Жыраулар поэзиясындағы
мәтіндік айырымдар
Әбдіқалық Күнімжан Сәдірқызы
ҚазмемқызПУ-дің доценті, ф.ғ.к., Қазақстан
ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы жыраулар
поэзиясының текстологиялық
мәселелері бойынша арнайы сөз еткен ғылыми еңбектер
әзірге жоқтың қасы. Бірақ жыраулар
мұрасының ғылыми басылымын баспаға даярлауда аса
ыждағаттылықпен тиянақты жұмыс жасалғаны оның
әр кезде жарық көрген жинақтарынан
аңғаруға болады. Олар: «ХҮІІІ-ХІХ
ғасырлардағы қазақ ақындарының
шығармалары» /1962/, «Үш ғасыр жырлайды» /1965/, «Ертедегі
әдебиет нұсқалары» /1967/, «Алдаспан» /1971/, «Бес
ғасыр жырлайды» /1989/, «Ай, заман-ай, заман-ай» /1991/,
«Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» /1993/, «Жеті
ғасыр жырлайды» /2004/, «Он ғасыр жылайды» /2006/, т.б.
ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы жыраулар
поэзиясының өкілдері Асан қайғы, Қазтуған
жырау, Доспамбет жырау, Шалкиіз жырау, Жиембет жырау, Марғасқа
жырау, Ақтамберді жырау, Тәтіқара ақын, Үмбетей
жырау, Бұқар жырау, Көтеш ақын, Шал ақынның
шығармаларын осы басылымдардағы нұсқалармен мұқият
салыстырып шыққанда, аса бір үлкен мәтіндік айырымдар
байқалған жоқ. Әр басылымында ұшырасатын аз-кем
айырмашылықтар көп жағдайда орфографиялық және
тыныс белгілерінен кеткен қателер болды. Десек те кейбір өлең
жолдарындағы жекелеген сөздер мен сөз тіркестерінің
әр басылымда әр түрлі өзгертіліп берілгеніне назар
аударайық.
ХҮ ғасырдың өкілі
Қазтуған жыраудың «Мадақ жырын» алатын болсақ,
толғаудың екінші тармағы жарық көрген
барлық нұсқаларда «Мұздай үлкен
көбелі» деп берілсе, «Он ғасыр жырлайды» жинағында «Бұздай
үлкен көбелі» (125-б.) деп берілген. Мұнда сөз
мағынасына нұсқан келтіріп тұрған бір дыбыстың
өзгеруі теруден кеткен қате болса керек. Сондай-ақ осы
толғаудың тоғызыншы тармағы жарық көрген
барлық басылымдарда «Билер отты би соңы» деп берілсе,
«Жеті ғасыр жырлайды» жинағында «Билер атты би соңы» (18-б.),–
деп берілген. Ал кейбір зерттеушілер «отты», «атты»
сөздердің орнына «өтті» деген сөздің
қолданылуын дұрыс деп бағалап, ойға қонымды
ұсыныстар жасайды.
ХҮІ ғасырдың өкілі Доспамбет
жыраудың «Айналайын Ақ Жайық» толғауын
қарастыратын болсақ, жырдың үшінші, төртінші
тармағы барлық басылымдарда:
Еңісі биік боз
орда
Еңеке
кірер күн қайда, – деп берілсе,
«Жеті ғасыр жырлайды»
жинағында:
Еңсесі биік боз орда
Еңкейе кірер
күн қайда?! (26-б.) –
деп берілген. «Еңісі»,
«еңеке» сөздері жырау өмір сүрген
ғасырдың таңбасын, яғни тілінің көнелігін
танытатын болған соң бәлкім жинақ шығарушылар да
ол сөздерді өзгертпей, ел аузынан қалай жиналса, сол
күйінде беруді ұйғарған болар.
«Бес
ғасыр жырлайдыда»:
Кеңес сұрар
күн қайда?
Еділдің бойын
ел жайлап
(34-бет),–
деп берілсе, «Жеті ғасыр
жырлайдыда»:
Кеңес сұрар
күн қайда?
Еділдің бойын
ен жайлап
(26-бет),–
деп жазылған. «Қазақ тілінің түсіндірме
сөздігінде» /2008/ «ен» сөзі «кең-байтақ,
шетсіз-шексіз», сондай-ақ «Ен жайлау – жазғы кең қоныс.
Ен жайлады – емін-еркін билеп-төстеді...» (226-бет) дегенді білдіреді.
Демек, кейінгі жинақтың «ел» сөзін «ен» деп
түзетуі орынды.
