Утешова Гүлжан
Амангелдиевна, II cанатты қазақ тілі мен әдебиеті
пәні
мұғалімі
Орал қаласы №45 ЖОББМ,
Қазақстан
Оқушылардың танымдық және шығармашылық
қабілеттерін дамытудың жолдары
Шығармашыл тұлға қалыптастыру – қазіргі
білім беру жүйесінің ең басты талаптарының бірі.
Шығармашыл тұлға қалыптастырудың бір жолы,
ең алдымен, оқушылардың танымдық ізденістерін тиімді ұйымдастырумен
жүзеге аспақ.
Баланың шығармашылық бастамасын
дамытудың жолдарын, құралдарын анықтау психология мен
педагогика ғылымдарында өте ертеден зерттеліп келеді.
«Шығармашылық» ұғымы әлемдік
мәдениеттің барлық дәуіріндегі ойшылдардың назарында
болған. Ежелден ойшылдарымыз Ж.Баласағұн, Әл-Фараби,
Абайды ерекше толғандырып, өз еңбектерінде адамның жеке
басын, қабілеттерін дамытуды үнемі көтеріп отырған.
Педагогтер К.Д.Ушинский, А.С.Макаренко, Ы.Алтынсариннің еңбектерінде
шығармашылықты дамытудың жолдары қарастырылса, ал
оған бағыт-бағдар беруді ең алғаш білім
мазмұнына енгізген М.Жұмабаев болатын.
Шығармашылық - өте
күрделі психологиялық әрекет. Ол іс-әрекет түрі
болғандықтан тек адамға ғана тән.
«Шығармашылық» сөзінің төркіні – ойлап табу,
шығару, сол арқылы жетістікке қол жеткізу деп түсіну
керек. Философиялық сөздікте «Шығармашылық –
қайталанбас қоғамдық мәні бар, жоғары
сападағы жаңалық ашатын іс-әрекет» деп
түсіндіріледі. Ол – адамның белсенділігі мен дербес
іс-әрекетінің ең жоғарғы формасы. Ж.Дистервег:
«Жаман мұғалім оқушыға ақиқатты өзі
айтып береді, ал жақсы мұғалім оқушының
өзін ізденуге жетелейді»,-деген екен. Ендеше, оқушының
оқу-таным әрекетін арттырудың тиімді құралдарының бірі –
оқушының ізденісі мен өздігінен білім алу әрекеті.
Өзіндік жұмысты ұйымдастырудың шарттары мыналар:
мұғалімнің нақты тапсырмалар, нұсқаулар
беруі; жұмысты орындаудың және аяқтаудың
уақытын белгілеуі;
мұғалім басқаруы мен оқушы дербестігінің
мөлшері; олардың жұмысты өз еркімен және
қалауымен істеуі т.б.
Оқушылардың
дербестігінің даму деңгейіне қарай өз бетінше істейтін
жұмыстарды репродуктивтік және шығармашылық деп арнайы
екі топқа бөлуге болады.
Репродуктивтік жұмыстар – оқушының дайын үлгіге
қарап жасайтын жұмыстары (көшіріп жазу, мұғалім
сұрақтарына жауап беру, ұқсас жаттығуларды
орындау, мәтінмен жұмыс жасау т.б). Шығармашылық
жұмыстар – оқушылардың өзіндік жұмыстарының
жоғарғы формасы (шығарма, баяндама, реферат жазу,
өлең шығару, жоба жасау, эссе жазу т.б).
Өз іс-тәжірибемде
өзіндік жұмыстардың жоғары формаларын
оқушыларға жиі орындату арқылы оларды
шығармашылыққа баулуды мақсат етіп жүрмін. 8-сыныпта
М.Мақатаевтің
«Аққулар ұйықтағанда» поэмасын
оқытуда «Ақын және аққу» тақырыбында
өлең жазуға тапсырма берілген кезде Шынтаева Асыл деген
оқушы мынадай жыр жолдарын арнады:
Ақын аға, бір өзіңе табынам,
Жырларыңды құдіретті сағынам. Тау
секілді өр тұлғаңа сүйсініп,
Өзіңе арнап сөз маржанын тағынам.
Қасиетсің қасіретке шырмалған, Аққу
құстың қанатында жыр қалған.
Өзің жаққан бір сәуле сөнбеу
үшін, Ұрпағыңның
жүрегінде шырқалған.
Ал,
8-сынып оқушысы Галиева Аяла Қ.Жұмаділовтің
«Қаздар қайтып барады» әңгімесі бойынша «Туған
жер – алтын бесік» тақырыбында жазған шығармасында:
«Мен кербез де
кең өлкенің бақытты ұланымын. Сонда мен
өзімді неге бақытты санаймын? Себебі, менің Отаным -
Тәуелсіз ел. Ал, мен өркендеген еліммен бірге
өніп-өсіп, ер жетіп келемін. Өз Отанымды, халқымды
сүйемін. Мен ұлан байтақ жері, көркем табиғаты
бар, «қазақ» деген ұлы халық мекен еткен қазыналы
Отаныммен,баладай нанғыш, даладай кең халқымның
барлық дәстүрі, салтымен әркез мақтанамын.
Туған жерімнің әр тауы мен тасы, өзен-көлі,
аңы мен құсы мен
үшін қашанда ыстық әрі қымбат.
