Экономические науки/ Экономическая теория

 

Кожахметов З.К., Манапова А.К.

 

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

 

Заманауи  кәсіпкерлік  теориясының  жалпы сипаттамасы (Й.Шумпетер, П.Друкердің еңбектері негізінде)

 «Кәсіпкер», «кәсіпкерлік іс-әрекет» ұғымдары қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтары арасында сан-алуан түрлі мағынада анықталып, олардың тек ұлттық экономикада ғана емес, қоғам өмірінің барлық салаларындағы орны сан-алуан түрлі деңгейде бағаланады. Ғалымдар, саясаткерлер және қоғамдық қайраткерлер арасында кәсіпкерлік туралы, оның қоғамдағы орны туралы бір-біріне қарама-қайшы  қалыптасқан көзқарастар, кәсіпкерлікке, оның тіршілік жасау ортасы мен мемлекеттің реттеушілік шараларын жүзеге асыруда көптеген қиыншылықтар тұғызады.

Еуроазиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) қалыптасып, қызмет етуіне байланысты біздің қазақстандық қоғамда да отандық кәсіпкерлік пен ЕАЭО мүше елдердегі кәсіпкерліктің бірі-бірімен тиімді  жолмен әрекеттесіп, даму  мәселелері, олардың қарама-қайшылық мүдделері болатыны толғандырып, ойландырады. Яғни, ЕАЭО қалыптасуы қазақстандық кәсіпкерлік алдында жаңа мақсаттар белгілеп, жаңашылдық ойлар мен іс-әрекеттерді жүзеге асыруды қажет етеді.

Кәсіпкерлік теориясының төрт ғасырлық тарихы бар, бірақ әлемдік экономиканың серпінді дамуына байланысты кәсіпкерліктің, кәсіпкерлік іс-әрекеттің экономикалық жүйелерде алатын орны маңызды және жаңашылдық қыр-сырымен қоғамдық өмірге орасан зор өзгерістерді алып келуде. Оның ең-бір дәлелі – кәсіпкерлікке байланысты ғылыми-әдіснамалық және тәжірибелік-нұсқаулық әдебиеттердің көп даярланып, шығарылуы; көптеген интернет-бизнес сайттардың пайда болып, әлеуметтік желілерді «жаулап алуы».

Экономикалық ғылымда, экономикалық әдеби-ақпараттық көздерде кәсіпкерлік теориясы тарихы мен кәсіпкерлік тәжірибесі тарихы туралы көп айтылған [1,2,3,4].

Ресейлік және біздің қазақстандық экономист-ғалымдар ХХ ғ. 90-шы жылдарынан бастап классикалық және заманауи кәсіпкерлік теорияларын тереңдей игеріп және дамыған шет елдік кәсіпкерлік тәжірибесін зерделеп, өтпелі экономикалық жүйелерде, яғни, ресейлік немесе қазақстандық әлеуметтік-экономикалық, саяси  жағдайларға икемдеудің үйлесімді жолдарын іздестіріп, анықтауда мол үлестерін қосты [3,4,5,6].

Атақты американдық экономист Йозеф Шумпетер (1883-1950) «кәсіпкерлікті» мамандықтар санатына жатқызбайды. Шумпетердің пікірі бойынша, «кәсіпкерлік» - белгілі бір уақыт аралығында қалыптасып, тұрақталып қалуға мүмкіндігі бар, бірақ көп жағдайда ол серпінді түрде дамып, жылжып отыратын әлеуметтік үрдіс; бірақ оны «капиталистер табы», «жұмысшылар табы» немесе «шаруалар табы» т.б тәріздес әлеуметтік тапқа жатқызуға болмайды. «Кәсіпкер» ол іскерлік қабілеттерін ерекше байқатып, экономикалық факторлар мен ресурстарды жаңашылдық деңгейде (комбинациялау) жүзеге асыратын шаруашылық тұлға. Кәсіпкердің ерекше қызметі – ол өзінің шаруашылық іс-әрекетіріне серпінді жаңалықтар енгізіп, жүзеге асыру. Әрине, көп жағдайда олардың жаңашылдық іс-әрекеті әлеуметтік ортада қолдау таппайды. Сондықтан, кәсіпкердің ерекше қабілетінің бірі - беймәлім бәсекелік ортада тәуекелділікке  бару [7].

