Ермаханова Р.Б.

 

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Қос аштықтың ауыр зардабы

 

Қазақ халқы талай тарихтың ауыр кезеңдерін бастан өткерген қайсар да қайтпас халық. Тек өткен ғасырдың басында Қазақ халқы трагедияға толы түрлі оқиғаларды басынан кешірді: үлкен және кішілі революциялар, отарлық қанау, репрессия, ұжымдастыру, тәркілеу, аштық  және т.б. сындардан өтті. Осы аталған большевиктік саясат тұсында қазақ даласы екі ірі аштықты бастан өткерді.

Отарлық езгіге түскелі қазақтың дәстүрлі  шаруашылығы күйзелу үстінде еді. Оны 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс оқиғалары - отарлық соғыстар, көтерілісшілер мен олардың ауылдарын  басып-жаныштаған жазалаушы әскерлер ойраны - одан сайын күйретті. Патша тақтан құлатылған жылы қазақ облыстарының бірқатарында егін шықпай қалды. Түркістан өлкесінде 1917 жылдың жазынан-ақ азық-түлік тапшылығы сезілді. 1917 жыл – саяси оқиғаларға толы күрделі кезең еді. Осы жылдары құрлықтың 38 мемлекеті тартылған 1914 жылғы Еуропа соғысы жүріп жатты. Ресейдің ішкі жағдайы тым ауыр-тын, елдің басым бөлігін құраған шаруалардың жер мәселесі шешімін таппады, соған орай шаруаларды сыртқа қоныстандыру процесі жалғасып жатты. Сондай-ақ, елдегі 30 млн.-ға жуық мұсылмандардың азаттық қозғалысы шарықтау шегіне жеткен кезең болатын.Міне, қалыптасқан осындай жағдайда, өзіне әлеуметтік тірек іздеген Кеңестер, Уақытша үкіметтің  соғысты тоқтатпау саясатына кереғар ұстанымға көшті. 1917 жылдың қыркүйек-қазан айларында «Жер – шаруаларға», «Заводтар мен фабрикалар – жұмысшыларға», «Езілген халықтарға – ұлттық теңдік» т.с.с. лениндік ұрандар көтерілді. Осылайша, Ресейдің сол кездегі стратегиялық мақсатын жете түсінбеген шаруалар большевиктердің соңынан еріп кете барды.

1919-1921 жылдардағы  аштықтың бір себебі елдің бірнеше аймақтарында орын алған егіннің шықпай қалуы. Осы жағдайға байланысты кеңес үкіметі 1919 жылдың қаңтар айынан бастап «азық-түлікті тәркілеу» саясатын бастайды. Бұл саясат кеңес үкіметінің1918 жылдың 13 мамырынан бастап жүргізіле бастаған азық-түлік диктатурасына сай келген еді. 1919-1922 жылдардағы аштық негізінен алғанда Қазақстанның оңтүстік облыстарын шарпыды. Мал – көшпеліхалықтың күн көрісінің жалғыз көзі еді, жергілікті қазақтар ежелгі ата дәстүрімен мал өсірумен айналысып, малдың жағдайымен жайылым іздеп көшіп-қонып өмір сүретін. Ал қазақ жерінде тұратын басқа ұлттар егіншілікпен айналысуды қазақтардың малын жинап алу арқылы жүзеге асырады. Жалпы алғанда, 1919-1922 жылдардағы ашық кезінде бір милионнан астам қазақ аштан өлген. Сол кездегі қазақтың санының бұл шамамен 20-22 пайызын құрайды. Дегенімен, қазақтардың санын солқылдатқан аштық отызыншы жылдары орын алды.

Әйгілі отызыншы жылдар қазақ халқының басына төнген «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейінгі ең бір қара түнек жылдар болып саналады. Ф.Голощекин 8 жыл ішінде қазақ жерінен құйындай ұйтқып өткен социализмді қайтару ниетімен «Кіші Октябрь» бағдарламасын жасап, адамдарға «қасық пен шанышқыны қалай ұстау керектігін» үйретумен айналысты. Соның нәтижесінде 1933 жылдың басында қазақ халқы тең жартысынан айрылып, 40 миллион малдың 5-ақ миллионы қалды. Мұның өзі күні кешеге дейін «ұсақ-түйек» қателіктер мен «елеусіз кемшіліктер» деп аталып келді. 

Бұл 30-жылдардың бір қасіреті – ашаршылықтың бүкіл қазақ жеріне оба ауруындай тараған сәті болатын. 1929-1930 жылдары Қазақстанның солтүстігіндегі астықты аудандарына егін шықпай қалып, сол жылы қыста даланы жұт жайлағаны белгілі. Нақты жағдайға қарамай мемлекетке астық тапсыру жоспары арта түскен. Соның нәтижесінде жер-жердегі ауылдарға өлкелік, округтік органдардан, әсіресе, қатал билік пен құқық берілген уәкілдер қаптап кеткен. Ашаршылық, әсіресе, 1931-1932 жылдары меңдей түсіп, елді мүлдем есеңгіретті.

Осынау жасанды қасіреттің бастауында кеңестік биліктің байларды тап ретінде жою саясаты тұрғаны тарихи ақиқат. Қазақ АКСР Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің 1928 жылғы 27 тамыздағы «Бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы» қаулысы аталған жұмысты Қазақстанда жаппай жүзеге асыруға мұрындық болған еді. Бастапқыда тәркілеуге ірі байлар, кейіннен орта шаруалар, ауқаттылар ұшырағаны белгілі. Ұжымдастыру науқаны кезінде төрт түлік малы мемлекеттік меншікке айналуы себепті негізгі күнкөріс көзінен айрылған халықтың ашыға бастауы заңды құбылыс болатын.

Сөз соңында айтпағымыз - талай жұттан, талай соғыстан аман қалған қазақ, 1920-1930 жылдардағы кеңестік тоталитаризм жүйесіндегі ашаршылық нәубетін көтере алмай қалды... Өкінішке орай, оның экономикалық және демографиялық зардаптары осы күнге дейін жойылған жоқ. Сондықтан, Нәубет жылдарының ащы сабақтарын ұмытпай, миллиондаған ашаршылық құрбандарына тағзым ету –  бүгінгі ұрпақтың парызы.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1. Омарбеков Т.О. 20-30-жылдардағы Қазақстан қасіреті. – Алматы: Санат, 1997.

2. Мұхатова О.Х. Қазақстандағы аграрлық өзгерістер тарихнамасы. ХХ ғ. 20-90-жж. – Алматы: Ғылым, 1999.

3. Козыбаев М.К. Абылхожин Ж.Б. Алдажуманов К.С.. Коллективизация в Казахстане трагедия крестьянства.- Алматы: Ғылым, 1992-420 с.

4. Қаратаев Т. Жүз жылдың ақ қарасы. –Алматы: Ғылым, 1993-246 б

5. Қожамжарова Д. 20-жылдардағы қазақ ауылының шындығы. //Қазақ тарихы. 1994-№5