Ф.ғ.к. Исова Э. А., Медетова Н.К.

Қазақстан, Қостанай мемлееттік педагогикалық институты

ҚАЗАҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ СӨЗДІҢ ТАҢБАЛЫҚ СИПАТЫНЫҢ ЖАҢА МАҒЫНА ИЕЛЕНУ ЖОЛДАРЫ

    Әр халықтың жүріп өткен рухани тарихи жолы-ұлттың рухани болмысын, қалыптасқан дәстүрі мен салтын, дүниетанымдық ерекшелігі мен дара мәдени келбетін жасайды. Ұлттық мәдениет пен ұлттық болмыс, қоғамдағы өзгерістер мен жаңалық атаулының бәрі тілде көрініс табуы заңды құбылыс. Тіл-халықтың рухани және материалдық мәдениетінің, тарихының, барлық бітім-болмысының айнасы іспетті.

    Болмыстағы табиғи құбылыстардың әр алуан қасиеттері мен белгілерінің жалпы жүйесі жер шарын мекендейтін адамдарға ортақ болуымен қатар,әр халық өз мәдениетіне, танымына, болмысына қарай, таным-түсінігінің деңгейі мен тану мүмкіндігіне сәйкес атау береді [1,82-83 б].

    Сөз мағынасы өмірдегі зат пен құбылыстарды топшылап көрсетеді. Сөз мағынасында әр тілдің өзіндік ерекшелігі мен өзіндік бояуы,ұлттық сипаты болады [2,21 б].

Қазақ тіліндегі жаңа мағыналардың даму жолдары метафоралық, метонимиялық және синекдохалық тәсілдер арқылы келіп шыққан.

Қазақ тіл білімінде метафора құбылысы біршама жақсы зерттелген. Метафора туралы А.Байтұрсынұлынан бастап, Қ.Жұмалиев, З.Ахметов, Б.Хасанов, Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев, Р.Барлыбаев сынды ғалымдар жақсы ғылыми пікірлер білдірген [1,84 б].

  Тілдегі қолданылу сипатына қарай метафораны үш топқа бөліп берген зерттеуші ғалым Ә.Болғанбаев былай дейді: «Өмірдегі зат пен құбылыстың сыртқы не ішкі белгілі бір ұқсастық белгілеріне қарай сөздің бірнеше мағынада ауысып қолданылуын метафора дейміз. Тіл білімінде бұл заңдылықты ұқсату заңы деп те атайды» [2,22 б].  Мысалы:   

Күн -күйеу, жер -қалыңдық сағынышты,

Құмары екеуінің сондай күшті.  (А.Құнанбаев «Жазғытұры»)

Жел сөзді құлаққа ілмейсің

Жігіт-от,  аруды -гүл дейсің.  (Қ.Мырза Әли «Домалақ арыз»)

Бірінші мысалда күнді күйеуге, жерді қалыңдыққа балап, екеуінің өзара байланысын айрықша көрсетіп тұр. Екінші мысалда жігітті отқа, аруды гүлге ұқсатып, жігіт пен аруды асқан шеберлікпен суреттеген. Қазақ дүниетанымында күн мен жердің, от пен гүлдің алар орны, маңызы зор.

   Қазақ тілінде сөздің жаңа мағына иелену жолдарының бірі-метонимиялық тәсілдер.  Метонимия белгілі бір топтағы бір нысанның атын бүкіл бір топқа немесе бір топтың атын басқа топтағы бір нысанға ауыстыра қолданатын троптың бір түрі [1,88 б].

    Қазақ тіл білімінде метонимияға берілген анықтамалар бірізді емес. Академик З.Қабдоловтың тілімен айтсақ, метонимия «өзара шектес заттар мен себептес құбылыстардың, өзара байланысты ұғымдар мен шартты сөздердің бірінің орнына бірін қолдану».

«Метонимия дегеніміз - белгілі бір заттар мен құбылыстардың сыртқы және ішкі мән-мағынасының реалды байланыстылығына қарай алмастыру амалы» дейді Ә.Хасенов.

    Қазақ халқының ірі ғалым-лингвисі, әдебиет зерттеушісі, түрколог, дарынды ақын, аудармашы Ахмет Байтұрсынов та метонимияның әдеби шығармалар үшін айрықша мәні бар екендігін атап көрсете келіп, былай түсіндіреді: «Арасында жақындығы бар екі нәрсенің атын ауыстырып, бірінің орнына бірін айту төмендегі түрі болса, ондай ауысу, алмастыру (яғни метонимия) деп аталады [3,8 б]. Мысалдар:                  

Ал елу үшінші жылдың қарсаңы Боранды үшін нағыз мереке болды.

( «Ғасырдан да ұзақ күн»,132бет).
Ол бүкіл Сарыөзектің бураларымен шайқасар. ( «Ғасырдан да ұзақ күн»,137 бет).                               Жақсылар,келдің жиналып,

                                      Қашаған ақын келді деп,      

                                      Кеудесі мұның кеңді деп,     

                                      Кеңес берер енді деп.  (Қашаған Күржіманұлы)

Бірінші мысалда Боранды халқы үшін деудің орнына Боранды үшін деп алған, ал екінші мысалда буралар Сарыөзектікі емес, сол Сарыөзек халқының буралары, ал үшінші мысалда жақсылар деп елге сыйлы, құрметті, ауылдың ақсақалдарын айтып тұр.