Шумпетердің тұжырымдамасы бойынша, кәсіпкер әлеуметтік-экономикалық жүйеде мынандай ерекше іс-әрекеттік қимыл байқатып, жүргізеді:

-басқалар жасайтын шаруашылық комбинацияларды олар жасамайды;

-басқалар жасайтын шаруашылық комбинациялардың өзін олар жаңашылдық комбинациямен жасап, ерекше жолмен жүзеге асырады.

Шумпетер «кәсіпкерлік» ұғымын маркстік ілімдегі «капиталист» деген ұғымнан айырмашылығын анықтайды. «Капиталист» ол өткен ғасырдағы (19 ғасырдағы)  кәсіпкер, бірақ ол меншік иегері; өзі капиталды иемденуші және өзі сол капиталды әр-түрлі комбинацияда үйлестіріп, басқарып, пайда табушы. Ол кездегі кәсіпкер өзі бас сауда агенті, немесе өзінің кәсіпорнының инженері, немесе техникалық жетекшісі т.б. болуы мүмкін. Яғни, Шумпетердің тұжырымы бойынша, меншік иегері «кәсіпкерлік»  ұғымының негізгі сипаты бола алмайды.

Шумпетер капитал мен пайда туралы теориясында кәсіпкерлік іс-әрекеттің алғышарттары мен нәтижесін талдап, анықтайды. Оның анықтауы бойынша, капитал – ол кісіпкерлік іс-әрекетті бастап, жүргізуге мүмкіндік беретін игіліктердің ақшалай жиынтығы; немесе алғашқы капитал – ол екі түрге бөлінеді: негізгі (ғимараттарға, қондырғыларға, машиналарға т.б. жұмсалатын капитал) және айналымдық (шикізатқа, еңбек ақыға т.б. жұмсалатын капитал); капитал шығындарынан үстеме түсетін ақшалай табыстың негізгі бөлігі кәсіпкерлік пайда.

Шумпетердің пайымдауы бойынша, кәсіпкерді жаңашылдық іс-әрекетке тартып, ынталандыратын себептер мыналар:

-өзінің жеке империясын, өзінің өмір-тіршілігіне қолайлы ортаны құрып, қалыптастыру арманы мен еркі;

-өзінің белгілі бір жоғары деңгейдегі нәтижелер мен жеңістерге жету мақсаты мен еркі; ал пайда болса оның негізгі көрсеткіші, белгісі;

-еркін шығармашылық, жаңашылдық іс-әрекет ретінде өзіне ерекше қуаныш пен қанағаттанарлық сезім беруінде.

Шумпетер, Хайек тәріздес, кәсіпкерліктің жоғары деңгейде дамуында елдегі шаруашылық-саяси ортаның оңтайлы болуын, оған әсер етуші негізгі екі фактор: ұйымдастырушылық-шаруашылық жаңашылдық және экономикалық еркіндіктің  маңыздылығын атап, көрсетеді; ол кәсіпкерлік іс-әрекетіне мемлекеттің араласпауын, еркін кәсіпкерлікті дамытуды қолдады.

Шумпетердің теорияларының (тиімді бәсеке, жаңашылдық, монополия мен бәсекенің үйлесімдігі т.б.) жалпы тұжырымдық қорытындысы ол:

-жаңашылдық пен еркін кәсіпкерлік негізінде монополия мен бәсеке бір-бірімен келісімді әрекеттесіп экономикалық дамуға ерекше серпінділік беріп отырады;

-кәсіпкерлік іс-әрекет ғылым, өнер, сауда, ұйымдастырушылық және басқарушылық қабылеттер элементтерінің үйлесімді жиынтығы;

-кәсіпкер болу үшін өндіріс-құрал жабдықтар меншіктеушісі болу қажет емес; оның әлеуметттік-экономикалық мәртебесі меншік құқығымен емес, көп жағдайда, оның тұтынушыларға бұрын-соңды болмаған белгісіз жаңа өнім, өндіріске жаңа әдістер мен жаңа технологиялар, өткізуге тиімді жаңа нарықтар, өзінің монополиялық жағдайын қолайландыру т.б. осындай жаңашылдық іс-әрекеттік  жеке қабылеттерімен сипатталады.

