Шоқантанудың
бастамасы Сәбит Мұқанов зерттеуінде
Ахмет Күләш Садыққызы
әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ-дың
доценті, ф.ғ.д., Қазақстан
Шоқанның есімі мен
ісі С.Мұқановқа 1913 жылдан бері таныс болатын. Осы
таныстық 23 фондыға, онда жатқан Шоқан материалдарына деген
ынта-ықыласты онан әрі күшейте түскен. Шоқан
есімін қандай жағдайда естігенін «Өмір мектебі»
трилогиясының 1-томындағы
«Сырымбетке саяхат» деген тарауынан оқып алуға болады. Сонда
Шоқанның туған інісі Қоқыштың үйінде
болғанда академик Н.Н.Веселовскийдің алғысөзімен 1904
жылы Ресей географиялық қоғамы «Запискидің» ХІХ томында
531 бет болып жариялаған кітаптан Шоқанның портретін
қарындашпен салған суреттердің альбомын көргендігі 23
фондыға айырықша ынта қойғызған-ды. Тіпті,
сөз саптауына қарағанда ондағы материалдардың
көшірмесін алып, қайсыбірін кейін жариялағанынан
аңғарамыз.
«Орысша оқыған
бірен-саран адамдарға ғана болмаса, қазақ халқы
Шоқан Уәлихановтың кім екенін білген жоқ. Көбі
оның есімін де естіген жоқ. Шоқан шығармаларын зерттеуші
адамдар да болған жоқ» [1,15б.],– дегенді айтқанда
Сәбит Мұқанов Шоқанды мен аштым, алғаш айттым деп
те кеуде соқпайды. Өзінің көрген-білгенін, естігенін,
жинап-жиыстарғандарын Шоқан аруағы алдында салауат етіп
жіберуге бар екендігін аңғартады.
1941 жылы «Коммунист» журналында
«Шоқан Уәлихановтың халықшылдығы туралы
(өмірі мен қызметі)» деген айырықша мәнді
мақаланы жазып жариялаған қайраткер С.Мұқанов
екенін ескере бермейміз. Содан кейін
1953 жылы, яғни, 12 жылдан кейін Қазақ ССР министрлер
советінің жанындағы мәдени-ағарту мекемелері
комитетінің республикалық лекция бюросынан «Шоқан
Уәлиханов (лекторға көмек ретінде)» кітапша
шығарған С.Мұқановтан басқаны кездестіре
алмадық. Ал одан кейін 1955 жылы «Ғалым, ағартушы, демократ»
деген мақаласы ғана емес, монографиялық толғауы
республиканың жетекшісі, нұсқаушы газеті «Социалистік
Қазақстанда» 25 желтоқсанда жариялануы көп
нәрсені аңғартса керек. Қоғамдық ойды
оң арнаға бұрудың бір көрінісі екенінде дау
жоқ, өйткені С.Мұқановтың сонау 20-50
жылдардың ішінде айтқаны алғыс, нұсқағаны
жөн болғанын тарих жақсы біледі. Сөздің
қысқасы, кешегі орыс офицері, Орталық Азияға жіберілген
тыңшысы, Ақ патшаның алдын көріп, алғысын естіген
Шоқан осылайша халқына оралған еді.
Қоғамдық
ой-пікір Шоқанның пайдасына шыға бастағанда
С.Мұқанов «Қазақтың атақты ғалымы»
деп 1956 жылы түйінді мақала [2] жариялап, баяғыда 1928 жылы
өзі көрген «23 фонды» материалынан «Шоқанның
жарияланбаған журналынан» [3] деген тамаша материалды жариялап жұрт
ынтасы мен көңілін Шоқанға риясыз бұрған
С.Мұқанов болатын.
«Жарқын жұлдыздың» бірінші бөлімі
«Шоқан Уәлихановқа» арналып, С.Мұқановтың
бұрынғы-соңғы зерттеулерінің қорытындысындай
11-141 бетте 9 баспа табақтай көлемде оқушы
қауымға 1964 жылы жетті.
Монографиясында «очерк
төмендегідей тарауларға бөлінеді.
1. Шоқанның ата-тегі туралы;
2. Шоқанның өмірі туралы;
3. Ғалым Шоқан;
4. Әдебиетші Шоқан.
