Көркем мәтіндегі  қос сөздерді байланыстырушы  формалар

      Испандиярова А.Т., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік                университетінің аға оқытушысы , гуманитарлық ғылымдар магистрі

 

Қос сөздердің қай-қайсысы болмасын бір-бірімен белгілі бір формалары арқылы байланысады. Олар әртүрлі тұлғада жасалады. Қайталама қос сөздердің жасалуына келетін болсақ, “бір” сөзінің әртүрлі тұлғада қайталанып келуінен жасалған қос сөздерді үш түрлі мағыналық топқа бөлуге болады. Мәсалы: мына төмендегі сөйлемдерге назар аударайық.  Қазіргі уақытта бұл ауылда бірде-бір бөгде кісі болмауы керек (Абай жолы, 4-кітап, 131-б). Бір-біріне қонаққа барысу «ақсарбас, көкқасқа» айтысып, баталасу, тамырласып  достасу көп(Абай жолы, 4-кітап,  164-б). Осындағы бірде-бір  ешбір деген ұғымды берсе, біріне-бірі, бір-біріне деген – екеуара, өзара деген ұғымды беріп, жаңа мәнде қолданып тұр. «Бірде-бір» сөзі бір және де шылауына тіркесінен қалыптасқан.

Енді «өз» сөзінің әртүрлі тұлғада қайталанып келуінен жасалған қос сөздерге тоқталайық. Мысалы, Бұл күнге дейін арылмай келген көңіл кірбеңі түннен бері, дәл осы сәтте, өз-өзінен көзеліп жадырап кеткендей (Абай жолы, 4-кітап,  34-б). Өзінен-өзі суық тартып, сұлық түсіп жүдеңдеп барады (Абай жолы, 4-кітап,  164-б). Бірақ сонымен қатар, өзін-өзі күдіктенбей құптаған мақтаған сағыныш сезеді (Абай жолы, 4-кітап, 182-б). Топ алдында сөзді түгел айтқызса өзіне-өзі соққы тигізгендей болатынын сезіп, Дәркембай мен баланы ықсыра қалың топтан шеттелініп шықты (Абай жолы, 4-кітап,  11-б). Мұнда өз сөзіне әртүрлі жұрнақтардың жалғануы арқылы сөздің мағынасы бірде өзгеріп, бір сол қалпында мағына үстеп қолданылып тұр.

Қайталанатын сөздердің алдыңғы сыңарына –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнағы қосылу арқылы жасалған сөздердің семантикасы тіпті бөлек. Мысалы, Әкесіне күнбе-күн оқып білген дерегін бүгін ғана емес, бұдан бұрын да айтқан-ды(Абай жолы, 9-б). Тай бұдан құтылмақ боп, нелер қиястық жасаса, соның бәріне де сол секундта Оспан қолма-қол тәсіл жасайды(Абай жолы, 4-кітап,  146-б). Көзбе-көз  айтып кеткен қияссөзі әлі есімнен кеткен жоқ (Абай жолы, 4-кітап, 282-б). Мен сіздің ауызба-ауыз сөзіңізді бұл шаққа қатар естімеп-ем(Абай жолы, 4-кітап, 142-б). Бұндай тұлғалар грамматикаларда синтаксистік тәсілі ретінде көрсетілген.  «Қазіргі қазақ тілінің сөз жасам жүйесінде» де –ма, -ме үстеу жасаудың бір жолы. Бұл жұрнақ үстеулердің алғашқы сыңарына жалғанып, оқиға әрекеттің орындалуындағы дәлдікті,  жедел болған істі айқындап көрсетіп тұрады. Үстеулердің негізі көбіне зат есімді сөздерден болады: ауызба-ауыз, қолма-қол, бетпе-бет, көзбе-көз т.б. Мұндай құрылыстағы үстеу сөздер әруақытта да етістіктермен тіркесе жұмсалып, оқиға әрекеттер арасындағы тығыз байланыстылықты білдіреді. Жоғарыдағы келтірілген мысалдардағы қайталама қос сөздердің мағыналары (қолма-қол, көзбе-көз, күнбе-күн, ауызба-ауыз) жеке сыңарларының мағыналарынан мүлде бөлек, жаңа мағыналар. Осындай қайталама қос сөздердің түрлері  туындыда кездесіп отырады.