Заманауи кәсіпкерлік, менеджмент теорияларын дамытушылардың бірі, белгілі американдық ғалым Питер Друкер (1909-2005). Өзінің теориясының негізі ретінде ол Ж.Б.Сэйдің  тұжырымдамасын қолданады, яғни, кәсіпкер экономикалық ресурстарды тиімділігі төмен салалардан тиімділігі жоғары салаларға жаңашылдық негізінде алмастырып отырады, дейді. Друкердің теориясында шағын кәсіпкерлікке ерекше назар аударылады.

Друкердің пікірі бойынша, кәсіпкер ол өзінің жаңа ұсақ (шағын) бизнесін ашатын адам, бірақ қандай да болмасын ұсақ бизнесті кәсіпкерлік деп айтұға болмайды. Жаңа тұтынушыларды қелтіріп, жаңа нарықты қалыптастыратын ұсақ бизнесті ғана ұсақ (шағын) кәсіпкерлікке жатқызуға болады, дейді ол. Осы тәріздес қағидаттарды  ірі және ескі кәсіпорындарда қолданады, яғни, ондай кәсіпорындарды  кәсіпкерлік кәсіпорындарға жатқызуға болады, дейді Друкер. Сонадй-ақ, жоғары қарқынмен дамыған кәсіпорындар жаңа немесе ұсақ (шағын) болғандықтан ғана кәсіпкерлік кәсіпорындарға жатпайды, олар  кәсіпкерлік кәсіпорын болу үшін өндіретін өнімдері өзінше ерекше сипаттамаларға ие болып, оларға деген сұраныс жаңа нарықтық сегмент қалыптастыру деңгейіне жетіп, ал қолданылатын жаңа техника мен жаңа технология күрделі операцияларды ғылыми үрдіске айналдыруы қажет [8].

Друкер кәсіпкерлікті ғылымға, немесе өнерге жатқызуға болмайды – ол нақты іс-әрекет, тәжірбие, дейді. Бірақ, әрине, кәсіпкерлік өзіне тән білімділік деңгейді қажет етеді, себебі, білім кәсіпкерлік мақсатты жүзеге асыруда негізгі құрал. Кәсіпкерлік «өзінің қыр-сыры бар дарындылық», деп те айтады, бірақ Друкердің тұжырымы бойынша, кәсіпкерлік іс-әрекетті оқытып, үйретуге болады. Мысалы, АҚШ-та көптеген коллеждер мен университеттерде кәсіпкерлерді оқытып, даярлайды.

Друкердің пікірі бойынша, заманауи білім кәсіпкерліктің негізі. Американдық экономика кәсіпкерлік экономика болу үшін кәсіпкерлік қызметтің мазмұнына сәйкес барлық салаларда, тіпті басқару саласында да, жаңашылдық, жаңа технологиялар енгізу қажет, дейді ол. Яғни, жаңашылдық серпінді өзгеріп отыратын нарықтық ортаны бизнес пен қызмет көрсету мақсатында қолайлы мүмкіндіктерге айналдыратын кәсіпкерліктің ерекше құралы. Жаңа ой, жаңашылыдық кәсіпкерліктің мазмұндық негізі, түп-тамыры, Шумпетер айтпақшы, кәсіпкерліктің негізіг міндеті «өркендеу үшін қирату».

Друкер көз-қарасының көптеген экономист-ғалымдар көз-қарастарынан айырмашылығы оның кәсіпкерліктегі тәуекелділік туралы пікірі. Кейбір салаларда бизнес тәуекелділік іс-әрекет пен кәсіпкерліктің үйлесуін байқатады, бірақ көп жағдайларда кәсіпкерлік іс-әрекет пен тәуекелділік іс-әрекеттің бір-бірімен үйлесуі кездейсоқ жағдай, дейді Друкер, ал кәсіпорындары дағдарысқа ұшыраған кәсіпкерлер – олар өз, білімін, ресурстарын т.б. мүмкіндіктерін бизнес саласын таңдауда дұрыс пайдалана алмаған адамдар [9].

