Биологические науки/8. Физиология человека и животных

 

 

Бутаева Д., Садыканова Г.Е.

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Өскемен қ., Қазақстан

 

Компьютерлердің адам ағзасына әсері

 

Қазіргі уақытта адам физиологиясындағы өзекті мәселелердің біріне оқушылар денсаулығына келеңсіз факторлардың әсерін бағалау жатады. Көптеген отандық және шетелдік авторлардың пікірлерінше электромагниттік сәулеленулер өсімдіктер мен жануарларға, адам ағзасына қолайсыз әсер етеді. Адамның компьютермен байланысы кешенді және көп қырлы сипатқа ие. Заманауи ақпараттық қоғамда компьютерлік техниканың саны да сапасы да күн санап артып, өзгеріп, адам өмірінің барлық саласына енуде. Компьютермен жұмыс істеу уақыты да барған сайын артуда. Электромагниттік және электростатикалық өрістер, жұмыс орнының орналасуы, жарықтандырылу ережелерінің бұзылуы, компьютерлік техниканы қауіпсіз пайдалану ережелеріндегі сауатсыздық – жаппай компьютерлендіру заманының тиісті сипаттамасы. Дербес компьютерді пайдаланушылар онымен жұмыс істеу кезіндегі негізгі ережелерді, санитарлық нормалар мен өздерінің құқықтарын біле бермейді. Адам физиологиясы мен еңбек гигиенасы тұрғысынан жаппай компьютерлендірудің денсаулыққа ерекше қауіптілігі зиянды факторлардың адамға біртіндеп оның барлық мүшелері мен мүшелер жүйесіне әсер етуінде. Сезім мүшелері жұмысының бұзылуы, омыртқа жотасының қисаюы, басқа да ортопедиялық, тыныс алу жүйесіндегі, қан айналу жүйесіндегі ауытқушылықтар – мұның бәрі ұзын тізімнің басы ғана. Сонымен қатар оқушының қадағаланбайтын компьютермен қарым-қатынасы адамдармен тілдесу дағдыларын меңгеруге кедергі жасайды, нәтижесінде оның өмірі қиындауы мүмкін.

Әлеуметтік зерттеулер мәліметтері көрсеткендей соңғы жылдары  компьютермен жұмыс істеудің бірінші тәжірибесінің жастық шегі төмендеп бара жатқандығын көрсетеді. Жасөспірімдердің көпшілігі ғаламторға жиі кірсе, көпшілігі үшін компьютермен жұмыс істеу болашақ кәсіби мамандықтың бірі ретінде қарастырылады.  Дамуында аномалиялары бар мүгедек балалар үшін компьютер жалпы және кәсіби білім алудың ерекше бір мүмкіндігі болып табылады.

Компьютерде жұмыс істеу кезінде пайдаланушының: баланың да ересек адамның ағзасына әсер ететін факторлардың біртұтас кешені бар. Оның алғашқысына дисплеймен жұмыс істеушілердің көру талдағыштарына түсетін жүктеменің артуы. Отандық және шетелдік зерттеушілер компьютерді пайдаланушылардың көздерінің жиі ауыратындарына шағымданатындарын көрсетеді. Компьютерді пайдаланушыларда кездесетін көз ауруларының белгілері «компьютерлік көру синдромы» деп аталынды. Дисплеймен жұмыс істеу салдары пайдаланушының жасына, көру өткірлігінің дәрежесіне және монитормен жұмыс істеу қарқындылығына, сонымен қатар жұмыс орнының ұйымдастырылуына тәуелді. Қоғамда орын алған пікірлер бойынша компьютерде жұмыс істеу теледидардан бағдарламаларды көрумен теңестіріледі. Бірақ көптеген ғалымдардың зерттеулері  ақпараттарды жарқырап тұрған экраннан өте жақыннан көру кітаптарды оқумен және телебағдарламаларды көруден әлдеқайда зиянды екендігін көрсетеді.

Адамның көзі компьютер экранына мүлде бейімделмеген. Біз түстер мен заттарды шағылысқан жарықта көруге дағдыланғанбыз. Экрандағы өздігінен жарқырап тұрған бейненің контрастылығы төмен болып, көптеген дискреттік нүктелер – пикселдерден тұрады. Экранның жыпылықтауы, бликтар, көру ауданындағы түстердің тиімсіз үйлесуі көздің шаршауына әкеледі. Дәстүрлі сабақтармен салыстырғанда компьютерлерді пайдаланып сабақ өткізгенде оқушылардың жалпы шаршаулары мен көздерінің шаршауы дәрежесі әлдеқайда жоғары болған:  дәстүрлі сабақтан кейін сәйкесінше  19% және 8,6% болса, компьютерлік технологияларды пайдаланып, сабақ өткізгеннен кейін сәйкесінше 24,2% және 38,3% құраған.

