Сейсембай Талғат Тұрарбекұлы

 

Қостанай мемлекеттік пеагогикалық институты, Қазақстан

 

Ғ.Мүсіреповтің тіл шеберлігі және стильдік ерекшелігі

 

Ғ.Мүсіреповтің прозадағы үлкен көркемдік белесі - «Оянған өлке» романы болып табылады. Романның алғашқы журналдық нұсқасы «Әдебиет және исскуство» журналының 1952 жылғы 1-5 және 10-12 сандарында жарияланып,  1953 жылы «Оянған өлке» романы жеке кітап болып шығады. Ал, романның екінші кітабы – «Жат қолында» - романы арада отыз жыл өткен соң, 1984 жылы шығып, оқырмандар қолына түсті»

«Сонымен көп жылға созылған  тынымсыз еңбек баянды аяқталып, қазақ совет әдебиетінің бәсіре – еншісіне тағы да бір роман – эпопея келіп қосылды.

Екі кітаптан тұратын осынау роман – эпопеяда ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен Ұлы Октябрь революциясына дейінгі мерзімдегі қазақ халқының әлеуметтік – экономикалық хал – ахуалы, барша тұрмыс – тіршілігі, қоғамдық жағдайы кеңінен қамтылып, жан – жақты терең суреттеледі» [1.52-53]

         «Романда қазақ өмірінің сол кездегі тарихы да, әлеуметтік тұрғысы да, философиялық ойы да, этика мен эстетика да,  әдет – ғұрыптық, салт – санасы да – үлкен суреткердің ой елегінен өтіп, бейнелі көрініс тапқан.

         Жазушы романда  кесек те сом образдар, типтік характерлер жасаған. Романдағы кейіпкерлердің барлығы жазушының эстетикалық мұратын ашуға қызмет етеді.

         Романның бүкіл сюжеттік желісі Игілік образына байланысты өрбиді. Сан алуан оқиғалар, тікелей де, жанамалай да сол Игілікке кеп тіреліп жатады» [2.160].

         Жазушы «Оянған өлке» романында адам  характерін, кейіпкердің ішкі жан – дүниесін беруде порттерік тәсілдерді шебер де ұтымды пайдаланады.

         Игілік образын сомдаудағы оның портретіне үңіліп көрелік: «Игілік би паң да, тәккапар да емес. Даусын көтере сөйлегенін, бір адамға суық жүз көрсетеп, қабақ шытқанын ешкім көрген де, естіген де емес. Ала көзін бір төңкеріп,  қалың қабағын бір түйіп қалса, бұл маңайдағы елдер басына қара жамылғандай болар еді... Бұйырғаны өтінгендей ғана, кесім айтқаны – бітім айтқандай ғана» - деп мінездейді. Ал Игіліктің осы мінезін жазушы тек айтып қоймайды, іс-әрекет үстінде көрсетеді.

         Ғ.Мүсірепов адамның ішкі жан дүниесінің қатпар – қатпар бүкпе сырларына үңіле білер, жазушы екеніне тағы бір мысал келтірейік:     «Тұрсынбай «Алтынды қырқасына Попов қазық қағып кеткенін» хабарлағанда, Ушаков бір нәрсені секем ала қалады. Осы опасыздық жасап жүр –ау» деген күдік басына ойнап шыға келеді. Ол енді сол күдігін оның жүзінен іздейді. Ақыры тапқан да сияқты: оң көздің астыңғы қабағы бүлкілдей бастапты... Енді екі зәрлі жылан арбасып қалғандай, көздерін қадасып алып, бедірейісіп қатып қалды. Тұрсынбайдың өңі сұрланып, көздері жыланның тіліндей ғана жылт – жылт еткен ұшқын шашады. Ушаковтың көпшіл көзі мұзға айналып бара жатқандай. Әрине, айыпты адамның көзі көзі бұрын қағылып кетті. Тұрсынбайдың көзі әлгі ұшқыны өткендей қайтадан ілгештене қалды» [3.61-62].

         Жазушы екеуінің арбасу үстіндегі жан құбылыстарын айнытпай бере алған.  Осы суреттеуде бір жалғандық жоқ, нанымды, сенімді.

          Ғ.Мүсірепов адам психологиясын берудегі шеберлігін Сандыбай бейнесін мүсіндеу үстінде өте тамаша көрсете білген.

         Сандыбай – шебер. Он саусағынан өнер тамады. Ағаштан түйме түйеді. Өзі айтқандай он саусағы алтын.  Шеберлігімен елге танылған. Игіліктің ақ үйін салып берген сол.

         Жазушы: «Тезге салып, иіп, сүргілеп – қырнап сымбатын келтірген ақ теректер қазір байлықты емес, шеберлікті сөйлеп тұр...

