Сөздердің лексикалық тіркесімділігінің кейбір мәселелері

                                                               Г.О. Сыздықова    

                             филология ғылымдарының кандидаты, доцент.    

                              Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

                       

 

Лексикадағы синтагматикалық қатынастар сөздердің семантикалық және синтаксистік қасиеттері негізіндегі тіркесімділігі арқылы жүзеге асырылады. Тіркесімділік – тілдік бірліктердің арасындағы жоғары деңгейдегі бірліктер құрудағы тіркесімінің синтагматикалық қатынастарын сипаттайтын қасиеті [1].

Сөздердің тіркесімділік қасиеті тілдік жүйенің ішкі семантикалық заңдылықтарымен анықталады. Тіл деңгейінде сөздің белгілі бір грамматикалық форма мен синтаксистік құрылымдарда басқа сөздермен семантикалық немесе грамматикалық белгілері арқылы  тіркесімділігі сипатына қарай лексикалық және грамматикалық тіркесімділік деп топтастырылады. Оның ішінде лексикалық тіркесімділік сөздердің семантикалық қасиеттерімен, грамматикалық тіркесімділік синтаксистік белгілерімен анықталады. Синтагматикалық қатынастағы сөздердің лексикалық және синтаксистік тіркесімділіктерінің ерекшелігі тіркесімділіктегі сөздердің өзі белгілейтін ұғыммен арақатынасына байланысты сипатталады. Бұл жөнінде Н.З. Котелова: «Лексикалық тіркесімділік лексикада сипатталған сөздердің ұғымдарының тіркесімділігі болса, синтаксистік тіркесімділікті грамматикалық деп атау керек» [2,83] деп жазады. Сондықтан сөздің лексикалық тіркесімділігі сөз бен ол арқылы белгіленетін зат не құбылыстың арасындағы  заттық-логикалық  байланыс арқылы жүзеге асады. Мысалы, үй – салу, орындық – отыру, жаңбыр – жауу, боран – соғу, ит – үру т.б. Мұндағы зат пен қимыл атауларының  арасындағы заттық-логикалық байланыс олардың лексикалық тіркесімділікке түсуіне негіз болып тұр. Егер үй – жауу, орындық – үру, жаңбыр – салу т.б. десек, бұлардың арасында ешқандай логикалық байланыс болмағандықтан, олар лексикалық тұрғыдан тіркесімге де түспейді. Бұдан тілдің синтагматикалық жүйесіндегі лексикалық тіркесімділікке  сөздердің арасындағы заттық-логикалық байланыстың белгілі бір дәрежедегі  ықпалы көрінеді.

Лексикалық тіркесімділікке қарағанда синтаксистік тіркесімділік анағұрлым жалпылама сипатта болады. Тіркесімділіктің бұл түрінде зат – заттың белгісі, затқа бағытталған қимыл; әрекет – әрекет құралы; қимыл – қимылдың белгісі; бөлшек – бүтін тәрізді белгілер негізге алынады. Мысалы, биік үй (зат және белгі), домбыра тарту (затқа бағытталған қимыл), орақпен ору (әрекет және құрал), еркін сөйлейді (қимыл және оның белгісі), домбыраның тиегі (бүтіннің бөлшегі) т.б. Сөздердің синтаксистік тіркесімділігінде олардың грамматикалық формаларына назар аударылады. Грамматикалық формалар арқылы берілетін грамматикалық мағыналардың әсерімен сөздердің синтаксистік тіркесімділік тұрғысынан байланысы жүзеге асады.  Бұл салыстырулардан шығатын тұжырым: лексикалық тіркесімділік синтаксистік тіркесімділікпен тығыз байланыста болғанымен, синтаксистік тіркесімділіктен, біріншіден, заттық-логикалық байланысымен, екіншіден, нақты лексикалық мағынамен тікелей қарым-қатынасымен, үшіншіден, шарттылығымен ерекшеленеді. Ал сөздердің лексикалық тіркесімділігінде синтаксистік  тіркесімділіктің негізге алынуы, яғни сөздің лексикалық тіркесімділігінің белгілі бір синтаксистік үлгілер арқылы берілуі тіркесімділіктің аталған түрлерінің арасындағы қарым-қатынасты көрсетеді.

