Нурсеитова А.А.
А.Байтұрсынов
атындағы Қостанай мемлекеттік университеті
Гуманитарлық-әлеуметтік факультеті
практикалық лингвистика кафедрасының аға
оқытушысы гуманитарлық ғылымдар магистрі
Көркем
шығармалардағы
экспрессивті-эмоционалды
фразеологизмдер. (М.Дулатов
шығармалары бойынша)
Сөздер зат, құбылысты, олардың
белгі-қасиетін, болмаса іс-әрекетін ғана атап білдіріп
қоймайды, сонымен бірге адамның сезіміне әсер ететіндей
стильдік мәнге ие болады. Адамның сезіміне әсер ететін сөздер тобы
экспрессивті-эмоционалды лексика деп аталады. Сөздің экспрессивті
сипаты оның бейнелі, мәнерлі айтылуынан, ал эмоционалдығы оған
қоса адамның бір затқа, құбылысқа
өзіндік көзқарасын, көңіл күйін, сезімін
білдіруінен көрінеді. Сөздің бейнелі, мәнерлі айтылуы мен сезімге әсер
ету қасиеті бір-бірімен тығыз байланысты. Эмоция бар жерде
экспрессивтілік болады. Ол эмоциялық бояуы бар сөздер арқылы
білінеді. Әсіресе сүйіспеншілік, масаттанушылық,
есіркеушілік, еркелік, таңырқаушылық,
жағымпаздық, қошеметшілік, өшпенділік, үрейлену,
сес көрсету сияқты адамның жағымды-жағымсыз
қасиеттерін білдіруде жиі кездеседі.
Экспрессивті-эмоционалды сөздер барлық стильде бірдей
қолданыла бермейді. Олар негізінен сөйлеу тілі мен көркем
әдебиетке тән.[1.172 б]
Тіліміздегі сөздер өздерінің экспрессивтілігі
жағынан да әр түрлі.Демек, экспрессивтік сапа белгілі бір
сөздерден ғана байқалады. Мысалы: адам, көл,
қабырға, үлкен, сусын, аға, таныс, киім есімдерін
пысықай, шыпжықай
дегендермен өз ара салыстырсақ, өздерінің
көркемдік бейнелілігі, эстетикалық әсерлілігі
тұрғысынан екі сала нәрсе екенін оңай
аңғаруға болады.Бұлар көбінесе көркем
әдебиет стилі мен сөйлеу стилі және публицистикалық
стильдерде жиі жұмсалады.[2.76 б]
Экспрессивтік бояу – жеке сөздерге де, фразеологиялық
орамдарға да, сөз формаларына да, синтаксистік
конструкциялардың қай-қайсысына да тән сипат.
Бірақ бұл арада мына бір мәселенің бетін аша кету
керек. Әдетте әр сөздің өзіне тиісті
қолданылу ерекшелігі, белгілі бір стиль түріне бейім, яғни
стильдік сипаты болады.
Экспрессивтік бояу әдетте екі тұрғыда сөз етілуі
тиіс. Біріншіден, лексикалық мағынасы әуелден
экспрессияға бейім тұратын сөздер, екіншіден, қолдану
процесінде жүре келе
экспрессивтік бояу алатын есімдер мен етістіктер. Бірақ
сөздің лексикалық мағынасында экспрессивтік
өң үнемі бола бермейді. Әрбір жазушы белгілі бір образ жасау үстінде өз
шығармасының тіл көркемдігін жетілдіре түсу үшін
бейнелеу құралының осы түрін де ретіне қарай
пайдалануға тырысады.Экспрессивтік сөз қолдану тәсілі
автордың жалпы сөз байлығына ғана емес, сондай-ақ
материалды көркемдік мақсатқа сай қаншалықты
дәл іріктеп ала білуіне де тікелей байланысты. Сөздердің
мұндай экспрессивтік қызметі публицистикалық, сөйлеу
стильдерінде, әсіресе көркем әдебиет стилінде барынша
ерекшелене түседі. [2. 76 б]
Жеке
сөздерге тән эмоциональдық-экспрессивті бояу
тұрақты сөз тікестерінде болады. Яғни, бұрыннан
қалыптасып тұрақталған айрықша экспрессивті
бояулы сөз тіркестері болады. Экспрессивті тұрақты сөз
тіркестерін сол дайын күйінде пайдаланып, сөйлеуші зат не
құбылыс туралы өзінің көзқарасын және
оны қалай бағалайтынын білдіреді. Экспрессивті тұрақты
сөз тіркестері сөзімізге айрықша әсер етеді.[2.114 б.]