Дұрысында бұл үйдің бар мақтары шебердің өнерінде еді. Игілік ақ үйді салып бергені үшін Сандыбайға он құлынды бие бермек. Соны қай үйірден алғысы келеді, таңдауды шебердің өзін берген Игілік.  Сандыбай алдынан Игілік жылқылары үйір – үйір болып өтіп жатыр. Ыңғай тобылғы торылар бір үйір, ыңғай теңбіл қара көктер бір үйір, өңкей мақпал қаралар бір үйір. Өз аулына бітпеген Сандыбай не істерін білмеді, абыржып қалды. Бәрі – суреттей сұлу»[3.97].

         Игілікте он екі мың жылқы бар. Осы үш үйірден алып, артынан қапы қалам ба деп те қорқады. Жазушы осы кездегі Сандыбайдың  арпалысқан ішкі жан құбылысын былай суреттейді: «Сандыбайдың тілі біржола байланып қалғандай еді. Бет – аузы,  құлақ – мұрны түгел діріл қағады. Күліп тұрған жоқ, қуанышынан жылап тұрғандай. Терлеп те кетті... Жүгіріп өзенге барып, құлындардың қалай суға жүзіп, суды қалай ішіп жатқандарын көргісі келіп кетті... Аяқтары қозғала алар емес...

...Әрбір алдынан өткен айғырды мініп те көреді. Көз алдына қалай мінетіні, қалай сауатыны да келеді... бірінен – біір ажарлы көрінген жылқыдан Сандыбай әлі таңдай алмай жүр.  Жылқы өзеннен түгел суырыла шығып қыр асып барады. Сандыбай әлі сандалып тұр...» [3.98-99]

         Жазушы әр түрлі ситуация үстіндегі Сандыбай мінезінің әр қырын көрсетеді. Игілік жылқыларын көріп, ішпей – жемей мәз болып келген Сандыбайдың Күңшемен әңгімесі үстінде жаңа бір мінезі жалт ете қалады. «Бұрын торсықтай томпиып, үндемей салбырап, уһілеп қоятын Сандыбай Күңшеге «Сүтін басыңқырай құйсаңыз – тағы бір шыны аяқ ішер едім» деп шыны аяғын еркін ұсынады. «Құдағиым болсаң қалай болар екен?.. Екі құлынды биені қазір беріп кетем... Бірі қара көк, бірі мақпал байтал берем де, келінімді аламын. Қызыңды ұзатып  апарғанда өзіңе бір қара көк дөнен мінгіземін... Сиыр – миыр, қой – ешкі дегенді араластырмаймын... бір жақтырмаймын малым...»деп күпсіне сөйлейді. Соның бәрін ол шын пейілмен айтып отыр. Көңілінде еш бөтен ойы жоқ. Қалтқысыз расы. Сондықтанда ол жұртты өзіндей көреді, сенеді. Сандыбай –ақ адам, аңқау адам. Игіліктің ішкі арам пиғылын аңғармайды, оның айтқанын шын  деп ұғады. Ал Игілік сұм тобылғы торы, мақпал қара үйірлерін, Сандыбай алдынан өткізіп, оны қызықтырады, бірақ қолына ұстатпайды. Сандыбай оны сезбейді, білмейді. Би алдайды деген ойы жоқ. Сандыбай мінезіне күлесің, зілің жоқ, аяйсың.      

        Сөз жеке тұрғанда қаншама жұтынып тұрмасын, iшкi семантикасы қандай сырлы болмасын, қандай грамматикалық форманы жамылмасын, басқа сөздермен байланысқа түспей, оған жан бiтпейдi, сөйтiп өз қабiлетiн таныта алмайды. “Адам”, “адамгершiлiк” деген сөздер осы күйiнде белгiлi бiр бейнеге, ұғымға ие болғанымен эстетикалық сұлулықты бойына толық сiңiрiп тұрған жоқ. Академик В.В.Виноградовтың “Сөздегi бейне және сөз арқылы жасалған бейне әртүрлi түсiнiк және әртүрлi мiндет” деуi де осыдан болуы керек. Көркем әдебиетке керегi - сөздiк бейне яғни сөзден, сөз арқылы жасалып, әдеби-эстетикалық нысанның сөздiк торшасына /клеткасы/ айналған бейне. Өйткенi “тiл байлығын игеру, сөз қорын молайту бiр бар да, сол бай тiлмен мол сөздi әдеби шығармада суреткерлiк шеберлiкпен қолдану бiр бар. Сөздi көп бiлетiн адамның бәрi жазушы емес”. Әдетте белгiлi жазушының немесе жекелеген шығарманың тiлiн әңгiме еткенде оның сөздiк құрамын талдаудан бастау – бiршама  қалыптасқан дағды. Олай болуы дұрыс та, себебi сөздiк қор – сол  шығарманың неден “қаланғанын” бiлдiретiн материал, шикiзат.

