Биологические науки/8. Физиология человека и животных

 

Бутаева Д.1, Садыканова Г.Е.1, Даулетханқызы А.2

 

1С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Өскемен қ., Қазақстан

2Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты, Өскемен қ., Қазақстан

 

Мектеп оқушыларының дербес компьютерлерді пайдалану сипаты

 

Электромагниттік сәулеленудің өте кең тараған көзі болып дербес компьютер табылады. Дербес компьютерде көп жұмыс істеу алуан түрлі келеңсіз салдарларға әкеп соқтырады. Компьютерлермен жұмыс істеу кезінде жасөспірімдердің дамушы ағзасына келеңсіз факторлардың біртұтас кешені әсер етеді. Сол факторлардың негізгілеріне: жиілігі мен кернеуі әр түрлі электромагниттік өрістер (күрделі электромагниттік фон), шу, жұмыс орнының  жеткіліксіз немесе дұрыс жарықтандырылуы, үй-жай микроклиматының қолайсыздығы. Сонымен қатар, монитор экранынан оқу кезінде көру талдағышына экранның жарықтығы, түстердің қанықтығы, бейнелердің түсі, экранның бетіндегі дақтар біршама күш түсіреді. Денсаулық жағдайының төмендеуінің тағы да бір маңызды себебі – операторлардың іс жүзіндегі денсаулық жағдайымен мүмкін болатын жұмыс ұзақтығы жөніндегі әрекет ететін нормативтік байланыстардың болмауы. Сонымен қатар оқушылар ағзасының функционалдық күйіне оқу үдерісінің әсер ететінін де ескерген жөн. Заманауи мектептерде ақпараттық жүктемелер мөлшері артқан, гиподинамия күшейіп, тұлғалар арасындағы қарым-қатынас күрделенген, мектеп-интернаты жағдайында алыс аудандардан келген оқушыларда ортаның урбанизациясы деңгейінің өзгерісімен байланысты мәселелер туындайды, интернаттағы өмір, ата-анасынан жырақ кету және т.с.с.  осыған байланысты мектеп-интернат жағдайына адаптация табиғаты бойынша әр түрлі тітіркендіргіштерге бейімделулерден тұрып, психофизиологиялық механизмдердің шамадан тыс күштенуімен сипатталады. Жоғарыда айтылғандарды ескере келіп, оқушылардың денсаулық жағдайларына кешенді түрде талдау жасау, оларға әсер ететін факторларды анықтау, соның негізінде денсаулықты жақсартатын, медициналық қызмет көрсетуді жетілдіретін, іс-шараларды тұжырымдау оқушылар еңбегінің тиімділігін арттырып, оқу-тәрибе үдерісін жетілдіруге бағытталған негізгі әлеуметтік міндет болып табылатынына көз жеткіземіз.

Зерттеу жұмыстары Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласындағы дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 8-10 сыныптар арасында жүргізілді. Зерттеу жұмысына барлығы 154 оқушы, соның ішінде 80 қыз және 74 ұл қатысты. Зерттеу жұмысының барысында мектеп оқушылаының дербес компьютерлерді пайдалану сипатын анықтау мақсатында 8 сұрақтан тұратын сауалнама құрастырылып, зерттелушілердің жауаптары талданды.

Сауалнама барысында респонденттердің 98,6 пайызы компьютер пайдаланатындықтарын көрсетті, соның ішінде ұлдардың 100 пайызы, қыздардың 97,1 пайызы дербес компьютерді қолданамыз деп, ал қыздардың 2,9 пайызы компьютерді пайдаланбаймыз деп жауап берді.

Әлеуметтік зерттеулер мәліметтері көрсеткендей соңғы жылдары  компьютермен жұмыс істеудің бірінші тәжірибесінің жастық шегі төмендеп бара жатқандығын көрсетеді. Ұлдардың 12,2%, қыздардың  15%  компьютерді 6-8 жастан бастап қолданса, 10 жастан бастап ұлдардың 55,4%, қыздардың 27,5% пайдаланса, ал 32,4% ұлдар және 57,5% қыздар компьютерді 12 жастан бастап қолданатындықтарын көрсетеді. Демек, бұл талдаудан да біз компьютерді қыз балаларға қарағанда ұл балалар ерте жастан бастап қолдана бастағанын біле аламыз.

