Экономическая наука/ Финансовое отношение

 

Сейітжағыпарова Ш.Ж.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы, э.ғ.магистрі

Ұлттық инновациялық инфрақұрылымды дамытудың экономикалық механизмі

 

Әлемдік экономиканың алдыңғы қатарлы озық тәжірибелерін игеруге және оны ұтымды пайдалана білуге талпынған мемлекеттер үшін бүгінгі уақыттағы басты мәселе индустриалды-инновациялық экономиканы қалыптастыру болып отыр. Индустриалды-инновациялық экономиканың басты ерекшелігі – ғылыми сыйымды, технологиялық өңделу деңгейі жоғары өнімдерді шығаруға икемді өндірістік және инновациялық инфрақұрылымның болуы.

2003 жылы елдің инновациялық-индустриялық дамуын қалыптастыру және экономиканың нақты, түпкі өнім өндіру секторын өркендету әрі әртараптандыру мақсатында «Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы», 2005 жылы «Қазақстан Республикасының Ұлттық инновациялық жүйесінің қалыптасуы мен дамуының 2005-2015 жылдарға арналған бағдарламасы», ел экономикасының инновациялық белсенділігін көтеру мақсатында 2006 жылы ҚР «Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Заңы қабылданды. Осылардың негізінде 2003 жылдан бастап отандық инновациялық әзірлемелерді қолдау мен оны өндіріске ендіруге, сонымен бірге Қазақстан Республикасын болашағы зор шетелдік технологияларды трансферттеу алаңы ретінде дамытуға бағытталған инфрақұрылым жүйесін құру үрдісі басталып кетті.

Инновациялық әлеуеті дамыған елдер болашақтың бағдарын елдегі табиғи ресурстарға қарап емес, адам капиталының, оның интеллектуалдық қуатының шамасына, инновациялық өнім, қызмет, сапалы жұмыс жасай алатын өнеркәсіптік, өндірістік инфрақұрылымның мүмкіндіктеріне, ғылыми-зерттеу, ғылыми-ізденушілік орталықтарының шамасына қарап айқындайды.

Бәсекелік ортада ұлттық экономиканың қуатты болуын қамтамасыз ету еліміздің негізгі ұстанымдарының біріне жатады. Ашық нарықтың басты талабының бірі әрбір тұтынушының нақты қажеттілігін қанағаттандыру деп білсек, онда осы талапқа сай экономика құрылымын жасақтау басты міндет болып қала бермек. Нарықтың үдемелі және өзгермелі сұранысын тез қанағаттандыру инновациялық әдістерді пайдаланумен ғана жүзеге асатыны белгілі. Сондықтан да, ұлттық экономиканың жедел және тұрақты дамуы еліміздегі инновациялық орта мен инновациялық инфрақұрылымның нәтижелі жұмыс істеуіне тікелей тәуелді деуге толық негіз бар.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2010 жылдың 29 қаңтарында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Біз экономиканың тұрақты өсіміне жедел индустриаландыру және инфрақұрылымды жетілдіру арқылы қол жеткізуіміз қажет. Сондай-ақ, «болашақтың экономикасы» нәтижелі де тиімді қызмет ететін ұлттық инновациялық жүйеге негізделуі тиіс. Индустриалық-инновациялық даму – еліміздің жаңа онжылдықтағы өркендеуінің өзегі бола бермек» деген ой айтса [1], «Нұр Отан» ХДП XII съезінде сөйлеген сөзінде Президент ел экономикасының дағдарыстан өтуінің базалық қағидаларын атап көрсетті: «Барлық мемлекеттер өткен ғасырдың басында индустриялануды бастан өткерді, ал КСРО-да бұл 30-жылдары болып өтті. Бірақ мұндай индустрияландыру біз үшін жарамсыз, біз әлемдік экономика дамуының қазіргі құрылымымен сәйкес келетін инновациялық индустрияландыру туралы айтып отырмыз» [2]. Осыған орай, 2010 жылы Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленді.