Ақырында «Соңғы сөз» деп аталатын
қысқаша қорытынды бар» [1,18б.] дегеннің өзі
оқушы ойын қай арнаға бұрарын алдын-ала ескертіп
тұрады.
«Шоқанның
ата-тегі туралы» тараудан С.Мұқанов қиналмай шығады.
Өйткені қазақ шежіресі, оның кейде төрелер
шежіресі баяндауға әбден ыңғайлы екендігін әрбір
оқиғаны айтып отыруынан және тарихи деректермен
дәлелдей баяндайтынынан аңғарылып отырады.
1928 жылы көріп, танысқан «23 фондының»
жетінші папкасында Шоқан өзінің атасын
Әз-Жәнібектен таратады деп алады да «қазақ
руларының көпшілігін 1598-1635 жылдары билеген хан – Ер Есім. Шоқанның
арғы бір атасы сол. Қазақта «Қасым ханның
қасқа билігі, Есім ханның ескі билігі» деп аталған
заңдар осыдан қалған. Шоқанның одан кейінгі
білікті атасы – Орта жүздің ханы Абылай (1713-1781)» [1,19-20бб.]
деп тарата бастайды. Сонда оқушы қауым қазақ
тарихының бетін ақтарып отырғандай күй кешеді.
Шоқанның ата-бабасын
С.Мұқановтың таратуы айқындығымен,
түсініктілігімен екінші тараудағы «Шоқанның өмірі
туралы» ұзақ-сонар баяндауға ұласып кетеді. Мұнда
естелік те, көлденең хабар-ошарда, нақты өмір
құбылыстары мен архивтік деректер мен құжаттар араласа
отырып Шоқанның бар болмысын көз алдымызға алып келеді.
Бұл да зерттеу еңбегі үшін таптыра бермейтін амал.
Әйтпесе ылғи күмәнсіз деректерді анкеталардан жинап
алып, әсерсіз жазып шыққан мақсатқа жеткізе
бермейді. С.Мұқанов Шоқанның ғұмырнамасын
баяндауды ұлы ғалымның жасын анықтаудан бастап, оның
ауылдағы өмірі мен мінез-қылығын 1913 жылы
Қоқыштан естігенімен жандандырып отырады. Одан әрі Шоқанның Омбыға
оқуға баруы да хикаялы көрінеді.
Сәбит Мұқановтың «Жарқын
жұлдыздар» жинағындағы «Шоқан Уәлиханов» атты монографиялық
портреттің ең сүбелі де мәнді бөлімі «Ғалым
Шоқан» деген үшінші тарауы болары өзінен өзі
түсінікті. Тек С.Мұқанов ғана емес, бүкіл
ғылыми дүние «Шоқан Уәлиханов адам баласының
тарихында болған данышпан ғалымдардың қатарында.
Шоқан азаматтық ғылымға, оның көптеген
жүйесіне қымбат, бағасын мәңгі жоймайтын кисапсыз
көп үлес қосты» [1,76б.] деп мойындамайтын пендені кездестіру
мүмкін емес. Ал осы үлесті сала-салаға жіліктеп толып
жатқан оқымыстылардың ойларымен бекітіп отыратын
С.Мұқанов.
«Ғылым атаулының түп қазығы –
тіл» [1,76б.] деп таныған Шоқанның Якут тілін білмей
зерттеген Огородниковтың қате-кемшіліктерін Шоқан қатты
сынға алғанын алдымен ауызға алады да, Шоқанның
не нәрсені болса да біліп зерттеу, оның негізін қаза
әңгімелеу қажеттігіне назар аударады. Және осы
ойларының көбі қазақ тіліне де қатысы бола ма
деген ойдан туындағанын аңғару қиын емес.
Сондықтан Г.Огородников «Якут тілін шала біліп, аз зерттеген, жұрттан
ауызша сұрау арқылы жазған. Мұндай әдіспен біз
(Россиядағы) бұратана елдердің тілін еш уақытта біле
алмаймыз. Түркі тілдерін, монғол тілін біліп зерттейтін
ғалымды алдағы күндерден ғана күтеміз» дейді.
Ғажап пікір! Осындай пікірді Шоқан да,
басқа тіл ғалымдары да әр кезде айтып жүреді» деп [1,76б.]
кейінгі уақыттағы үстірттіктерді айтудан жасқанбайды.