Доспамбет жыраудың «Айнала бұлақ басы
тең» деген өлеңі
«Бес ғасыр жырлайды» жинағында:
Үйде қалған арудың
Ал иіндігін
аударып (32-бет),–
деп
берілсе, «Жеті ғасыр жырлайды» жинағында:
Үйде
қалған
арудың
Ақ
иіндігін аударып
(24-бет),–
деп берілген. «Иіндік»
сөзі «Қазақ
тілінің түсіндірме сөздігінде» /2008/ көне сөз, яғни,
«Бешпенттің сыртынан, екі иықтың екі жағынан сәл
төмендеу тағатын әшекей» (363-бет) деп берілген. Сонда
бұл арада иіндік түсінің ақтығын айтып
тұрмаған тәрізді. Оның үстіне әшекей тек
ақ түстен ғана тұрмайды ғой. Дұрысы – «ал»
сөзі, яғни, «үйде
қалған
арудың иіндігін аударып алу» туралы сөз болып отыр.
Сондай-ақ «Бес ғасыр жырлайды» жинағында:
Серпіліп адам
бетін көрмеген,
Қалай күні кешті
екен (32-бет),–
деп берілсе, «Жеті ғасыр жырлайды»
жинағында:
Серпіліп адам
бетін көрмеген
Қалай күн кешті
екен (25-бет),–
деп
берілген. Бұл арада «күні»
сөзі қате басылған.
Доспамбет жыраудың
«Озушылар, озмаңыз» өлеңі «Бес ғасыр
жырлайды» жинағында:
Келе жата дегейсіз
Ол
айтқанға тимемсе
(38-бет),–
деп
берілсе, «Жеті ғасыр жырлайды» жинағында:
Келе жата
дегейсіз
Ол айтқанға тимесе (26-бет),–
деп
берілген. Мұнда «тимемсе» сөзінде артық
бір әріп жазылып, тек теруден кеткен қате
ғана бар. Сондай-ақ «Бес ғасыр жырлайды» кітабында:
Бұрынғылар
түскен жүрі жол
Бұрылып соған түсті дегейсіз (39-бет),–
деп
берілсе, «Жеті ғасыр жырлайды» жинағында:
Бұрынғылар
түскен жүрі жол
Бұрылып оңға түсті
дегейсіз (27-бет),–
деп жазылған. Бұл екі
сөз де бағытты
білдіріп тұр. Бірақ
«оңға бұрылып» деп түзетудің қажеті
жоқ секілді. Өйткені «соған бұрылып түсті»
дегені «бұрынғылар түскен жүрі жолдан»
ауытқымағанын білдіреді.
ХҮІІ ғасырдың өкілі Жиембет
жыраудың «Қол-аяғым бұғауда» деген
толғауын алатын болсақ, барлық басылымдарда «Қалқаман, Шолан
ерлерім!» деген өлеңнің бесінші тармағындағы «Шолан»
сөзі «Он ғасыр
жырлайды» жинағында «Шолпан» (132-бет) деп берілген. Бәлкім бұл арада «п» әрпі
байқаусызда жазылып кетіп, яғни, терушіден кеткен қате болуы
да мүмкін. Жалпы, мұндай сөздердің дұрыс-бұрыстығы
болашақта жарық көретін жинақтарда реттелетіні
хақ.
ХҮІІІ ғасырдың ірі өкілі
Бұқар жырау мұраларына тоқталатын болсақ,
жыраудың «Тілек», «Ай, заман-ай, заман-ай», «Он екі айда жаз келер» деп
аталатын толғауларына көңіл бөлейік. «Тілек»
толғауының төртінші тармағы барлық басылымдарда «Ер
шұғыл, пасық, залымның» деп берілсе, «Алдаспан»
жинағында «Әзәзіл, пасық залымның»
деп беріледі. Мұнда «әзәзіл» деп жын-сайтан,
арбаушының тіліне еріп кетпеуді телеңіз дейді.
«Әзәзіл», «пасық», «залым» сөздері синонимдік тізбек
құрап, азғырудан, арбаудан, өзгелердің тіліне
ермеуді үндейді. Бірақ құлаққа әбден
сіңісті болып кеткен «ер шұғыл» сөзі
алдыңғы «е» дауыстыдан басталған «екінші» сөзі
мен «ер шұғыл» сөзі ассонансқа құрылып
тұр. Екіншіден, мұнда жырау ердің пасық, залым
адамдардың тіліне еріп азбауын тілеңіз дейді. Демек,
идеялық-мағыналық жағынан да осы «ер шұғыл»
сөзінің қолданылуын дұрыс деп санаймыз.
Толғаудың он үшінші, он бесінші жолы да
өзгеріске ұшыраған. Мысалы, барлық жинақтарда берілген:
Алтыншы тілек
тілеңіз,
Алпыс басты
ақ орда,
Ардақтаған
аяулың
Күнінде
біреуге
Тегіннен-тегін олжа
болмасқа, –
деген жолдардағы «басты» сөзі «Алдаспан» жинағында «қанат»
деп, сондай-ақ он бесінші жолында «біреуге» сөзі
қосылып берілген. Жалпы, «алпыс
басты» мен «алпыс қанат» сөз тіркестерінің
арасында соншалықты үлкен айырмашылық жоқ, екеуін де
қолдана берсек, өлең мазмұнына нұсқан
келмейді. Ал «Күнінде біреуге» деген жолдан гөрі «Күнінде
ертең біреуге» деп, екі сөздің ортасына «ертең»
сөзін тіркестіріп, толық түрінде қолданылғаны
жөн. Сондай-ақ барлық басылымдарда кездеспейтін отызыншы
тармағы, яғни «Омыртқасы үзілген» деген
жолдың да қосылуы шығармаға қайта шырай бермесе,
ешқандай нұсқан келтіріп тұрған жоқ.