Қазіргі уақытта компьютерді пайдаланушылар қатарына көру талдағыштары әлі де болса да толық жетілмеген 5-6 жасар балалар жатқызылатындықтан компьютерлерді пайдалана отырып оқыту баланың жас ерекшеліктеріне сәйкес болғаны жөн.

Компьютер алдында ұзақ уақыт отыру омыртқа жотасына да жағымсыз әсер етеді. Еңкейген кезде арқаның ауыру сезімі көпшілігімізге аян. Мұндай ауырсыну сезімінің пайда болуы  адам денесінің ұзақ уақыт отырған қалыпта болуында. Адам отырған кезде омыртқа жотасына түсетін жүктеме мөлшері тұрған кездегіден немесе жатқан кездегіден әлдеқайда жоғары.

Компьютер алдында ұзақ уақыт отырған кезде иық белдеуі мен арқаның бұлшық еттеріне белгілі бір топтарына ғана статикалық жүктеме түсіп, олардың ширығу дәрежесі артып, дене сымбатының өзгеруіне әкеледі. Дене сымбатының өзгерісі омыртқа жотасын ұстап тұратын бұлшық еттердің созылуын тудырады. Нәтижесінде арқа ауырып, жүктеменің болмауы салдарынан бұлшық еттерде қанның тұрып қалу құбылысы байқалады. Компьютерді пайдаланушыда омыртқа жотасы қисайып, омыртқа аралық дискілер қажалады. Отырған кезде омыртқа аралық дискілерге түсетін жүктеменің әсерінен кейде омыртқааралық дискілердің жарығы пайда болады.

Омыртқа жотасы ағзаның негізі болғандықтан, дене сымбатының бұзылуы көптеген мүшелер мен мүшелер жүйелері қызметінің өзгеруіне әкеледі. Жүйке жүйесінде ауытқушылықтар туындап, тыныс алу қиындап, қан айналу баяулайды, көк тамырлар мен буындар аурулары дамиды, ас қорыту жүйесінде келеңсіздіктер пайда болады.

Балалардың шектен тыс компьютерлік ойындармен әуестенулері өте ауыр салдарларға әкеп соқтырады: жүйке жүйесінің қозғыштығы артып, оқушылардың сабақ үлгерімдері төмендейді, мінез-құлқы өзгереді, компьютерден басқа ештеңе қызықтырмайтын болады.  Компьютерлік ойындардан өмірде орын алған мәселелерден зияны жоқ виртуалды әлемге ену мүмкіндігіне ие болған балалар қауіп-қатерлер көзін іздеп, өздерін тексеруге құмарлық артады. Виртуалды ойын әлеміне енген бала компьютерді «жеңемін» деп көп уақытын өткізіп алғанын білмей қалады. Психологтар компьютерлік ойындардың баланың психикасына есірткі сияқты әсер етіп, соның салдарынан агрессивті, тіпті мейірімсіздік, қаталдық мінездің қалыптасуы әбден мүмкін екендігін ескертеді.

Жоғарыда баяндалған мәселелерді тұжырымдай келе компьютерді пайдалану уақытын мөлшерлеп, оны қолдану мазмұнын қадағалап, жұмыс орнын қолайлы етіп ұйымдастыру қажеттілігіне көз жеткіземіз. Салауатты өмір сүру салтын қалыптастыруда жаппай компьютерлендіру көрсеткіштермен анығырақ танысып, білімді ақпараттандыру мәселелері алдыңғы орынға қойылған ұлттық білім беру бағдарламасын заман талабына сай құрау қазіргі уақыттың өзекті мәселесі болып табылады. 

 

Әдебиеттер тізімі

1.Бутенко И.А. Подростки: чтение и использование компьютера // Социологические исследования. – 2001.-№12.-С.84-91.

2.Лемиш Д. Жертвы экрана. Влияние телевидения на развитие детей  / Пер. с англ. С.Д. Грековой. – М.: Поколение, 2007. – 304 с.

3.Денисова Д. В. Воздействие новых информационных технологий на здоровье студентов : автореф. дис. ... канд. мед. наук / Д. В. Денисова. - СПб., 2001. – с. 16.

4.Карделлян К., Грезийон Г. Дети процессора: как Интернет и видеоигры формируют завтрашних взрослых /  Пер. с фр. А.Лущанова. – Екатеринбург: У.-Фактория, 2006. – 272 с.