Егемендік жылдарындағы Қазақстанның халық саны

Айтакова.С.А.

М.Х.Дулати  атындағы Тараз  Мемлекеттік  университеті.

Қазақстан.,Тараз.

 

Халық-қоғамның негізгі,әлеуметтік дамудың қозғаушы күші,бар байлық пен игілікті жасаушы.Сонымен қатар,жалғыз материалдық молшылық қана емес,рухани байлықтардың бар көзі сол жасампаз да еңбеккер халықта жатқаны белгілі.Ғасырлар бойы жасалған баға жетпес рухани байлықтарды жинап өз бабына сіңіретін,оларды сақтап,келешек ұрпаққа жеткізетін де халық. Тарихты жасап,оны алға бастаушы да халық. Халықтың  қазіргі кезеңде адамзат қоғамының әлеуметтік дамуына ықпалы қай жағынан болса дартып келеді және күшейе түспек. Біздің ұлан-байтақ жері бар отанымыз-Қазақстан үшін бүгінгі таңда адамдардың саны үлкен проблеманың бірі.Олар неғұрлым көп болса, сарқылмас мол табиғи байлығымыз толығымен игеруге мүмкіндік туады, оның қауіпсіздік әрекетінің генофонын арттырады, мәдени-рухани ынтасын кеңейтеді.                                                                                                                                                                                                                           

Егеменді ел болып, іргемізді бүтіндеп отырған кезде ұзақ жылдар бойы отаршылдық тұзағына түскен ұлттық санамыз қайта жанданып, даму үстінде. Соның бір жарқын көрінісі ұлттық  демографиялық  деректерді білуге деген құлшыныс артып, қазақ  ұлтының үрім-бұтағының өсіп-өнуі, сандық және сапалық өркендеуінің ахуалы қалай деген сауал әркімді де ойландыра түсуде. Әрине, бұл ғылымның жетістіктерін ревалюцияға дейінгі және әсіресе Кеңестік заман кезеңдегі тарихшы ғалымдардың,оның ішінде Б.Сүлейменов, П.Галузо, Е.Бекмаханов, Т.Елеуов, А.Нүсіпбеков, Г.Ф.Дахшлейгер және т.б.ғалымдардың  еңбектеріне, сүйене отырып, оны одан әрі дамыту нәтижесінде қол жеткені түсінікті. [1]                                                                                                                                                                                            

Міне, осы мәселелер сөз болғанда демографияның екі жағы бірдей маңызды: ішкі-халықтың өзіндік табиғи өсуі және сыртқы фактор – шет елдердегі қандастарымыздың – байырғы, автохтонды отанына оралуы. Аталған факторлардың екеуі де маңызды. Бірақ, қазіргі таңдағы ел халқының, оның өкіметінің, Парламентінің алдында тұрған бірден-бір көкейкесті проблемалардың бірі, бірігейлі кезек күттірмейтіні әлемнің 44 еліне тарыдай шашырап кеткен отандастарымыз – қазақ бауырларымызды елге қайтару болып табылады.                                                                                                                  Кеңестік Қазақстан мен тәуелсіз еліміздің тарихшылары, саясаткерлері және демограф-зерттеушілері бұл проблема бойынша бірқатар ғылыми-ізденіс жұмыстарын жүргізді және одан әрі жалғастыруда. Олардың қатарына М.Тәтімов, М.Көбендиев, Т.Омарбеков, Ә. Ғалиев, М.Асылбек және т.б. жатады.[2]

Бұл қазақ ұлтының көп ғасырлар бойы, талай демографиялық апаттарды бастан кеше отырып, егеменділік жағдайында өз еліндегі халықтың көпшілігіне айналғанда ғана, қол жеткізген үлкен бір жеңісі болды. Енді Қазақстан республикасындағы этнодемографиялық жағдайды анықтайтын, оның негізгі сипаттарына өз ерекшеліктерін беретін, бұдан кейін де халықтың өсіп-дамуы бағыттарын белгілейтін қазақ ұлтының өзі болатын жағдай қалыптасып үлгерді, - десек дұрыс болады. Мұндай үлкен тарихи белес пен жетістікке қазақ ұлты ғасырлар бойы жүргізген ұлт-азаттық қозғалысының  нәтижесінде, өткен ғасырдың басындағы Ресей патшалығының саясаты, одан бергі 1930-жылдардағы ашаршылық, зорлық-зомбылық, қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс, 1950-жылдардан үдере бастау алған Кеңес үкіметінің орыстандыру саясаты қазақ халқының табиғи өсімінің тамырына балта шабумен болды. Осы нәубеттердің салдарынан бір кездері Қазақстандағы қазақ ұлтының саны 30 пайызға дейін азайып кетті. әсіресе ірі-ірі демографиялық аппаттарды бастан кешіріп, сол қиыншылықтарды, олардың салдарын жеңе отырып, тек тәуелсіздік жағдайында ғана жетті, - десек қателеспейміз.Қазақ ұлтының өткені  көп ғасырлық тарихи жолына көз салсақ, оның саны мен құрамының ірі-ірі саяси-әлеуметтік және экономикалық бет бұрыстарға тығыз байланысты, жиі және күрделі өзгерістерге ұшырағанын байқаймыз. Бұл жағдай әсіресе ХХ ғ. екінші жартысына дейін көптен-көп белгілі оқиғалар арқылы көзге түседі.[3]                                                                                                                                           