Ғ.Мүсіреповтің поэтикалық синтаксисі таң қалдырады. Ол прозада – ақын. Оның сөйлемдері ырғақ, ұйқасымен, үнділігімен тіл қатады. Үйлесе сыр шертеді, бейнелі ойы мол, қат-қабат астары көп. Саздылығы ғажап жазушының сөйлемдері ықшам, етең-жеңі жинақы, ойнақы. Сықақ-қалжыңы, астарлы күлкі-ажуасы, шымшып алар әзілі жазушы шығармасының өн бойында үнемі көрініс беріп отырады»

          Ғ.Мүсіреповтің қолтаңбасы бесенеден белгілі. Тіпті оған етене реалистік мәнерімен ұқсас жазушы Бейімбеттен де оқшауланады.

         Ғ.Мүсірепов – ақын. Ол прозада поэзия тілімен сөйлейді. Қазақ прозасында бұл жағынан келгенде Ғабеңдей – жазушы ілу де бір. Оның жаны – ақын.сондықтан да болар ол жасаған  сөз образдары ірі де терең. Аумағы кең. Ойға шомдырады, толғаныс-тебіреністерге еркін жол ашады. Оның қаламынан жаралған әр бейнелі ой – үлкен философия, өнер тілімен сөйлеген терең социология.

         «Зергер суреткердің көркемдік талантының енді бір қыры – пейзаждық, декорациялық, ситуациялық картиналарды безендіріп беруге үздік шеберлігі. Еске түсірейікші: көктемнің, күздің, қыстың, жаздың, айлы түннің, ақ боранның, үріккен жылқының, өршіген өрттің, қазақ әйеленің қарғысының  ғажап сипаттамалары еріксіз көз тартпай ма, көңілге ұяласпай ма?!» [3.195-196].

         Жазушының өртті суреттеген жерлері де әсем. Мінсіз. Қылқаламның үздіксіз шеберлері  жасаған полотналарындай көркем. Әсем сазды. Зерлі өрнек. Оқшау үн жоқ. Барлық дыбыс, сөйлем іштей де сырттай да үйлесім тапқан.  Сөз бояулары бір-бірімен жымдаса кіріккен.

         «Ғ.Мүсірепов дыбысқа жаңа әуен, жаңа үн, жан бітірген шебер композитор, әншідей ол сөзге де сондай жан бітіреді, құлпыртып, құбылтып ажарландырады. Шебер құрылысшы сияқты әр кірпішті орнына қалай біледі. Зергер жазушы сөзге, сөздің мәнінен үлкен мән береді. Жазушы: «Сөйлем сөзден құралады. Сөйлемнің құрамына кіретін әрбір сөздің өзі тұлғалы болу керек. Сонда сөйлем тұлғалы болып шығады. Көркем әдебиетте сөз тұлғалы болуымен бірге текемелі, әр сөз тұлғалы, әрі бейнелі, көркемдік содан туады» -дейді»[4.165].

         «Көрнекті суреткер Тахауи Ахтанов өзінің «Талант мөлдірлігі» атты мақаласында: «Қазақ сөз зергерлерінің ішінде Мүсіреповтің қайталанбас жазушылық қолтаңбас ерекше. Стилінің әсемдігі,дәлдігі, тілінің нәрлілігі, нәзік юморы мен аса байқампаздығы – бүкіл бір ұрпаққа үлгі» - деген пікіріне сүйенсек, суреткер прозасы әрқашан әдебиетіміздің асу-асу белдерін, шоқтығы зор кезеңдерін айқындап береді екен. Тәкен Әлімқұлов сөзімен айтсақ:  «Ғабит Мүсірепов өзін де, өзгені де қайталамаған ұлы суреткер!» [1.72-73].

Әдебиет – ар – иман, инабат құралы.  Ол тозса, осы сертiнен шықпауынан тозады. Уақыт сынын көтере алмай, жаңа заман талабынан шықпай жататын шығармалар да болады. Ал Ғ.Мүсірепов қаламынан туған шығармалар қазiр де өзектiлiгiн жоймай, бүгiнгi күн мәселелерiне жауап бере алады. Өйткенi оның шығармаларының тамыры тереңде, халық  тағдырымен бiте қайнасып жатыр. Қаламгер қандай мәселенi көтерсе де арқауында шындық жатыр.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.           Оспанов А. Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романының творчестволық

    тарихы: канд.дисс, Алматы,1993

2.           Әдібаев X. Талант, талғам, тағдыр. Алматы, 1971

3.           Мүсрепов Ғ. Оянған өлке. Таңдамалы. Екінші том, Алматы, 1980

4.           Жұмабеков С. Ғабит Мүсірепов. Алматы, 1989