Күні бүгінге дейін солай болып келе жатқаны жалған
емес, кеудем соқтың зардабы тіл біліміне тиіп жатқанын
ушықтыра айтпағанмен, сақтану, ұятты арнадан табылу керектігін ескерткен. Яғни,
Шоқан ойын әңгімелей отырып бүгінгі
шындықтың да сырын ашып отырғаны С.Мұқанов
позициясының коммунисшілдігі басым болғанмен, ұлы
державалық шовинизмнен алшақ екенін көрсетеді. Тіл жанашыры
болуға талаптанған Шоқанның кадет корпусында
оқуға құқы болмаған француз тілін
қалай үйреніп алғаны, сондай-ақ өлі латын тілін
меңгергені, қажетті кезінде пайдаланғаны жөніндегі
ойлары Тіл проблемасына, әсіресе өз елінде отырып саудаға
түскен, мазақ болған қазақ тілінің
бүгінгі тағдыры, сөз жоқ, Шоқандай жанашырына
зәру екенін айтудың еш артықтығы жоқ.
Өйткені тіл қай ғылымның болмасын түп
қазығы екенін дәлелдеулер артық. Осы жағынан
алғанда Шоқан әлі күнге дейін тіл жанашырларының
қатарында жүргенін аңдамау ағаттық болар еді.
Жалпы, еңбектің осы тарауында «Шоқан – қазақтан
шыққан бірінші синолог» [1,80б.] деген қорытынды жасалған.
«Әдебиетші
Шоқан» деген төртінші тарауында С.Мұқанов «Шоқан
Европаның және орыстың әдебиеті туралы әдейілеп
зерттеу жасамаған кісі. Оның шұқшия зерттегені – жалпы
Шығыстың, Россиядағы бұрата елдердің,
қырғыз бен қазақтың әсіресе
қазақтың әдебиеті. Осы зерттеулерінде ол
қырғыз я қазақ әдебиетінің мұраларын
Европаның немесе Шығыстың әдебиет мұраларын
салыстырып отырады да, содан қазақ, қырғыз
әдебиетімен қатар европалық және шығыстық
әдебиетті де мол білетіндігі көрінеді» [1,114б.],– деген шын
мәніндегі орасан зор ғылыми программаны оқушыларға
түсіндіруге кіріседі. Әрбір дәлелдеу барысында
Шоқанның қазақ-қырғыз әдеби
мұраларының адамзаттық көркем дүниесімен
байланысып жатқанын, сонау грек-рим, орта ғасыр туындыларынан хабарласып
жататынын көрсетіп отырады.
«Әдебиетші Шоқан» деп
тақырып қоюының өзі орыс достары мен
зерттеушілерінің «орыс тілді қазақ жазушысы» деп
жатқандарына алданбаудың бір көрінісі болса, екіншіден,
Шоқан еңбегінің шын әдебиеттану ғылымы
деңгейінен табылатындығын дәл аңғарудың
белгісі.
Шоқанның әдебиетшілдігін ауызға
алғанда ең алдымен қырғыз халқының Манас
эпосын зерттеуін, жазып алып насихаттауын есте тұтамыз. Өйткені оны
әлемдік даңққа көтерген, бүкіл дүние
жүзіне танытқан ғалым Шоқан екенінде еш дау
болмасқа тиіс. Мұны Әлкей Марғұлан
өзінің «Манас-Шоқан» деген атақты монографиясында
мықтап дәлелдеген-ді. С.Мұқанов та ең
алдымен «Манасты»
әңгімелеуден бастаған.
Шоқанның
ұлан-ғайыр еңбектерінен қазақ
халқының өнерпаздық дарыны жайындағы пікірлерін,
әсем ән, келісті мақам, үйлесімді
ырғаққа құмарлығын, құлақ
құрышын қандыратын өлең-жырлардың
қандайлық поэтикалық қасиеті бары туралы шұрайлы
ойларын молынан кездестіреміз. Манасқа, сондай-ақ
әдеби-мәдени ескерткіштерге байланысты жазған
еңбектерінде Шоқан европа әдебиетшілері қолданатын
терминдерді (рабсодия, сага, бази, бар, т.б.) қазақ пен
қырғыз шығармаларына ыңғайлап
қолданғанын, сондай-ақ орыс және европа көркем
шығармаларында жасалған образдарды (Роланд, Одиссея, Илья Муромец,
т.б.) түрік тектес халықтардың, оның ішінде
қазақтың көркем туындыларына жанастыра талдауға
едеуір назар аударып, Шоқанның шын әдебиетші ғалым
екендігін дәлелдейді. Әдетте, мұндай шолуларда дәлелсіз
айта салу, солай болуға тиіс шығар деген жайларға
С.Мұқанов жалпы жазушы әдетінде жиі кездесетін
қиялшылдыққа аяқ баспайды. Көркем туынды мен
әдеби зерттеудің ара жігін айырып, әр ойына жауапкер екенін
сезініп отырады.