Туған жер әр адамға
өте ыстық. «Аққу айдынын аңсайды, адам
туған жерін аңсайды»,- дегендей, қай адам болмасын
жыраққа кетсе, кіндік қаны тамған, туып-өскен
жерін сағынады.Туған жердің қадірін қашықта
жүргенде білесің...»,-деп толғанады.
«Менің сүйікті
ұстазым» атты эссесінде 6-сынып
оқушысы Төлегенова Меруерт: «Ұстаз – шәкіртінің
білімін шыңдаушы, білімнің биігіне қанат қағып,
талай асуларды бағындыру жолындағы демеушісі, әрі
қолдаушысы.Осындай өмірде өз орныңды табуға жол
бастайтын, үлгі-өнеге, ақыл-кеңес беретін мейірімді
ұстаздың болуы - үлкен бақыт.Ұлағатты ой
иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты
қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол –
ұстаз. «Ұстаз» деген өшпейтін есім.
Әр мектеп табалдырығын
аттаған жеткіншектің сүйікті ұстазы бар. Менің
сүйікті ұстазым – алғашқы ұстазым, Ақмарал
Болатқызы. Ол – жарқын жүзді, мейірімді, ұлағатты
ұстаз. Ұстазымның біз үшін жасаған ерен еңбегін әрдайым қадір
тұтамын. Алғаш білімнің кәусар бұлағынан
шөлімізді қандырып, арман-қиялымызды оятқан
ұстазымның алдында басымды иемін. Талмай ізденіп, талай
шәкірт тәрбиелеген мұғалімдер мәртебесі қай
кезде де жоғары тұру керек. Өйткені, ол – бар адам
баласының екінші анасы»,- деп өзінше ой түйеді.
Оқушының
мұндай өзіндік іс-әрекеті нәтижесінде оның
бойында төмендегідей қасиеттер қалыптасады:
- өз бетімен ойлану біліктері мен
ізденімпаздығы.
- оқуға деген қабілетінің артуы.
- берілген білімді игеру ғана емес, оны
жаңалап және тиімді игеру жолдарын түсіне білу ниеті.
- басқа оқушылардың
түсіндірмелеріне сын көзбен қарау.
- өз ойының дербестігі.
Шығармашыл
тұлғаның ерекшелігі неде? «Шығармашыл тұлға
жас ерекшелігіне, қызығушылығына қарамастан,
өзгелерден даралығымен, шұғыл шешімділігімен, өз
күшіне деген сенімділігімен сезім ұшқырлығымен,
өз бетімен жұмыс жасауға деген
құштарлығымен, табандылығымен, асқан шабытымен
ерекшеленеді». Енді жоғарыда
айтылған қажеттіліктерден туындайтын үлкен мәселе:
оқушы шығармашылығын дамытудың мазмұн-формасы,
әдіс-тәсілдемесі қандай? Оқушыларды сөз
өнеріне баулу, үйрету ісі қашан басталмақ,
баланың шығармашылық қабілетінің ашылу
мүмкіндігі қай кезеңде көбірек байқалады?
Психологтардың зерттеуі бойынша, әрбір жаста
шығармашылыққа баулуға өзек боларлықтай
өзіндік ерекше қабілет,
бейімділік болады екен. Сондықтан баланы балабақша жасындағы
кезінен бастап мектеп бітіргенге дейін үзбей, жүйелі сатылы
түрде шығармашылыққа баулып, қиялын,
ақыл-ойын, икемділігін дамытып отыру қажет.
Жалпы, шығармашылық
мүмкіндігі мол, онымен белсенді, тұрақты
айналысуға ең икемді жас – орта буын. Бұл жаста
шығармашылыққа балалардың барлығы дерлік
ұмтылып тұрады, жан дүниелері нәзік, лирик болып
келеді, әңгіме, өлең, ертегі жазуға ерекше
құштар әрі қабілетті, әдеби тілді, сауатты жазуды
шапшаң меңгеріп, қаламы тез төселеді.
Сонымен, шығармашылық
әрекет үш сатыны қамтиды: шығармашылық
жағдайдың туу кезеңі, эвристикалық кезең, сын,
дәлелдеме сатысы.Осы үш кезең арқылы оқушыларды
ойлауға жетелеп, қызығушылығын оятып,
шығармашылық қабілетін қалыптастыруға,
арттыруға болады.
Қазіргі кезеңде мамандық
атаулының барлығы бейімділікті, ептілікті, шапшаңдықты,
ерекше ой қызметін, мол шығармашылық мүмкіндікті,
өзін қоршаған түрлі жағдайларға тез
икемделіп қана қоймай, оларды керекті бағытына
шығармашылықпен бұра білу қабілеттілігін қажет
етеді. Ертеңгі күні мектеп бітірген жас шәкірт
қоғам алдында дәрменсіздік көрсетпеуі үшін,
білімді, болашақ данышпан шәкірттер тәрбиелеу үшін
ең алдымен, оқушылардың сезімталдығын, ойын, тілін,
шығармашылық қабілеттерін дамытуды қолға
алған жөн.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Бітібаева Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі. А., Рауан,
1997
2. Бітібаева Қ. Әдебиет пәнін оқытудың тиімді
жолдары. А., 1990
3. Жұматаева Е. Әдебиетті жаңаша оқыту – уақыт
талабы.// Қазақстан мектебі №9, 2001