          Зерттеуші ғалым Анар Салқынбай синекдохаға мынадай анықтама береді: «Синекдоха-лебізде болмыстағы заттар мен құбылыстардың бүтін сипатын бөлшек мәнді, керісінше, бөлшек сипатын бүтін мәнді сөздерді қолдану арқылы алмастырып пайдаланып, сөздің көп мағыналығын туғызу тәсілі. Қазақ тіл білімінде синекдоха туралы пікір айтқан ғалымдар біршама: К.Аханов, Ә.Хасенов, Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев т.б.

     Лебізде синекдоха біршама кездесіп отырады. Көркем шығармаларда ішкі сезімнің бір иірімін бейнелеу үшін, салыстырылып отырған нысандардың халықтық дүниетаныммен сәйкес келуіне ерекше мән бере отырып, сөздерді ұғымдық жағынан үйлесімді етіп қолданады [1,90 б].  Мысалы: «Көңілің кеткен жерің болса, бұл екі қол бүріп түседі»                                                                                                                 («Қазақ солдаты» Ғ.Мүсірепов)

 Едіге сонда Құттыбаевтар азаптан біржолата арылса екен,басқа қалауы қалмаса,Борандыға бауыр басып,орнығып кетсе екен деп тіледі.( «Ғасырдан да ұзақ күн», 123 бет).

Бұл мысалдарда адамның орнына «екі қол» сөзі бүтіннің орнына алынған бөлшек болса,  ал екіншісінде Құттыбаевтар деп барлық сол отбасы мүшелерін айтады.    Лебізде синекдоха біршама кездесіп отырады. Көркем шығармаларда ішкі сезімнің бір иірімін бейнелеу үшін, салыстырылып отырған нысандардың халықтық дүниетаныммен сәйкес келуіне ерекше мән бере отырып, сөздерді ұғымдық жағынан үйлесімді етіп қолданады.

    Мысалы: «Қайран ғана асылдың сынығы-ау,арманда кеткен есіл ердің жұрнағы-ау,теңдесі жоқ тұлпарымның тұяғы-ау!,-деп көпке дейін теңселіп тұрып алды (Ш.Мұртаза). Асылдың сынығы,есіл ердің жұрнағы,тұлпардың тұяғы-синекдохалық қолданыстары тілімізде бұрыннан бар, қалыптасқан тілдік көркемдік бірліктер.

      Синекдохалық қолданыстар арқылы ой орамды көрініс тауып, жинақы да нақты, дәл таңбаланып, әсерлілігі күшейе түседі [1,90 б].

      Тілдегі негізгі атауларда дүниетанымдық ақпараттар айқын беріліп отырады. Олардың сипатын негізінен мағыналық талдау арқылы анықтауға болар еді. Әр ұлт тілінде дүние,әлем туралы түсініктерін түрлі тілдік фактілер арқылы кесіп- пішеді, қоршаған әлемнің тілдік бейнесі, негізінен алғанда, адамдар санасындағы дүниенің логикалық бейнеленуі жағынан ұқсас болып келеді. Құбылыстар арасындағы ұқсастықтар ұғым категорияларын жасайтын  лексемалардың толығуына әсер етеді. Сол ұғым түрлерінің тұтастай алғандағы атаулары тілдің негізін құраса, әлемнің ондағы құбылыстардың тілдегі бейнесінен ұлт ерекшеліктерін танып- білуге болады [1,83-84 б.].

  Зерттеуші ғалым Ә.Болғанбаев сөздің ауыс мағынасы және оның жасалу жолдары туралы былай дейді: «Белгілі бір тілдегі сөздердің тұтас жиынтығы сол халықтың басынан өткізген бүкіл өмір тіршілігін, жалпы өткен тарихын айнытпай дәл бейнелейтін таусылмас бай қазына, өшпес тарихы мұра екендігі даусыз. Қазақ халқының басынан кешкен көне тарихын, ақыл-ойын, тілек-мүддесін, барлық кәсібі мен шаруашылығын, күллі мәдениетін, керек десеңіз, оның өзіне тән сезімі мен эмоциясын да білгіміз келсе, осы тілдің бай лексикасын түбегейлі зерттеу арқылы көз жеткізуге болады [2,21 б.].

                                            Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Салқынбай Анар «Қазіргі қазақ тілі» оқу құралы,Алматы «Қазақ университеті» баспасы,2008 ж.-340 б.

2. Болғанбаев Әсет «Қазақ тілінің лексикологиясы»,Алматы «Мектеп» баспасы,1988 ж.-145 б.

3. Нұржекеева Л. «Метонимияның лингвистикалық табиғаты»,Алматы «Қазақ университеті»,1992 ж.-80 б.

4. Қабдолов Зейнолла «Сөз өнері»,Алматы: «Санат»,2002.-360 бет.

5.Байтұрсынов А. «Әдебиет танытқыш».Зерттеу мен өлеңдер.Алматы:Атамұра,2003.-208 бет.