Заңтану магистрі Кыдралинова А.К.

Инновациялық Еуразия университеті, Қазақстан Республикасы

 

Қазақстан Республикасындағы неке шартын құқықтық реттеудің

кейбір мәселелері

Қазақстан Республикасының азаматтарында неке шартына отыру мүмкіндігі 1993 жылы 22 қазанда туды. Бұл мүмкіндік Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Неке және Отбасы туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы Заң» арқылы пайда болды. Неке шарты туралы бұл заңда бір ғана бап бар еді және де ол бір ғана сөйлемнен тұратын. Ал, қазір 2011 жылдың 26 желтоқсанында қабылданған «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексте неке шартына арналған бес бап бар. Бұл баптар жоғарыда айтылған шартқа байланысты жағдайларды толығымен қамтып, реттеу жолдарын көрсетеді. Неке шартының ұғымы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 39-бабында беріледі: некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың келiсiмi немесе ерлi-зайыптылардың некедегi (ерлі-зайыптылықтағы) және (немесе) ол бұзылған жағдайдағы мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерiн айқындайтын келiсiм неке шарты деп танылады. Неке шартына отыру арқылы ерлі-зайыптылар мүлкінің шарттық режимі қалыптасады. Ол режим ерлі-өзайыптылар мүлкінің заңды режимінен өзгеше болады.

Неке шарты неке азаматтық хал актілерін жазатын мемлекеттік органдарда тіркелгеннен кейін де, тіркелгенге дейін де кез-келген уақытта жасалуы мүмкін. Бірақ, неке шарты неке мемлекеттік тіркеуден өткен соң ғана күшіне енеді.

Неке шартының нысанына келетін болсақ ол міндетті түрде жазбаша жасалып, нотариус куәландырылғаннан кейін заңды деп саналады. Нотарус неке шартының заңға сәйкестігін тексеріп қана қоймай, сонымен қатар тараптарға оның мәні мен мағынасын түсіндіруі қажет. Егер неке шарты белгілі бір қозғалмайтын мүлік жайлы болса, онда ол Азаматтық Кодекстің (АК) 118-бабына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Жалпы некеи шартын тіркеу қажеттілігі оның мазмұнына байланысты туындайды. Егер неке шарты жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы мәселені шешсе, оның өзі жылжымайтын мүлікпен жасалған мәміле болып табылады да, Азаматтық Кодекске сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтуді қажет етеді.

Неке шартында көзделген құқықтар мен міндеттер белгілі бір мерзімдермен шектелуі (мерзімді шарт) не мерзімнің көрсетілмеуінсіз (мерзімсіз шарт) жасалынуы мүмкін.

Неке шарты жұбайлардың тек қана мүліктік қатынастарын реттейді де, қандайда да бір басқа отбасылық қатынастарды реттей алмайды. Неке шарты арқылы ерлі-зайыптылар мүлкінің заңды режимін өз келісімдері арқылы толық мүдделеріне сай өзгертулеріне болады.

Екі жақ неке шарты жасалған кезде өздерінің қалаулары бойынша мүлкіне бірлескен, үлестік немесе бөлектелген меншік режимін белгілеуге құқылы. Аталған меншік режимдері жұбайлардың мүлкіне толығынан, не кейбір бөлігіне ғана, әлде әрқайсысының мүлкіне таралуы мүмкін.Ерлі-зайыптылар неке шартында бірлескен отрақ меншік режимін заңда көрсетілгендей емес, мүлкінің тек кейбір бөліктеріне ғана (мысалы, тек жылжымайтын мүлікке немесе бағалы қағаздарға және т.б.) немесе әрқайсысының мүлкіне қолдануы мүмкін.

Сөйтіп, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекст ерлі-зайыптыларға әртүрлі мүлік режимдерін (бірлескен, үлестік және бөлектелген) пайдалануларына болады.

 Мүліктің шарттық режимі ерлі-зайыптылардың барлық мүлкіне ғана емес, кейбір бөлігіне ғана қолданылуы мүмкін. Мұндай жағдайда неке шартынан тыс қалған мүлік, ерлі-зайыптылар мүлкінің заңды режиміне бағынады.

Үлкен тәжірбиелік маңыза бар нормалардың бірі неке шартының қолда бар мүлікке ғана емес, сондай-ақ болашақта алынатын заттар жайылы жасалынуы.

