Сейсембай Гүлмира Амангелдіқызы

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

 

Оқушылардың әдеби-теориялық білімдерін қалыптастырудың маңызы

 

  Әлемдік білім беру кеңістігіне ену мақсатында егемендік алғаннан бері еліміздің білім беру жүйесінде реформалар жүріп жатыр.

Бүгінгі таңда ХХІ ғасырдың тұлғасын жан – жақты зерделі, дарынды, шығармашылық бағытқа сай қалыптастыру білім мен тәрбие берудегі мемлекеттік істің ең маңыздысы болып отыр.

Әлемдік білім кеңістігіне ену мақсатында білімді жеке тұлғаға қарай бағыттау көзделіп, оқу –әдістемелік жүйесіне жаңа талаптар қойылып отыр.

Әдістеме ғылымындағы жаңалықты терең сезіне қабылдау, оны дер кезінде пайдалану, қазақ әдебиеті әдістемесінің бүгінгі заман талабына сай әдебиетті оқыту жүйесін жетілдіру секілді шараларға уақытында үн қосу бүгінгі күн мұғалімінің ғылыми – шығармашылық жұмысының өзегіне айналған.

         Оқушыларды көркем әдебиетті оқып-үйренуге баулу, олардың дүниеге көзқарасын, ой өрісін, эстетикалық талғамын, адамгершілік, имандылық қасиеттері мен өнерге, сөз өнеріне деген ынтасын қалыптастыру белгілі мөлшерде әдеби-теориялық ұғымдарды жете меңгертуді қажет етеді. Осыған байланысты оқыту принциптері белгіленіп, жеке әдеби ұғымдарды меңгерту тәсілдері туындайды. [1, 8]

         Дидактикалық принциптерге сүйене отырып, көркем  мәтіннің ішінен бейнелілікке қатысты нақты бір детальды алып қарастырып, одан әдеби-теориялық ұғымды анықтау сабақ процесінде іске асырылады. Бұл ең алдымен көркем мәтіннің құрылысына қатысты. Қандай әдеби ұғым болсын,мәтіннің композициялық құрылымынан туындайды. Одан тыс тұратын әдеби-теориялық ұғым болмайды.

         Әр сыныпта әдебиет теориясына байланысты ұғымдар әр түрлі деңгейде оқытылады. Оқушының ортаңғы сыныптарда алған әдеби ұғымдары жоғарғы сыныптарда жеке ақын, жазушы шығармаларының әр түрлі көркемдік қырларымен танысуы арқылы тереңдей түседі. Мектептегі әдебиет теориясынан берілетін білім көркем шығарма табиғатын танудың басты құралы, кілті болып есептеледі. Көркем шығарманы оқып, мазмұнын біліп қана қою оқушы үшін аздық етеді. Әдебиет әлемінің тұңғиығына бойлап, оның өнер ретіндегі сипатын зерделеп, көркем туындының мазмұны мен пішініне теориялық талдау жасай білу оқушы үшін өте қажет білім. Олай болатын болса, оқушылардың әдеби-теориялық білімдерін шығарманы оқыту барысында қалыптастыру - оны оқытудың басты міндеттерінің бірі. [2, 24]

         Көркем әдебиеттегі шеберлік пен үйлесімді оқушыларға терең таныту шығарманың барлық компоненттеріне теориялық талдау жасауға негізделеді. Онсыз әдебиеттен оқушыларға терең де сапалы білім беру мүмкін емес. Оқушылардың әдеби білімі олардың көркем шығарманы оқи және оған сан қырлы талдау жасай білуінен айқын байқалады. Әрбір зерделі, зейінді оқушы - әдебиетіміздің болашақ мәдени оқырманы. Ондай  қабілеті қалыптасқан оқушы әдеби шығармаларға ой жүгірте алады, өзінің талғамын, түйсік – сезімін жеткізе алады, шығарманы жан жүрегімен, зердесімен қабылдайды.

         Көркем шығарманы әдеби талдау дегенде біз, әсіресе, оған әдеби-теориялық талдауды назарда ұстаймыз. Ал осы талдаудың әлі де болса құпия сырлары көп. Әсіресе қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдістемесінде нақты осы мәселе  ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Рас, соңғы кездерде әдебиеттану саласындағы біраз еңбектерде шығарманың эстетикалық табиғатын, көркем айшықтарын  танытуды мақсат етушілік жиі байқалып жүр.