Сөздердің тіркесімділік шегі ондағы лексемалардың семантикалық белгілерімен байланысты анықталады. Мысалы, күшті адам, қатты жел, мықты өндіріс т.б. Мұндағы өзара мәндес сын есімдер зат есімдермен семалардың үйлесімділігі негізінде тіркесімділікке түскен. Бірінші тіркестегі сын есімді екінші тіркестегі сын есіммен ауыстырсақ, онда тіркесімділік мағыналық жағынан өзгеріске түседі. Бұл жағдай үшінші тіркеске де (мықты (бірақ қатты емес) өндіріс) қатысты. Сондықтан лексикалық тіркесімділік үшін сөздердің мағыналық жағынан сәйкестігі аса маңызды.

Тіл білімінде тіркесімділікпен байланысты қолданылатын ұғымдардың бірі – валенттілік ұғымы. Сөздердің лексикалық тіркесімділігі мәселесінде тіркесімділік пен валенттілік ұғымдары арқылы белгіленетін құбылыстардың да аражігін анықтау аса маңызды. Валенттілік – тілдік бірліктердің синтагматикалық қасиеттері арқылы жүзеге асатын құбылыс. Тілдік бірліктердің синтагматикасы олардың тіркесімділігімен сипатталатындығын ескерсек, валенттілік пен тіркесімділіктің арақатынасында өзіндік ерекшеліктер мен тығыз байланыстың да бар екенін анықтауға болады. Жалпы тілдік зерттеулерде тіркесімділік пен валенттіліктің арақатынасына қатысты бірқатар тұжырымдар қалыптасқан. Олардың қатарында орыс ғалымы И.Я. Харитонованың пікірі ерекше назар аударуды қажет етеді. Зерттеуші валенттілік пен тіркесімділік ұғымдарын бір-бірінен ажырататын белгілері ретінде, біріншіден, сөздің лексикалық мағынасын, екіншіден, сөз тіркесінің бағыныңқы не басыңқы мүшесі ретіндегі қасиетін, үшіншіден, әр түрлі типтердегі анықтауыштық қасиеттерін атап көрсетеді [3,16]. Егер валенттілік сөздің әлеуетті синтагматикалық қасиеттерімен байланысты болса, сөздің әлеуетті синтагматикалық қасиеті сөйлеу үдерісінде олардың тіркесімділік қасиеті арқылы жүзеге асады. Сондықтан валенттілік синтагматикалық қасиетпен, ал тіркесімділік сол қасиеттердің жүзеге асырылуымен сипатталады. Сөздердің тіркесімділігі мен валенттілігі өзара тығыз байланысты бола тұра, бір-бірінен ерекшеленетін екі түрлі тілдік құбылыс, заңдылық.

Тіркесімділік пен валенттілік ұғымдарының аражігін анықтауға қатысты Д. Қарағойшиева: «Валенттілікке де, тіркесімділікке де тіркесу қасиеті тән. Тіркесімділікте бұл қасиет шексіз. Ол шексіздік сөз мағынасының әр түрлі деңгейдегі орнына байланысты» [4,107] деп, тіркесімділіктің валенттіліктен тіркесу қабілетінің шексіздігімен ерекшеленетіндігін атап көрсетеді. Зерттеуші  Г.В. Матченконың: «...понятие «лексическая сочетаемость» в некоторой степени условно, поскольку при изучении сочетательных возможностей конкретного слово мы имеем дело с набором заполняемых при нем семантико-синтаксических позиций или его валентностью» [5] деген тұжырымын негізге алсақ, нақты бір сөздің тіркесімділік қабілетіндегі оның семантико-синтаксистік позицияларын толықтырушы жиынтықтары немесе валенттілігі лексикалық тіркесімділік ұғымының белгілі бір дәрежедегі шарттылығымен сипатталады. Соған қарамастан тіркесімділік валенттілікке қарағанда анағұрлым кең ұғым

