Аға оқытушы Ахметова И.А., 2 курс студенті Ондырханова Ж.М.

Ш.А. АМОНАШВИЛИДІҢ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ БОЛАШАҚ ПЕДАГОГТАРДЫ ДАЯРЛАУДАҒЫ РӨЛІ

 

          Шалва Александрович Амонашвили  – ынтымақтастық педагогикасын насихаттаушы жаңашыл педагогтардың бірі. Тбилиси университетінің шығыстану факультетін аяқтайды, мектепте жұмыс істейді, аспирантураны бітіреді, кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғайды. Ол 60-70 жылдары бүкіл әлем бойынша жаңа педагогикалық бағыттың негізін қалауына ықпал еткен «Білім беру процесінде балаларға адами-тұлғалық көзқараспен қарау» деген тақырыпта мектептерде көпшілік экспериментке жетекшілік етті.     Шалва Александрович өзі балаға деген адами-тұлғалық көзқараспен қараудың барлық принциптерін әлемдік педагогика классиктері К.Д.Ушинский, В.А.Сухомлинский, Якуш Корчак, А.С.Макаренко, т.б. үйренгендігін айтады.

Шалва Александрович мұғалімдерді педагогика даналығын шынайы да бай қайнар көзін пайдаланып, өздерінің педагогикалық шеберлігін үнемі байытып, шыңдап отыруға шақырады.

     Қадірлі жасқа келгендігіне қарамастан, Шалва Александрович әлі де шығармашылықпен белсенді айналысып жүр, яғни Украина, Балтық, ТМД елдері мен Ресей мұғалімдеріне арнап, түрлі семинарлар мен шеберлік мектебі сабақтарын өткізеді. Студенттермен және аспиранттармен де бірге жұмыс істейді. Ол әлем бойынша көптеген елдердегі бірнеше зертханалар мен орталықтардың, сонымен қатар Мәскеу мен Санкт-Петербургтің экспериментті мектептерінің ғылыми жетекшісі болып табылады; халықаралық адамгершілік педагогикасыы орталығы мен Украинадағы Адамгершілік педагогикасы орталығын басқарады. Ол жыл сайын Мәскеуде өтетін Халықаралық Педагогикалық оқулардың өткізілуін ұйымдастырады.

     Уақытының тығыздығына қарамастан, ол адамдарға мейірімді, зерделі, ешкім оның ашушаңдығы мен дөрекілігін көрген емес. Ол – педагогикалық философияның бір қиыршығы болып табылатын ерекше шыдамдылықтың иесі.

       Шалва Александрович Амонашвили мұғалімдерге арналған «Сәлеметсіңдер ме, балалар?!» атты көмекші құралында өзінің педагогикалық әрекеттерінің, ең кішкентай мектеп оқушыларының тұлға болып қалыптасуын зерттеу нәтижелерін сипаттап жазады. «Менің балалармен тәжірибе жұмыстарым, мектептегі қызықты да қуанышты күндерді ұйымдастырудағы ғылыми ізденістерім, эксперименттік сыныптың көптеген мұғалімдерімен өткізілген көп уақыт менде білім беру мен тәрбиелеуде ізгілік, оптимисттік бастаулардан туындайтын кейбір педагогикалық пікірлер қалыптасты,»- деп Ш.Амонашвили алғысөзінде жазады. КСРО-ның ПҒА академигі А.В. Петровский бұл кітапты «педагогикалық симфония» деп атайды. Себебі кітаптың негізгі арқауы балаларға деген махаббат, баланың нәзік жанына сүйіспеншілікке толы қарым-қатынас болып табылады. Бұл сипаттаманы Ш.Амонашвилидің «Мектепке алты жастан» деген кітабына қатысты да беруге болады. «Мектеп жасындағы балаларды тәрбиелеу мен білім беру жүйесінің тиімді түрде жүзеге асырылуы толықтай мұғалімнің тұлғасына байланысты» деп есептейді Ш.Амонашвили. Ол ең негізгісі деп есептейтін төмендегі тұлғалық қасиеттерге басты назар аударады:

     Біріншіден, баланы сол қалпында жақсы көру. Тентек пен тілалғышты, ұғымтал мен ойлау   қабілеті төмен, ұқыпты мен жалқау оқушыларды бөліп жармай, барлығын да бірдей жақсы көру керек.  Балаларға деген мейірімділік пен сүйіспеншілік бар жерде қатыгездік болмайды, намысына тиетін сөздер айтылмайды, олардың әрбір жетістіктеріне қуанып отырасың;

     Екіншіден, оларды түсіне білу, яғни солардың көзқарастарымен санасу, оларды ересектерше қабылдау, қамқорлық танытқанына қуану, ақылдасып отыру. Олардың танытқан қамқорлықтары  мен әрбір ісіне кешіріммен емес, үлкен құрметпен қарау керек. Балаларды түсіну дегеніміз – оларды билігіне бағындыру емес, керісінше олардың бүгінгі өміріне сүйене отырып, болашақ өміріне алғашқы дәндерін себу. Бала жүрегінің тебіренісі мен жан дүниесінің қозғалысын түсіне білген педагог оқушысының тәрбиесімен тереңдей айналыса алады.

     Үшіншіден, оптимист болу, тәрбиенің оң әсер беретіндігіне сену қажет. Әңгіме баланың  тәрбиесімен айналысып, сана-сезімін дамытуға кірісу үшін оның ақылының толып, ойлау қабілетінің айқындалуын үлкен үмітпен қолын қусырып күтіп отырған педагог, яғни филонтропиялық оптимизм туралы болып отырған жоқ. Мұндағы әңгіме баланың ішкі жан дүниесіне тереңдей ену, осыған байланысты тәрбие берудің, оқытудың, дамытудың түрлі жолдарын қарастыратын педагог, яғни әрекетшіл оптимизм жайлы.

     Төртіншіден, мұғалімнің бойынан адамға тән жақсы қасиеттердің барлығы – күлімсіреу, қаталдық, ұстамдылық, салмақтылық, сезімталдық, шынайылық, зияткерлік, тіл табысушылық, өмірге деген махаббат болуы керек.

     Ұстаздың осындай талпынуы аса маңызды. Ол – бұрыңғы және қазіргі заманғы ұрпақтардың рухани құндылықтары мен бала арасындағы дәнекерші. Осы құндылықтар, білім, моральды-этикалық нормалар балаларға дейін стерильді түрде жетпейді, керісінше мұғалімнің тұлғалық қасиеттері мен олардың бағасын аңғартады. Адамгершілік қасиеттері бар ұстаз балаларды білімге үйрете отырып, сонымен қоса, оларға өзінің мінез-құлқы арқылы ықпал етіп, балалардың көз алдында адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі болып көрінеді. Бала үшін мұғалімсіз білім жоқ, тек ұстазына деген махаббаты арқылы ғана бала білімнің қызықты әлеміне аяқ басады, қоғамның моральды құндылықтарын игереді. Кіші жастағы оқушылар үшін ең беделді адам – ұстазы.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.            Амонашвили Ш. А. Здравствуйте, дети!: Пособие для учителя/ Предисл. А. В. Петровского. — М., 1983

2.            Амонашвили Ш. А. Улыбка моя, где ты? Мысли в учительской. — М., 2003.

3.            https://ru.wikipedia.org.