Акжолова Маншук, магистрант

(Алматы, Қазақстан Республикасы)

 

ДІНИ ҚАУІПСІЗДІК - ЕЛДІҢ НЕГІЗГІ БАСЫМДЫҚТАРЫНЫҢ  БІРІ.

 

Соңғы жылдары дінге қатысты мәселелер өзінің өзектілігімен аса өткір тақырыптардың біріне айналып, еліміздің қоғамдық өміріндегі күн тәртібінде алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл, бір жағынан, дінге сенушілер қатарының көбеюінен, екінші жағынан, діни экстремизм мен терроризм мәселесінің өсе түсіп отыруынан көрініс табады. Бұл проблемалар өз кезегінде мемлекет пен қоғам алдына нақты шешімін табуды қажет ететін бірқатар кезек күттірмейтін міндеттерді қойып отыр.

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында осы заманның жаһанды тартулары мен дағдарыстарын анықтау және қарсы тұру жүйесі дамып жатыр, оның ішінде халықаралық терроризмге, саяси және діни экстремизмге, ұлтшылдық пен сепаратизге, әлеуметтік және ұлтаралық даулардың алдын алу мен залалсыздандырудың механизмдері жасалады. Бұл ретте Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев былай деп атап көрсетті: «Қазақстанда терроризм, сепаратизм және экстремизм проблемалары бар. Әсіресе халықаралық терроризмнің кең қанат жайғанын және халықаралық қауымдастық пен аймақтардың саяси-әлеуметтік және экономикалық мәселелерімен ұштасып, саясиланғанын ескерсек, олардың тарапынан туындаған қауіп ойдан шығарылған емес, нақты және шынайы өмірлік қауіп» [1]. Осы мәселеге қатысты, Қазақстандық ғалым Э.Избакиев өзінің зерттеулерінде, терроризммен күресудің негізгі концептуалды анықтамаларын береді [2].

Тәуелсіз даму жылдары кезеңінде Қазақстандағы діни жағдай күрделі өзгерістермен сипатталды. Қазақтардың қайта исламдануы мен славян арасындағы православиенің өркендеуі халықты өзге діндерге, сантүрлі көптеген сдіни ағымдарға, секталарға белсенді тартумен қатар жүріп келеді.

ҚР қалыптасқан ахуалды талдай келе, ғалымдар экстремизмнің бірнеше түрін белгілейді:

-       діни экстремизм – қоғамда діни құндылықтарды күштеп енгізу;

-       этникалық экстремизм – қоғамдық өмірдің барлық саласында титулды этносты үстемдетудің мемлекеттік саясатына қарсы тұру;

-               саяси экстремизм – саяси мүдделерді күштеп жүргізу [3].

            Біздің пікірімізше, экстремизм саяси мінездің түрі ретінде нақты этникалық немесе діни емес, олардың әр түрлерінің шиеленісі ретінде көрініс білдіреді.

Діни экстремизм әрқашан экстремистік іс-әрекеттің басқа түрлерімен тығыз арақатынаста болады – саяси, ұлтшылдық – әртүрлі саяси күштердің нақты мақсаттарына жету барысында идеологиялық және ұйымдастырушылық көмек ретінде. Экстремистік іс-әрекетті формалары бойынша шектеу – саяси, ұлтшылдық, діни – шартты болып келеді, өйткені олар іс жүзінде нақты түрінде өте сирек кездеседі. Содықтан соңғы кезде ғылыми басылымдарда этно-діни, діни-саяси экстремизм деген ұғымдарға жиі жүгінеді, криминалды экстремизм деген ұғым енгізілді.

Басқа қандай да бір мемлекет Орта Азия елдерінің арасындағы түрлі қайшылықтарды қоздырып, өз ойын жүзеге асыруы ықтимал. Трансұлттық өзендер мен су ресурстарын пайдалану, шекара даулары, энергетикалық көздер, еңбек іздеушілердің миграциясы, есірткі тасымалы, қару-жарақтың заңсыз сатылуы және т.б. сияқты көптгене мәселелер Орта Азия аймағында Қазақстан мен басқа көршілес мемлекеттер арасындағы қайшылықтарды қарулы қақтығыстарға, немесе экстремистік және террористік әрекеттерге ұластырып жіберуі әбден мүмкін жағдай.