С.Мұқанов Шоқанның
қазақ фольклорын зерттеуіне айырықша мол көңіл
бөледі. «Ғылым дүниесінде қазақтың эпосы
мен фольклоры туралы бірінші рет зерттеу жүргізіп, пікір айтқан адам
– Шоқан Уәлиханов. Одан бұрын жасаған немесе онымен
замандас (Радлов, Потанин, тағы басқалар) Шығысты зерттеуші
адамдар қазақтың эпосы мен фольклорын жинауда, жариялауда
елеулі еңбек атқарғанмен, ол шығармалардың
тарихтық, мәдениеттік мәнін Шоқанша талдап, Шоқанша
пікір айтып көрген емес» [1,121б.] деген айбарлы тұжырымды айтуы
тарихи шындыққа қайшы емес.
Шоқан қазақ фольклорының
үлгілерін жекелеп те, топтап та жинаған уақытта айрықша
көңіл қойғаны, ерекше талдағаны «Едіге» эпосы мен
«Қозы Көрпеш – Баян
сұлу» лиро-эпосы еді. Бұл жөнінде қазақ
оқырмандары мол хабардар екенін ескеріп, ноғайлы заманында
туған жырларды, Орақ, Шора, Ер Көкше, Ер Сайын эпостарын
зерттеуінде назар аударып, Шоқан өзінің атасы Абылайға
байланысты жырларды да жинағанын сөз етеді.
Сәбит Мұқанов
«Әдебиетші Шоқан» деген төртінші тарауда осындай мәнді
де қажетті көркем нұсқалар жөнінде айта келіп,
әдебиеттанушылық машықты біраз жиып қойып
«әдебиет теориясы» деген термин ол кезде дүниежүзілік
әдебиеттің еш қайсысында да жоқ. Орыстар ол кезде
бұл терминнің орнына «словесность» (сөз өнері) деген
терминді қолданады. Шоқан кезінде орыстың да «сөз
өнері» қалыптаспаған, ғылымдық кемеліне келмеген
жасаң ғалым. Қазақтың «сөз өнері»
туралы Шоқан заманауи дәрежесінен аса алмаған. Дегенмен сол
кездегі қазақ фольклорын жүйе-жүйеге бөліп, орыс
тілі арқылы дүние жүзіне таныстыру қазақ
әдебиеті тарихында Шоқан Уәлиханов бастап берген
сүрлеу» [1,132б.] деп алады да, қазақ поэзиясының бес
түрге бөлінетіндігін нақты мысалдармен көрсетеді.
Түйіп айтқанда, 1943 жылы «Нить Арианды», 1954
жылы «Шоқан Уәлихановты», 1956 жылы «Дружба народов» журналының
редакторы Б.А.Лавренев орыс тіліне аударған [4,23б.], одан кейін бастап
үш томдық «Аққан жұлдыз» трилогиясының екі
кітабы жазылып қалуы сапалы қадам болса, 1962 жылы «Шоқан
Уәлиханов» атты монографиялық портретті жасап берген С.Мұқановты
Шоқантану ілімінің негізін қалаушы деп тану орынды
болмақ. Ал кейінгі зерттеулер С.Мұқановтың ой-пікірін
әрі қарай дамытқаны, сөйтіп Шоқанды
қазақтың интеллектуалды ойының шам-шырағы ретінде
танытуға ат салысып жүр десек орынды болмақ.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Мұқанов С. Жарқын жұлдыздар.-Алматы: Мектеп, 1964.
2.
Ленин туы.-1956.-6 январь.
3.
Социалистік Қазақстан.-1956.-25 апрель.
4.
Мұқанов С.
Письма разных лет (к 100 летию со дня рождения).– 2000.
Резюме
Статья
посвящена роли Сабита Муканова визучении трудов Шокана
Валиханова.
Resume
The article focuses on the contribution of Sabit Mukanov in the research of the
Shokan Valikhanov’s works.