         Осы мәселе тұрғысында ұтымды пікір білдіріп, күрделі сауалдарға жауап беруге үлкен үлес қосып жүрген белгілі педагог, әдебиетші-ғалым Т. Ақшолақов біз айтып отырған еңбек тапшылығының себебі туралы былайша ой түйеді: «Мәнісі – мұның толып жатқан қыр-сыры, қиындығы бар. Шығарманың қат-қабат ішкі құрылымы, астарлы, бейнелі көркем ойы, образдар жүйесі, жазушының таланты – осының әрқайсысы бір-бірімен байланысты, бірінен бірі туындайтын үлкен жүйе. Ал бейнелер бітіміне тереңдеп енбейінше, шығарманың тұтас дүние екендігін, оның көркемдік ерекшеліктерін, жазушы шеберлігін, шығарманың мағына-мазмұнын толық аша алмаймыз. Бұл тақырыпты зерттеудің күрделілігі де, міне осында» [3, 4]

         Шығармадағы көркемдік элементтерді табу, тану оңай нәрсе емес. Оны табу үшін шығармаға бойлай ену керек. Ең алдымен туындыны ой жүгірте, мән бере оқу керек. Сонда ғана көркем шығармадағы інжу-маржанды табуға болады.

         «Әдебиеттен білім беретін мұғалім жер астынан асыл кен іздеген инженер-геологқа пара-пар, немесе адам ағзасынан кінәрат іздеген дәрігерге ұқсас. Міне, мұғалім де солар сияқты шығарманың өн бойынан өзіне қажет інжулерді, шәкірт жанына нұр себер, жақсылық нышандарға жетелер, жан әлеміне ыстық леп берер, алаулаған арпалыс, ашу-кек туғызар штрих-детальдарды іздеуге тиіс. Ал, оны А.Пушкин айтқандай рухани көзбен оқыса ғана мұғалім таба алмақ.» [3,31]

         Жалпы өнерді, соның ішінде көркем әдебиетті, оның табиғатын, жаратылыс бітімін, әсемдігін, көркем бейненің ерекшелігін, өнердің мазмұны мен заңдылықтарын – осылардың баршасын әдебиеттанымдық ғылымсыз, оның теориялық негізінсіз білу, тану мүмкін емес.

         Әдебиеттанымдық әдіс-тәсілдерге жетік болмайынша, шығармаға толық талдау жасау қиын. Мектепте әдебиетті оқыту сапасын жақсарту, оқытудың педагогтық әрі көркемдік мәдениетін арттыру әдебиетті зерттеу ғылымының заңдылықтарын, теориясын, әдіс-тәсілдерін шығарманы талдауға қолдана білумен сабақтас, онымен тікелей байланысты.

         Жалпы кез келген құбылыстың сырын, бітімін, болмысын онымен тығыз бірліктегі затпен тығыз бірлікте қарастырмай толық тану қиындық туғызады. Көркем шығарма да сол шығарманың барлық құрамдас бөліктерін, оған қатысты барлық мәселелерді  (тақырыбы, идеясы, композициясы, поэтикалық тілі, сюжеттік құрылымы, образдар жүйесі, суреткер шеберлігі, шығармашылық лабораториясы т.б.) жымдастыра, тығыз байланыстыра отырып талданбаса өзінің құдіреті мен терең сырын оқушыға аша қоймайды.

         Әдебиетті жете түсінудің негізі – шығарманың көркемдік әсерін оқушының сезіне білуінде. Мұғалімнің оқыту тәжірибесіндегі ой жүгірте оқу, эврестикалық әңгіме жүргізу, зерттеу және репродуктивті әдістер мен оның әр түрлі амалдарын қолданудың бәрі де көркем шығарманы, әдеби-теориялық ұғымдарды жете меңгертуді көздейді.

         «Әдебиет сабағына да, әдебиетші ұстазға да қашанда үлкен талап қоятыны белгілі. Әдебиет сабақтары тартымды, мазмұнды, шығармашылық сипатта өтуі үшін ұстаздың ұйымдастырушылық қабілеті, кәсіби даярлығы, әдеби-теориялық мол білімі болуы қажет. Екінші жағынан, бұл талапты оқушыларға да қоятын, міндеттейтін кез әбден жетті деп ойлаймыз» [4, 55]

         Әдеби-теориялық ұғымы, көркемөнер табиғаты жайлы тұрлаулы түсінігі, көркемдік-эстетикалық талғамы белгілі дәрежеде қалыптаспаған шәкірттер сабаққа селқос қарап, қызықпайтыны шындық. Оларға көркем туынды, ондағы түрлі тағдырлар, оқиғалар қызықсыз.

         Мектеп оқушыларының әдеби-теориялық білімдерін қалыптастыру, тереңдету әдебиет сабағының ең басты мұрат-мақсаттарының бірі деген болатын болсақ бұған еш талас тумайтыны да шындық.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.                 Айтқалиев Қ. Сабақ жүйесіндегі әдеби-теориялық ұғымдардың орны және оны қалыптастыру жолдары. Жинақта: Қазақ әдебиеті мұғалімдерінің іс-тәжірибесінен. (әдістемелік жинақ) А., 1996

2.                 Бітібаева Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі. А., «Рауан» 1997

3.                 Ақшолақов Т. Шығарманың көркем айшықтарын таныту.  А., «Рауан» 1994

4.                 Мәшһүр-Жүсіп Қ. Көркем сөздің құдіреті. Павлодар., 2000