Лексикалық тіркесімділік пен валенттілік ұғымдарының арақатынасы мәселесінде  Ғ. Хасанов орыс және қазақ тіл біліміндегі ғылыми пікірлерді өзара салыстыра талдап, соның негізінде «тіркесімділікті синтагматика ұғымымен тең қарайды» [6,20]. Зерттеуші одан әрі лексикалық синтагматиканы тіркесімділігіне қарай еркін және байлаулы лексикалық тіркесімділік, көріну дәрежесіне қарай қарапайым және анық лексикалық синтагматика [6,13] деп топтастырады. Жалпы қазақ тілі лексикалық синтагматикасындағы сөздердің лексикалық тіркесімділігін, итеративтілік, сөз-синтагма, синтагмема тәрізді ұғымдардың сөздердің синтагматикалық қатынасындағы қызметін анықтауда Ғ. Хасановтың зерттеуінде маңызды тұжырымдар жасалады.    

Тіл деңгейінде сөздердің арасындағы мағыналық үйлесімділік тілдің белгілі бір даму кезеңінде өзгеріске ұшырауы әбден мүмкін. Ол өзгерістер сөз мағынасының семантикалық жағынан кеңеюі немесе тараюымен, сондай-ақ сөздің қолданыстық сипатымен де  байланысты. Сондықтан сөздің лексикалық тіркесімділігі оның мазмұнымен үнемі байланыста болмайды. Сондай-ақ сөздердің лексикалық ерекшеліктері де олардың лексикалық тіркесімділігіне кері әсер етеді. Мысалы, ұсқыны жаман, дауыстап оқу, оқыс оқиға т.б. Берілген тіркестердегі жаман, оқу, оқыс сөздерін осы тіркестердің құрамында жақсы, жазу, кенет сөздерімен ауыстырып қолдануға болмайды. Ондай жағдайда сөздің лексикалық тіркесімділігі бұзылады. Сөздің лексикалық тіркесімділігінің бұзылуы көп жағдайда көп мағыналы сөздердің дұрыс қолданылмауымен байланысты түсіндіріледі. Сөз негізгі мағынасында өзіне мағыналық жағынан сәйкес кез келген басқа сөзбен еркін тіркесімділікке түседі. Мысалы: таза су, таза қағаз, таза жер. Ал ауыспалы мағынасында таза ой, таза жүрек, таза ниет тәрізді санаулы сөздермен ғана тіркесімділікке түседі.

Лексикалық тіркесімділік тұрғысынан тілдегі атауыш сөздер негізгі атауыштық мағынасының сипатына қарай шартты түрде екі топқа бөлініп қарастырылады. Бірінші топтағы атауыш сөздерге тіркесімділігі заттық-логикалық байланысы тұрғысынан шектелмейтін лексемалар жатады. Мысалы: заттың түр-түсін, көлемін, салмағын т.б. сындық белгілерін білдіретін сын есімдер (қызыл, жасыл, ыстық, суық, ауыр, жеңіл т.б.), зат есімдер (өзен, ағаш, темір, үстел т.б.), етістіктер (сөйлеу, білу, айту, бару, келу т.б.). Екінші топқа лексикалық тіркесімділігі шектеулі сөздер жатады. Сөздің лексикалық тіркесімділігі жағынан шектелуі олардың сөйлеу тіліндегі сирек қолданылуымен байланысты. Мысалы, бет, келбет мағынасын білдіретін түр, кескін сөздерінің ішінде кескін сөзі сөйлеу тілінде сирек қолданылады. Бұл оның басқа сөздермен лексикалық тіркесімділігіне де белгілі бір дәрежеде әсерін тигізеді.

Тілдік бірліктердің тілдің белгілі бір деңгейінде сол деңгейдегі басқа бірліктермен көлбеу бағыттағы байланысы тілдік құрылымның синтагматикалық заңдылықтарымен реттеледі. Сондықтан тілдік құрылым тілдік синтагматиканың зерттелуімен байланысты түсіндіріледі. Бірқатар зерттеушілер тіл синтагматикасын тілдік бірліктердің құрылымдық мағынасы мен тіркесімділік мүмкіндіктеріне сүйенетін жиынтық пен жүйе ретінде қарастырады [7,209].

