Баймуканова М.Т., Киямбикова А.Ж.
Қарағанды мемлекеттік
университетті
КӨПТІЛДІ МЕМЛЕКЕТ
ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ БАЛАНЫҢ ОЙЛАУ ЖҮЙЕСІ МЕН КӨПТІЛІ
МЕҢГЕРУДЕГІ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРДІҢ АРАҚАТЫНАСЫ
Елбасымыз
Қазақстандықтардың жаңа ұрпағы кем
дегенде үш тілді біліп, қазақ, орыс және ағылшын
тілдерінде еркін сөйлеуі шарт екендігін, көптілділік біз үшін
қалыпты жағдайға айналуы керектігін айта келіп, 2007
жылғы жолдауында: «Қазақстан бүкіл әлемде
халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуы
тиіс», - деген болатын [1].
Егемен
еліміздің болашақ бағдарының
ұштұғырлы тілдер саясатын негізге алып отырғаны –
бүгінгі ақпараттық қоғамның және
қашанда өз өктемдігін жүргізетін уақыт пен
заманның талабы. Себебі тарих бір орында тұрмайды, әлем
жұртшылығының алдында тарихи қажеттіліктен
туындаған, айналып өтіп кетуге болмайтын үлкен бір сын
тұр.
Кезінде
халқымыздың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі
білім біл» деген аталы сөзі дәл бүгінгі дамыған
дәуірімізге сәйкес айтылғандай.
Үштілділік
мәселесі жөнінде Б.Хасанұлы:
«үштұғырлы тіл» идеясына зиялы қауым ерекше назар
аударып отыр. Бұл әлемдегі бәсекеге қабілетті елу
елдің қатарына кіру мақсатынан туындап отырған сын
екендігін әркім айқын сезінеді, мемлекеттік тіліміздің
қолданысын ығыстырмайды деген сеніммен қарайды [2].
Келешекте
көптіліділік қоғамдық дертке айналмас үшін
оның кем тұстарын саралап, мүмкін болар мәселелерді
бүгіннен анықтаған жөн. Ол болашақта ел тізгінін
қолына алар ұрпақ мәселесі, яғни
көптілділіктің балаларға әсері, жаңа
қалыптасқан қоғамды меңгеруі.
Б.В.Беляевтің пікірінше, барлық адамдардың ойлау
жүйесі: ұғым, пайымдау, тұжырымдау мен ойлау процесі:
салыстыру, қорыту, талдау - бірдей; тек ойлау мазмұны ғана
әр халықта әр түрлі. Осыдан шығатын
қорытынды: тілге үйрету /тілді оқыту/ қажет емес,
керісінше, осы тілде ойлауға үйрету керек. Және үғымды
түсіндіру қажет.
В.А.Артемов ойлау мен тілдің айырмашылығы сөздердің
семантикалық шеңберінің бір-бірімен сәйкессіздігінен,
олардың мағыналарының түрліше қабылдануынан деп
санайды. Ол адамдардың әр түрлі тілде сөйлеуі
сөздердің түрліше аталуынан деген тұжырымға
келеді.
Бұл автор тіл ойлаумен болмыстағы заттар мен
құбылыстар арқылы байланысты болады, өйткені адам осы
құбылыстарды кездестіргендіктен, оларды белгілі бір сөздермен
атауға тиіс деп есептейді. Оның пікірінше, әр ұ
ұлт, әр халық заттарды, табиғат қүбылыстарын
т.б. әр түрлі сөзбен атайды, сондықтан тіл де әр
түрлі болады [3].
Басқа ұлт өкілдеріне ойлау мен сөйлеудің
көтілдерді тілдерді меңгерудегі психологиялық ерекешліктер
ара қатынасы зерттеуші ғалымдардың көп пікір таласын
туғызды. Бұл ретте екінші бір тілді үйрету үшін,
оның тілдік единицаларын дұрыс қолдану үшін ойлау
жүйесінің де маңызды екені айтылды. Шет тілін үйретуге
байланысты ойлаудың алатын орнын Е.И.Пассов басқаша
түсіндіреді. Оның ойынша, тілге үйрету үшін алдымен
ойлауға үйрету керек, яғни белгілі бір тілді оқытудан
бұрын дұрыс ойлауды меңгеруге тура келеді. Өйткені, ол екінші
бөтен тілді үйрену барысында сөйлеуден бұрын ең
алдымен іштей сөйлеу әрекеті пайда болады деген пікірді
жақтайды, сондықтан ойлау мен сөйлеуге қатысты
барлық үрдістерді сонымен байланыстырады.
Іштей сөйлеу дегеніміз, автордың айтуынша, адамның
басқа, бөтен тілде сөйлер алдындағы миындағы
айтар ойын құрастыруы. Ол айтар сөйлемін ойда жинап, іштей
құрастырып алып, сонан кейін оны бір ғана сөзбен,
немесе дауыс ырғағымен, кейде тіркеспен жеткізуі мүмкін.