Ендігі кезекте инновацияны негізгі сипатын оның түрлері мен жіктелу белгілері бойынша ашамыз. Жаңалық деңгейіне байланысты инновациялар негізгі төрт категорияға бөлінеді:

1)    базистік инновациялар - нарықта бұрын болмаған өнімдердің, қызметтердің, жұмыстардың пайда болуына мүмкіндік береді;

2)    жақсартылған инновациялар - нарықта бар тауарлардың, қызметтердің, жұмыстардың параметрлерін жетілдіруге бағытталған;

3)    кешенді инновациялар - әлемдік тәжірибеде сынақтан өткен жетістіктерді жинақтай отырып, әртүрлі салалар мен өндірістердің мүмкіндіктерін бірге пайдалануға ықпал етеді (мәселен, ұялы телефондарды сөйлесу құралынан басқа фотоаппарат, радио, есептегіш құрал, плеер және басқа да мақсаттарда пайдалануға болады);

4)    радикалды инновациялар - жаңа ғылыми идеялар мен ізденістерге негізделеді, жаңа салалар мен бағыттардың қалыптасуына алып келеді (ғылымдағы жаңа бағыттар – гендік инжинерия, биотехнология, нанотехнология, жәндіктерді клондау және т.б.).

Таралу аясына байланысты инновацияларды төмендегідей жіктейді:

- жаһандық – бірнеше мемлекеттерде немесе әлем деңгейінде өзгерістердің пайда болуына алып келетін инновациялар;

- ұлттық – бір мемлекет деңгейінде қолданысқа енгізілген, тиімділігі негізделген жаңа жүйелер, үрдіс, құбылыс және т.б. инновациялар;

- аймақтық – белгілі бір аймақтың ерекшелігіне байланысты маңыздылығы бар инновациялар;

- нақты – қандай-да бір кәсіпорын, мекеме, ұйым деңгейінде қолданылатын инновациялар.

Инновациялық инфрақұрылымның басты элементтеріне технопарктік құрылымдар, ғылыми парктер, технологиялық және ізденушілік орталықтар, инновациялық, инновациялық-технологиялық орталықтар, бизнес-инкубаторлар, технологияларды трансферттеу орталықтары, технополистер, ғылыми қалашықтар, венчурлық қорлар, сақтандыру компаниялары жатады.

Инновациялық инфрақұрылым – ұлттық деңгейде ғылыми білімдер мен технологиялардың ақпаратпен қамтамасыз етілуімен, өндірісімен және коммерциялық жүзеге асырылуымен қатысты өзара байланысқан ұйымдар жиынтығы. Инновациялық инфрақұрылымның келесі бір түсінігі – ұлттық инновациялық үрдістерді қамтамасыз ететін құқықтық, қаржылық, ақпараттық, әлеуметтік тұрғыдағы институттар жиынтығы.

Алғаш 2002 жылдың 3 шілдесінде № 333-II ҚР «Инновациялық қызмет туралы» Заңы қабылданды. Осы Заңда инновациялық дамудың негізгі бағыттары көрсетіліп, олар іс жүзінде қолданысқа түсті. Экономиканың шикізаттық емес секторын өркендету мақсатында «Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы» қабылданды. Стратегияның қабылдануымен отандық инновациялық инфақұрылым элементерінің қалыптасу кезеңі басталды. Сондай-ақ, ел экономикасының инновациялық белсенділігін ары қарай көтеру мақсатында ҚР «Инновациялық қызмет туралы» Заңы 2010 жылы 23 наурыз айында күшін жойып, оның орнына қайта өзгерістерден өткен ҚР «Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Заңы қабылданды.

Осы орайда елімізде жүзеге асырылып жатқан индустриалды-инновациялық даму стратегиясының қазіргі уақытқа дейінгі нәтижелеріне де көз жүгіртуді жөн көріп отырмын.