П.Друкер тұжырымдамаларын, жалпы кәсіпкерлік туралы әңгімелерін, шын мәнінде, шағын кәсіпкерліктен бастап, сол шағын кәсіпкерлікпен байланыстырады [4, 9].

Оның негізгі тұжырымдамаларын нақты атап көрсетейік:

-кәсіпкер ол өзінің жеке жаңа шағын бизнесін ашатын адам;

-кәсіпкерлікке шағын бизнестің барлығын жатқызұға болмайды;

-кәсіпкерліктің қағидаттары орташа және ірі, жаңа және ескі кәсіпорындарда қолданылуы мүмкін;

-шығын кәсіпорын болу үшін тек қана шағын немесе  жаңа болу абзал  емес, оған қоса ол ерекше қасиеттер мен белгілерге ие болуы қажет;

-оның ерекше қасиеттері мен белгілері сол: ерекше сипаттағы өнім немесе қызмет көрсету түрлерін өндіру, сөйтіп, ерекше нарықтық сегментті игеріп, күрделі операцияларды орындауда жаңа техника мен технологияны ғылыми үдеріске айналдыру [9, 27 б.].

Друкер «кәсіпкерлік экономика», «кәсіпкерлік қоғам», «кәсіпкерлік басқару» деген ұғымдарды алғаш рет қолданып, әдеби-ақпараттық көздерде қолданған ғалым.

Кәсіпкерлік теориясын дамытуда басқа да шетелдік заманауи ғалымдарды атауға болады. Олар К.Веспер, Г.Пиншот, Р.Хизрич, М.Питерс, А.Хоскинг және т.б.

Классикалық  экономикалық ғылымда да, заманауи экономикалық ғылымда да кәсіпкерлік, кәсіпкерлік іс-әрекеттің мазмұнын сипаттайтын мынадай негізгі  белгілерді анықтап, көрсетуге болады:

-ол экономикалық еркіндік  негізінде жүргізілетін жеке, өзбетіндік шаруашылық іс-әрекет;

-ол еркін таңдау арқылы тәуекелділікке бел буып жүргізілетін жеке, өзбетіндік шаруашылық іс-әрекет;

-ол экономикалық ресурстарды жаңашылдық комбинациялау арқылы үйлестіріп, жүргізетін  жеке, өзбетіндік шаруашылық іс-әрекет;

-ол жаңашылдық заманауи білім, біліктілік негізінде жаңа сападағы өнімдер, жаңа сападағы қызмет көрсету түрлерін өндіріп, сөйтіп, жаңа нарықтар қалыптастырып, дамыту мақсатында  жүргізілетін жеке, өзбетіндік шаруашылық іс-әрекет;

 -ол экономикалық еркіндік, тәуекелділік және жаңашылдық негізінде, жаңашылдық өнімдер, жаңашыл кәсіпорындар, жаңашыл салалар мен нарықтар қалыптастыру арқылы, пайда түрінде, жоғары деңгейде сый ақы иемдену мақсатында жүргізілетін жеке, өзбетіндік шаруашылық іс-әрекет.

 

 Әдебиеттер:

1 История экономических учений /Под ред.В.Автономова. – М.,2000.

2 Хизрич Р.,Питерс М.Предпринимательство,или как завести собственное дело и добиться успеха. Вып. 1: Пер. с англ. — М.:1991.

3 Шеденов Ө.Қ.Экономикалық ілімдер тарихы. – Ақтөбе, 2006.

4 Лапуста М.Г.Предпринимательство:Учебник.— М.: ИНФРА-М,2008.

5 Малый бизнес. Организация. Экономика, управление /Под ред. В.Я. Горфинкеля, В.А. Швандара. –М.: 2007. – 495 с.

6 Сабден О.С., Токсанова А.Н.Управление малым предприниматель­ством: вопросы теории и практики. – Астана: Елорда, 2001. – с.308

7 Шумпетер И. Теория экономического развития. – М.: 1982.

8 Друкер П. Бизнес и инновации. – М.: 2007.

9 Друкер П. Менеджмент. Вызовы ХХ1 века. – М.: 2012.