Ата Заңымыздағы діни сенімге байланысты бостандық толығымен берілген. Бұл дегеніміз кез келген азамат қалаған сеніміне, дініне иман келтіруіне немесе мүлдем еш нәрсеге сенбеуіне құқысы бар. Тіпті мемлекет таңдаған сенімін немесе керісінше еш нәрсеге сенбегенін құрметтеп, қорғап, өзіндік ішкі дүниесін қорлауға жол бермеуде.

Өткен жылы Елбасының Жарлығымен «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 - 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қабылданды [4].

Оның басты мақсаты – діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бір сөзбен айтқанда, тоталитарлы әрі дәстүрлі емес діни ағымдардың таралуының алдын алу барысында дәстүрлі діндерді ұстанатындардың құқықтарын бұзбай, ел тыныштығын сақтау.

Ұлттық қауіпсіздікті діни қауіпсіздікпен ұштастырғаны дұрысырақ болар. Өйткені, дәстүрлі діндердің негізгі мақсаты – адамдар арасына бейбітшілік орнатып, ұлтаралық, еларалық ауызбіршілікке шақыру. Ғасырлар  бойы өте арам пиғылды адамдар дәстүрлі діндерден тыс ойдан жалған сенімдер құрастырған. Олардың арасынан кейбірі әлемдік дәрежеде таралып кетуіне қарамастан, дінтанушылар қоғамға кері әсерлерін анықтап, тоталитарлы әрі дәстүрлі емес діндер деп жеке топтастырған. Алайда, осы мәселеде ең бірінші туындайтын қиындық – дәстүрлі дінді ұстанатын адамды ағымға еруден ажырату. Сондықтан басты мәселе – дәстүрлі діндер мен дәстүрлң емес ағымдарға ергендерді ажыратып алу. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі уақытылы құрылғанын айта кеткен жөн. 

Бүгінгі күні кеңінен қанат жая бастаған діни экстремизм мен терроризм проблемасы әлемдік қауымдастықтың саяси-әлеуметтік және экономикалық мәселелерімен ұштасып отыр. Демек, дінді саясиландыруға бағытталған үрдістердің бар екендігін жасыруға болмайды. Үстіміздегі ғасырдың басынан террорлық акт жаңаша сипат алып, терроризммен күрестің бұрын тарихта болмаған халықаралық жаңа кезеңі басталды десек артық айтқандық емес. Сондықтан, елімізде және аймақтағы елдерде орын алуы мүмкін үлкен террористік әрекеттердің алдын алу үшін Орта Азиядағы діни экстремизмнің саяси-әлеуметтік негіздерін зерттеу – өте өзекті мәселе.

Біріншіден, діни-экстремистік бағыттар мен пікірлер бүгін ғана пайда болған құбылыс емес. Оның ертеден келе жатқан тарихы бар. Қазіргі террористік әрекеттердің мәнін түсінуде адамзат тарихындағы діни көзқарастар мен ұстанымдарды ғылыми жағынан зерттеудің маңызы ерекше. Өйткені ол, осы кездегі діни экстремизм мен терроризмнің саяси-әлеуметтік негіздерін анықтауға жәрдемдеседі.

Екіншіден, қазіргі Қазақстанның территориясы көне замандардан бері Батыс пен Шығыстың, Оңтүстік пен Солтүстіктің транзиттік қақпасы болып келді. Табиғи ресурстардың барлығы өз алдына бөлек әңгіме. Сондықтан, біздің еліміз бен жеріміздің геосаяси жағдайы ертеде де, бүгін де сыртқы күштер үшін өте маңызды мүдделер тоғысқан аймақ болып келді. Осы тұрғыда біз еліміздің ерекшелігін ескере отырып, Отан мен жерді болашақтағы түрлі қақтығыстардан сақтайтын әдіс-тәсілдерді жасап, дайындауымыз қажет.

Жалпы, экстремизмнің қаупі мен зияндылығы турасында мерзімді баспасөзде аз айтылып жүрген жоқ. Кез-келген дертпен оның асқынған кезінде күреспей, алдын-алып, белгілерін біліп жүру өте маңызды.

