Баймуратов А.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

КУӘ МЕН ЖӘБІРЛЕНУШІДЕН ЖАУАП АЛУДЫҢ ТАКТИКАСЫ

 

 

Куә мен жәбірленушіден жауап алу көп жағдайларда ұқсас болып келеді, өйткені олардың процесуалдық жағдайлары шамалас, жақын.

Куә - бұл қылмыстық іске қатысы бар мән-жайларды білетін және ол туралы жауап бере алатын кез-келген жеке тұлға (ҚР ҚІЖК-нің 82-бабының 1 – бөлімі) [1].

Жәбірленуші деп қылмыстан мүліктік, денелік және моральдық зардап шеккен жеке тұлғаны атайды.

Егер, жауап алу кезеңінен тараған тергеу әрекеті болса, оның ішінде куәдан жауап алу ең жиі кездесетіні  болып отыр. Куә мен жәбірленушіден жауап алудың шарттары Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 214-бабымен реттелген [2] .

Бір іс бойынша шақырылған куәлардан, жәбірленушілерден, басқа куәлардан және жәбірленушіден бөлек жауап алынады. Тергеуші бір іс бойынша шақырылған куәлар, жәьірленушілер жауап алу басталғанға дейін өзара сөйлеспейтіндей шаралар қолданады.

Жауап алу алдында тергеуші  куәнің, жәбірленушінің  айыпталушыға немесе сезіктіге  қандай қатысы бар екенін анықтайды, оларға іс жүргізудегі құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, жауап беруден бас тартқаны үшін қылмыстық жауапкершілігі туралы ескертеді. Бұл ретте тергеуші куәға, жәбірленушіге өзінің, күйеуінің (не зайыбының), жақын туыстарының қылмыс жасағанын ашатын, сондай-ақ діни қызметшіге – тәубе үстінде оған ішкі сырын сеніп ашқан адамдарға қарсы жауаптар беруден бас тартуға құқығы бар екендігін түсіндіруге міндетті. Бұл құқықты пайдаланбаған куә, жәбірленуші көрінеу жалған жауап бергені үшін қылмыстық жауаптылығы туралы ескертіледі [3].

Басқа жағдайда куә мен жәбірленуші жауап алу ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің куә ретінде жауап алуға болмайтын адамдардың тізімін көрсеткен:

-              қылмыстық іс бойынша іс жүргізуіне байланысты, сондай-ақ сот шешімін шығару кезінде туындаған мәселелерді кеңесу бөлмесінде талқылау барысында өзіне белгілі болған қылмыстық істің мән-жайлары туралы – сот төрағасы;

-              қылмыстық іс бойынша өзінің міндеттерін орындалуына байланысты өзіне белгілі болған жағдайлар туралы – сезіктінің не айыпкердің қорғаушысы, жәбірленушінің, азаматтық талапкердің және азаматтық жауапкердің өкілдері;

-              ішкі сырын ақтару кезінде белгілі болған мән-жайлар туралы  діни қызметші;

-              өзінің жасына толмауына байланысты және психикалық немесе дене кемістіктеріне орай іс үшін маңызы бар мән-жайларды дұрыс түсінуге және олар туралы жауап беруге қабілетсіз адамдар [2].

Басқа жағдайларда, осы көрсетілген адамдардан жауап алынуы мүмкін.

Куәнің: қылмыстық жазаланатын әрекет немесе әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін оның өзінің, жұбайының немесе жаын туыстарының ізіне түсуге әкеп соқтыратын жауап беруден бас тартауға, өзінің ана тілінде немесе ол білетін тілде жауап беруге, аудармашының тегін көмегін пайдалануға, одан жауап алу кезінде қатысқан аудармашыға ескерту жасауға, жауап алу хаттамасына жауапты өз қолымен жазуға, өтініш білдіруге және анықтаушының, тергеушінің, прокурордың және соттың әрекеттеріне шағым жасауына құқылары бар. Куәнің өзінің қорғаушысының көзінше жауап беруге құқығы бар. Осы орайда, қорғаушының қатысуы заң шығарушымен нақты реттелмеген. Қорғаушы жауап алу барысына араласпайды, тек қана өзінің қорғап жүрген адамының берген жауабымен танысып қол қояды. Жауап алынып болған соң жауап берушіге тергеуші рұқсат берген жағдайда сұрақ қоюына болады. Бірақ, қорғаушының қатысуы жауап берушіні қандай-да бір жауапкершіліктен босатып, жеңілдік бермейді және барлық жауап алуларға ортақ жауап алудың жалпы ережелеріне сәйкес жүргізіледі [4]. Біле тұра жалған жауап  бергені үшін, сонымен қатар жауап беруден бас тартқаны және жалтарғаны үшін куә мен жәбірленуші Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің баптарында қарастырылған қылмыстық  жауапкершілікке тартылады (ҚР ҚК 352, 353 баптары) [2]. Сол себепті, куә мен жәбірленуші ретіндегі жауап берушілерден жауап алмастан бұрын, құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, қылмыстық жауапкершіліктері ескріліп отыруы керек.