Мұнда айтылар ой күрделі, сөйлем бірнешеу болуы мүмкін,
бірақ ерекше бөліп жеткізілген бір сөз, не көп
сөйлемнің орнындағы бір тіркес, не бір сөйлем
жеткізілер ең басты хабарды білдіріп, назарды өзіне бұрады.
Сөйтіп барып, күрделі ақпарат келесі адамға
түсінікті болады. «Іштей сөйлеудің» бір ерекшелігі осы.
Е.И. Пассовтың пікірінше, ойлау екі қызмет атқарады:
танымдық және қатысымдық. Танымдық қызметте
ойлаудың қолданатын құралы - тіл. Сол сияқты
ойлау сөйлеу процесінде өзінің қатысымдық
қызметін атқарады. Демек ойлау тілмен де, сөйлеумен де
тығыз байланысты. Бұл процестердің бірінсіз бірінің
күні жоқ, олар өзара бір-бірімен тығыз байланысты.
Көркекі психолог,
көптілділікті алғаш зерттеуген ғалым - М.Н. Эпштейн
зерттеулерін қарастырсақ. М.Н. Эпштейн зерттеулерін
полилогтарға, бірнеше тілді қатар меңгереген азаматтарға
және тілдерді үйрену үстіндегі адамдарға Швейцарияда
жүргізген жекелік бақылауға, анкеталауға сүйеніп
жазған. Ғалымның негізгі принципі: тілдің психологиялық
негізі – дыбыстық кешендегі ассоциативті байланыстар, яғни берілген
дыбыстық кешеннің заттық немесе идеялық мағынасы.
Қарастырылған негізгі психологиялық алғышарт
мәселенің өрбуін қамсыздандырады. Егер, көп
тілдерді меңгерудің психологиялық мәселесі белгі мен
мағына арасындағы ассоциация болса, онда оның шешімі
қарапайым болар еді. Дегенмен, бір ассоциацияның орнына біз
бір-біріне ұқсаспайтын бір мағынаның бірнеше
белгілермен белгіленуін немесе бір сөздің әр тілдер
жүйесіндегі өзгеше жазылуы мен айтылуына кезігеміз [4].
Эксперименталды
психологияда ассоциативті тежеуілдеу жағдайы зерттелген. Оның
негізінде бірнеше ассациативті мағыналар бір-бірінің тежеуілдеуіне
итермелейді. Егер берілген идея бір мезетте екі дыбыстық
мағыналармен байланысты болса, онда ол сөздер идеядан кейін
біздің санамызда
қалыптасуына үрдіс алады. Дегенмен ассоциациялардың
арасында бәсеке туындайды және бұндай жағдайда басым
ассоциациялық байланыстар алға басады. Алға басу үрдісі
ассоциативті бұзылыстар мен саябырлау жағдайымен сипатталады. Сол
себептен М.Н. Эпштейн екі немесе көп тілді жүйелер қатар
өмір сүре алады, бірақ бір жүйе салыстырмалы
түрде автономды болып, тілдік жүйелерді меңгеруде бір-біріне
психологиялық тежеуіл қояды деген ойды қорытындылайды. М.Н.
Эпштейннің пікірі бойынша, ана тілдің қатысынсыз өзге
тілдер импрессивті және экспрессивті формаларда тікелей ассоциялануы
ықтимал. Көп тілді жүйелерде мағыналары бір байланыстар
арасында антогонизм туындайды. Ол бір жүйе элементтерінің екінші
жүйе элементтерімен араласуына, меңгеріліп отырған тілмен қатар
ана тілдің де жұтаңдауы мен қиындауына алып келеді.
Ана
тіл әр индивид бойында синтаксистік формада байқалатын идеяларды
байланыстыру мен конструкциялау ерекшеліктерін қалыптастырады. Бұл
формалар жекелік ассоциативті қалыптастырады, бірақ олар өзге
тілдерде сан қилы. Осы ретпен әр түрлі идеялар мен
ойлардың байланыстарының интерференциясы пайда болады. Бұл
теориядан М.Н.Эпштейн келесі ойды қорытындылайды: көп тілдерді
пассивті қолдану салыстырмалы түрде аз зиян тигізеді. Оның
ойынша, кез-келген көп тілді жүйе – әлеуметтегі
жамандық. Әлеуметтік педагогтың мақсаты - сол
жамандықтың баланың дамуына кері әсерін
неғұрлым азайту. М.Н. Эпштейннің бақылауына
сәйкес көп тілдерді активті қолдану баланың дамуы
үшін зиян. Сондықтан, автордың қорытындысына
сәйкес көп тілдерді оқу, түсіну немесе көп
тілдерді пассивті қолдану оптималы шешім болып табылады. Оның айтуы
бойынша, импрессивті полиглосия мен экспрессивті моноглосия болуы тиіс.
