінші – сөйлем соңында, етістік мағыналы фразеологизм бастауышпен жіктік жалғауы арқылы байланысады.

      Қорыта айтсақ, көркем мәтіндегі заттық мағыналы және етістік мағыналы фразеологизмдер синтетикалық тәсіл арқылы байланысады.

 

        Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі.-  Алматы: «Ана тілі», 1991 ж. -320 б.

2. Кеңесбаев І.  Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1977. – 712 б.