Куә мен жәбірленушіден жауап алу барысын шартты түрде төрт сатыға бөлсек болады:

-              жауап берушімен психологиялық тіл табысу;

-              жауап берушінің еркін әңгімесі;

-              жауап берушіге сұрақтар қою;

-              жауап берушіні жауап алу хаттамасымен, егер дыбыс не бейнежазба жүргізілсе, оларды тыңдату не көрсету арқылы  таныстыру. Тергуушінің жауап берушімен психологиялық тіл табысуы жауап алудың өз мақсатына жетудің алғы шарттарымен тікелей байланысты. Тіл табысу тергеушінің сыртқы күйіне, әдептілігіне, сыпайылығына, білгірлігіне және жауап алу ортасына тікелей байланысты. Сонымен қатар, жауап берушіні біле тұра жалған жауап бергені үшін және жауап беруден бас тартқаны үшін қылмыстық жауапкершілігі туралы ескерту қандай түрде, қандай ынтамен жасалғандығынан  біраз нәрсе шешіледі. Әрине, қылмыстық жауапкершілік туралы ескерту жауап берушінің жеке  басына байланысты қатаң ресми түрде немесе талқылап түсіндіруші әңгіме ретінде жүргізіледі[5].

  Жауап берушімен психологиялық қатынас орнату үшін тергеуші жауап алу хаттамасының анкеталық бөлімін толтыру барысында әңгімеге тартады. Мысалы, жауап берушінің жанұя жағдайы немесе туған жері туралы әңгімелесу. Бір жағынан, осы арқылы тергеуші жауап беруші туралы қосымша мәліметтер алуы мүмкін.

Осыдан кейін, тергеуші жауап берушіге қылмыстық іс бойынша белгілі мән-жайларды еркін түрде айтып беруді ұсынады. Еркін әңгімесін жауап беруші өзінің есінде қалған қылмыстық іске қатысты оқиғаны өз бетінше  баяндап береді. Тергеуші жауап берушінің еркін әңгімесін бөлмейді, керісінше оның әр сөзін мұқият тыңдап, іс үшін маңызды деген сәттерін ескеріп отыруы керек. Еркін әңгімесін тыңдар алдында, тергеуші куәға немесе жәбірленушіге жауаптарын белгілі бір тәртіппен жүргізуді ұсынуына болады. Бұл әдіс көбінде жауап берушіден алынатын жауаптың көлемі үлкен болған кезінде қолданылады.

Жауап берушінің еркін әңгімесі аяқталған соң тергеуші өзіне керекті жауап берушінің айтпай кеткен немесе толық ашпаған мәселелері бойынша сұрақтар қояды, өйткені жауап беруші еркін әңгімесінде қылмыстық іске қатысты көптеген мән-жайларға көңіл бөлмеуі мүмкін. Сұрақтар қою арқылы тергеуші оның ұмытып кеткен жағдайларын немесе жаңа мәліметтерді айтуына жағдай туғызады. Сонымен қатар, тергеушінің осылайша сұрақтар қоюы жауап берушінің ойлау, есіне түсіру қабілетін арттырады [6].

Жауап алу аяқталған соң тергеуші жауап берушіні хаттамаға түсірілген жауабымен және бейне немесе дыбыс жазба жүргізілген болса, онда таспаға жазылған жауабын көрсету  не  естіру арқылы таныстырады. Жауап алу кезінде қандай аппаратура қолданылса да, хаттама толтыру міндетті. Танысу кезінде жауап беруші хаттамаға толықтырулар мен өзгертулер енгізуі мүмкін. Сонымен қатар, хаттамадағы жауапты өз қолымен жазғанын немесе өз сөзінен дұрыс жазылғандығын растап қол қояды.

 

Әдебиеттер :

  1. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі. Алматы- Жеті Жарғы. 1998.

  2. Комментарий к Уголовно-процессуальному кодексу Республики Казахстан. Общая и Особенная части. – Караганда, 2007.

  3. А. Н. Васильев. Тактика отдельных следственных действий. М- 1981.

  4. И. Ш. Борчашвили.  Комментарий к Уголовному кодексу Республики Казахстан. А- 2008.

  5. Рыжаков А.П.  Уголовный процесс: учебник для вузов / А.П. Рыжаков. — Изд. 5-е перераб. — М.: Издательство Дело и Сервис, 2011.

  6. А.П. Васильев. Проблемы методики расследования отдельных видов преступлений», Москва- переизданная в 2002 г.