Көп педагог-лингвисттер
көп тілділік психологиялық тежелумен қатар көп тілді
білу ана тілін жақсы түсінуге септігін тигізеді деген пікірге сендіреді.
Бұл пікірге дәлел ретінде франциз зерттеушісі, лингвист
Ж.Ронжаның көп жылдар бойы өз баласына жүргізген
бақылауын келтіреді. Ж.Ронжа - баланың
әкесі, ұлты – француз, ал
анасының ұлты – неміс. Оның тәрбиесіндегі басты
принцип: бір адам – бір тіл. Яғни, әкесі баласымен тек француз
тілінде сөйлессе, анасы тек неміс тілінде сөйлескен.
Эксперименттің қорытындысы:
бала екі тілді бір-біріне тәуелсіз, паралелді меңгерді.
Паралелді меңгеру тілдердің фонетикалық, грамматикалық
және стилистикалық формаларын қамтиды. Екі түрлі
артикуляциялық жүйелердегі дыбысталулар екі жақты бірдей
меңгерілгені ерекше айғақтайтын жағдай. Бала бойында
екі жақты бөлшектенген екі дербес тілдік процеске айналған
үрдісті байқауға болады. Бала дамуының барлық
фазалары мен сатыларында, сәби шақтағы былдыр сөзден
формальды дұрыс сөйлеу қалыптасқанға дейін
француз бен неміс тілі бірдей, тең дәрежеде қолданылды.
Бірақ, анасының тілі ретінде неміс тілі француз тілімен
салыстырғанда біршама алда және жылдам игерілді.
Зерттеудің көрнекі нәтижесі,
тәжірибелігі – балада ерте жастан
қалыптасқан тілдік жүйелердің тәуелсіз
қалыптасуы. Ол екі тілді де жетік меңгерген, ерте
шақтағы баланың бір ойын ата-анасына екі тілде жеткізудегі
тілдік ерекшеліктерді байқауға мүмкіндік болды. Әкесі
француз тілде балаға бір жұмысты жүктеп, анасына жеткізуге
бұйырса, бала анасына неміс тілінде
таза, француз тілінің бүкпеуінсіз жеткізе алатын. Мысалы,
әкесі балаға өзі отырған бөлменің
салқындығына байланысты баланы басқа бөлмеген баруын
француз тілінде: «Бұл бөлмеде отырма, тым суық. Басқа
бөлмеге бар» - деп айтса, бала анасы отырған бөлмеге барып,
неміс тілінде «Әкемнің бөлмесі тым салқын» - деп
хабарлайтын.
Бала бойында тілдерді қолдану барысында
тілдерді араластыру мен интерференциясы байқалмады. Аударуға
келмейтін сөздер, сөздердің құрылымы мен
тұрақты тіркестерді тілдер арасында тасымалдау сирек кездесті.
Әрине, бір тіл элементтерінің екінші тіл элементтерімен ұштасуынсыз
өтпейді, дегенмен бұл қателіктер мен ұштасулар бала
тілінің сипатында ережелерден гөрі тыйымға саяды. Екі
ата-ананың көзінше бала сөздің тек мағынасына
ғана үңіледі, тек кейіннен тілдерді келесідей ажыратады:
анамның тілінде немесе әкемнің тілінде сөйлеу.
Ж. Ронжа балалық
шақтан екі тілді қатар меңгеру баланың интеллектуалды
дамуы мен сөйлеу процессінің қалыптасуына кері әсерін
тигізбегенін кесіп айтады.
Көп
тілдерді қатар меңгерген бала жұмыстарды
атқарғанда, сөйлегенде еш тоқыраусыз, ешқандай
қосымша күштің көмегінсіз атқаратыны таң
қалдырады. Эксперимент әрдайым шынайы жауаптарға алып келеді,
бұл жағдайдағы эксперименттің нәтижелі болуы
Ронжаның негізгі принципіне байланысты: бір адам - бір тіл. Тілдерді
үйретудің аталмыш ұйымдастырылуы тілдердің интерференциясы
мен араласуын болдырмаған. Ронжа анасы мен әкесі баламен әр
түрлі тілде сөйлеген жағдайды қарастырады. Бұл
жағдайда бала өзге қатарластарымен салыстырғанда екі
тілді жетік меңгеру процесі айтарлықтай кешеуілдеді.
Бұл
жағдайды саралаған В.Штерн тілдерді меңгерудегі
тілдердің анық және күнделікті жағдайларда
қолдану оның меңгерілуіне жағдай тудырып, процесті
жеңілдететіндігін ескерген [4].