Аталған стратегияны жүзеге асыру негізгі үш кезеңге бөлінген болатын. Оның 1-кезеңі басты түрде дайындық сипатындағы iс-шараларды жүзеге асырумен және жүйелік мәселелерді шешумен байланысты болды. Стратегияны табысты түрде iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу, жаңа заңдар әзiрлеу, инвестициялық және инновациялық жобаларға мемлекеттiң қатысуын қамтамасыз ететiн мемлекеттiк институттар құру, қосылған құн тізбегіне талдау жүргiзу жөнiнде мамандарды даярлау, мемлекеттiң қатысуымен iске асырылатын тиiмдi жобаларды айқындау көзделген.

Ал енді біздің зерттеулеріміз осы 1-кезеңнің келесідей нәтижелерін анықтап берді. Ең алдымен, атап көрсетер болсақ:

- заңнамалық және нормативтік база дайындалды (30-ға таяу заң), салаларды дамытудың негізгі бағдарламалары қалыптасты (30-дан астам бағдарлама) және өндірістік факторларды дамытудың жүйелік мәселелері шешілді;

- жаңа институционалдық негіз қалыптасты (даму институттары, ӘКК, холдингтер, Ғылым қоры т.б.);

- пилоттық жобаларды іске асыру және қамтамасыз етуші инфрақұрылымды (кластерлер, технопарктер, АЭА, индустриялық аймақтар) салу басталды [3].

Ұлттық инновациялық инфрақұрылымды дамытудың экономикалық механизмі ол еліміздің инновациялық әлеуетін дамытуға негіз болатын, оны жүзеге асыру белгілі-бір нәтижелі жетістікке жетуге ықпал ететін қаржылық, экономикалық, салықтық, несиелік және басқа да іс-әрекеттер мен тетіктердің жиынтығы. Дұрыс таңдала білген механизм ұлттық экономикамыздың ұзақ мерзімде инновациялық өркендеуі мен дүниежүзілік нарықта лайықты орын алуына ұтымды жағдай жасауы тиіс.

Инновациялық инфрақұрылымды дамыту механизмі әлемдік инновациялық ортаның жалпы жағдайына, қоғам мен ғылыми-техникалық прогрестің дамуына, адамзат мәдениеті мен ой-санасына, экология талаптарына, сонымен қатар, еліміздің нақты мүмкіндіктері мен стратегиялық өркендеу бағыттарына сай болуы тиіс.

Экономикадағы бәсеке, қайшылықтар, қоғамдық сананың өсуі, табиғи ресурстардың шектелуі инновациялардың туындауына бірден-бір себеп. Осы тұрғыда, инновациялардың пайда болу ортасына ғылыми тұжырым жасап көрейік (1-сурет) [4, 11 б].

1- суреттен көріп отырғанымыздай, ең алдымен, ол экономикалық орта. Өнім өндірушілердің, қызмет көрсетушілердің, жұмыс орындаушылардың табатын пайдаларын өсіруге мүдделілігі. Бәсекелі нарықтың талабы да өндірушілерге неғұрлым тиімді түрде қызмет етуін жүктейді.

Екіншіден, қоғамдағы қарама-қайшылықтар.Бұл топ өзінше жаңа құндылықтар мен тәртіптерді қалыптастырып, оған қалған көпшілікті тартуға ынталанады.

Үшіншіден, табиғи ресурстардың азайуы. Бұл тауарлық, өндірістік инновациялардың қалыптасуына ықпал ететін негізгі себеп. Қазіргі уақытта «гендік модификацияланған өнімдер» деген атаумен белгілі бұл тауарлар әлемнің көптеген елдерінде жаппай тұтынуға еніп кетті.

Төртіншіден, әлеуметтік орта немесе қоғамдық сана. Көп жағдайда бұл орта инновацияларды жасаушыларға өздерінің талаптарын жүктейді. Сонымен қатар, еңбек ету мәнері, біліктілік деңгейлері де инновацияларды бірден қабылдауды немесе біртіндеп енгізілуді анықтап отырады.

