Курманов Жасулан Султанханович

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті

1 курс магистранты

 

ӨНДІРІСТІК МАТЕРИАЛДЫҚ ҚОРЛАР ЕСЕБІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

 

    Өндіріс процесі тауарлы-материалдық қорларсыз, атап айтқанда материалдар,  шикізаттар, жартылай фабрикаттар, отын, энергиясыз жүзеге асырылуы мүмкін емес.Тауарлы-материалдыққорлар бұл өндірістіңқайнар көзі деп айтуға болады.

         Тауарлық - материалдық қорлар - бұл шаруашылық субъектісінің өнімді өндіру, қызмет көрсету немесе жұмыстарды орындау мақсатындағы шаруашылық қызметте пайдалану үшін сатып алатын әр түрлі шикізаттар, материалдар, отындар, энергиялар, жартылай фабрикаттар.

        Тауарлық - материалдық қорлар келесідей активтер түрінде болады: өндірісте пайдалануға немесе жұмыстар мен қызметтерді орындауға арналған шикізаттар, материалдар,сатып алынған жартылай және құрастырушы бұйымдар, отын, ыдыс және ыдыстық материалдар, дайын өнім, тауарлар.

        Тауарлық - материалдық қорлар негізі және көмекші материалдар болып екіге жіктеледі. Негізгілер – дайындалатын өнімнің заттай материалдық негізін құрайтын материалдар болса, көмекші материалдар өндірілетін өнімнің өзіндік құнына кіргенімен негізгі материалдар сияқты оның заттай негізін құрай алмайды. Өнімге қажетті қасиеттерді беру үшін  көмекші материалдар  негізгі материалдарға қосымша пайдаланылады.

Қазіргі  уақытта тек табиғи қорлар ғана емес, сонымен қатар кең түрде жасанды, синтетикалық қорлар қолданылады. Соңғыларының ішінде ең көп пайдаланылатыны полимерлер, тамақ ауыстыратындар, ағаш плиталар, синтетикалық маталар және т.б.

        Кәсіпорынның үздіксіз жұмыс жасауының  маңызды сипаты материалдық   қорларға қажеттіліктерді жабу көздерімен толық қамтамасыз  ету болып табылады. Олар ішкі  және  сыртқы болуы  мүмкін. 

        Сыртқы көздерге сәйкес  келісім  шартқа отырылған мердігерлерден  келіп  түсетін материалдық  қорлар  жатады . 

        Ал, ішкі  көздер  - бұл  шикізат  қалдықтарын  азайту , шикізатты  екінші  рет  пайдалану  ҒТП  жетістіктерін енгізу нәтижесінде  материалдарды  үнемдеу.

Материалдарды келешекте пайдалану үшін сақтау, басқа жаққа және өндіріске босату мен пайдалану мөлшерін белгілеп оларды жетілдіріп отыру керек. Белгіленген тәртіп бойынша материалдардың қалдығын жаппай түгендеу, бақылау арқылы тексеріп және олардың нәтижесін дер кезінде есепке алып отыру қажет етіледі.

        Қорларды кешенді пайдалану,олардың рационалды шығысталуы, арзан және тиімді материалдарды пайдалану өнімді шығаруды көбейтудің маңызды бағыты және қаржылық жағдайының жақсаруы болып табылады.

Материалдық қорлардың өндіріс құралдарынан өзгешелігі, өндіріс құралы шаруашылық үрдірісіне (процесіне) ұзақ уақыт қатысып, өздерінің табиғи пішінін сақтай отырып өндірілетін өнімге өз құнының бір бөлігін қосып отыратын болса, еңбек заттары өндірісте пайдаланылған кезде өздерінің бастапқы құнын түгелдей өндірілетін өнімге ауыстырады. Шығарылатын өнімнің, атқарылатын жұмыстың өзіндік құнының көп бөлігі еңбек заттарының құнынан тұрады. Сонымен қатар еңбек заттары өндірістік қор болып табылады.

Материалдық қорлар есебінің  негізгі міндеттері:

·       дайындалған, келіп түскен және өндіріске немесе сыртқа босатылған материалдарды уақытында есептеп, кіріске алу немесе есептен шығару;

·       материалдардың қоймада және тасымалдау кезінде түгел сақталуын бақылау;

·       материалдық қорлар қалдығының белгіленген мөлшерден артып немесе төмендеп кетпеуін бақылау;

·       материалдарды өндірісте пайдаланған кезде олардың техникалық жолмен анықталған мөлшерін және тұтыну мөлшерінің қорын анықтау;

·       материалдардың өндірісте ұтымды пайдаланылуын бақылау;

·       дайындалған материалдардың өзіндік құнын анықтап және олардың жоспарлы есептеу бағасынан айырмашылығын тауып, пайдаланылған материалдар құнын әр объектінің шығынына қосу.