Е.К.
Сепп полиглоттардың моторлық афазиясын теңдессіз мысал
ретінде келтіреді. Ол сөйлеу ошақтары локализациясының
сөйлеу жүйесінің қалыптасуына тікелей
тәуелділігін айғақтайды. Ми қабынуына
шалдыққан науқас адам ана тілінде сөйлеу
мүмкіндігі кемиді. Ал, ауырғанға дейінгі аз
қолданылатын немесе мүлдем ұмытылған тілде сөйлеу
жүйесі ана тілінде сөйлеумен салыстырғанда еркін, толық
болады. Бұл жағдайдан қалыптасу ретіне сәйкес сөйлеу
функциясының энграммасы уақытқа тәуелді әр жерде
локализацияланатыны анық.
Бұл
тұста біздің қызығушылығымызды оятқан екі
фактор бар. Біріншіден, әр тілдік жүйелердің сан қырлы
локализациясы бір тілдің ұмыт қалуы барысында
екіншісінің сақталуына мүмкіндік тудырады, яғни
әр тіл жеке өзіндік жолмен қалыптасады. Екіншіден, адам
санасында ұмыт қалған, жиі қолданылмайтын, доминантты
тілмен ығыстырылған тіл оның (доминантты тілдің) жойылуы
саладрынан адам санасында еркін дамуына мүмкіндік алады [4].
Ғалымның
бұл пайымдауынан М.Н. Эпштейннің тілдік жүйелердің
автономдылығы, олардың ойлау жүйесімен байланысы мен
өзара функционалды қақтығысына келеміз. Тілдер
жүйелерін меңгеруді зерттеуші ғалымдар бір тілден екінші тіл жүйесіне бірден
көшу немесе бірнеше тілдерді қатар меңгеру
сөйлеудің патологиялық бұзылысына алып келетінін
көрсетеді.
Ойлау
мен сөйлеу жүйелерінің мәселесі психологты
тұлғаның жоғары және арнайы спецификалық
ерекшелігімен байланыстырып, қорытындылауға итермелейді.
Тіл - табиғатпен тығыз байланыста жаратылған ерекше
қүбылыс. Ол өзіндік ерекшелікгері мен
заңдылықтары тұрғысынан табиғат пен
қоғамның қалыптасуына, дамуына әсер етеді.
Тілдің өзіне ғана тән әлеуметтік,
қоғамдық сипаты бола түра, ол жалпы табиғи
процестерден, табиғат пен қоғамнан тыс қарастырылмайды,
қайта сол жалпы заңдылықтармен тығыз бірлікте
қарастырылады.
Көп тілдерді игеру үрдісі адамға ойлауды үйрету
үшін емес, сөйлесу процесін түсінікті ету үшін,
пайымдауды дұрыс ұйымдастыра білу үшін қажет. Ол -
дұрыс сөйлеуге дайындық жасау. Мұнда ойлауды
оқытудан гөрі әр тілдің грамматикалық
ерекшеліктерін, соның ішіндегі ең қажеттісін қалай
тиімді пайдалану керек - соны үйретуге ойды шынықтыру қажет.
Өйткені, әр тілдің өзіндік ішкі
құрылымдық өзгешелігін жете меңгермей, біз сол
тілде еркін сөйлей алмаймыз.
Көптілділікті
зерттеулерден көптілділіктің бала дамына әсерінің
статистикасын емес, динамикасын негізге алған жөн деген
тұжырымға келеміз. Көптілділіктің әсерін
сараламас бұрын бала дамуының ерекшелігін, психикалық
индивидуалдығы мен жас ерекшелігін ескерген оңды.
Әлеумет,
әлеуметтік нормалар әр қоғамда әр қилы.
Олардың бірдей болуы мүмкін емес. Ал, көптілділік әлеуметте барлық өмір
салаларын қамтиды.
Ғаламдық әлеуметте өз орнын табу ниетінде
көптілдік құбылысы - қажеттілік. Көптілділік
елдер арасында бір-біріне деген ілтипатын тудырып, ынтымақ-бірлігін
арттырады. Тек, көп тілді меңгере отырып, өз
ұлтының рухани және материалдық байлықтарын
құрметтеу арқылы ғана басқа тілдерді
меңгерілуі тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Қазақстан Республикасы елбасының 2007 жылғы
халыққа жолдауы
2. Хасанұлы Б.Ағылшыншаны тым ерте тықпаламайық //
Ана тілі.- №9. – 28 ақпан, 2008
3. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас негіздері: Оқулық. –
Алматы: Print-S, 2005
4.
Выготский Л.С. Собрание сочинений: В 6- ти т. Т.3. Проблемы развития
психики / Под ред. А.М. Матюшкина. – М.: Педагогика, 1983