Аға оқытушы Стативкин В.В.

Магистрант Басығараева А.

 

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

 

БОЛАШАҚ БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ДАЯРЛЫҒЫНЫҢ ДИДАКТИКАЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ

 

ХХІ ғасырда білім мен ғылым саласында болып жатқан өзгерістер болашақ мамандар даярлауда жоғары мектептің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Осыған орай, болашақ маманның бүгінгі әлеуметтік білім беру кеңістігіне сай білім алуы мен іскерлікті, жеке тұлғалық және кәсіби сапалық қасиеттерді меңгеруі қоғамның негізгі талабы ретінде қарастырылуда. Ал, жоғары білімді педагог маман ғана қоғам мен экономиканың, әлеуметтік және мәдени өркендеуіне үлес қосатын ұрпақ тәрбиелей алады. Осы себепті, Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында: «Жоғары білімді дамытудың негізгі үдерісі мамандар даярлау сапасын арттыру, қарқыны ғылыми-зерттеу қызметімен ықпалдастырылған инновациялық білімді дамыту, жоғары оқу орындары зерттеулерінің әлеуметтік сала мен экономиканың қажеттіліктерімен тығыз байланысы, білім беру және ақпараттық технологияларды жетілдіру болып табылады» - деп атап көрсетілген [1]. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған негізгі мәселелердің бірі – тиісті білім мен білік алған еліміздің кез келген азаматын әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтеру болып табылады [2].

Болашақ мұғалімдерді даярлау үдерісі педагогикалық жүйеге сәйкес жүзеге асырылады. Педагогикалық үдерісті құраушылар: мақсаты, міндеті, мазмұны, құралы, формалары, әдістері мен тәсілдері, тапсырмалар (педагог пен оқушы арасында) болып табылатыны белгілі.

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау үдерісінде олар жөніндегі мәліметтер басшылыққа алынады. Мұғалім жөніндегі көптеген құнды ой-пікірлер мәнін түсіну қажеттілік болып табылады.

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау мазмұнындағы оқыту технологиялары бірінші тарауда қарастырылған болатын. Аталған тақырыпта болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау мазмұнын талдау қарастырылады. Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша бакалаврларды даярлаудың соңғы стандарты 2010 жылы бекітілген болатын (ҚР МЖМБС 6.08.059-2010). Жұмыста Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2008 жылдың 23-қаңтардағы №26 бұйрығымен бекітілген және іске қосылған, ҚР МЖМБС 6.08.012-2009 жылы жарық көрген кәсіптік білім беру стандартын талдау жүзеге асырылады [3, с. 3-8]. Аталған кәсіптік білім стандартында төмендегідей негізгі түсініктер берілген. Жеке оқу жоспары: Студенттің өзі жазылған пәндердің типтік оқу жоспары, элективті пәндер каталогы және оқу пәндерінің тізімі негізінде кредит саны немесе академиялық сағаты көрсетіліп әрбір оқу жылына өздігінен жасаған құжаты, жеке оқу жоспары нақты студенттің білім алу траекториясын көрсетеді.

Элективті пәндер каталогы: Жоғары оқу орны өзі анықтаған және студенттерге таңдауға ұсынылатын оқу пәндерінің тізімін, көлемін, аралық бақылау формаларын (курстық жұмыс (жоба), есептеу, графикалық жұмыстар т.б.) қамтитын құжат.

Оқытудың кредиттік технологиясы: Оқу үдерісін реттеу аясында білім траекториясын таңдауға және кредиттік жағдайда білім көлемін есепке алуға, білімді шығармашылықпен игеруге, өзін-өзі жетілдіру деңгейін көтеруге бағытталған білім жүйесі.

Таңдау бойынша компонент: Ең төменгі талап деңгейіндегі кредит көлемі немесе академиялық сағатқа сәйкес ЖОО ұсынған, студенттің өздері таңдаған және кез-келген академиялық кезеңде оқытылатын оқу пәндерінің тізімі.

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілік сипаттамасын талдау төмендегідей мәліметтерді аңғартады.

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби қызмет саласы білім беру мекемелерін қамтиды (жалпы білім беретін мектептің бастауыш сатысы, педагогикалық колледждер, білім жетілдіру және педагогикалық кадрларды қайта даярлау институттары, білім беру департаменттері).

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби қызметінің объектісі жалпы білім беретін мектептердің бірінші сатысының барлық түріндегі педагогикалық үдеріс және білім беру мекемелеріндегі әдістемелік жұмыс болып табылады.

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби қызметінің пәні жалпы білім беретін мектептердің бірінші сатысында педагогикалық үдерісті ұйымдастыру және білім беру мекемелерінің әдістемелік жұмысы жағдайында Қазақстан Республикасының білім беруді дамыту тұжырымдамасы талаптарын жүзеге асыру болып есептеледі.

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдері мынадай кәсіби қызмет түрлерін атқара алады:

- диагностикалық – оқушы тұлғасын, оқыту, тәрбиелеу және даму нәтижелерін зерттеу;

- ұйымдастырушылық-технологиялық (педагогикалық технологиялар

негізінде оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру);

- педагогикалық басқару («субъект-субъектінің» өзара әрекеті, білім беру менеджменті);

- жобалау (бастауыш мектептегі білім беруді моделдеу);

- ғылыми-зерттеу (білім беру мекемелеріндегі мәселелерді шешудегі шығармашылық ізденіс, педагогикалық тәжірибені зерттеу, рефлексия). Бастауыш сынып мұғалімі кәсіби қызметінің функциясы – кіші мектеп жасындағы оқушылардың субъектілік іс-әрекеттерін ұйымдастыру және тұлғаның қалыптасуы мен даму үдерісін басқару.

Қорыта келгенде, бастауыш сынып мұғалімінің жаңа формациядағы кәсіби қызметі оқу-тәрбие үдерісін педагогика ғылымы мен практикасы талаптары деңгейінде ұйымдастыруды, оқушылардың ата-аналарымен жұмысты, білім беру мекемелерімен, сондай-ақ мектептен тыс білім беру және тәрбиелеу мекемелерімен байланысты, әріптестерімен ғылыми және әдістемелік қатынасты қамтиды.

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы: «Қазақстан – 2050» стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. - Астана, 2012.

2. Кәсіптік-білім беру бағдарламасы. ҚР МЖМБС 5.03.007-2006. Негізгі ережелер. - 2012. – Б. 8.

3. Білім беру бағдарламасы. ҚР МЖМБС 5.01.021 - 2008. Негізгі ережелер. 2012. – Б. 8.