Зерттеушілер мен мамандардың пікіріне материалдардың түгел және дұрыс сақталуы, сондай-ақ ұтымды пайдаланылуы, жұмсалуы үшін алдын ала келесілерді жүзеге асыру қажет:

·       тиісті түрде жабдықталған материалдық-қорларды сақтайтын қойма немесе бөлме болуы қажет және бөлмелердің әрқайсысы материалдардың белгілі бір түрін сақтауға арналған болуы керек;

·       материалдар қойманың әр бөлігінде өздерінің түрлері, сорттары, өлшемдері бойынша керекті кезінде тез алуға және босатқаннан кейігі кезде қалдығын тексеруді қамтамасыз ететіндей етіп орналастырылуы керек.

Материалдардың есебін дұрыс және ұтымды ұйымдастыру үшін мыналар керек:

·       материалдардың бірыңғай номенклатурасы мен жоспарлы есеп айырысу бағасын белгілеу;

·       құжат айналымының дәл жүйесін белгілеу және матералдарды  есепке алу мен есептен шығару операцияларының тәртібін сақтау;

·       бірыңғайланған алғашқы есеп құжаттары нысандарының түрлерін белгілеу және олармен ұйымның барлық бөлімін қамтамасыз ету.

Сонымен қатар материалдарды алдағы уақыттарда пайдалану үшін өндіріске босату және басқа жаққа берілетін мөлшерін белгілеп, оларды жетілдіріп отыру керек. Белгіленген тәртіп бойынша материалдардың қалдығын жаппай түгендеу, бақылау арқылы тексеріп және олардың нәтижесін дер кезінде есепке алып отыру қажет.

Қазіргі таңда шикізаттың, отын мен энергияныңәрбір бөлігін үнемдеудіңқұндылығы өсуде. Материалдық ресурстарды рационалды пайдалану айналыс қаражатының айналымдылығының жылдамдауымен тығыз байланысты. Сондықтан қазіргі уақытта материалдар мен құрылғылардың керек емес және артық запастарын болдырмауға үлкен назар аударылады.

Материалдар есебін дұрыс ұйымдастырудың ең басты мәселесі – оларға экономикалық жағынан дәлелденген жіктеу жасау болып табылады. Өздерінің өзгешеліктері мен өнім дайындауда атқаратын міндеттеріне қарай материалдар:

·       шикізат;

·       негізгі материал;

·       көмекші материал;

·       жартылай фабрикат және тағы да басқалар болып бөлінеді.

Шикізаттар деп бұрын азды - көпті еңбек сіңірілген заттарды айтады. Бұлардың құрамына өндіруші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы мекемелерінің өндірген өнімдері – мұнай, мақта, жүн, тері, ағаш және тағы да басқа материалдар жатады.

Негізгі материалдар мен шикізаттар өндірілетін өнімнің құрамына кіріп оның материалдық негізін жасайды.Негізгі материалдардың қатарына өнімнің өзіндік құнын құрайтын өңдеуші өнеркәсіп өнімдері – ұн, мата, кірпіш және тағы да басқалар жатады.

Көмекші материалдарға – әр түрлі химикаттар мен майлайтын сүртетін және жөндеуге керекті басқа да материалдар жатады. Көмекші материалдардың негізгі материалдардан өзгешелігі, олар өнімнің материалдық (заттық) негізін құрамайды. Олар өндіріс үдерісінде қолданылуы барысында негізгі материалдарға өзінің қандайда бір тиісті әсерін тигізіп, негізгі материалдардың түсін тағы да басқа жақтарын өзгертеді. Материалдардың бұл түріне бояуларды, әктерді (известь) жатқызуға болады.

Жартылай фабрикаттар қатарына құрылыс ұйымдарында – бетон және ағаш бұйымдарын, металлургияда – шойын мен болатты жатқызуға болады.

 

 

Қолдандылған әдебиеттер:

 

1.Нұрсейітов Е.О., Акишев М.К. Ұйымдардағы бухгалтерлік есеп. Оқулық құралы. Алматы 2009

2.Кеулімжаев Қ.К., Әжібаева З.Н., Құдайбергенов Н.А. Бухгалтерлік есеп принциптері. Оқу құралы.  Алматы 2003

3. Зонова А.В. Бухгалтерский учет и анализ .Учебное пособие. Москва 2009