Ал енді туындыдағы қосарлама қос сөздерді байланыстырушы формаларға тоқталайық. Компоненттерінің морфологиялық құрылымына қарай, қосарлама сөздерді екі салаға бөлуге болады:

а) Негізгі түбірден құралған қсарлама сөздер. Оған бала-шаға, ата-ана, үй-жай, телан-тараж, аяқ-қол, дос-жар, күш-қуат, ләм-мим, күш-қуат, ас-су, нан-тұз, тай-құлын, оқу-білім, іні-бала, құлын-тай, дау-шар, дос-жар, көш-қон, ойын-сауық, той-думан т.б.

ә) Туынды формалардан құралған қосарлама сөздер екі түрлі болады. Бірінші – екі сыңарына да бірдей жұрнақ жалғанып жасалады, екіншісі – бір сыңарына ғана жұрнақ жалғау арқылы қосарланған қос сөздер. Мысалы, туындыда мынандай қос сөздер кездеседі: атарман-шабарман, онша-мұнда, әлді-малды, көрген-күздеу, қашқын-қуғын, есітіп-білген, келген-кеткен, көрінер-көрінбес, үзіп-жұлып, ерлі-зайып, алым-салық, ішіп-жемі, жүріс-тұрыс, бірен-саран, лім-жітім, өштік-қастық т.б. Қосарлама сөздің екі компонентіне де бірдей жалғанатын жұрнақтар  көбінесе бір ғана түрлі болып қосылады, кей-кейде ғана екі түрлі болады. Мысалы мына төмендегі сөйлемдерге назар аударайық: Жас қыз кезінде Абай мен Тоғжан арасындағы жалынды сырдың азды-көпті куәсіндей болған(Абай жолы, 4-кітап,  53-б). Жолды-жолсыз жердің барлығында суыққа қарсы қасқарып-ап топты бастап келе жатқан себебі де сол (Абай жолы, 4-кітап, 102-б).

Өзенді құлдап селдір тоғай ішіне кіріп, арлы-берлі жүріп көрді (Абай жолы, 4-кітап, 178-б). Көрпе-жастығы қызылды-жасылды жаңа төсек тәрізді (Абай жолы, 2-кітап, 25-б).  Келісімен Әділбек суық сөз есітіп, сезіктенген бе? Жаман бүлініп жеңгелерін де, малшы-көршілерін де қатты бүріпті(Абай жолы, 2-кітап, 221-б).  Әсіресі Ұлжанның айналасындағы үбірлі-шүбірлі молдықты, кеңдікті сүймейтін(Абай жолы, 2-кітап, 241-б). Осы келтірілген  мысалдардағы қосарлама қос сөздер бір-бірімен әр түрлі формалар арқылы байланысып жасалған.  Осындағы қолданылған жұрнақтар мыналар: -лы, -лі,-ды, -ді, -ты, -ті (арлы-берлі, қызылды-жасылды), -шы, -ші (малшы-жалшы), -н, -ын, -ін, -қан, -кен, -ған, -ген (ішкен-жеген, жиған-терген), -ыс, -іс (алыс-жұлыс), -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік (өштік-қастық).   Мұндай қос сөздер романда сирек қолданылған.

Сонымен, жалпы туындыдағы қос сөздер–қазақ тіліне айрықша тән құбылыстың, заттың және ұғым, түсініктің атауларын жинақтап беру үшін қолданылатын сөзжасам амалының бір түрі.

 

                                            Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

        1 М. Әуезов «Абай  жолы» 2-кітап А. Жазушы 2002 ж. 117-б

        2 М. Әуезов «Абай  жолы» 3-кітап А. Жазушы 2002 ж. 215-б

        3 М. Әуезов «Абай  жолы» 4-кітап А. Жазушы 2002 ж. 215-б