Алынған сауалнама және жасалынған анализ бойынша 66,2%  ұлдар компьютерді күніне 2-3 сағат қолданса, қыздар 30% 6 сағат қолданатындықтарын жазған. Жүргізілген анализ бойынша  бір күнде ұлдарға қарағанда қыздар компьютерді жиі пайдаланады (30%).

Қазіргі жасөспірімдердің компьютерді пайдаланатын себептерінің бірі, ол - ғаламтор желісі. Ғаламтор  желісін пайдаланатын ұлдар 77 %, қыздар - 67,5%. Ал қыздардың  13,7% ғаламтор желісін сабақ қарау үшін пайдаланамыз десе, ұлдардың 18,8%  ойын ойнаймын деп жауап берді. Ұлдардың  66,2%, қыздардың 58,1%  өздерінің компьютерде өткізетін уақыттарының 2-3 cағат екенін  айтса, ұлдардың 24,3% , қыздардың 30%  компьютерде  6 сағат уақыт өткізетіндіктерін жазды. Қалған ұлдардың 6,7 %,қыздардың 16,2%  компьютерде өткізетін уақыттарының  білмейтіндерін жазды. Сонымен қатар қыздар компьютер алдында ұлдарға қарағанда сабақты көп қарайды (13,7%). Қыздарға қарағанда ұлдар компьютермен ойындарды көп ойнайды  (18,8% ). Ғаламтар желісін пайдалану үшін, сабақ қарау мақсатында және ойын ойнау үшін мектеп оқушыларының интернет кафелерге баратындықтары (ұлдардың 19%,  қыздардың 16,2%), мектептегі компьютерлерді пайдаланатындықтары (ұлдардың  9,4%, қыздардың 17,5%) белгілі болды. Дербес компьютерлер алдында оқушылар көбінесе сабақтан кейін үйде (ұлдардың 62,2%  және қыздардың 66,2%) уақыттарын өткізетіндіктерін жазды.

Сауалнама барысында алынған мектеп оқушыларының жауаптарын талдай келе оқушылардың тыныс-тіршілігі компьютермен, ғаламтор желісімен тығыз байланысты екендігіне көз жеткізуге болады. Уақыттарын компьютер алдында көп өткізетін оқушылар ағзасының, әсіресе көру талдағышы мен тірек-қимыл аппаратының функционалдық күйі, физикалық даму дәрежесі мен танымдық қызметтердің қалыптасуы көңіл алаңдатарлық жайт. Дені сау бәсекеге қабілетті ұрпақты оқытып, тәрбиелеу үрдісінде оқушылардың денсаулықтарын сақтау, одан әрі нығайту бағытында оқу үрдісінің қауіпсіз талаптарын тұжырымдап, оқу мекемесіндегі ақпараттандырылған білім беру жүйесіне үнемі кешенді түрде талдау жасау қажеттілігі бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып қала бермек.

                                 


Әдебиеттер тізімі:

1.Бояркина А.А. О влиянии работы на компьютере на здоровье студентов технического вуза // Безопасность жизнедеятельности. - 2007. - № 1. - С. 15-18

2.Абдраимова Э.Т. Об организации учебного процесса и режима дня современных школьников. //Гигиена, эпидемиология және иммунобиология. -Алматы, - 2009. -№2. – С. 20-21.

3.Мамучишвили И.Г., Пагава К.И., Чикобава Е.А., Сукоян Г.В. Состояние стресс-лимитирующих систем подростков при длительной работе с интернетом на персональном компьютере // Педиатрия. Журнал им. Г.Н. Сперанского. - 2004. - № 2. - С. 109-111

4.Физиолого-эргономические аспекты социально-гигиенического мониторинга работоспособности и здоровья работающих/ В.В. Матюхин и др.// М.: Медицина труда и экология. – 2008. – №6.– С. 34-41.

5.Чумаков Я. Как не уставать от компьютера. Формула здоровья для пользователя ПК. – М.: Фитон+, 2005. – 176 с.

6.Фатхутдинова, Л.М. Индивидуальные факторы риска вегетативных нарушений у пользователей видеодисплейных терминалов /Л.М. Фатхутдинова //Медицина труда и промышленная экология.- 2004.- №2,- С.44-47.