Ал енді «Тәуелсіздік не берді?» деген сауалға келсек, оған нақты жауап беру үшін егемендік алған 20 жылдағы статистикаға көз жүгіртейік. Тәуелсіздігіміз нығая түсіп, әлеуметтік – экономикалық жағдайымыз жақсарған сайын Республика халқының, оның ұйытқысы – қазақтардың саны өсіп, құрамы күшейе түсетіні баршамызға анық және болашақтың кепілі. Бұл үшін Республикада ғылымға негізделген әлеуметтік-демографиялық және көші-қон саясаты жүргізілуге  тиіс.

Ағымдағы халық санын бағалау ел арасындағы санақ жүргізілген жылғы нәтиже бойынша бағаланады. Жыл сайын халықтың өсуі дүниеге келген адамдар санымен және тап осы аумаққа келушілер санымен көбейіп отырады, ал дүниеден озған және осы аумақтан кеткен азаматтар есептен шығарылады.[4] Қазақстан Республикасында 1989 жылғы халық санағында 16199,2 мың адам тіркелді. 1999 жылғы санаққа дейінгі аралықта Қазақстан халқы 1246,1 мың адамға кеміген. Мұның басты себебі бұрын қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстан жеріне көшіріліп, қоныстандырылған өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе, орыстардың, украиндардың, немістердің, кавказ халықтарының, т.б. өз ата мекендеріне көшіп кетуі болды. Өсу тек Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау облыстарында, Алматы, Астана қ-ларында байқалды. Мыс., қазақ ұлты 1468,1 мың адамға (22,9%) көбейіп, республика халқының жартысынан астамын (53,4%-ын) құрады. Сондай-ақ, күрд (29,1%-ға), дүнген (23,3%-ға), ұйғыр 15,9%-ға), өзбек (12%-ға) халықтарының саны да өсті. Оның есесіне орыс ұлты өкілдерінің саны 1582,4 мың адамға (26,1%-ға) кеміді, немістер 593,5 мың (62,7%), украиндар 328,6 мың (37,5), татарлар 71,7 мың (22,4%), беларусьтер 66 мың (37,1%) адамға кеміген.2009 жылғы халық санағынан кейін қазақ халқының үлесі 63,1%, ал орыс халқы 23,7% болды, 2013 жылдың 1 қаңтарына қазақ халқының пайыздық үлесі 65-ті құрап отыр, орыстар 21,8 пайызға дейін қысқарды. Бұл ретте көпшілігі айтып жатқандай орыс ұлтының жаппай көшу мәселесі жоқ. Қазақтардың жылдам өсуі олардың үлесін көбейтуде (табиғи өсім 200 мың үстінде). Қазіргі үрдістер жалғаса беретін болса, болашақта біздің елдің демографиялық бет-бейнесі күрделі өзгереді.2000 жылдың 1 желтоқсанына еліміздің халық саны (есепті деректер бойынша ) 14843,7 мың адам болды, соның ішінде 8284,1 мыңы (55,8)-қала және 6559,6 мыңы (44,2) ауыл тұрғындары.                                                                                                                                                                                                                                           

Қазақстан Республикасының статистика жөніндегі агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мемлекеттегі соңғы демографиялық ахуалға байланысты брифинг өткізді. Демографиялық саладағы соңғы көрсеткіштерді жағымды деп айтуға болады. Агенттік төрағасының берген мәліметтері бойынша жыл басынан бері Қазақстанның халық саны 42 мың адамға өсіп, 2013 жылдың 1 наурызына 16 млн. 953 мың адамға жетті. Осы жылдың алғашқы екі айында 66,4 мың сәби дүниеге келді. Бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен 0,8 пайызға артық.Елбасымыз 2010 ж. халыққа Жолдауында 2020 ж. қарай республика халқының саны 10 пайызға өсуі үшін мемлекет барлық мүмкіндіктерді жасайды деп, қазіргі кезеңдегі еліміздің дамуының басымдылық бағытына ерекше көңіл бөлді. Табиғи өсіммен бірге көші-қон мәселесінің сабырлы саясаттың, тұрақты экономиканың, құқықтық қатынастардың, ұлтаралық достық пен келісімнің негізгі тіректерінің бірі ретіндегі рөлі көтерілуде.[5]

 

Әдебиеттер тізімі.

 1.Тәтімов М.Б. Дербестігіміз - демографияда. -Алматы: ЖетіЖаргы, 1999.                                                                                                               2. Тәтімов М. «Қазақ әлемі»(Қазақтың саны қанша? Қазақ қашан, қайдан қуылған, қырылған және атылған?)., Атамұра., Алматы., 1993.                                                                                                                                3. Ғали Ә. "Көбеймесек көсегеміз көгермейді"., Қазақстан баспа үйі., 2003.                                                                                       4. Шайманұлы Б. Демографиялық жағдайды құлдыратпайық., Заң газеті. 07.04.2004.                                                                                                             

5.Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі.2009ж,2010ж,2011ж,2012ж,2013