Ғылыми әдебиеттерде салафиттік ағымның идеялары мен дағуаттарын «Таблиғи жамағат» сияқты топтар таратып, «Әл-Каида» мен оған қанаттас «Орталық Азия моджахеттер жамағаты», «Ислам Жиһады одағы» ұйымдарының «шаһидтері» жүзеге асыратыны да, заңсыздықтары да дәлелденген. Шетелдік шейхтар мен әмірлерден келген «аяндар» бойынша 2007 ж. Шымкент қаласындағы ОҚО ҰҚК ғимаратын жарып, Президент саясатына қанды сойқанмен қарсылық көрсету олар ұстанатын «таза ислам» бастауларының қайда екенін меңзесе керек. Мешіт айналасы мен жекелеген астыртын үйлерде үгіт-насихаттарын жүргізетін олар дінге алғаш қызығушылық танытқан жанға түрлі діни әдебиеттер, интернет материалдары мен аудио және бейне таспалар ұсынады. Жан-жақты идеологиялық және психологиялық өңдеуден өткен адамға біртіндеп отқа оранған Ауғанстан, Шешенстан мен Таяу Шығыстағы террактлер мен оның «рухани» дем берушілерінің сөздері үлгі ретінде көрсетіледі. Хужраларда (шағын топтарда) пісіп-жетілген «таза ислам» мүшелері елде жоқ тікелей жарылыс жасаушы, үгіт-насихат жүргізуші, алдап-арбаушы, шетелге шығу үшін жалған құжат жасауды жүзеге асырушы сияқты кәсіптерді игеріп, жан-тәнімен жиһадқа аттанып кете барады.

Көптеген тәуелсіз сарап-шылардың пікірінше, Қазақстан және басқа да Орталық Азиялық республикаларда әртүрлі экстремистік діни ағымдарды құрудағы басты мақсат – ол осы елдердегі мұсылмандар арасында бөлініс туғызу болып табылады. Сарапшылар, сондай-ақ «Салафия» ағымын Сауд Арабиясы мен АҚШ немесе Ұлыбритания сияқты ірі әлемдік державалардың қаржыландыратынын да жоққа шығармайды, себебі «Салафия» Иран мен исмаилиттерге жау ағым болып табылады.

Сонымен қорытындылайтын болсақ, Орталық Азия өңіріндегі жағдай негі­зі­нен ұлттық қиын проблемалармен, қалып­тас­қан ішкі және мемлекетаралық саяси-эко­но­ми­калық, сондай-ақ аумақтық қарсы тұрушы­лықпен тығыз байланысты. Өңірдегі жағдайды түрлі діни экстремистік құрылымдар мен террорис­тік ұйымдардың іс-әрекеті одан әрі қиын­дата түсуде. Тұрақтылық болмаған елде әлеу­мет­тік-экономикалық мәселелер шешіл­мей­тін­дігі, экономика өсіп-өркендемейтіндігі белгілі. Жалпы, Орталық Азия өңірінде террористік пен діни экстремизмнің таралу қаупі ұзақ мер­зім­дік сипат алып барады. Өйткені, Ауған­стан­дағы, Пәкістандағы, Сириядағы қалыптасқан жағдайлар діни экстре­мис­тік және террористік ұйымдардың қызмет етуіне қолайлы болып отыр.

Жаңа Ұлттық қауіпсіздік стратегиясына сәйкес Қазақстанның қауіпсіздігі Орталық Азиядағы барлық елдердің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Біздің сыртқы саяса­ты­мызда осы жағы нақтыланған. Сондықтан Елба­сының Орталық Азия одағын құру идея­сын жүзеге асырудың маңызы ерекше. Бұл бастама Оталық Азия елдерінде экономикалық ынтымақтастық орнатып, өңірде ұзақ мер­зімдік инвестициялық ірі жобаларды жүзеге асыруға барынша ықпал етеді. Ал қауіпсіздік мәселесіне тоқталар болсақ, Орталық Азияда өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекетаралық кешенді бағдарлама дайын­дап, жүзеге асыру ойластырылуда. Басым бағыттардың бірі – болуы ықтимал табиғи катаклизмдер саласындағы мониторинг және төтенше апат салдарын жою тетігін құру ын­тымақтастығы болып табылады. Сондай-ақ ха­лықаралық терроризммен діни экстремизммен, есірткі бизнесімен күрес мәселесі де басым бағыттардың бірі болып қалады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.     Назарбаев Н.Ә. Сындарлы он жыл. Алматы: Атамұра, 2003. 55 б.

2.     Избакиев Эдуард Дамирович. Исследование некоторых аспектов терроризма//Хабаршы. Вестник. «Әлеуметтану және саяси ғылымдар» сериясы. Серия «Социологические и политические науки» № 2(22), КазНПУ им.Абая. Алматы. 2008.

3.     Карин Е. Тенденции религиозного экстремизма в Центральной Азии: геополитический аспект. – проблемы религиозного экстремизма в Центральной Азии / Халықаралық конференция материалдары. - Алматы, 2001. 44-б.

4.     «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 - 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 қыркүйектегі № 648 Жарлығы.