Сөздердің  сөйлемдегі байланысы олардың мағыналық және грамматикалық белгілеріне қатысты болады. Бірақ бұл байланыстардың тілдегі сипаты бірдей емес. Сөздердің грамматикалық байланысы сөйлемнің грамматикалық жағынан дұрыс құрылуына негізделсе, мағыналық байланысы сөйлемнің сөйлеудегі мазмұнының дұрыстығына бағытталады. Мағыналық байланыс сөздердің мағыналық үйлесімділігі негізінде семантикалық және лексикалық тіркесімділіктер арқылы сипатталады. Сондықтан тіл жүйесіндегі синтагматикалық қатынастар мәселесінде лексикалық тіркесімділік пен семантикалық тіркесімділіктің  арақатынасы мен өзіндік белгілерін анықтаудың да маңызы зор. Сөздің жалпылама мағыналары негізінде біріккен сөздер тобының тіркесімділік қабілеті оның семантикалық тіркесімділігін сипаттаса, лексикалық тіркесімділікте сөз белгілі бір семантикалық топтағы кез келген сөзбен емес, тек олардың кейбірімен ғана тіркесімділік байланысқа түседі. Бұл лексикалық тіркесімділіктің семантикалық тіркесімділікке қарағанда талғампаздық қасиетінің жоғарылығын көрсетеді. Соған қарамастан лексикалық тіркесімділік семантикалық тіркесімділік негізінде қалыптасқан сөздердің лексика-семантикалық топтары, атап айтқанда, сол қатардағы белгілі бір сөздердің мағыналық үйлесімділігі арқылы сипатталады. Мысалы, адамның күлу, қуану, ренжу, өкіну тәрізді түрлі көңіл-күйін білдіретін етістіктер тек адамзат есімдері тобындағы зат есімдермен ғана семантикалық тіркесімділікке түседі. Ал отар, табын, үйір сөздері мал атаулары тобындағы сөздердің барлығымен бірдей тіркесімділікке түспейді. Мысалы: (бір) отар қой, (бір) табын сиыр, (бір) үйір жылқы. Берілген сөз тіркестеріндегі анықталушы сөздерді (бір лексика-семантикалық топқа жатуына қарамастан) бір-бірімен ауыстыруға келмейді. Бұл олардың арасында мағыналық үйлесімділіктің болмауымен байланысты. Мысалы, отар сөзі жылқы зат есімімен, үйір сөзі, керісінше, қой сөзімен тіркеспейді. Қазақ тілінде мағыналық жағынан сәйкестікте, өзара үйлесімділікте болатын мұндай сөздер көптеп кездеседі. Мысалы: қатты мұз, ақ қар, қара көмір, көк аспан т.б. Лексикалық тіркесімділіктің жоғары талғампаздық сипаты мен ондағы іріктеу қасиетінің басымдығын осындай тілдік деректермен анықтауға болады.