«Алдаспан» жинағы мен «Жеті ғасыр жырлайды»
жинағында басылған «Ай, заман-ай, заман-ай» толғауын
салыстырсақ, «Алдаспан» жинағындағы:
Ай, заман-ай,
заман-ай,
Түсті мынау тұман-ай,
Істің бәрі
күман-ай!–
деген жолдардағы «түсті»
сөзі «Жеті ғасыр жырлайды» жинағында «басты»
сөзімен алмастырылған. «Жеті ғасыр жырлайды»
жинағындағы нұсқаны дұрыс деп
қабылдауға болады. Өйткені мұнда жырау сол
уақыттағы заманның шындығын көзбен көріп,
шешімі жоқ істің тұманы басты деп айтып отыр.
Ал «Алдаспан» мен «Жеті ғасыр жырлайды»
жинақтарында басылған «Он
екі айда жаз келер» толғауындағы
мәтіндік айырмашылықтарға назар аударсақ, «Жеті
ғасыр жырлайды» жинағында толғауға жаңадан
шумақтар қосылып, толықтырылған. «Қожалардың»
орнына «қараларың»; «ноғайлардың» орнына «орыстар»,
«поптар»; «сәлдесі» сөзінің орнына «кітабы»
деп өзгертіліп басылған. Ал мәтіннің қайсысы
дұрыс, қайсысы бұрыс, яғни текстологиялық
дәлдікті реттеу мәселесін Бұқар жырау мұрасын
терең зерттеушілер мен арнайы текстолог мамандардың еншісіне
жүктейміз.
ХҮІІІ ғасырдың өкілі Шал
ақынның «Ай, заман-ай, заман-ай» жинағы мен «Жеті ғасыр
жырлайды» жинағында басылған «Жақсыға сырым жасырман»
өлеңіндегі кейбір мәтіндік айырымдарға
тоқталайық. «Ай, заман-ай, заман-ай» жинағында
берілген:
Пасыл да, пасыл,
пасылман,
Аққа
құлпы жасылман,
Жақсыға сырым
жасырман,
Жаманға сірә
бас ұрман,
Мен бір шапқан
жүйрік ат,
Бір желіксем
басылман.
Өттің бір
дүние өттің-ай,
Теңселе басып кеттің-ай,
Мен бір жүрген
жорға тай,
Жылжи да басып кеттім-ай,–
деген жолдардағы «Аққа
құлпы жасылман» деген толғаудың екінші жолы «Жеті ғасыр жырлайды» жинағында
ашық қалдырылған, яғни, мәтін қолжазбадан
дұрыс оқылмағанға ұқсайды. Ал
толғаудың 9,10-жолдарындағы «жүрген», «жылжи» сөздері «Жеті ғасыр жырлайды» жинағында «жүйрік»,
«жүйтки» деп берілген. «Қазақ тілінің
түсіндірме сөздігінде» /2008/ «жылжы» сөзі – «бір жерден
екінші жерге қарай ақырындап баяу сырғуы,
қозғалуы» (328-бет), ал «жүйткі» сөзі – «зымырау,
зарлау, қатты жүру» (323-бет) деп беріледі. Яғни, өзі
жүйрік жорға тай болса, жүйткиді де, жай жүрген
жорға тай болса, жылжитыны белгілі. Сонда бұл айырмашылықтардың
қай нұсқадағысы дұрыс?
Негізінен «Ай, заман-ай, заман-ай» жинағындағы
өлең жолдары орынды берілген. Өйткені
өлеңнің бесінші жолында ақын жүйрік аттай
шабатынын ескертсе, тоғызыншы жолында өтіп бара жатқан
дүниеден жай жүрген жорға тайдай ақырындап баяу
сырғып келе
жатқандығын білдіреді.
Қорыта келгенде, келешекте жыраулар
мұрасының барлық жарық көрген жарияланымдарымен
өзара салыстырылып, мәтіндегі аз-кем айырымдарға
текстологиялық тұрғыдан зерттеу жұмысы жүргізіліп барып ғылыми
басылымға ұсынылатынына кәміл сенеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Бес ғасыр жырлайды.-Алматы: Жазушы,
1989.
2. Жеті ғасыр
жырлайды.-Алматы: Жазушы, 2004.
3. Он ғасыр жырлайды.-Алматы: Дәуір,
2006.
4. Қазақ
тілінің түсіндірме сөздігі/Жалпы ред.басқ.
Жанұзақов Т.–Алматы: Дайк-Пресс, 2008.
Резюме
Статья посвящена анализу текстологических
различий поэзии 16-17 веков.
Resume
This article analyzes the textual differences of the 16-17
centuries poetry.