Неке шартында жұбайлар өзара күтіп бағу жөніндегі өз құқықтары мен міндеттерін, бір-бірінің кірістеріне қатысу әдістерін, олардың әрқайсысының отбасылық шығындар жасау тәртібін айқындауға; неке бұзылған жағдайда ерлі-зайыптылардың әрқайсысына берілетін мүлікті белгілеуге, сондай-ақ неке шартына ерлі-зайыптылардың мүліктік қатынастарына қатысты өзге де ережелерді енгізуге құқылы.

Неке шартында жұбайлар заңда көрсетілген өзара күтіп бағу жөніндегі құқықтыры мен міндеттерін анықтайтын нормаларды толықтыра алады, бірақ олардың күшін шарт арқылы жоя алмайды. Заң жүзінде алиментке құқысы жоқ жұбайға (бұрынғы жұбайға) неке шарты бойынша асырау қаражаты тағайындалуы мүмкін. Сонымен қатар неке шартында ерлі-зайытылар неке кезеңінде, неке бұзылғаннан кейін де бір-біріне асырау қаражатының қандай негіздерде, мөлшерде, тәртібі мен мерзімде көрсетілетінін алдын-ала қарастыруларына болады.

Жоғарыда айтылғандай неке шартында жұбайлардың ажырасуға келіп тірелгенде, қай мүліктің кімге қалдырылып, кімге баратыны жайлы мәселе шешілуі мүмкін. Бірақ, бұл мәселеге байланысты шарттар неке бұзылғанда ғана күшіне енеді. Ал, егер неке жұбайының (зайыбының) қайтыс болу салдарынан тоқтатылса, онда азаматтық заңдардың мұрагерлік туралы арнаулы нормалары күшіне енеді. Әйтпесе, басқа тұлғалардың – мұрагерлердің (заң бойынша немесе мұрагерлік өсиет бойынша) мүдделеріне нұқсан келтірілуі мүмкін. Сондықтан, артта қалған ерінің (зайыбының) мүліктік құқықтары, неке шартында Азаматтық Кодекстің мұра алудың тәртібі мен негізі туралы нормаларға қайшы келмейтін бөлігінде ғана қарастырылуы мүмкін.

Ерлі-зайыптылар неке шартында мүліктік қатынастарына қатысты кез-келген ережелерді енгізулеріне болады, бірақ заңда көрсетілген шектеу негізінде. Сөйтіп, неке шарты «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 40-бабы 3-тармағына  сәйкес ерлі-зайыптылардың құқық қабілетін немесе әрекет қабілеттігін, олардың өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгіну құқығын шектей алмайды; ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік емес жеке қатынастарды; ерлі-зайыптылардың балаларға қатысты құқықтары мен міндеттерін реттей алмайды; еңбекке қабілетсіз мұқтаж жұбайдың асырау қаражатын алуға құқығын шектейтін жағдайды көздей алмайды; ерлі-зайыптылардың біреуін өте қолайсыз жағайда қалдыратын немесе неке-отбасы заңдарының негізгі бастауларына қайшы келетін басқа да жағдайларды қамти алмайды. Неке шартын жасаушылар өзара келісу арқылы шартты қалаған уақыттарында өзгертулеріне, толықтыруларына, бұзуларына болады және де бұған заңда ешқандай шек қойылмаған. Ерлі-зайыптылар арасында келісім болмаған жағдайда, біреуінің талап етуі бойынша неке шарты Азаматтық Кодексте шартты өзгерту және бұзу үшін белгіленген негіздер бойынша соттың шешімімен өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін. Неке шартын орындаудан біржақты бас тартуға жол берілмейді.

Неке тоқтатылған кезден бастап неке шарты өз күшін жояды. Әрине, неке тоқтатылған кейінгі кезеңге арналып көзделген міндеттерді қоспағанда. Неке шартын сот ҚР Азаматтық Кодексінде мәмілелердің жарамсыздығы үшін көзделген негіздер бойынша толық немесе ішінара жарамсыздеп тануы мүмкін.

Қазіргі кезде неке шарты елімізде кеңінен таралмаса да, жұбайлар арасында сирек те болса жасалынатын шарт. Неке шартын жасаушы ерлі-зайыптылардың өте аз болу себебі, көпшіліктің неке шартының мәні мен мағынасын біле бермеуінде. Бұл шартқа ел арасында айтылып жатқан даулар да аз емес. Кейбіреулері неке шарты ажырасуды көзейтін құбылыс десе, енді біреулері бұл шат қоғамымызға, мемлекетімізге мүлде қажет емес дейді. Бұған айтарым неке шартына отыру, некеге тұрушы және ерлі-зайыптылардың міндеті емес - құқығы. Егер жұбайлар неке шарты бізге керек деп шешсе- оны қолданады, керек емес десе өз еркі.