Экспрессивті-эмоционалдық сөздердің тіркесін бірнеше
топқа бөліп көрсетуге болады.Фразеологиялық тіркестер
адамның бойында болатын жағымды және жағымсыз
қылықтарды әсерлі бейнелейді.[3.73]
1.Ақын шығармаларындағы
жағымды және жағымсыз образды
сипаттайтын эмоционалды-экспрессивті
тұрақты тіркестер:
1.Түн ұйқысын төрт
бөліп, кірпік қақпай,
Шешең байғұс дамлсыз жүретұғын. [4.
103]
2Жалқау болсаң балалар, жаман болсаң,
Қамқор анаң көз
жасын көлдететін. [4. 103]
3.Бетін жуған жасымен сорлы
анаңа,
Хат жазып тұр төбесі
көкке жетсін.[4. 103]
Көрсетілген мысалдар Міржақыптың
«Шешенің балалрын сүюі» өлеңінен
алынған.Ақын төрт шумақты өлеңіне осынша
тұрақты тіркестерді қолдану арқылы ана қамқорлығының
сипатын кеңінен аша түскен. Түн
ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай, көз жасын көлдететін, бетін
жуған жасымен, төбесі көкке жетсін тіркестерін
түйдектеп, ұтымды қолдану арқылы
өлеңнің экспрессивті мағынасы арта түскен.
Көзіңнің шарасы бар,
көңілің соқыр.
Немене білмеген соң көрген күнің.[4. 64]
Көңілің жабық,
көзі көр.
Білсін қайдан мәнісін.[4. 90]
Міржақып шығармаларындағы
өзекті мәселе – қазақ
халқын надандықтан,
сауатсыздықтан арылту. Мына мысалдардан
ақын қайтсем халқымды
қараңғылықтан
сауатсыздықтан құтқарам деген ой толқыныс,
шерін байқаймыз.Ақын «надан» сөзінің орнына көзіңнің
шарасы бар, көңілің соқыр, көңілің
жабық, көзі көр тіркестерін әр қилы
қолдану арқылы халық санасына ойын ұшқыр да,
тапқыр жеткізген.
2.Ақын шығармаларындағы тілек
мәні бар тіркестер:
1.
Жапанда жазуы бар неткен тақтай?!
Жазылған оқып көрсе сөзі мынау:
«Болсаң бол, ей, жолаушы бұл
бұлақтай! [4. 88]
2.Бетін жуған жасымен сорлы анаңа,
Хат жазып тұр төбесі
көкке жетсін.[4. 103]
Бұл өлең жолдарынан төбесі көкке жетсін,
болсаң бол, бұл бұлақтай тілек мәнді тіркестері жақсылық тілеу нышанында
өлеңге эмоционалды-экспрессивті мағына үстеп тұр.
Тұрақты сөз тіркестері мен сөйлемшелердің
бір – бірімен мағына ұқсастығын әдетте
фразеологиялық синоним деп атайды. Кейбір фразеологиялқ синонимдер
бірінен соң бірі сатылап дамып, сөз тіркестерінің
мағынасын кеңейте түскен.[3.76]
Синонимия – тілдегі кейбір ұғымдардың дәл
және көркем бейнелеуін қарастыратын лексикалық
құралдардың бірі.[3. 14]
Ақын өлеңдерінде кездесетін синоним
сөздердің экспрессив-эмоционалды қолданысына тоқталып
кетейік:
1.Ойды толық әрі жан-жақты
ұғындыратын экспрессоид-синонимдер:
Кеш біліп,кенже қалып көп
пайдадан
Жіберген сол емес пе жер мен суын [4.64]
Ақ пейіл, таза жүрек,
жүзің жарқын,
Секілді мөлдір бұлақ суы салқын.[4. 96 б]
Қалайша тау мен тасқа баға алады.
Қоралы қой, қосты
жылқы байларда бар.[4. 34]
Осы өлең жолдарындағы, кеш біліп, кенже қалып, ақ
пейіл, таза жүрек, қоралы
қой, қосты жылқы
синоним сөздері жағымды,
жағымсыз қасиеттер білдіріп
мағына тереңдігін кеңейтіп, өлеңге экспрессивті
мағына үстеп тұр.
Мақал – мәтелдерге тән экспрессивтілікте тілдік
эмоционалдық реңк үстем болады. Экспрессия мен эмоцияны
білдіретін тілдік құралдар – адам бойындағы жеру, жирену, жек
көру, күйіну, сүйсіну, армандау т.б. тәрізді сезім
күйлерін сипаттайтын психолингвистикалық құрылымдар
болып келеді. Мақал – мәтелдердің экспрессвті стилистика тұрғысынан
қолдану ерекшеліктері әрқашан өз белсенділігін,
өзектілігін жоймайды.[6. 32 б]
1.Ақын өлеңдеріндегі мақал-мәтелдерді
тұлғалық өзгеріске ұшыратпай, өз
қалпында пайдалану арқылы эмоция білдіру.