Сөздердің бір-бірімен байланысу қабілеті лексикалық  тіркесімділік арқылы жүзеге асады. Бірақ тіл жүйесінде барлық сөздер лексикалық тіркесімділігі жағынан бірдей болмайды. Бұл жағдайда бірқатар сөздер басқа сөздермен еркін түрде байланысса, енді бірқатарының мұндай байланысы лексикалық тіркесімділік тұрғысынан шектеулі түрде болады. Сөздердің лексикалық тіркесімділігіндегі мұндай ерекшеліктер олардың сөз тіркесі құрамындағы қолданысы негізінде айқындалады. Мысалы, өзара мәндес нәзік, жіңішке, талдырмаш сын есімдерінің зат есімдермен лексикалық тіркесімділігі әртүрлі: нәзік дауыс,жіңішке дауыс, нәзік адам, талдырмаш адам. Тек лексикалық мағыналары өзара сәйкестікте болатын сөздер ғана сөз тіркесінде лексикалық тіркесімділікке түседі. Бірақ тілдің лексикалық жүйесінде мағыналық үйлесімділігі жоқ сөздер де лексикалық тіркесімділікке түседі. Сондықтан мағыналық үйлесімділігінің сипатына қарай сөздерді лексикалық тіркесімділігі міндетті және лексикалық тіркесімділігі міндетті емес сөздер ретінде бөліп қарастыруға болады. Бірінші топқа өзінің негізгі лексикалық мағынасы арқылы басқа сөздермен мағыналық үйлесімділікте тіркесімділікке түсетін сөздер жатады. Мысалы: қызыл алма, әдемі көйлек, дөңгелек шеңбер т.б. Екінші топқа лексикалық мағынасы жағынан үйлесімділігі жоқ бірліктермен лексикалық  тіркесімділікке түсетін сөздер жатады. Тіл жүйесінде мағыналық сәйкессіздік бола тұра, өзара тіркесімділік байланысқа түскен сөздерді Ғ. Хасанов лексикалық синтагматиканың құрамына жатқызып, асемантикалық негізде байланысқан мұндай сөздердің «мағыналық үйлесімділігінің коннотаттық дәрежеде болса да жүзеге асып тұрғандығын» [8,106] атап көрсетеді. Бұл жағдайды тілдегі контоминация құбылысымен байланысты түсіндіруге болады. Ғалым С.М. Исаев: «...тілдің даму барысында жаңа ұғымды, жаңа ойды білдіру үшін, болмаса басқа экспрессивті-модальды мән қосу үшін кейде тіркесудің қалыптасқан белгілі шеңбері сақталмай, бір сөз бұрын тіркеспеген екінші сөзбен тіркесіп, жаңа сөз тіркесі жасалатыны көптеген тілдерде ұшырасады. Осындай жаңа тіркестердің басқаларынан оқшауырақ бір түрі контаминация арқылы жасалған жаңа тіркестер» [9,77] деп, ызғарлы жұт (ауыр жұт – ызғарлы аяз), ескі шақтағы (өткен шақ – ескі заман), бармақтап санап (саусақпен санау) т.б. мысалдар келтіреді. Берілген тіркестердегі сөздердің лексикалық мағынасында үйлесімділік болмаса да, олар лексикалық тіркесімдікке түсіп, соның негізінде контаминациялық тіркестердің жасалуына негіз болып тұр. Ғалым контаминациялық құбылысты грамматикалық категория ретінде қарастыра отырып, бұл құбылыстың «жалпы тіл білімінде өз шешімін әлі толық таппағандығын» [9,78] атап көрсетеді. Сондықтан сөздердің міндетті емес лексикалық тіркесімділігін анықтаудың бірден бір негізін контаминация құбылысымен байланысты түсіндіруге болады.

Сонымен сөздің тіркесу қабілеті қанша кең болса да, ол кез келген сөзбен тіркеспейді. Өзара мағыналық байланыс, үйлесімділік болған жағдайда ғана сөздердің арасындағы тіркесімділік қасиеті жүзеге асады. Сондықтан әртүрлі лексика-грамматикалық топтағы сөздердің семантикалық және синтаксистік валенттілігі, әртүрлі жиіліктегі сөздердің нормативтік, типтік тіркесімділігі, түрлі лексика-семантикалық топтағы лексикалық бірліктердің тіркесімділік жағынан шектелуі мәселелері лексикалық тіркесімділік теориясы тұрғысынан да аса маңызды.    

   

           Пайдаланған әдебиеттер:

1.     Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов.-Москва,1966.

2.     Котелова Н.З. Значение слова и его сочетаемость.-Москва,1975.

3.     Харитонова И.Я. Теоретическая грамматика немецкого языка. Синтаксис. Киев,1976.

4.     Қарағойшиева Д. Валенттілік және тіркесімділік терминдері//Қазақ тілі мен әдебиеті. №1,2004.

5.     Матченко Г.В. К вопросу об ограничении лексической сочетаемости в русском и английском языках// Википедия. Курский государственный университет.

6.     Хасанов Ғ. Қазақ тілінің лексикалық синтагматикасы: Докт. дис. авторефераты.-Алматы,2009.

7.     Березин Ф.М., Головин Б.Н. Общее языкознание.-Москва:Просвещение,1979.

8.     Хасанов Ғ. Қазақ тілінің лексикалық синтагматикасы. Докт. дис. қолжазбасы.-Алматы,2009.

9.     Исаев С.М. Қазақ тілі жайында ойлар.-Алматы,1997.