Бесіншіден, алпауыттардың ойыны. Бұл жерде алпауыттар қатарына нарықтағы ірі өнім, қызмет шығарушы компаниялар мен монополистерді жатқызуға болады.

Инновациялардың пайда болуы олардың белгілі бір функцияларды орындауын міндеттейді. Сондықтан да, экономикалық категория ретінде инновациялардың атқаратын негізгі функцияларын сипаттаймыз. Олар мыналар:

-     адамзат ақыл-ойынан туындаған ғылыми нәтижелерді қолданысқа енгізу;

-     қызметтің, еңбектің ғылыми сиымдылығын арттыру;

-     тұтынудағы өзгерістерге өндірістің құрылымын сәйкестендіру;

-     қоғамның жалпы қажеттіліктері мен қоғамдағы әрбір адамның жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру сапасын арттыру;

-     өндірістің тиімділігін арттыру мақсатында жаңа өндіргіш күштерді тарту;

-     бәсекелі нарыққа төтеп беретін жаңа және тиімді өнімдерді, қызметтерді, жұмыстарды жасау.

Бәсекеге қабілеттіліктің өсуі тұрақты экономикалық өсуге негізделеді және халықтың өмір сүру стандарттарының жоғарылауымен түсіндіріледі. Әлемдік экономикалық форумның стандарттарына сәйкес, бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторлары ретінде нақты сектордың, адами капиталдың, инфрақұрылымның, инновацияның дамуы және мемлекеттік басқару тиімділігінің өсуі көрсетіледі.

Осы орайда мемлекеттің негізгі міндетінің бірі – экономиканың басымдық берілетін салаларына қызмет көрсету және тауар өндірісін жедел дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған инвестицияларды тарту болып табылады.Бұл  бағытта өнеркәсібі  дамыған  өндірісті облыстардың маңызы ерекшеленеді.

Жүргізілген зерттеулер негізінде Қазақстан Республикасының инновациялық инфрақұрылымын дамытумен байланысты келесідей қорытындылар мен ұсыныстар жасауға болады:

1. Бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға ынталы Қазақстан Республикасы өзінің инновациялық инфрақұрылымын жасақтап болғанымен, оның қызметі күтілген нәтижелерді көрсетпей отыр. Сондықтан да, аталған жүйенің ұлттық экономика үшін тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін экономикалық механизмді дайындау бүгінгі күннің талабы.

2. Қазақстан Республикасының ұлттық инновациялық инфрақұрылымын инновациялық қызметтің мамандандырылған субъектілерімен қатар (технологиялық парк, технологиялық бизнес-инкубатор және инновациялық қор), бұл құрылымға белгілі бір деңгейде (тікелей немесе жанама) қатысы бар элементтердің де құрайтыны анықталды (олар: жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу орталықтары, ақпараттық-талдау орталықтары, консалтигтік фирмалар; ҚР ұлттық холдингтік компаниялары және олардың құрамындағы ұлттық компаниялар мен даму институттары; ҚР басым бағыттары бойынша құрылған кластерлер, өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, корпоративтік көшбасшы компаниялар, арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар).

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы // Егемен Қазақстан, 2010. - 29 қаңтар.

2. «Қазақстанның индустриялық-технологиялық дамуы - біздің ортақ болашағымыз үшін» Қазақстан Республикасы Президентінің «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс 12-ші съезінде жасаған баяндамасы // Егемен Қазақстан, 2009. - 16 мамыр.

3. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің 2013-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары. - Астана, 2008.

4. Е.Әмірбекұлы Инновациялық инфрақұрылымды дамытудың экономикалық ортасы // Қаржы-қаражат, № 1-2, 2009ж,11б

 

 

 

 

 


 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Е с к е р т у - сурет[3, 11 б]  алынған