«Алма піс, аузыма түс» - дегенге
Халқым-ау, илансаңыз ешкім
көнбес.[4. 48]
Осы
екен «ұрлық
түбі-қорық » - деген,
Япырмай, құтылармыз енді нешік? [4.85]
Ақын өлеңдеріндегі бұл
мақалдар халықтық қолданыстағы мағынасынан
ауытқымаған.Дегенмен,
бұл мақалдар өлең жолдарындағы халқым-ау, япырмай компоненттерінің тіркесуі арқылы эмоционалды-
экспрессивті мағынаға ие болып тұр.
2.Автор тарапынан компоненттерінің орын
ауыстыруына байланысты өзгеріске
ұшыраған инвариант мақал-мәтелдер арқылы эмоцияны
білдіру.
1.Өзі еткен әміріне халиф келіп,
Сақина тілеп алды сау басына. [4.
126 б]
2.Бір сырлы сегіз қырлы
көрінсеңіз,
Тағы да білгеніңді айтып таста [4.149]
Мақалдың халықтық
қолданысындағы мағынасы өзін-өзі дауға
іліктірді, әлек тілеп алды /4.456/ Автор тарапынан мақал орын
ауысуы арқылы қолданылған., ал екінші мысалдағы
мақалдың мағынасы «өнері мол, байсалды жақсы
адам» [5. 459] дегенді білдіреді. Мақалдың орны ауыстырылып
қолданылғанымен мағынасы халықтық қолданыстан аутқымаған.
Мақал орын ауыстырылып қолданылғандықтан ерекшеленіп
экспрессивті мағынаға ие болып тұр.
3.Мақал-мәтелдердің компонеттерін өзгертіп
айтуға байланысты экспрессивті-эмоционалды мағынаға ие
болған инварианттар:
1.Түймені түйедей ғып
зорайтады,
Баяғы мұны тапқан һүнердағы [4. 29
б]
2.Темірді қызуында соқпай
қалып,
Нәсіліңнің көз жасына қаласың ба?
[4. 33]
Мақалдың халықтық
қолданыстағы мағынасы асыл зат жерде жатып қалмайды,
керексіз болып қалып қоймайды [5.502] Бұл жерде
мақалдың негізгі түп нұсқасына «жылтырап»
компоненті қосылып эмоционалды-экспрессивті мағынаға ие
болғандығы. Сонымен қатар негізгі мақалдың
мағынасы заттың асылдығын
білдірес, ал автор өлеңінде халық қазынасы өлмес мұра роман жайлы
айтылған. «Күле кіріп, күңірене шығу» арам ниетін
білдірмей екі жүзділік етеді [5.289] Мұндағы
өзгешелік «үйіңнен
шығар ол құрғыр»-деп
мақалдың мағынасын қосалқы компоненттер
арқылы кеңейте
түскені.
Фразеологиялық тіркесті сөзде толғаныс, сезім, образ,
ырғақ бар деп қарау керек. Тұрақты сөз
тіркестерінде логикалық қимыл бар, әрекет бар.
Сөйлеушінің, айтушының үні әдемі сөз
өрнектерімен, тілдің асқақ поэтикасымен астасып жатады.
Мұның бәрі жай құбылыс емес. Фразеологизмдегі
сөздер мен сөйлемдерде мағынасы кеңейтілген
экспрессиялық бояуы қанық қиыннан
қиыстырған ой жатыр.
Біз
қарастырған фразеологизмдер лингвистикалық ережелерге
сәйкес әр түрлі өзгерістер мен қолданылса да
фразеологизмдердегі тұлғалық тұрақтылық
оның біртұтас мағынасы мен мазмұнынына тікелей байланысты.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1.Қалиев Ғ.Болғанбаев Ә.
Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы.
Алматы.1997-245 б..
2.Балақаев М., Томанов М., Жанпейісов Е.,
Манаспаев Б. Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы:
«Дәуір» 2005.
3.Қайыпбаева А. Поэзия тіліндегі
фразеологиялық тіркестердің көріктеу құралдары.
Оқу құрал. Қостанай,
2006-83 б.
4.М. Дулатұлы М. Шығармалары. 1-т.
Алматы: Ғылым 1996 – 280 б.
5.Кеңесбаев І.К. Қазақ
тілінің фразеологиялық сөздігі. Алматы, «Ғылым»
баспасы, 1997-712.
6.Қоянбекова С Б. «Қазақ тілі
экспрессивті силистикасының негіздері».
Автореферат. Алматы: 2008.